Экономические науки/ 4.Инвестиционная деятельность и фондовые рынки.

Э.ғ.к. Конуспаев Р.К., Әбілдабек Б.

Тұран-Астана университеті, Қазақстан

Қазақстан Республикасындағы инвестициялық климат мәселелелері

 

Еліміздегі мемлекеттік саясаттың артықшылықты міндеттерінің бірі республикадағы қолайлы инвестициялық климатты қолдау және экономикағы тікелей шетелдік инвестициялардың ағымын ынталандыру болып табылады. Қазіргі таңда Қазақстан тәуелсіз елдер достастығы мүшелері ішінде жан басына шаққанда тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі бойынша бойынша көшбасшы орындардың біріне иелік етеді. Жан басына шаққанда тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі шамамен 1300 АҚШ долларын құрайды.

Инвестициялар елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етедi. Макродеңгейдегi инвестициялар - кеңейтiлген қайта өндiру саясатын iске асыруға, өндiрiс секторын құрылымдық қайта құруға және экономиканың барлық салаларының теңгерiмдi дамуына, инновацияларды енгiзуге, ел экономикасының бәсекеге қабiлеттiлiгiн қамтамасыз етуге негiз болып табылады. Микродеңгейдегi инвестициялар өндiрiстi кеңейту мен дамыту, оның техникалық деңгейiн жоғарылату, негiзгi қорлардың моральдық және физикалық тозуын төмендету, өнiмнiң сапасы мен бәсекеге қабiлеттiлiгiн жоғарылату, сондай-ақ қоршаған ортаға экологиялық әсердi төмендету үшiн қажет.

Қазақстандағы қолайлы инвестициялық климаттың қалыптасқанына ел экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі дәлел бола алады, соңғы ресми деректерге қарағанда, республиканың тәуелсіздік алған кезеңінен бастап, қазақстандық экономикаға  122 млрд. АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылған. Қолайлы инвестициялық климаттың даму қарқыны әлемдік масштабта мойындалған деп есептеуге болады, Әлемдік банк және Doing Business Халықаралық қаржы корпорациясының 2016 жылғы рейтингіне сәйкес Қазақстан 189 елдің ішінде 41 орынға ие болған. Сонымен қатар, біздің еліміз әлемдік экономикалардың бәсекеге қабілеттіліктің ғаламдық индексі рейтингінде 4,49 балмен 42 орынға жайғасып бұрынғы кеңес одағы елдерінің арасында үлкен артықшылыққа иелік етуде[1].

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына әсер ететін факторлардың бірі – елдің қолайлы бизнес-климаты, оған қолайлы инвестициялық заңнамамен, сонымен бірге экономикалық және саяси тұрақтылықпен қолдау беріліп отырылады. Келесі маңызды фактордың бірі - бай табиғи және минаралды ресурстардың болуы, Қазақстан табиғи ресурстардың қоры бойынша алтыншы орынға ие болады. Д.И.Менделеевтің химиляқ элементтерінің 99 –ы Қазақстан қойнауынан табылып, 70-і барланған, ал 60-ы қазылып пайдаланылады. Үшінші маңызды фактор – ол Қазақстанның тиімді географиялық орналасуы, инвесторларға 1 млрд. халқы бар тұтынушылық нарыққа шығуға мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында шетелдік және отандық инвестицияларды мемлекеттік қолдаудың шаралары келесілерден құралады: инвестициялық және салық заңнамасымен бекітілген инвестициялық преференциялар (инвестициялық салық преференциялары, кеден баждарын салудан босату, мемлекеттік гранттар және т.б.), мемлекеттік даму институттары арқылы жобаларды біріккен қаржыландыру, ірі инвесторларды Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кеңеске мүшелік құқығын беру, оның мәжілістері ҚР Президенті Н.Назарбаевтың өзінің төрағалық етуімен жылына екі рет өткізіледі.

