Момынова С.Н., Қайратбек А., Испанова Ф.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Ж. АЙМАУЫТҰЛЫ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҰСТАЗ БЕЙНЕСІ

 

“2030  жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып  қоймайтын елде өмір сүретін болады. Олардың  “Қазақстаны Еуразияның орталығы бола отырып, жедел өркендеп келе жатқан үш аймақтың – Қытайдың, Ресейдің және мұсылман әлемінің арасындағы экономика мен мәдениетті байланыстырушы буын рөлін атқаратын болады”. Бұл ой-арналардың негізді екеніне сенеміз. Себебі, елінің болашағын ойлап, оқыған, алдыңғы қатарлы халықтар қатарынан көріну үшін талмай еңбек еткен ұлыларымыздың жас ұрпаққа төзімді болып, білім сусынына қанып, көрегенділік пен қажырлылылықты қатар ұстағанда ұлтының болашағы бақытты болатынына күмән келтірмеген.

Қазақ халқының мол мұраларында өшпес өнеге қалдырған аса ірі, толымды тұлғалардың педагогикалық мұраларын зерттеу, қазіргі қазақ педагогика ғылымының ең бір толғанысты мәселелерінің бірі.

Осы тұрғыдан қарағанда халқымыздың аяулы да бірегей перзенттерінің бірі – біртуар ғалым, тамаша ұстаз, қоғам қайраткері, қазақ психологиясының негізін қалаушы, өз заманының ең білімдар адамдарының бірі, азаматтық биіктен көріне білген Ж.Аймауытұлының ой-толғаныстары, сындарлы тұжырымдары, ұлттық тұлға қалыптастыруы мен ұлттық тәлім-тәрбиелік негіздері зерттеуіміздің негізгі нысанасы болды.

Асылы, ұлт болашағы – ұрпаққа, оның тәлім-тәрбиесіне,  жас ұрпақтың білім алып, қалыптасатын ортасына байланысты. Осыған орай “біздің ұрпақтың” келер ұрпақтар алдында орасан зор жауапкершілік жүгін арқалайтын: әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің, өз балалары мен немерелері алдындағы жауапкершілігін күнделікті есте ұстауға тиіспіз.біз өз балаларымыз бен немерелерімізді сонау алыс болашақта, ола біздің жасымызға жеткен кезде қандай күйде көргіміз келеді. Ұрпақ болашағы өркениетті өмір сүруі қазіргі таңда нағыз Отанын сүйген, елжанды арыстарының қасиетті ісі болып отыр. Ұлтымыздың бойындағы өзіне тән асыл қасиеттерін Барысқа теңеп, жас ұрпағымыздың, ұлттық тұлғаларымыздың бойына қалыптастырып тәрбиелеу баршамыздың әсіресе, ұстаздар қауымының алдындағы жауапты іс. Ұрпақ тәрбиелеуде оның бойына жан-жақты ізгі қасиеттерді сіңіруде, оларды біртұтас етіп, бере білу, білімдерін тереңдету мақсатында талмай еңбек ету керек. Ж.Аймауытұлы еңбектерінің де ұлттық тұлға бойына қажетті қасиеттерді қалыптастыруда маңызы зор демекпіз. Ағартушы, педагог өзінің еңбектерінде ұстаз бейнесін ерекше сипаттай отырып, болашақтағы мектептің атқаратын қызметін айрықша  жобалап, көрсете білді. Сонымен қатар қалай оқыту керек проблемаларына тоқталып өтті.

Біздіңше, қоғамға, өмір-тұрмысқа, келешекке керекті мамандықтар ашу, адам мүмкіндігіне бет бұру – бүгінгі талап, болашақ ісі. Атап айту керек, автор кітаптың мақсат-мұратын айқындағанда: “Комплекспен оқыту – сабақты қазір әңгімемен өткізу емес, баланың өзін еңбектендіріп, бірлестіріп, өз бетімен білім тапқандай қылу” екенін ашық көрсетеді.

