Шауменова Д.А.
Ақтөбе облысы,
Шалқар ауданы
Қорғантұз
орта мектебі
Биология
пәнінің мұғалімі
Пәнаралық байланыс арқылы, халықтық педагогика
элементтерін пайдаланып танымдық қабілетті дамыту тәсілдері
Білім
беру саласында оқытудың озық технологияларын
меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес.
Жаңа технологияны меңгеру- мұғалімнің
кәсіптік, адамгершілік, рухани азаматтық және басқа да
көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді,
өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді
ұйымдастыруына көмектеседі.
Бүгінгі
күні мектептегі оқу пәндерінің мазмұны мен
мақсаты тәрбиелеу мен оқытудың жұмыс
түрлерін ұштастыра отырып, одан әрі жетілдіруді,
өмірмен байланыстыруды міндеттеп отыр.
Бұл
міндет сабақ барысында тиімді әдіс-тәсілдерді кеңінен
қолдануды талап етеді. Сабақта халықтық педагогика
элементтерін пайдалану, пәнаралық байланыс жасау
ұлтымыздың атадан балаға жалғасқан
салт-дәстүрі мен рухани мұралардың жаңғырып
дамуына мүмкіндік береді.
Егеменді
еліміздің болашағы-бүгінгі мектеп партасында білім алып
отырған оқушылар. Оларды қазіргі заман талабына сай
жан-жақты және өз бетімен білім алуға тәрбиелеу
қажет.
Ғасырлап
қоныс қуалап, өріс жаңғыртқан
қазақ халқы басы ауырып балтыры сыздаған кездерде
шипаны қоршаған ортадан тауып, өсімдік пен жануарлардың
өнімін игілігіне жаратқан.
Барлық
пәндер сияқты биология пәнін оқытудағы ең
бір маңызды жұмыстардың бірі пәнаралық байланыс
орната отырып білім беру. Бұл оқушылардың практикалық
білім алуымен қатар, болашақ өмірге, еңбекке батыл
араласуын қамтамасыз етеді. Сол себепті мектептегі әрбір
мұғалім өз пәнін оқытуда пәнаралық
байланысты шебер орнатып бір пәннен алған білімдерін екінші
пәнмен ұштастыра білсе ұрпақ білім нәтижелі
болмақ. Мен өз
баяндамамның құрылысын төмендегідей екі бөлікпен
таныстырып өткім келеді.
1.
Пәнаралық байланыс туралы теориялық қағидалар
2.
Өз практикамдағы пәнаралық байланыс жасау
тәжірибем.
Оқушыларға
пәнаралық байланыс жасау арқылы білім берудің
тиімділігі педагогика саласында зерттеліп, нәтижесі бар әдіс
екендігі дәлелденген.
Сондықтан
да мұндай әдістің мынадай 4 негізгі қызметін атап
өткім келеді.
1.
Методологиялық қызмет
Бұл
қызмет оқушыларға дүниенің
біртұтастығын, оны танып-білуді
үйрететін ғылымдардың, пәндердің өзара
байланысты екенін ұғындырады. Яғни оқушылардың
әр пәнге бөлек-бөлек көзқарас
қалыптастыруын болдырмайды. Дүниеге диалектикалық
көзқараспен қарауға үйретеді.
2.
Оқушылардың білімдік ой-санасын қалыптастыру.
Бұл
қызметте оқушы бір пәннен алған білімін 2,3 пән
арқылы толықтыра отырып, ой-санасын жетілдіреді.
3.
Тәрбиелік қызмет
Өзара
байланыс жасаудың бұл түрінде оқушы белгілі бір
дәрежеде өмірлік маңызы бар тәрбиелік шаралардың
куәсі болады. Сол арқылы өз бойына рух пен әлемдік
мәдениетті дарыта алады.
4.
Конструктивті қызмет
Пәнаралық
байланыстың бұл түрі мұғалімдерге қызмет
етеді. Мұғалім байланыс жасай отырып, өз білімін
толықтырады, дүниетанымын кеңейтеді.
Аталған
қызмет түрлері әрбір мұғалімге оны іс
жүзіне асыруды талап етеді. Бұл тұрғыда
алдыңғы қатарлы озат тәжірибелі педагогтардың
төмендегідей тәжірибесін атап өтейін.
1.
Пәннің әрбір курсының немесе
тақырыптарының басқа пәндермен арасындағы
байланыстарды талдау, қосымша әдебиеттерді пайдалану.
2.
Сабақ жоспарын құрғанда
пәнаралық байланысқа арнайы бөлім беру, яғни
ерекше көңіл бөліп отыру.
