ЭЛЕКТРОНДЫ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР
ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖАҢА АМАЛ-ТӘСІЛДЕРІ
Оспанова
Б.Р.
Абай атындағы ҚазҰПУ
Әдебиеттану
және тіл білімі
ҒЗИ-ның
ғылыми қызметкері, ф.ғ.к
Елбасы Н.Ә.
Назарбаев өзінің «Қазақстан
экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» деген еңбегінде: «ХХІ
ғасырда білімін дамыта алмаған елдің
тығырыққа тірелері анық. Біздің
болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми
қамтымды өндірістері үшін қадрлар қорын
жасақтауымыз қажет. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз
әрі алысты барлап, кең ауқымда ойлай білетін осы
заманғы басқарушыларсыз біз инновациялық экономика
құра алмаймыз. Демек, барлық деңгейдегі
техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға
бағытталған тиісті шаралар қолдануымыз шарт» [1], – деп ел
қоғамы алдына үлкен міндет жүктеді.
Еліміз тәуелсіздік
алып, өз алдына егемен ел болғаннан бері отандық білім беру
жүйесіне көптеген өзгерістер енді, оның жаңа
жүйесі қалыптасып, әлемдік білім беру кеңістігіне бағыт
алды. Білім ошақтарындағы оқу-тәрбие үдерісі
елеулі өзгерістерге ұшырап, оған әлемдік
ғылыми-технологияның соңғы он жылдықтардағы
табыстарының үздік үлгілерін енгізу, қазіргі тарихи
кезеңнің әлеуметтік-эконмикалық жағдайына, ұлттық ерекшеліктеріне және еліміздің
негізгі саяси-экономикалық міндеттеріне жауап бере алатын білім беру
жүйесін қалыптастыру мәселесі басты қажеттіліке
айналды.
Адамзат
өмірінің барлық саласына дендеп еніп жатқан жаңа
технологиялар, қазіргі заманғы электронды
құрал-жабдықтар білім беру жүйесіне көп
өзгеріс әкеліп, оның мазмұнының жаңарып,
жаңаша құрылып, жаңа бағытта дамуына үлкен
әсер етті. Олар өз кезегінде білім беру үдерісіне деген
жаңа көзқарастар мен жаңаша
қарым-қатынастардың пайда болуын туғызып қана
қоймай, білім берудің амалдары мен жолдарының, әдістері
мен тәсілдерінің жаңаша қалыптасып дамуына да орасан
зор ықпалын жасады. Себебі кеңес дәуірінен келе жатқан
дәстүрлі оқыту әдістемесі жаңа заманның
жаңғырған қоғамының саяси-әлеуметтік
жағдайына және оның нарықтық-демократиялық
талаптары мен заңдарына онша сәйкес келіңкіремей, отандық
мемлекеттік білім беру саясатын, білім беру жүйесін, білім стандарттарын,
білім бағдарламаларын, білім мазмұны мен құрылымын
түбегейлі өзгертуді қажет еткен еді.
Оқыту, білім беру
жүйесінің жаңартылған мазмұны мен
құрылымы жаңа технологияларды батыл енгізіп, заманауи
электронды құрал-жабдықтарды тиімді пайдалану арқылы
оқу-тәрбие ісінің әдістемесін жаңаша
құруды күн тәртібіне қойды. Әлбетте,
бұл кезек күттірмейтін қоғамдық-әлеуметтік,
саяси-экономикалық маңызды іс-шаралардың бірі болатын.
Өз алдына дербес мемлекет
болғанына жиырма жылдан енді ғана асқан Тәуелсіз
Қазақстанның жас ұрпағына білім беру, оларды
оқыту-тәрбиелеу үдерісіне заманауи жаңа технологияларды
ендіру сол заман талабынан туындап отыр. Түрлі
деңгейлік білім ошақтарының мұғалім-оқытушылары
жаңа технологияларды пайдалануды үйреніп, электронды
құрал-жабдықтарда жұмыс істеуді жетік меңгерсе,
жас ұрпақтың қазіргі заманның жоғары
деңгейде дамыған ақпараттық қоғамының
талаптарына лайықты маман-кадр болып қалыптасуына игі әсерін
тигізетіні, олардың өзін-өзі дамытып, жан-жақты
жетілуіне көмектесетіні күнен-күнге нақтыланып,
әлемдік озық технологияны меңгеруге, игеруге мүмкіндік
беретін тың бастамалар, инновациялық іс-әрекеттер
қолға алынды.