Автор мектептің (ақыл, әлеуметтік, дене тәрбиесін) міндетін дұрыс жолға қоюды негізгі мұрат деп біледі. Онан кейінгі жерде оқу, оқыту ісі мен бағдарламалардың жекелеген түрлерін кең көлемде қарастырады. Ондағы үш тірек (еңбек, жаратылыс, қоғам мәселелері) оқу ісінің негізгі  құрамдас бөлігі болып табылатыны жан-жақты  көрсетіліп, мысал-деректер негізінде талданып беріледі. Кешенді оқыту, жұмыс жоспарлары, оқу кестесі тағы басқа маңызды мәселелер мектеп ұжымы, жас ұрпақ психологиясы, ұлттық рух негізінде кең өріс алады.

Кітап авторының комплекспен оқытуға қатысты көтерген мәселелерінің қайсыбір салалары (мысалы, оқу, оқыту ісі, ұстаз, шәкірт, бағдарлама, жұмыс жоспары тағы басқалар) бүгін де арнайы сөз етіп қолдауды, құрметтеуді қажет етеді. Атап айтқанда, ауыл мектебіне көмек-қамқорлық көрсетіп, қалың көпке ортақ тәжірибесін тарату, ұстаз беделін көтеру, жас мамандарға қамқорлық, білім сапасы, оқулық жайы бүгін де өткір қалпында қалып отыр.

Ұстаз-жеке тұлға. Ол-үлкен ақыл-парасат иесі, тәлімді тәрбиеші, өмір тәжірибесі мол, мейірім-қайрымы көп ұлағатты жан. Алайда, жас ұрпақ алдында мұғалім беделін қайтсек көтереміз, абыройын қайтсек асырамыз дейтін мәселені ешкім де тікелей шешпейді. Мұғалімнің беделі-тек өзіне ғана байланысты. Ұстаз беделі-оның білім дәрежесінен, балалармен тіл табысуынан, ата-аналарымен қарым-қатынасынан көрінеді. Өзінің де тәрбие дұрыс, ішкі мәдениеті жоғары жанды оқушлар да еріксіз мойындайды. “Мұғаліміңді неге сыйламайсың?” деп ешқандай шәкіртті сөзге, зорлап мойындата алмайсың. Қоғам, уақыт өзгерген. Талап, талғам да жоғары. Осы ретте келгенде, Ж.Аймауытұлы ұстаз беделіне, жас ұрпақ тәрбиесі мен білім сапасына көп көңіл бөлген. Әрбір адам - өзіне-өзі сеніп, биік талап-талғаммен қарап, туған ел-жерге, таңдаған мамандығына адалдық, табандылық танытса – еңбек-ізденіс нәтижесін береді деген ұлы мұрат міндет айқын аңғарылады.

“Әуелі өзің үлгілі бол, ұрпағың сонда ғана өнегелі тәрбие алады. Әйтпесе ертең опық жейсің. Қазақ халық педагогикасының талай-талай принціптері мен атлаптарының арғы-бергі замандардағы ұлы ойшылдардың пікірлері мен сабақтастығы, орайластығы, деңгейлестігі, Мәселен, өткен замандардың бір ақылгөйі Синека “уағыз айтып, жақсылыққа жетелеу қиын, ал өнеге арқылы ұйыту оңай” деген екен. Дана педагог Лев Толстой: “Балаларды адамгершілікке тәрбиелеу түгелдей игі өнегеге саяды” деуінен алдымен ұрпағым жақсы, шәкірттерім тәрбиелі болсын деген ата – ана да, ұстаз да өзі өнегелі болуы құптарлық” .

         “Тумысынан дарынды ұстазды әулие деуге болады. Ол кез-келген шәкірттің ең сүйікті жақыны, жанашыры, қамқоршысы, болашағын болжаушы, адамзатқа “Алланың ақ жолын” /Өмір заңдылықтарын/ айқындап көрсетуші құрметті де, құдіретті тұлға. Дарынды ұстаз шәкірттерінің санасына адамдық асыл қасиеттер сіңіріп, өшпес рухани өрнек қалдырады, ең сүйікті бейне ретінде жүрегінде мәңгі сақталады. Сонымен ең әуелі ұстаз “сегіз қырлы, бір сырлы” білімді, өнерлі болуы тиіс. Ұстаз тұлғасының осындай болуы болашағымызға деген сеніміміз. Өнерлі, білімді, өнегелі ұстаз тұлғасынан болашақта дәл осындай шәкірт тұлғасының қалыптасуына күмән келтірмейміз. Ұстаз тұлғасы қандай болу керек деген сұраққа біз “Ұстаз шәкірттерін сүйетін, дарынды, саяси сауатты, білімді,  сөзі де, өзі де мәдениетті, сабырлы, әдепті, биязы, жаңаша іс ұйымдастыра білетін, барлық салауатты өмірдің басшысы бола алатын адам болуы керек” деп тұжырымдадық. Қазіргі ұстаз тұлғасын Ж.Аймауытұлы да осыдан бірнеше ондаған жылдар бұрын осылайша сомдаған.