Баяндалған
теориялық тұжырымдарға сүйене отырып, өзім
жүргізетін биология пәндерін пәнаралық байланыс жасау
арқылы оқушыларға түсіндіруге көңіл
бөліп отырамын. Ол үшін тақырыптарға талдау жасай
отырып, қандай пәндермен байланыс жасауға болатынын
жүйелеп аламын. Мұндай
жүйелілік өзімнің сабаққа дайындық кезінде
жедел ақпар алуыма көмегін тигізіп отырады.
Сабақ
барысында байланыстыра өткізілген, түсіндірілген
сабақтың нәтижелі болатынын, оқушылардың
жаңа сабақты қабылдауы байлыныссыз түсіндірілетін
сабақтардан өзгеше болатындығын байқауға болады.
Сөзім дәлелді болу үшін бірнеше сабаққа тоқталып өтейін.
І. Математикамен байланыс.
8
класта «Қанайналым жүйесін» өткен кезде тақырып
түсіндіргеннен кейін мынадай математикалық есептеулерді
қолдану арқылы адам денесіне 1 тәулікте қанша қан
айдалатынын және жүректің қанша рет соғатынын
есептеп шығаруға болады.
Мысалы:
1. Есеп. Қалыпты жағдайда
жүрек 1 минут ішінде орта есеппен 6 л қанды тамырларға
айдаса, 1 сағатта және 1 тәулікте қанша мөлшерде
қан айдайды?
Жауап:
60
х 6 = 360 рет, яғни 1 сағатта 360 рет.
360
рет х 24 сағ. = 8640 литр, яғни 1 тәулікте 8640 литр
қан айдайды.
1.
Қалыпты жағдайда жүрек орта есеппен 1
минутта 70 рет соғатын болса,
1 тәулікте қанша рет
соғады?
Жауап: 60 ∙ 70 = 4200 рет. 4200 ∙ 24 = 100800 рет
7
класта «Көпжасушалы балдырлар» тақырыбын өткенде ламинария
балдырының құрамында адамға қажетті йодтың
мөлшері қандай екенін мынадай есептеу арқылы
түсіндіремін.
Есеп.
Көпжасушалы ламинария балдырында көмірсулар өте көп
және 0,3 %-ға дейін йод болады. 5 тонна ламинариядан қанша
йод алуға болады?
Жауап:
5000 х 0,3 : 100 = 15 т
6
класта «Бидай - аса маңызды
дәнді дақыл» тақырыбында мынадай есептеулер жүргізуге
болады.
Күн
сайын әр адам тамақтану кезінде 1 грамм нанды тұтынады ,
150 000 халқы бар қалада 1 жылда қанша нан тұтынылады?
Есеп:
365 х 150 = 54 750гр = 54,75 кг
ІІ. Экологиямен байланыс
Химиялық
заттардың атмосфераға , табиғи су көздеріне
әсері, ауыл шаруашылығында қолданылатын минералды
тыңайтқыштардың және химия өнеркәсіп
орындарының мұржаларынан шығатын әртүрлі улы
газдардың жер бетіне қайта атмосфералық жауын-шашындармен
жаууы. Қоршаған ортаның ластануына әсер ететін
және адам денсаулығына зиян келтіретінін қарастыру.
ІІІ. Химиямен байланыс
Адам
ағзасында кездесетін химиялық элементтердің
денсаулыққа әсері, олардың жетіспеуінен туындайтын
аурулар, олардың алдын-алу шаралары, адам денсаулығы үшін
маңызды химиялық заттардың мөлшерінің
ағзада өз нормасында болуы. Дұрыс тамақтанудың
денсаулық сақтауда алатын орны.
IV. Салауттанумен байланыс
Салауатты
өмір салтын қалыптастыруда маскүнемдік, шылым шегу және
есірткілік заттарды қолдану сияқты зиянды әдеттерден
сақ болуға тәрбиелеу. Алкоголь, никотин, наркотик
биологиялық тұрғыдан тіршілікке зиянды заттар екеніне биология
ғылымы тұрғысынан көздерін жеткізетін ғылыми
ұғым беру.
V.
географиямен байланыс
Құстарды
топқа бөлу тақырыбын өткен кезде материктер
географиясынан алған білімдерімен ұштастыра отырып өткіземін.
VI. Медицинамен байланыс
Әртүрлі
мүшелерді өткен кезде міндетті түрде ауру түрлерімен
таныстырып және одан
сақтану жолдарын айтып өтуге болады.