Білім саясаты және білім
жүйесі дұрыс болмайынша, еліміздің әлемдік
бәсекеге қабілетті маман-кадрларын дайындауы мүмкін емес
екені барша жұртқа, әсіресе білім беру саласының
мамандарына түсінікті бола бастады.
Осы ретте атап айта кететін бір жәйт, қазақстандық
білім беру саясаты мен оның жүйесін жаңаша қалыптастыра
отырып, халықаралық стандартқа сәйкес білім
берудің әлемдік үздік
технологиясын оған жатырқамай жедел енгізу туралы Елбасы
Н.Ә. Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» деген еңбегіндегі
«Өркениеттер қауышуы» деген баяндамасында атап көрсеткен
болатын. Сол баяндамасында Президент ғаламтордың, яғни
қазіргі заманның зор табысы болып саналатын электронды
құрал-жабдықтардың жас ұрпаққа сапалы
білім берудегі орасан зор орны мен рөлі туралы: «Сонау алпысыншы
жылдардың аяғынан бастап күллі планетамыз әлемдік
ақпараттық қоныс ретінде қарастырыла бастады.
Әрине, ол кезде бұл жай әншейін әсіре қызу
теңеу ғана еді. Ал бүгін бұл түк те
әсірелеу емес. Егер миллиардтаған адам бір хабардан бір мезетте
жаппай құлағдар боп отырса, егер «Ғаламтор» компьютер
жүйесін жеке және топтама пайдаланушыларының саны он
миллионнан асып кетсе, егер кабинетіңізден шықпай-ақ,
АҚШ Конгресі кітапханасы мен Британ музейі қорымен жалғаса
алсаңыз – әлгі айтқанның бәрі қалай
әсірелеу болмақшы! Міне, дәл осындай ақпараттық
болмыс әрқайсымыздың үйімізге бұзып-жарып
өзі кіріп келіп отыр» [2, 266],
– деген еді. Президенттің ғаламтор туралы осы ой-пікірі,
терең пайымдауы «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму
бағдарламасында: «Мектептерді, ең алдымен, ауылдық жерлердегі
мектептерді компьютерлендірудің кең ауқымды
бағдарламасын іске асыруға кірісу, бұл мақсатқа
1998 жылдың өзінде кемінде 22 млн АҚШ долларын бөлу
керек» [3], – делініп нақты
көрсетілді.
Қазіргі жалпы еліміз бойынша барлық деңгейлік білім беру
ошақтарын компьютерлендіру және оларды ғаламтор желісіне
қосып ақпараттандыру жобасы Елбасының сол бастамашыл ойымен
сабақтасып жатыр.
Бүгінде жалпы еліміз бойынша
білім ошақтарының барлығында жаңа технологиялар жаппай
игерілуде. Түрлі пәндерді оқытудың электронды
жаңа технологияларға негізделген әдіс-тәсілдерін
көптеп дайындау, оларды тиімді пайдалану кең көлемде
қолға алынып жатыр. Оқу-тәрбие ісі жаңаша
ұйымдастырылып, білім ордаларын компьютерлендіру мен
ақпараттаңдыру үнемі жақсартылуда. Әрбір
мұғалім-оқытушының, әрбір оқушы мен
студенттің компьютер мен электронды техникаларды жетік меңгеруіне,
әлемдік ғаламтор жүйесіне еркін енуіне мүмкіндік
жасалып отыр. Соңғы
он шақты жыл көлемінде еліміздің барлық деңгейлік
білім ошақтарында экономикалық-әлеуметтік жаңа
қатынасқа ыңғайлану бағытында бірқатар реформалар
жүргізіліп, жаңғыру кезеңінің барлық
қиындықтарына қарамастан, сол реформалар дамудың
жаңа бағыт-бағдарына сәйкес өз жемісін бере
бастады.
Отандық білім беру жүйесін жаңа
заман, яғни нарықтық экономика заңдары мен талаптарына
сәйкес дамытуда жүзеге асырылып жатқан іс-әрекеттерді
зерттеп-зерделесек, оларға ақпараттық жаңа
(инновациялық) технологияларды ендіру айтарлықтай маңызды
рөл атқарғанын аңғаруға болады. Бұл мақсатта
қазіргі нарықтық экономикалық жағдайға
бейімделген, құрылымы мен білім беру мазмұны
жаңғырған, ұстаздар қауымы жаңа
технологиялармен қаруланған мектептердің, тіпті кез келген
сондай оқу орындарының алар орны ерекше. Дегенмен, ең
алдымен, әлемдік білім кеңістігіне еркін енуді
көздеп отырған тәуелсіз еліміздің мектептері колледждер
мен институт-университеттерде кәсіби арнайы білім алып, білікті
маман-кадр болып шығуға лайықты түлектерді дайындайтын
қазіргі заманның жаңа буын мектептері болуға тиіс.
