ЕДІГЕНОВА А.Ж.

 

Педагогикалық іс-әрекет шығармашылық

процесс ретінде

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті

 

         Педагогикалық іс-әрекет  - бұл жоғарғы оқу орны оқытушысының студентті тәрбиелеуші және оған білім беруші әрекеттерінің жүйесі. Оқытушының әрбір әрекеті студенттің өзін-өзі дамытуы мен өзін-өзі жетілдіруіне негіз бола отырып, оның интеллектісін, жеке басын және іс-әрекетін дамытуға бағытталады.

         Педагогикалық іс-әрекеттің адам іс-әрекетінің басқа түрлері тәрізді өзіне тән ерекшеліктері бар. Ол ең әуелі, әрине оның мақсатқа бағыттылығы болмақ.  Бүгінгі студент – болашақ маман:

     - жаңа заман мұғалімі ретінде өз мүмкіндіктерін бағалай білуі, өзі таңдаған мамандығына сәйкес өзінің әлсіз және күшті жақтарын білуі керек;

     - интеллектуалдық іс-әрекет (қабылдау, ойлау, ес, қиял, зейін), мінез-құлық, қарым-қатынас, соның ішінде, педагогикалық мәдениетті меңгеруі керек;

     - қазіргі білім беру үрдісіндегі өзгерістерді, әлемдік білім берудің даму тенденцияларын бағдарлай білуі керек.

Екінші бір ерекшілігі, оның мотивтілігі, яғни педагогтың студентке, өз жұмысына деген қатынасын көрсетеді. Үшінші ерекшілігі, оның нәтижелілігі, нақты мақсаттың орындалуы, яғни студенттің жеке басының, интелектісінің, дамуының көрсеткіші; оқу іс-әрекетінің субъектісі ретінде оның жеке тұлғасының қалыптасуын көрсетеді.

     Жалпы жоғары оқу орны оқытушысының педагогикалық іс-әрекеті – студенттерді оқыту мен тәрбиелеу мақсатының бірлігінен, оған жету жолдарынан және оны жүзеге асырудағы практикалық  әрекеттерінен айқын көрінеді. Бұл жоғары оқу орны оқытушысының педагогикалық іс-әрекет мазмұнына сәйкес бірқатар қызметтерді атқаратынын меңзейді, мәселен, дамытушы, тәрбиелеуші, білім беруші, конструктивті, ұйымдастырушы, коммуникативті және гностикалық (зерттеушілік). Осылардың кейбіріне тоқталсақ, оның ұйымдастырушылық қызметі – студенттердің әр түрлі іс-әрекеттерін, студенттерге қажетті ақпараттарды жеткізу және студенттермен тікелей өзара әрекет үрдісіндегі өзінің әрекеті мен қылықтарын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады; коммуникативті қызметі – студенттермен, басқа оқытушылармен және жоғары оқу орны әкімшілігімен дұрыс қарым-қатынас орната білуін көрсетсе; конструктивті кызметі – студенттер меңгеретін оқу материалын таңдау және ұйымдастыруды, оны меңгеру үрдісіндегі студенттердің іс-әрекеттерін және біріккен іс-әрекеттерді жобалауды қамтамасыз  етеді; гностикалық қызметі – студенттердің жастық  және жеке ерекшеліктерін, өз іс-әрекетінің нәтижесімен сол үрдістің өту ерекшелігін, оның жетістігі мен кемшілігін зерттеуді қарастырады.

         Педагогикалық іс-әрекет практика көрсетіп отырғандай, бірқатар іс-әрекеттер жүйесінен тұрады. Бұл іс-әрекеттер, арнайы ұйымдастырылған, мақсатқа бағытталған.Оның ең бастысы – оқытушының іс-әрекеті, яғни, тікелей оқытушы, үйретуші. Тағы бір жағынан қызмет көрсетуші, енді бірі оқу құралдарына, оқу пәндеріне бағытталған және т.б.

Іс-әрекеттің қайсы болса да әдістемелік. Әдетте, оқыту адамға нақты білім, іскерлік және дағдыны беруді білдіреді. Дегенмен, білімді жай беріп немесе «алуға» болмайды, ол тек екі жақтың (оқытушы-студент, мұғалім – оқушы) белсенді іс-әрекетінің нәтижесінде ғана болатыны түсінікті. Демек, оқытуды үйретуші мен үйренушінің арасындағы белсенді өзара әрекеттесу процесі деп түсінуге болады. Соның нәтижесінде, үйренушінің өзінің белсенділігінің нәтижесінде нақты білім мен іскерліктері қалыптасады. Ал педагог үйренуші, білім алушы белсенді болу үшін жағдай жасайды, оны бақылайды, қажетті ақпараттармен қамтамасыз өтеді.

