Магистр Айтманбетова Р.К., студент Наурызәлі С.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қазақстан

ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ АКТИВТЕР ЕСЕБІН ҰЙЫМДАСТЫРУ

 

Ұзақ мерзімді активтер кәсіпорындар мен ұйымдардың міндеттемелерін өтеу барысында  қабілеттілігі жоғары, яғни тез арада  өзінің құнын   басқа заттарға айырбастай алатын мүліктер болып табылады. Кәсіпорындар мен ұйымдар жұмыс жүргізу барысында ағымдағы активтерден басқа ұзақ уақыт бойы пайдаланатын өндірістік және әкімшілік қызметін орындауға  арналған  активтерді  қажет  етеді.  Ал мұндай  ұзақ мерзімді  активтердің   қатарына  негізгі  құралдар мен материалдық емес активтерді,ұзақ мерзімді дебиторлық борыштарды және ұзақ мерзімді инвестицияларды жатқызуға болады.

Нарықтық қатынастар кезінде кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметтерін үздіксіз қамтамасыз етудің маңызды бөлігі – ұзақ мерзімді активтер болып табылады. Өндіріс тиімділігін анықтауда ұзақ мерзімді активтердің түсуі мен шығуы, олардың бағасы, негізгі әсер етуші факторлардың бірі болып табылады. Сондықтан оның есебін дұрыс ұйымдастырмай қадағалау мүмкін емес.

Бухгалтерлік есепте  негізгі құралдар деп  өндірістік  үдерісінде ұзақ  уақыт бойы, яғни бір жылдан артық пайдаланатын, өзінің бастапқы  түрін көлемін сақтай отырып, құнын шығарылған өнімге, орындалған жұмысқа  көрсетілген қызметке  есептелген амортизациялық аударым  мөлшерін  шегінде  біртіндеп ауыстырып отыратын  еңбек құралдарын, яғни материалды активтерді айтады.

Ал  материалдық емес активтер деп  белгілі бір нақтылы табиғи пішіні жоқ ақша немесе зат түріндегі активтер қатарына жатпайтын  бірақ  қандайда  бір бағаға, құнға бағаланатын  болғандықтан кәсіпорынға өнім өндіруде,  тауарларды сату, қызмет көрсетуде, негізгі құралдарды жалға беруде немесе  әкімшілік қызмет барысында үнемі, яғни уақыт бойы қосымша  табыс әкеліп тұратын активтерді  айтамыз.

Актив деп кәсіпорынның ақшаға бағаланатын игіліктері мен құқықтарын, мүліктерін  айтады. Олар ұйымның өткен уақыттардағы қызметінің нәтижесі болып есептеледі. Кәсіпорындар мен ұйымдар өзінің меншігіндегі активтерін сол кәсіпорынды басқару, өнім өндіру, басқадай заңды және жеке тұлғаларға қызмет көрсету, яғни ұйымның алдағы уақыттарда табыс табуы үшін пайдаланады. Осы активтерді пайдалану арқылы алдағы уақыттарда алынатын кіріс – кәсіпорындар мен ұйымдардың ақшаларына тікелей немесе жанама түрде келіп қосылып оның көлемін (үлесін) арттырып отырады.

Ұйымдар активтерді өздері өндіріп шығару, сатып алу немесе басқалардан уақытша жалға алу арқылы иеленеді. Активтер өздерінің пайдалану мерзіміне қарай мынадай екі топқа белінеді:

-қысқа мерзімді активтер   (бір   жыл   уақыт   аралығында пайдаланатын);

- ұзақ мерзімді активтер  (бір жылдан артық уақыт пайдаланатын).

Ұзақ мерзімді активтердің қатарына «негізгі құралдар» мен «материалдық емес активтер», «ұзақ мерзімді дебиторлық борыштар» және «ұзақ мерзімді инвестицияларды» жатқызуға болады. Осы ұзақ мерзімді активтерге қысқаша тоқталып келетін болсақ: өндірістік салаларда еңбек құралы ретінде ұзақ мерзімге (бір жылдан жоғары) қасиетін, қалпын жоймай сақтап пайдаланылатын материалдық активтер.

Негізгі құралдарға – қозғалмайтын мүлік, жер учаскілері, үйлер мен ғимараттар, өткізгіш тетіктер, машиналар мен жабдықтар, өлшеуіш және реттеу аспаптары мен құралдар, есептеуіш машиналар мен техникалары және олардың програмалық құралдар, көлік тасымалдау құралдары, аспаптар, өндірістік және шаруашылық құрал-саймандар, тағыда басқалар жатқызылады. Негізгі құралдар ұйымының материалды-техникалық жарақтану базасын құрудың негізін қалыптастырып, қызметіндегі жетекші бағыттарды іске асыруда маңызды рөл атқарады.