Солар ғана кәсіби орта, кәсіби жоғары оқу
орындарын сапалы білім алу мен кәсіби біліктілікке құштар
талапкерлер дайындап, студенттермен қамтамасыз ете алады. Сол
себептен еліміз бойынша, ең әуелі, орта білім беретін
мектептердің жаңа технологияларды игеріп, жаңартылған
білім беру әдіс-тәсілдеріне көшіп, жаңа
жағдайға бейімделуіне үлкен мән берілуде.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай,
заманауи электронды құрал-жабдықтарға негізделген
жаңаша оқыту мен білім берудің жаңа технологиялары
дәстүрлі әдіс-тәсілдерден гөрі білім
алушының уақытын үнемдеп, әрбір пәнге деген
олардың ынта-ықыласын, қызыушылығын оятып қана
қоймай, танымдық ой-өрісін кеңейтіп, жалпы
қабілеттілігін арттырады. Оларды өз бетімен жұмыс істеуге,
шығармашылыққа, зерттеушілікке баулыйды.
Оқыту-білім беру үдерісінде жаңа технологияларды
пайдаланудың, демек электронды құрал-жабдықтардың
көмегімен сан алуан ақпарат-мәлімет берудің
мұғалім-оқытушыларға беретін пайдалы жағына келер
болсақ, «оқытудың қазіргі заманғы жаңа
технологиясы оқу үдерісіне педагогикалық-психологиялық
іс-әрекеттердің жүйелі кешені ретінде пайдаланылады. Бұл
технологияны оқу-тәрбие жұмысының бір-бірімен
тығыз байланысқан білімгерлерді (оқушы, курсант, студент
т.б.) дамытуға бағытталған оқытудың жаңа
әдістері мен түрлерінің кешенді жиынтық жүйесі
деп қарайтын болсақ, онда ол білім құрылымы мен
мазмұнын жетілдіру ісінің басты бағыты, яғни
оқыту мен тәрбиенің тиімділігін қамтамасыз ететін
біртұтас үдеріс болып табылады. Сондықтан да
оқу-танымдық, оқу-тәрбиелік, оқу-әдістемелік,
педагогика-психологиялық, ақпаратты
қарым-қатынастық жаңа технологияға бетбұрыс
әлемдік білім кеңістігіне талпынған
қазақстандық ғылыми-әдіснамалық
жүйені мазмұны жағынан ғана байытып қоймай,
құрылымын да өзгертіп, бағыты жағынан да
жетілдіре түседі» [4, 38]. Демек, ұстаздар қауымы да өз
уақытын үнемдеумен қатар өздерінің барлық
білімгерінің оқыту үдерісіне толықтай қатысуын
қамтамасыз ете алады. Қайсыбір оқушы-студенттің жеке
қабілетін де ашып, жетілдіре отырып, оны әрі қарай
дамытуға көмектеседі. Өзінің жеке
оқу-тәрбие бағдарламасын қалыптастырып,
педагогикалық іс-әрекетін тиімді ұйымдастырып, жоғары
нәтижеге қол жеткізе алады. Өзі білім беріп, тәрбиелеп
шығаратын шәкірттерінің оқытылған пән
аясынан да тыс, алдағы өміріне қажетті қосымша
ақпарат, мәлімет алуына, сөйтіп олардың жалпы
ой-өрісінің кеңейуіне де мүмкіншілік туғызады.