Қазақстан Республикасында инвестициялық заңнама өзінің қалыптасуы, дамуы мен жетілдіруінде төрт негізгі кезеңнен өтті.

Бірінші кезең - бастапқыда шетел инвестициялары туралы заңнама ретінде пайда болған инвестициялық заңнаманың қалыптасуы. Ол Қазақ КСР-ының 1990 жылғы 7 желтоқсандағы «Қазақ КСР-ының инвестициялық туралы» заңынан бастау алды[2]. Бұл заң шетел инвестицияларын озат технология мен басқару тәжірибесін тартуды мақсат етті, шетел капиталына қажетті кепілдіктер берді. Заң республикада ашық үлгідегі экономиканы қалыптастыруға бағытталды және елдің әлемдік практикада шаруашылықты жүргізудің жалпы қабылданған принципіне тезірек көшуіне көмектесуге тиіс болды.

Инвестициялық заңнаманың дамуындағы екінші кезең Қазақстан Республикасының «Шетел инвестициялары туралы» 1994 жылғы 27 желтоқсандағы[3] қабылданған Заңынан басталады. Осыған байланысты шетел инвестициялары туралы 1990 жылғы 7 желтоқсандағы заң, күшін жойды. Жаңа заң ел экономикасына шетел инвестицияларын жұмылдыру негіздерін анықтады, шетел инвестицияларына мемлекеттік кепілдіктер берді, оларды жүзеге асырудың ұйымдық-құқықтық негізгі нысандарын белгіледі, сондай-ақ шетел инвесторларының қатысуымен даулы мәселелерді шешу тәртібін анықтады.

Инвестициялық заңнаманың дамуы мен жетілдіруінің үшінші кезеңінің бастауы Қазақстан Республикасының «Тікелей инвестицияларға мемлекеттік қолдау жасау туралы» 1997 жылғы 28 ақпанда қабылданған заңнан[4] алады. Онда мынадай негізгі міндеттер айқындалған: Жаңа технологиялар, озат техника мен ноу-хау енгізу; ішкі нарықты жоғары сапалы товарлар мен қызмет түрлерімен толтыру; отандық өнідірісшілерге мемлекеттік қолдау мен көтермелеу; экспортқа бағдар ұстанған және импорт ауыстыра алатын өндірістерді дамыту; жаңа жұмыс орындарын жасау; қоршаған ортаны жақсарту т.б.

 Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 қаңтардағы «Инвестициялар туралы» заңының қабылдауымен инвестициялық заңнаманың дамуының төртінші кезеңі басталды. Инвестициялар туралы заң инвестицияларға байланысты қатынастарды реттейтін нормаларды біріктірді, шетелдік және отандық инвестициялардың жалпы құқықтық тәртібін орнықтырды, Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын инвесторларға кепілдіктер берді[5].

 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инвестициялық климатты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 12 маусымдағы ҚР Заңы еліміздегі инвестициялық және іскер ортаны жақсарту бойынша шаралар кешенін қарастырады.

Аталған заңда инвесторлар индустрияландыру басым салаларында корпоративтік табыс салығын, жер салығын 10 жылға және мүлік салығын 8 жылға төлеуден босатылады. Мемлекет объектті пайдалануға енгізгеннен кейін инвестордың капитал шығындарын 30% дейін теңелтеді (инвестициялық қаржы); Инвестициялық жобаны орындау барлық мерзімге шетел жұмыс күшін тарту және бір жыл пайдалануға енгізгеннен кейін ешбір квотасыз және рұқсатсыз жүзеге асырылатын болады. Инвесторларға салық мөлшермесі (ҚҚС және салықтан басқа) және халықтың жұмыспен қамтылу саласында заңнамасы ұлғаюға қатысты заңнама өзгерген кезде тұрақтылық кепілдікке беріледі.

Тәуелсіздік кезеңінде Қазақстан Республикасы әлемнің 48 елімен  Инвестицияларды көтермелеу және өзара қолдау туралы келісімдерге, сондай-ақ инвестициялар саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы бірнеше меморандумға қол қойды.