Міне
осындай өзара байланыс жасау арқылы түсіндірілген сабақ
оқушы үшін әрі жеңіл, әрі түсінікті,
әрі қызықты болады. Оған қоса сол
байланысқа түскен пән туралы оқушы өткен
материалдарды еске түсіреді. Сол сияқты оқушы
түйсігінде дүниенің біртұтастығы, оны танып
білуге үйрететін пәндердің өзара байланысты екендігіне
көз жеткізеді. Ендеше пәнаралық байланыс жасау арқылы
оқыту жас ұрпаққа сапалы білі берудің негізі деп
айта аламын.
VI. Қазақ әдебиетімен байланыс
«Қазақстандағы
дәрілік өсімдіктер» тақырыбын өткенде жергілікті жерде
өсетін дәрілік өсімдік түлерінің өте
көп екендігін тілге тиек ете отырып адыраспанның қасиеті туралы айтып өтемін.
7
сынып биология пәні бойынша «Өсімдіктердің
табиғаттағы және адам өміріндегі маңызы»
тақырыбын өткенде киіз үйдің және оның
жиһаздары жайлы мысалдар келтіріп отырамын. Мысалы: киіз
үйдің сүйегі, уық , шаңырақ,
маңдайша, таяныш, табалдырық, сықырлауық түгелдей
ағаштан жасалады. Ағаштарды бір жыл бойы дайындайды, оларды кесіп
алып қабығын сылып көлеңкеге кептіреді. Ата-бабамыздың
түрлі ағаштардың қаңсымайтын, жарылмайтын,
иілгіш, су сіңбейтін, жеңіл, желім ұстағыш, бояу
сіңгіш қасиеттерін білгендері жайлы оқушыларға айтып
түсіндіріп өтемін де қай ағаш түрі қандай
мақсатта пайдаланылатыны жайлы баяндаймын.
Тал,
қарағай – уық, кереге;
Қайың
– шаңырақ, табалдырық, маңдайша;
Еменнен
– найзаның сабын, садақтың жебесін;
Аршадан
– қасық, ожау;
Тобылғыдан-
балға, балта, қамшы саптарын жасағаны баяндалады.
Музыкалық
аспаптар – домбыра, қобыз, жетіген, сырнай, сыбызғы, дабылдың
құрсауы да ағаштан жасалады. Өсімдіктер жайлы
халық арасында жүрген мақал-мәтелдерді де орынды
пайдаланудың тәрбиелік мәні зор. Мақал-мәтел
халық шығармашылығының төл жемісі, ол халық
даналығы. Мысалы «Ағаштың жемісін жеймін десең,
түбіне балта шаппа!, «Жеміс – пісіп – жетілгенше өседі!,
«Өркенің өссін!»
7
сыныпта «Сүтқоректілер класын» өткенде төрт түлік
мал өнімдеріне ерекше назар аударып ет, сүт, май, киім-кешек,
ағаш, үй жабдықтары, төсеніштерді көрсетіп
жеке-жеке түсіндіремін.
Жыртқыш
құстар тақырыбын өткенде аңшылық,
саятшылық, жыртқыш құстарды ұстау, баптау, баулу,
бүркітті аңға салу, қазақ халқының
құсбегілік , аңшылық туралы өсиет сөздері
туралы оқушыларға айтып беремін.
Саятшылық
өнері қазақ халқының тарихында , мәдени
дамуында маңызы зор болып отыр. Қыран жайында халық арасында
көп тараған маңызы өте терең
мақал-мәтелдерден мысал келтіре кетуге толады.
1.
«Тұғырына саңғырған
оңбас»- жыртқыш құстардың барлығы дерлік
өте таза болады., өн бойын, ұясын таза ұстайды.
Ұядағы жас балапандарының өзі де ұясынан
бұрылып барып тысқа, алысқа түсетіндей етіп
саңғырады.
2.
«Құс балапаны үшін
тұзаққа түседі»- бұл мақал адамды
мейірімділікке тәриелейді. Қазіргі кездегі тастанды
балалардың көбейіп кетуі, олардың аналары туралы айтуға
болады.
3.
«Топтанып ұшқан торғайға
тұрымтай да бата алмас» - торғай кіші құс болса да
топтанып біріксе,жыртқыш құста ала алмайды, яғни
ауызбіршілікке, татулықты қандай жау болса да ала алмайды.
4.
Ерте оянған құс-тойып алып,
тұмсығын сүртеді, ал кеш оянған
құс-көзінің былшығын сүртеді – еріншек болмай
еңбектенуге, сол кезде қарның да тоқ болады
жұмысың ілгері басады, еріншек жалқау болсаң
бәрінен құр қаласың . Осы ертеден келе
жатқан мақал құсқа арналғанымен оның
мазмұны тереңде жатыр, тәрбиелік мәні де шексіз.