Мәселен, алдыңғы қатарлы дамыған
елдердің ақпараттық-қатынастық
технологияларды (АҚТ) қолдануының нақты
қадамдары мен іс-тәжірибесіне тереңірек үңіліп,
кеңірек ой жүгіртсек, еліміздің білім беру
жүйесіне едәуір өзгеріс енгізудің
қажет екенін көріп, шынайы сезіне аламыз. Сөз
жоқ, Батыс Еуропа, Америка құрлығындағы
озық технологияларға иелік етіп отырған мемлекеттердің
дамушы өзге елдерге саяси-экономикалық тұрғыдан
үстемдік етуінің бір себебі – сол
ғылыми-технологиялардың соңғы жетістіктерін
оқып-игерудің және оларды оқу үдерісінде тиімді
пайдаланудың негізін қалайтын білім жүйесінің оларда
дұрыс жолға қойылуына, яғни олардың экономикалық жақтан зор
табыстарға жетіп, қоғамдық-әлеуметтік
жағдайының жақсы болуы, ең алдымен, сол елдің
білім беру жүйесінің жаңа технологиялар негізінде
өркендеуіне байланысты болып отырғаны анық. Оған әлемде мысалдар көп.
Сондықтан да біздің елдің алдына қойған негізгі
мақсаттарының бірі – білім беру жүйесінде жаңа
технологияларды пайдалануды жетілдіре отырып, ғылыми-технологиясы жан-жақты
дамыған елдер қатарына қосылу болып отыр. Осы
мақсат-мүддеге қол жеткізе алсақ қана
еліміздің тәуелсіздігін баянды етіп, келешек
ұрпаққа оны мирас ете аламыз. Біз бүгінгі
күні осындай әлемдік білім беру жүйесіне
негізделген басым бағыттарды ұстануымыз керек.
Әрине,
аталған мәселелердің оңтайлы шешімін тауып, нақты
өмірге енгізудің өзіндік қиыншылықтары мен
күрделі жақтарының бар екені рас. Ең алдымен
бүкіл елді компьютерлермен (электронды
құрал-жабдықтармен) қамтамасыз етіп, барлық
тұтынушыға қолжетімді ғаламтор желісін іске қосу
қажет екенін өмір көрсетіп отыр. Жұмыс істеуге,
ақпарат-мәлімет алуға қажетті нәрсенің
өзі барша жұртқа бірдей қолжетімді болмай жатса,
«онымен қалай тиімді жұмыс істеуге болады» дегенді үйрететін
нұсқаулықтар мен оқулық, оқу
құралдарының, оқыту-үйрету курстарының
және тағы басқадай іс-шаралардың тиімділігінің
шамалы болатыны кімге де болсын түсінікті. Жоқ нәрсені
пайдаланудың ережесі, ол туралы терең білім мен жан-жақты
біліктілік ешкімді де қызықтырмайды. Сондықтан да бүкіл
елді компьютерлермен қамтамасыз етіп, қоғам
мүшелерінің, әсіресе, ұстаздар қауымы мен білім
алушылардың онымен жұмыс істей алушылық сауатын арттыру
бүгінгі күннің аса бір маңызды мәселесі болып
табылады. Түйіндей айтсақ, мұғалімдер мен
оқытушылар және оқушылар мен студенттер білім
ошақтарындағы электронды құрал-жабдықтар,
жаңа технологиялар арқылы берілетін немесе алынған білімді,
түрлі ақпараттар мен мәліметтерді бойларына терең
сіңіріп, қорытып игерулері үшін, компьютерлер мен кейбір
электронды құрал-жабдықтар олардың
әрқайсының өз үйінде, тіпті болмаса
пайдалануға мүмкіндік беретін жерлердің барлығында
қолжетімді болуы қажет. Сонда ғана электронды құрал-жабдықтардың
көмегімен жаңа технологияларды пайдаланып оқытудың
жаңа әдістері мен тәсілдері, жолдары мен амалдары өз
нәтижесін береді, жас ұрпаққа сапалы білім мен
тағылымды тәрбие беруге ықпал етеді.
Бүгінгі таңда
еліміздің білім жүйесінің оқыту үдерісін
тың идеяларға негізделген жаңа мазмұнмен
қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл – ғылыми-технология
дамуының заманауи жетістіктерін мақсатты түрде пайдалана
алуда жатыр. Біздің, әсіресе еліміздің жас
ұрпағының әлемдік дамудың қазіргі
көшінен қалып қоймауы үшін барлық деңгейлік
білім беру ошақтарына жаңа технологияларды батыл енгізіп,
электронды құрылғыларды білім беру мен білім алудың
қолайлы әдіс-тәсілі ретінде мектеп қабырғасынан
бастап оқытып-үйретіп және оны білім ошақтарының
келесі сатыларында одан әрі жетілдіре беру сондықтанда
маңызды.