Мұндай келісімдер капитал инвестицияларын, келісімге қатысушылардың экономикасына технологиялар мен білімді көтермелеу мақсатын қояды. Әдетте, инвестициялық ынтымақтастық туралы келісімдер келісуші тараптардан инвесторлардың инвестицияларына әділ режим ұсынуды,  қорғау мен қауіпсіздікті  қамтмасыз етеді.

Мәселен, осындай келісімдерде  тараптардың бірде бірі екінші келісуші тарап инвесторының инвестицияларын экспроприациялауға немесе мемлекет иелігіне алуға  құқығы жоқ, төтенше жағдайлардың  салдарынан  залалдар туындаған жағдайда  өтемақы төлеу шарттары қарастырылады.  

Тұтастай алғанда  инвестициялық ынтымақтастық туралы келісімдер жасасу екі ел арасындағы өзара инвестицияларды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді, бұл өз кезегінде кәсіпкерлік қызметті дамытуға, нәтижесінде келісуші тараптар арасындағы экономикалық қатынастарды дамытуға оң әсер етеді.

Жоғарыда аталған артықшылықтармен қатар Инвестициялық ахуалды қалыптастыру кезiнде терiс рөлдi атқаратын бiрқатар басты проблемалар бар, олардың қатарына мыналарды жатқызуға болады:

1.Инвестициялар көлемiнiң экономиканың қажеттiлiктерiне сәйкессiздiгi.

2.Инвестициялық белсендiлiктiң географиялық сәйкессiздiктерi.

3.Салалық инвестициялық белсендiлiктiң айтарлықтай тең еместiгi.

4.Негiзгi капиталға инвестициялардың төмен деңгейi.

Қазақстан экономикасына инвестициялар ағынының белгiлi бiр оң серпiнiне қарамастан, инвестициялар құрылымы айтарлықтай өзгерiп жатқан жоқ. Осылайша, салалық құрылымның iрiленген талдауының негiзiнде Қазақстанның 100 iрi инвестор-компанияларының сату көлемдерi бойынша мұнай-газ өнеркәсiбiне iрi инвестор-кәсiпорындар санының көбi тиесiлi екендiгiн көруге болады. Отын-энергетика және минералды-шикiзат салалары кешендерiндегi инвестициялық белсендiлiк, соңғы тұтыну өнiмдерiн шығаратын экономиканың нақты секторлары кәсiпорындарының көпшiлiгiнен айтарлықтай жоғары.

Шетелдiк инвестициялар жөнiндегi Консультациялық Қызметтiң тексеру деректерiне сәйкес инвесторларда жалпы алғанда ел туралы жағымсыз пiкiрлерi қалыптасқан, осы жайт шетелдiк инвестициялардың iс жүзiндегi ағынынан да анық байқалуда. Осы тексерулер бойынша мынадай терiс факторлар келтiрiледi, олар:

- инвестициялық жобаларды iрiктеудiң жетiлмеген жүйесi, бұл әлеуеттi инвесторларды одан әрi инвестиция салудан бас тартуға мәжбүрлейдi;

- шетелдiк инвесторларға деген қатынас қалаулы кәсiпкерлер ретiнде емес, қаражат көзi, салықтық түсiмдер немесе пара түсiмдерiнiң кезi ретiнде қарау;

- заңнаманың шатасқандығы, қарама-қайшылығы, бiрiздi қолданбайтындығы немесе заңнаманы толық менсiнбеушiлiк. Заңдар мен шарттық қатынастардың сақталуын қамтамасыз ететiн сенiмдi тетiктердiң болмауы;

- инвесторларға қажеттi ақпаратты ұсынып отыратын немесе кәсiпкерлiк қызметтi ұйымдастыруға жәрдем ететiн, ұйымдасқан инвестициялық қызметтiң жоқтығы;

- инфрақұрылымның шетелдiк фирмалардың қажеттiлiктерiне сай келмеуi;

- заңды тұлғалар үшiн тұрақсыз, үнемi өзгерiп отыратын салықтық режим.

