Қуандықова Г.Т., Оспанова Р.О., Қуандықова Р.Т., Мауленкулова А.Қ.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қ. Қазақстан

Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназия, Тараз қ. Қазақстан

Д.А.Қонаев атындағы орта мектебі, Қаратау қ.Қазақстан

 

БИОЛОГИЯДА БЕЙІНДІ-БАҒДАРЛЫ ОҚЫТУДЫҢ РОЛІ

 

 

ХХІ ғасыр деңгейінде білім беру мен кәсіптік даярлау жұмысын жүзеге асыру үшін бейінді оқытудың орны ерекше. ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа шектелуі анық. Біз болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми қамтылған өндірістер үшін кадрлар қорын жасақтауымыз қажет.

Қазақстан Республикасының жалпыға білім беру стандартына сәйкес, білім мен ғылым министрлігі жалпыға білім беретін мектептердің жоғары сатысында бейінді-бағдарлы  оқытуды қарастырып, жалпыға білім беретін мектептердің бағдарлы оқытуға жағдай жасау міндетін қойып отыр. [1]

Болашақта еліміздің тұтқасын ұстар ұрпақ қамын ойлап, әр сыныптағы оқушыны жеке тұлға деп танып, оның құзіреттілігін анықтап, бейінді-бағдарлык сыныптарда оқушы қалауы бойынша білім беру – бүгінгі мектептің басты міндеті болмақ.

Заманауи бейінді - бағдарлы оқыту оқушыларға ғылыми танымның негіздері мен әдіснамасын беруді қажет етеді. Сондықтан қолданбалы курс тек зертханалық практикумнан ғана емес, сонымен бірге оқушыларға зерттеу және шығармашылық жобалар орындауына, биологиялық білімді практикада қолдануына жағдай жасауы қажет.

Бейінді-бағдарлы оқыту белгілі бір мамандық облысында білім алуды жалғастыруды қамтамасыз етеді. Мысалы, биология пәні медицина, психология, педагогика, микробиология, биотехнология, экология, ауыл шаруашылығы және тағы басқа бағыттардағы мамандықтар үшін бейінді пән болады.

Бейінді-бағдарлы оқытуды енгізудің негізгі мақсаты – жалпы білім беретін мектептің жоғары сыныптарында оқушыны еңбек нарығының нақты сұраныстарын ескере отырып әлеуметтендіруге бағытталған арнайы дайындау жүйесін жасау болып табылады.

Бейінді-бағдарлы оқыту барысында мұғалімдер ұжымы, ата-ана, оқушы арасында түрлі жұмыстар жүргізіліп, оқушылардың болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауына бағыт беретін педагогикалық ынтымақтастық қалыптасты. Сонымен қатар білім беретін мұғалімдердің біліктілігі, оқылатын пәндердің мазмұны, ерекшелігі оқу жоспарындағы мектеп компоненті мен оқушы компонентіндегі пәндердің құрылымы жан-жақты талқыланып, олардың бағдарламаларын жасауға, білім беруді жаңа сапаға көтеру үшін оқыту технологияларын таңдауға, оқушының оқу-танымдық іс-әрекетін басқаруына бағыт-бағдар беріледі.

Қоғамдық – гуманитарлық бағдарлы мектептерде биология пәнінің тарихы және гуманитарлық негіздері – биологиялық  теориялар мен тұжырымдамалар кеңінен ашылып берілуі қажет. Оқу материалының мазмұны биология тарихы, жасуша биологиясы, органимнің көбеюі мен жеке дамуы, генетика негіздері, эволюция, экология негіздері, биосфера және адам бөлімдерінен тұрады.

Жаратылыстану – математикалық бағдарына арналған биология пәні төменгі сыныптарда берілген білім мазмұнын  тереңдетіп, курстың қолданбалы және практикалық бағытталуы күшейтіледі. Оқу материалы цитология негіздері, генетика негіздері, селекция, эволюция, экология негіздері бөлімдерінен құралған. Сонымен бірге, аталған екі бағдар үшін оқушылардың міндетті дайындық деңгейіне қойылатын талаптар берілген. Бірақ бейіналды оқытуды тереңдетіп оқытумен шатастыруға болмайды. Оның айырмашылығы сол, бейінді оқыту барлық оқушылар үшін ұйымдастырылып, олардың қалауымен таңдалады. Білім беру мазмұнын құрастырудың бейінді-бағдарлы қағидасы жеке пәндерді тереңдетіп оқытатын мектептерден көрі кең білім беру кеңістігін ұйымдастыруға бағытталған.

Бейінді-бағдарлы оқыту жалпы оқыту процесінің құрылымын, мазмұны мен ұйымдастырылуын өзгерту арқылы оқушылардың қызығушылығын неғұрлым толық ескеруге, оның қабілетін дамытуға, жоғары сынып оқушыларына өздерінің кәсіби қызығушылығы мен оқуын жалғастыруға қатысты ұстанған бағыт – бағдарына сәйкес білім беру үшін жағдай туғызуға мүмкіндік беретін саралау мен даралау құралы болып табылады.

 «Биология» пәнінің базалық мазмұны 6 – 7 сыныптарда ботаника және зоология ғылымдарының негізін құрайтын өсімдіктер мен жануарлардың анатомиясы, морфологиясы, көптүрлілігі, таралуы, систематикасын қарастырады.