ЖОО білім берудің
басты мақсаты, жоғарыда бір рет айтқанымыздай,
әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық саяси
өмірге белсенді араласуға дайын, жаңашылдыққа
жаны құштар құзыретті тұлғаны
қалыптастыруға ықпал ету болса, оның бастапқы
негізі мектепте қалыптасатыны баршаға мәлім. Осы
мақсатқа жету үшін әр пәннің
мұғалімдері әуелі білім мазмұнының даму
үрдісінен үнемі хабардар болып, өзінің
педагогикалық іс-әрекетінде заманауи технологияларды тиімді
пайдалана білуі қажет. Бұл – оқу-тәрбие ісін дұрыс
ұйымдастыруға септігін тигізіп қана қоймай, білім
беруші мен білім алушының уақытын үнемдеуге, әрбір жеке
тұлғаның өз әлеуетін қажетті
бағыт-бағдарға сәйкес тиімді пайдалануына
жәрдемін тигізеді.
Мектеп, мұғалім,
оқушы, оқулық, оқытудың
әдіс-тәсілдері – тұтас бір жүйені
құрағанымен, мектептегі мұғалімнің орны
қашанда маңызды. Мәселен, ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлының: «Мектептің
жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі
həм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса,
білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен
балалар көбірек білім біліп шығады. Солай болған соң,
ең әуелі мектепке керегі білімді, педагогика, методикадан хабардар,
оқыта білетін мұғалім, əуелі біз елді түзетуді
бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек,
болыстық та, билік те, халықтық та оқумен
түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің
көбі түзелгенде, оқумен түзеледі» [5, 438], – деген ұлағатты
ескертпесі ғасырға жуық уақыт бұрын айтылса да,
бүгінгі қазақ мектебінің тұғыры ретінде
қабылдауға болады.
Білім беру жүйесінің
барлық саласында мұғалім – шешуші буын және ең
басты тұлға. Өйткені мектептегі жастардың сапалы білім
мен тағылымды тәрбие алуы да, базалық білім жинақтауы
да, кәсіби орта, кәсіби жоғары оқу орындарындағы
кәсіби-техникалық дайындығы да, білімді де білікті іскер маман болып шығуы да,
ақыр соңында оларға сеніп тапсыратын еліміздің
жарқын болашағы да мектеп мұғалімдерінің
жаңашылдығына, жаңа технологияларды тиімді пайдалана
алушылдығына тікелей байланысты. Сол себептен қазіргі
заманның электронды құрал-жабдықтарын қалай
пайдаланып оқытудың, білім берудің, берілген білімді
бақылап-бағалаудың және т.б. жаңа
әдіс-тәсілі ретінде қолдана білу, ең әуелі,
мұғалімдерден талап етіледі. Еліміздің бүгінгі
өскелең ұрпағының мүмкіндіктері шексіз.
Олар электронды ақпараттық-қатынастық технология
қарыштап дамыған замандағы жетілген қоғамда
өмір сүріп білім алуға мүмкіндік алып отыр.
Олардың өз болашағына дұрыс таңдау жасап,
әлемдік бәсекеге қабілетті білікті маман, шебер кәсіп
иесі болып шығуына ұстаздарының жаңа технологияға
негізделген оқыту әдіс-тәсілдерінің ықпалы зор.
Білім ошақтарының жаңа мазмұнды білім беру
жүйесінің алдында оқушыны ойлануға, өз бетімен
шығармашылық-зертеушілік жұмыспен айналысуға
үйрету, болашақ мамандығына қатысты түрлі
мәселені шешуге қажетті әрекет тәсілдерін
меңгерету міндеті тұр. Бұл орайда олардың заманауи
электронды құрал-жабдықтарды пайдаланып, жаңа
технологияларды игеріп жұмыс істей алу қабілетінің
жоғары деңгейде болуы маңызды рөл атқарады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1 Назарбаев Н.Ә. Қазақстан
экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында. Айқын, 2005
жылғы 19 ақпан.
2 Назарбаев
Н.Ә. Ғасырлар
тоғысында. -Алматы: «Өнер», 1996 жыл.
3 Назарбаев
Н.Ә. «Қазақстан – 2030»: барлық
қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі,
қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы. -Алматы:
«Өнер», 1996 жыл.
4 Пірәлиев С.Ж.,
Даутов С.Б., Симтиков Ж.Қ. Елбасы және отандық білім
жүйесі. -Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ,
«Ұлағат», 2011 жыл.
5
Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. - Алматы: «Ана тілі», 1992 жыл.