Аса iрi батыс инвесторлардың арасында Салықтар және инвестициялар жөнiндегi халықаралық орталықтың (әрi қарай - СИХО) жүргiзген әлеуметтiк сауалнамасы, Қазақстанның олар үшiн iскерлiк қызығушылық тудыратын мынадай бес себебiн айқындап бердi: iрi нарықтық әлеует; табиғи ресурстардың молдығы; стратегиялық iскерлiк орналасуы; өңiрдегi басқа бәсекелестердiң ниетiн айқындау; инвестициялардан түсетiн әлеуеттi пайданың көлемi. Ал аса тартымды болғандар: мұнай мен газдың резервi; өндiрiс; қызмет аясы (бухгалтерлiк есептi және заңдық қызметтердi қоса алғанда); тұтынушылар кооперациясы.

Сонымен қатар, шетелдiк инвесторларының тежеп тұратын, ал кейде үркiтiп те жiберетiндер: iскерлiк мәселелердi шешудiң бюрократиялық әдiстерi, қаржылық тәуекел, шаруашылық қатынастар бойынша заңнаманың жиi ауысуы және әлсiз құқықтық инфрақұрылым, бөлу арналарының жоқтығы.

Халықаралық кәсiпкерлiктiң капиталын тарту мәселелерiн мемлекеттiк реттеудiң осалдығы, шетелдiк капитал мәселелерiмен айналысатын орталық ведомстволарды үнемi қайта ұйымдастыру, құқықтардың, құзыреттердiң, жауапкершiлiктердiң көптеген ведомстволарға шашылып кеткендiгi, олардың функцияларының шатасып кетуi де шетелдiк инвесторлардың пiкiрлерiне керi әсерiн тигiзедi.

Қорытындылай келе мыналарды атап өтуге болады, шетелдiк инвесторлар мен зерттеу ұйымдарының пiкiрлерiне сәйкес, қазiргi кездегi мемлекеттiң инвестицияларды тарту жөнiндегi жүргiзiп отырған жұмыстары жеткiлiктi емес және жүйелi болып табылмайды, елдiң және экономиканың мүдделерiн халықаралық капитал нарығында бiлдiру жөнiндегi мамандандырылған орган құру арқылы мемлекеттiң инвестицияларды тарту бойынша әрекеттерiн ұйымдастыруды жақсартуды және мемлекеттiң күшiн шоғырландыруды талап етедi.

Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның шеңберiнде өнеркәсiптiң 13 саласында (мұнай-газ-химия, тау-кен металлургия, машина жасау, агроөнеркәсiп, туристiк, фармацевтика, химия, ғарыштық, құрылыс индустриясы, жеңiл, атом, ақпарат, коммуникация және көлiк саласы) қосылған құны жоғары өндiрiстердi дамыту жоспарлануда. Индустрияландыру картасында көзделген жобалардан бөлек, әрбiр салалық бағдарламада қаржыландыруды талап ететiн жобалар да анықталған, олар бойынша бастамашылар мен қаржыландыру жоқ.

    

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Официальный сайт оценки бизнес-регулирования.Doing business http: //doingbusiness.org

2. Қазақ КСР-ының «Қазақ КСР-ындағы шетел инвестициялары туралы» 1990 жылғы 7 желтоқсандағы № 383-ХІІ Заңы.

3. Қазақстан Республикасының «Шетел инвестициялары туралы» 1994 жылы 27 желтоқсандағы қабылданған Заңы.

4. Қазақстан Республикасының «Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» 1997 жылғы 28 ақпандағы қабылданған Заңы.

5. Мороз С.П. Инвестициялық құқық: Оқулық. - Алматы: ҚазақМЗУ, 2007.