Әлбетте, жоғары оқу орны оқытушысының педагогикалық іс-әрекеті аса күрделі. Ол мамандарды даярлауға бағытталған және педагогқа аса жоғары талаптар қояды. Бұл қызметті атқару үшін, педагогқа білікті, белсенді және шығармашыл  болуы керек екендігі түсінікті. Басқаша сөзбен айтқанда,  оқытушының жұмысы – бұл студенттердің оқыту және тәрбиелеу мәселесімен байланысты сұрақтарды шешетін күрделі процесс. Күнділікті әр оқытушы біршама уақытын жеке студентпен және студенттер ұжымымен өткізеді. Демек, оқытушыға студентті әлеуметтік (студенттің әлеуметтік студенттік топқа еніп, жоғары оқу орнында білім алушы ретінде өз міндетін орындауы) психологиялық (студенттің психикалық процестерінің:  түйсінуі, қабылдауы, есі, қиялы, ойлауы, зейіні; психикалық күйінің және психикалық қасиеттерінің: темпераменті, мінезі, қабілеті, талғамы, әрекеті, қызығушылығы, бірлігі) және биологиялық ерекшеліктері жағынан жан-жақты зерттеп білген де артық болмайды. Оның педагогикалық іс-әрекетті ұйымдастырудың тиімділігін арттырары сөзсіз. Сонымен қатар, бүгінгі студенттің жеке тұлғасының – үнемі даму және өзгеруі жағдайында болатынын да ұмытпаған жөн. Демек, жоғары оқу орны оқытушысының педагогикалық іс-әрекетінің нәтижелі болуы әр оқытушының өз ісіне жауапкершілігінен, яғни өз іс-әрекеті мен студенттер іс-әрекетінің меқсат, міндеттерін түсінуінен, мақсатқа жетуге ұмтылдыратын  мотивтерінің болуынан басталмақ. Практика көрсетіп отырғандай, оқытушының педагогикалық іс-әрекеті тек мазмұны жағынан ғана емес құрылымы жағынан да ерекшеленді, яғни құрылымдық компоненттері: мақсаты, мотиві, құралдары, жеке тұлғаның танымдық процестері, білімі, дағдысы, іскерліктері, жеке бас қасиеттері.

 Оқытушының педагогикалық іс-әрекетін анықтайтын факторлардың көптігіне қарамастан, оның негізгілерін бөлуге болады. Адам белсенділігі әр түрлі болып келеді, ол оның іс-әрекетінен байқалады. Іс-әрекетті адамның өзін, қоршаған ортасын тануға, шығармашылық өзгертуге бағытталған адам белсенділігінің ерекше түрі ретінде қарастырып көрелік. Адам іс-әрекетте, яғни, біз күнделікті іс-әрекетімізде рухани және материалдық заттарды қалыптастырамыз, қоғамды құрамыз, бір нәрселерді ойлап табамыз, айналамызды белсенді өзгертеміз.

Демек, адам іс-әрекетінің шығармашылық сипаты, оның табиғи мүмкіндігінен көрінеді. Қазіргі қоғам адам іс-әрекетінің нәтижесі. Басқаша айтқанда, адам іс-әрекетінің өнімділік сипаты бар.

Педагогикалық іс-әрекет бірқатар зерттеушілердің еңбегінен орын алды (Н.В.Кузьмин, А.И.Щербаков, В.Н.Богословский, В.А.Сластенин және т.б.).

Н.В.Кузьмин педагогикалық іс-әрекеттің өзіне тән сипаты, оның нәтижесі деп көрсетті. Психологиялық – педагогикалық әдебиеттерде педагогикалық іс-әрекеттің бес деңгейі айқындалған:  бірінші деңгей, педагог өзінің білетіндерін басқаларға айта алады; яғни нәтижесі жоқ; екінші деңгей, педагог өзінің ақпаратын аудиторияның ерекшелігіне қарай бейімдей алады; нәтижесі аз; үшінші деңгей, педагог жеке бөлімдер бойынша білім алушыларға білім, дағды және іскерліктерді меңгертуді біледі; нәтижесі орташа; төртінші деңгей, педагог барлық сала бойынша білім алушыларға білім, іскерлік және дағды жүйесін қалыптастыруды меңгерген; нәтижелі; бесінші деңгей, педагог білім алушылардың жеке басын қалыптастыруды жетік меңгерген, жоғары нәтижелі.

Педагогикалық  іс-әрекет әрекеттер (іскерліктер) жиынтығын сипаттайды. Педагогикалық іс-әрекетте оқу іс-әрекеті ұйымдастырылады, әлбетте оның құралы ғылыми (теориялық және эмпирикалық) білім болады. Біз бұл  туралы жоғарыда айтып өткенбіз.Сонымен қатар, педагогикалық іс-әрекетте әлеуметтік-мәдени тәжірибені жеткізу құралдары туралы да айту керек, яғни, түсіндіру, көрсету (иллюстрация), оқу міндеттерін меңгерудегі біріккен жұмыстар, тренингтер. Педагогикалық іс-әрекеттің соңғы нәтижесі білім алушының жеке тәжірибесі болатыны түсінікті; ол оқу әрекеттерін орындауда бағаланады.