Материалды емес активтер деп – табиғи болмысы жоқ өндіріске немесе тауарларды сатып-өткізу операцияларына, әкімшілік мақсаттарға ұзақ уақыт пайдалануға басқа ұйымға жалға беруге арналған, айқындауға болатын, ұйым бақылау жүргізе алатын, сондай-ақ  пайдаланудан ұйым келешекте экономикалық табыс күтетін ақшалай емес активтерді айтады.

Кәсіпорындағы материалдық емес активтердің қатарына лицензиялық келісімдер, бағдарламамен қамтамасыз ету, патенттер, ұйымдастыру шығындары, гудвилл, сауда маркалары, авторлық құқықты жатқызуға болады.

Материалды емес активтер кәсіпорынның балансында бастапқы құны бойынша кіріске алынады.

Нарықтық заманда ұйым тұрақты қызмет атқару үшін бәсекеге тұра алатын өнім шығаруы керек немесе қызмет көрсете білу керек. Бұл өте қиынға соғады, себебі қазіргі заманда ғылыми техникалық прогресстің даму деңгейі өте жоғары.

Техника мен технологияны жаңартып отыру  үлкен қаржыны талап етеді. Бұған ұйымдардың қаржылары жете бермейді. Сондықтан ұйымдар банктерден несие алады немесе инвестиция тартады. Ұйымдардың инвестицияны сырттан да тартуына құқық берілген. Сырттан инвестицияның келуіне Қазақстан Республикасында жағымды жағдайлар жасалған. Олар Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құжаттардың қабылдануы, инвестицияның келуінің жолындағы қажетсіз кедергілердің алынуы, бухгалтерлік есеп жүргізудің халықаралық стандарттарға көшуі, типтік шоттар жоспарын енгізуі және тағыда басқа.

Қазіргі жағдайда өндірілетін өнім мен көрсетілетін қызметтің негізгі, яғни оның тиімділігі мен ұқыптылығы - бұл кәсіпорындағы бухгалтерлік есептің дұрыс жолға қойылуынан бастау алатындығы сөзсіз. Міне, сондықтан да, бұл деңгейде қоғамға қажетті өнім өндіріліп, қызмет көрсетілуі үшін бухгалтерлік есепті дамытуымыз қажет. Өнімдерді өндіру барысында ресурстарды үнемдеп жұмсап, жоғарғы өнімді техникалар мен технологияларды қолдану мәселелері кең түрде шешімін тапса, онда кәспорындарда өнім өндіру және оны сатуға қатысты кететін шығындарды мейлінше азайтуға қол жетеді.

Қорытыа келе ұзақ мерзімді активтер есебін жетілдіру бойынша төмендегідей ұсыныстар жасауға болады:

1. Аз шығын жұмсай отырып, көбірек табыс табу жолдарын қарастыру;

2. Орындалған жұмыстар мен қызметтер сапасын арттыру;

3. Материалдық емес активтерді есептеу әдісін өзгерту;

4. Ұйымда тозығы жеткенімен есептен шығарылмаған негізгі құралдарды уақытылы есептен шығару және олардың орнына бүгінгі күнгі талаптарға сай өнімділігі жоғары негізгі құралдар сатыпалу;

5. Негізгі құралдар есебі топтар бойынша жүргізіледі, оларды жедел бақылау, жай-күйін шұғыл анықтап отыру үшін аналитикалық есебін жауапкершіліктері бойынша ұйымдастыру керек;

6. Негізгі құралдарды тез арада ауыстырып отыру үшін, яғни табиғи тозуы жетпей тұрып өнімділігі төмен ұзақ мерзімді активтерді өнімділігі жоғары жаңаларын алу барысында амортизациялық аударым есептеудің жылдамдатылған әдісін қолдану.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1. “Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік” деп аталатын 2007- жылдың 28-ақпанындағы №234-III Қазақстан Республикасының Заңы.

2.Б.Оразбекұлы. Бухгалтерлік есеп және аудит негіздері. Алматы: Экономика, 2011 жыл.

3.Ф.С.Сейдахметова. Қазіргі замандағы бухгалтерлік есеп. Алматы,«LEM» баспасы, 2008 жыл.

4. Ныйқанбаева А., Қуанышева Л. Бухгалтерлік есеп негіздері. Оқу құралы. – Астана: Фолиант, 2010 жыл.

5. Құдайбергенов Н.А. Бухгалтерлік есеп принциптері. Оқулық.- Алматы: Полиграфкомбинат, 2011 жыл.