Саятшылық
пен құс салудың айырмашылығы неде?
Бүркітті
ұстау және баптау жайлы әңгімелеп берсеңіз?
Ит жүгіртіп, құс салып, із
кесу арқылы аң аулау – саятшылық, ал қолға
үйретілген қыран құстармен аң-құс
аулау өнері – құс салу деп аталады.
Бүркітті
ұстаудың 6 түрі бар. Олар аумен ұстау, тор жаю,
қарға орану, тояттаған құсты
тұтқиылдан басып қалу, шенгелдестіру, ұядан алу.
1.
Аумен ұстау үшін кәдімгі жіптен
тоқылған ауды елсіз жерге құрады. Ол үшін
бес-алты талды жерге әлсіздеу қадап, тормен қоршайды да,
ортасына мықтап қазық қағады.
Қазыққа тірі түлкі немесе қоян, тіпті тауық
байлауға да болады. Жемтігін қолға түсірген
бүркіт, олжасын алған соң төбесі ашық тордан еш
уақыт та тік көтеріліп ұшпайды. Сондықтан да
торға оралады.
2.
Тор жаю әдісі көбіне қыс айларында
қар түскен соң қолданылады. Ол үшін қар
түстес ақ шанқан торды қар үстіне бір метрге
жуық биіктікке кере құрады да, астына тірі түлкі немесе
қоян байлайды. Сонда қыран аяғын торға шалып алады. Солқылдақ
тор бүркіттің аяқ тіреп, серпіле ұшуына кедергі
жасайды.
3.
Қарға орану әдісі қар
қатқан соң ғана қолданылады. Ол үшін екі
адам бүркіттің аңға түскен сәтін
аңдып жүріп, ұшырып жібереді де, біреуі қарға
көміліп, жемді төбесіне қойып жатады. Суық сорып,
әбден ашыққан бүркітті осылайша ұстауға
болады.
4.
Тояттанып ұстау үшін түз
тағысының аңға түскен немесе жемтікке
қонған сәтін аңду керек. Сол сәтте
ұшқыр атқа мініп әбден тойған бүркітке
ең ұрымтал деген иек артпадан тұтқиылда қосылып
береді. Күн желдеу болса, жел жағынан шықса, тойған
құс ыққа қарай жүгіргенде бетегесімен жел
соғып, көтеріліп кете алмайды. Сол сәтте ұшқыр
атпен төніп келіп құс үстіне шапан сияқты киімді
жаба салу керек.
5.
Шеңгелдестіру үшін қолға
үйренген бүркітті түз қыранына салады.ол үшін
қол құсының балақ бауына түлкінің жон
терісін қызарта байлап қоя береді. Әрине, түз
құсының бойын көріп барып жіберу керек. Сонда үй
құсы өз тектесімен қатарлап ұшуды аңсап
көтерілсе, ал түз құсы оның аяғындағы
жемге жетуге асығады. Мұндай жағдайда қос бүркіт
сөз жоқ шеңгелдесіп жерге түседі.
6.
Бүркітті ұядан алу үшін
аңшының көп еңбегі әдісқойлығы
қажет. Ол үшін мекен жайын, қонатын мезгілін әбден
бақылап алып, тор, тұзақ арқылы қолға
түсіру.
10
сыныпта «Генетика және сұрыптау» тарауын өткенде
оқушыларға ұлттық деңгейде көп
нәрселерді ашық айтып, түрлі ой салуға болады.
Қазақ халқы жеті атаға дейін қыз беріп, қыз
алмағаны бекерден-бекер емес. Туыстық жақын некеден
дүниеге келген ұрпақ кемтар болған.«Генеология» -шежіре
деген мағынаны білдіреді. Оқушылардың мектеп
қабырғасынан бастап өз шежірелерін білу, туыстар арасында
жақындықты, бауырлар арасындағы сүйіспеншілікті,
ата-баба, апа-әжелерді есте ұстау ұрпақтар
сабақтастығындағы берілетін жағымсыз гендердің
көріну ықтималдығын азайтып, туыстық некелердің
болмауын қамтамасыз етеді.Тұқым тазалығының жауы-
жеті атаға толмай қыз алысу, жаман жолға түсу, тазалықты
сақтамау.Қорыта келе айтатыным қазақ
халқының өнегелі әдет-ғұрыптарын,
салт-дәстүрлерін биология сабағында көптеп пайдалану
болашақ қоғам иелерін білімді, көрегенді,
өнегелі, еңбекқор етіп тәрбиелеуде қосар
үлесі зор.