Педагогикалық іс-әрекет нақты педагогикалық жағдаяттарда жүзеге асырылады. Демек, ол көптеген әрекеттердің жиынтығынан тұрады (перцептивті, коммуникативті, зерттеуші, бақылаушы, бағалаушы және т.б.). Бұл әрекеттер нақты мақсатқа және қандай да бір педагогикалық міндеттерді игеруге бағытталады. Демек, педагогқа жоғары талаптар қойылады, оның біліктілігі, шеберлігі, міндетті шеше білу іскерлігі қажет.

         Білім алушының жеке тұлғасын, оқу іс-әрекетін, ұжымдағы мәртебесін зерттеу педагогтың педагогикалық іс-әрекетінің кәсіби аспектілерінің бірі, нақтырақ айтсақ, іс-әрекетті сәтті ұйымдастыру. Іс-әрекеттің сәтті болуы, педагогтың өздігінен білім алуына, үнемі педагогикалық шеберлігін жетілдіріп отыруына байланысты болатыны сөзсіз. Демек, зерттеушілік функциясы талдау жасау, жүйелеу, жалпылау, талыптастыру, бағалау іскерліктерін үнемі дамытуды қажет етеді.

     Педагогикалық іс-әрекетті шығармашылық процесс ретінде қарастырған соң педагогикалық іскерліктің алар орнына да тоқталу керек тәрізді. Өйткені, педагогикалық іскерліктер дегеніміздің өзі оқытушының өз пәні бойынша кәсіби білімділігін және жеке-психологиялық ерекшеліктерін анықтайтын, сондай-ақ жоғарыда баяндалған педагогикалық іс-әрекеттің қызметтерімен сәйкес келетін әр түрлі әрекеттерінің жиынтығын көрсетеді. Оқытушының педагогикалық іскерлігі, оның әрбір педагогикалық жағдаяттардан жаңа шешім таба білуінен, проблеманы көре білуінен,  мақсатқа жету жолдарын анықтай білуінен, педагогикалық міндеттерді анықтауда студентті  педагогикалық үрдістің белсенді дамып келе жатқан мүшесі ретінде қабылдай білуінен  педагогикалық  жағдаяттың өзгеруіне қарай мақсат және міндеттерді өзгертіп қайта құруынан, өз жұмысының нәтижесін көре білуінен және т.б. айқын көрінеді.

Педагогикалық іскерлік педагогтың әр түрлі әрекеттерінің жиынтығын көрсетеді. Сондай-ақ педагогтың жеке-психологиялық ерекшеліктерін айқындап, оның кәсіби біліктілігін дәлелдейді. А.И.Щербаков, А.В. Мудрин  еңбектерінде педагогтың іскерлігі жайлы баяндалған. Олардың еңбектерінде үш негізгі іскерлікке ерекше мән берілді:  педагогтың өзіне белгілі, оқыту мен тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін жаңа педагогикалық жағдаят жағдайына ауыстыра білу іскерлігі; әрбір педагогикалық жағдаят үшін жаңа шешім таба білу іскерлігі; нақты педагогикалық жағдаяттарды шешу үшін жаңа тәсілдер, жаңа элементтерді қалыптастыра білу іскерлігі.

Бұлардан басқа А.К.Маркова педагогикалық іскерліктерді тоғыз топқа бөліп, оларға сипаттама берген. Осы топтардың әрқайсы педагогикалық іс-әрекетті тиімді ұйымдастыруға, мақсатқа сай түрлендіруге бағытталған. Педагогикалық іс-әрекет барысында іскерлік шеберлікке, шығармашылыққа айналады. Шеберлік әр түрлі әрекет түрлерін жоғары шығармашылықпен орындауды көрсетеді.

         Қорыта келе, педагогикалық іс-әрекетті шығармашылық процесс ретінде қарауға болады. Себебі, шығармашылықтың арқасында адам өз іс-әрекетін тиімді жоспарлайды және оны басқарады. Барлық материалдық және рухани мәдениеттің адам шығармашылығының  нәтижесі екендігі даусыз, сондай-ақ  ол  ерік күшін қажет етеді.

Әдебиеттер:

1.     Зимняя  И.А. -  Педагогическая психология. – Москва, 2002.

2.     Дьяченко М., Кандыбович Л.А. – Психология высшей школы. – Минск,1981.

3.     Бенедиктов Б.А. – Психология обучения и воспитания в высшей школе. – Минск,1983.

4.     Якунин В.А. – Педагогическая психология. – Санкт-Петербург,1998.