         Көңіл бөліп, көп болып қолға алатын іс-мектептердегі оқулықтармен қамтамасыз ету жайы. Ж.Аймауытұлы мектептегі оқулықты-күрделі, шешуші мәселе ретінде қарайды.

         Ж. Аймауытұлы ұстаз-шәкірт қатынасын адам тәрбиесінде  шешуші іс деп қарайды. Адам жаратылысы – аялауды, тәрбиелеуді тілесе, автор осы жайттарды ұстаз-шәкірт байланысынан, бірін-бірі  байытуынан мол сыр тартады. Ұстаз, шәкірт қоғам мүшесі ғана емес, жеке тұлға, өмір нұры, ізгілік, мейірім шуағы ретінде сөз етіледі. Кітаптағы ұстаз-шәкірт қатынасы, олардың өзара байланысы мен ұлт алдындағы мұрат-міндеттерін арғы-бергі тарихпен тұтастықта қарастырылып, келешекпен сабақтастықта беріледі. Ең негізгісі, мектеп ісі – абыройлы қызмет, ұстаздық – ұлы мұрат, шәкірт – жемісті жол екендігі кең көлемде көрсетіледі.

         “Бұрынғы құрғақ білім, қысыр сөз беріп, бағынғыш, діншіл бала тәрбилеу деген салт күйреп, енді өмірге керекті білім, іс, еңбек үйрететін жаратылыстың тілсіз күшімен де қоғам ішіндегі әділетсіздікпен де арпалысатын өжет, ісшіл, төңкерісшіл адам жасап шығару керек болады. Ол үшін бұрынғы “ардақты”, “аяусыз” неше алуан мектептерді жою болып табылады”. Еңбек мектебінің мақсаты: “Тіршілікке керекті, жетерлік білім беріп, білгір ұйымдасып жұмыс қылуды үйретіп, жаңа тұрмысты жасағандай өр, өжет адам жасап шығару”. Міне Ж. Аймауытұлының тұлғасы қандай болу керек. Ал ұлттық тұлғаны қалыптастыратын мектептің, ұстаздың қандай болу керектігін   талдауы қазіргі өмір талабы мен бүгінгідей ұштасып жатыр. “Мектеп оны:

а) төңірегіндегі дүниеге, тұрмысқа қызықтырып, әуестігін қозғап;

б) жоқтан өзгеге, ұзын құлаққа ырым-жырымға, ескі әдетке оп-оңай нана қоймайтын, естіген, білгеннің бәрін ақылына салып, сынататын, сонан соң барып асықпай қорытынды шығаратын қылып;

с) тұрмыс, өмір туғызатын мәселеге, сұрауға күнделікті сабақтан жауап тапқызып; ж) ойлаған ойын анық, дәл қылып сөйлетіп;

д) мәдениетті өмірге жанастырған келешекте өнер-білім тапқандай мағлұмат, дағды үйретіп шығару керек”.

         Бұл сөздердің тасқа таңба басқандай болып, туған елінің болашағын көркейтетін, мектептің оның білім саласының, ұстаздың және олардың міндеттерін тәптіштеп айтуынан халқымыздың біртуар ұлдарының бірі – тәлімгер ұстаз Ж. Аймауытұлының көрегенділігі мен терең білімділігін біз мақтаныш тұтамыз.

 

        ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1.       Кекілбайұлы Ә. Тәуелсіздік толғауы.-/Егемен Қазақстан, 2001.–23 ақпан, 2-4 б.

2.       Аймауытов Ж. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1988. – 560 б.

3.       Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. (4 том) – Алматы: Ғылым, 1998. – 446 б.

4.       Аймауытұлы Ж. Жастарға тәлімді тәрбие. /Жас қайрат, 1924. - № 3, 4.