Бейінді-бағдарлы оқытудың негізгі міндеті оқушылардың өз кәсіби мамандығын анықтауға көмектесу. Сондықтан негізгі мектептің 8 – 9 сыныптарында ұйымдастырылатын бейінді-бағдарлы оқыту бейіндеудің маңызды бөлігі болып табылады. Бейінді-бағдарлы оқыту үш құрамдас бөліктен тұрады:

-         кәсіби ақпараттандыру

-         таңдамалы кәсіби бағдарлы курстар

-         психологиялық сүйемелдеу

Бейінді-бағдарлы оқытудың нәтижесінде оқушы саналы және өзіне сенімді түрде мектептің жоғарғы сыныптағы оқытудың бейінін немесе орта кәсіптік білім беру жүйесінде игеретін мамандығын таңдауы қажет. [2]

Бейінді-бағдарлы оқытуда орта сыныптағы биология курсы бағыттарға бөлінбеген. Жалпы бейіналды анықтау психологиялық сараптама қорытындысы, ата-ана және оқушы қалауы, мектеп мұғалімдерінің деңгейі негізінде анықтайды.

Биология пәнінің ерекшеліктері мен орта мектепте биологиядан білім беру мазмұнының кемшіліктері биологиядан қолданбалы курстар мен таңдау курстарының мазмұндық бағытын анықтайды:

-         тірі ағза, оның құрылысы мен қызметінің ерекшеліктері туралы оқу ақпаратын тереңдетіп оқыту, тірі ағза ерекше тірі жүйе ретінде қарастыру;

-         тірі ағзалардың құрылымын және тіршілігінің механизмін молекулярлық деңгейде оқыту.

Қолданбалы және таңдау курстарының тақырыбын келесідей топтауға болады:

-         биологиялық зерттеу әдістері арқылы (сипаттау, эксперимент, тарихи реконструкция),

-         биологиялық проблемалар типтері бойынша,

-         биологиялық зерттеу обьектілері (жүйелер: биологиялық жүйе, таксономиялық жүйе; процесстер: метаболизм, онтогенез, эволюция; тіршілік ерекшеліктері: формасы, белсенділік, таралуы, бейінделуі).

Биология ғылымының құрылымына байланысты қолданбалы және таңдау курстарының мазмұны бір пәнді немесе пәнаралық (интеграция) болуы мүмкін, танымдық процестің түріне байланысты фундаментальды, теориялық, эмпирикалық болуы мүмкін.

Бейінді-бағдарлы оқытуда оқушыға берілетін білімнің қолдану жағдайы қарастырылады. Сондықтан қолданбалы және таңдау курстарының мазмұны оқушыларды біліктілікті қалыптастыруға бағытталуы қажет. [3]

Қолданбалы және таңдау курстарының тақырыбының модельдері:

1.      Биологиялық зерттеу әдістері арқылы (сипаттау, эксперимент, тарихи реконструкция). Мысалы, «Дәрілік өсімдіктер сипаттамасы» бейіналды оқытуда, ал бейіналды оқытуда – «Фармацевтика негіздері».

2.      Биологиялық проблемалардың типтері бойынша, мысалы, «Құс гриппі», «Көптүрліліктің жойылуы».

3.      Биологиялық зерттеу обьектілері бойынша мысалы, жүйелер бойынша: биологиялық жүйе, таксономиялық жүйе;

4.      Биологиялық процесстер бойынша: метаболизм, онтогенез, эволюция;

5.      Тіршілік ерекшеліктері бойынша: формасы, белсенділік, таралуы, бейінделуі.

Биология пәнінен бейінді-бағдарлы оқыту келесі бағыттарда болуы мүмкін:

-         жеке тірі организмді сипаттау деңгейінде зерттеп оқыту,

-         организмдердің көптүрлілігін сипаттау деңгейінде зерттеп оұыту,

-         биологиялық зерттеу әдістерін (бақылау, сипаттау, салыстыру, қарапайым эксперимент жасау, эмпирикалық тұжырымдау) қолдану біліктілігін қалыптастыра оқыту,

-         салауаттылық негіздері туралы білімді қалыптастыра оқыту.

Әрбір оқушының тұлға ретінде қалыптасуын, дамуын, білімге деген оқушының барлық қажетін өтеу – ұстаздың алдында тұрған мақсат. Сондықтан осы дамыту жүйесін басшылыққа ала отырып, әр оқушыны зерттеп, шығармашылық қабілетін ашып, толыққанды қоғам құруға өзінің бар мүмкіндігін жұмсайтын шығармашылыққа қабілетті жеке тұлға қалыптастыруға атсалысу қажет. [4]

Болашақта еліміздің тұтқасын ұстар ұрпақ қамын ойлап, әр сыныптағы оқушыны жеке тұлға деп танып, оның құзіреттілігін анықтап, бейінді-бағдарлы сыныптарда оқушы қалауы бойынша білім беру – бүгінгі мектептің басты міндеті болмақ.

 

Әдебиет

 

1.      12 жылдық оқыту мәселелері. Қазақстан Республикасында жалпы   орта білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттары. – Астана, 2006.- 184 бет.

2.      Қарбаева Ш., Жұмағұлова Қ. Жаратылыстану пәндері бойынша бағдарлы оқытуды жүзеге асыру жолдары // Биология және салауаттылық негіздері. Алматы, №3 (21), мамыр-маусым, 2006. Б.13-16.

3.      Максутова Э. Бейіндікке оқыту. Оқыту әдістемесі //Биология және салауаттылық негіздері. – 2014-№2, 2-5б.

4.      Тоқбергенова У.Қ. Бағдарлы оқыту жайында білім мазмұнын саралау. «Оқушыларды Бейінді-бағдарлык оқыту: тәжірибе , мәселелер , келешегі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияның еңбектері.-Тараз, ТарМПИ.Б.2011ж. 65-68