магистр Иманбаева Ж.К.
магистрант Досанова Г.Т.
«Тұран-Астана» университеті,
Қазақстан
КРЕДИТТІК ОҚЫТУ ЖАҒДАЙЫНДА
СТУДЕНТТЕРДІҢ ӨЗІНДІК ЖҰМЫСТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ
ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Қазіргі заманымызда қоғамға
өз бетімен жұмыс атқаратын, еркін де кеңінен ойлайтын,
өздігінен алдына мақсат қойып және оған
жетудің әдіс-тәсілін шығармашылықпен
анықтап, сондай-ақ қолдана алатын кәсіби-маман
тұлғасы қажет. Мұндай тұлғаның
дамуына бағытталған білім берудің негізі болып
тұлғаның өздігінен білім алу, өзін-өзі
тәрбиелеу, өзін жетілдіру процесі жатады. Сол себепті
университеттегі оқу жоспарлары студенттің өзіндік
жұмысының негізгі екі түрін қарастырады. Олар оқытушы басшылығымен аудиторияда өтетін және
аудиториядан тыс өтетін студенттердің өзіндік жұмысы.
Аталған жұмыстардың арасындағы тығыз байланыс
оның саралануын көрсетеді және оның орындалу тиімділігі
ұйымдастырылуына, мазмұнына, оқу процесінің логикасына
тәуелді.
Студенттердің өздік жұмысының басқа
жұмыстардан ерекшелігі – студент өз алдына мақсат
қояды, оған жету үшін жұмыс түрін, тапсырманы
таңдайды.
«Өзіндік жұмыс» бәрінен бұрын басқа оқу
жұмыс түрлерінің міндеттерін аяқтайды. Адамның
ешбір білімі, егер де ол өзінің қызметінің объектісіне
айналмаса, қажетті нәтиже бере алмайды», - дейді Петровский. [1, 129]. Өзіндік
жұмыс жасай білудің негізі, алғашқы дағдысы
мектепте қалануы тиіс. мектептен жаңа оқу орнына келген
студент, өз бетімен жұмыс жасау қабілеттілігі
төменділігінен, жұмыс жасау тәсілдерін білмегендігінен
көп қиналады. Оқытушы қатысынсыз жүргізілетін
өзіндік жұмыс түрлеріне жататындар:
- рефераттар жазу, зертханалық жұмыс пен
семинарларға әзірлік, оларды көркемдеп жазу;
- оқытушы ұсынған
әдебиеттер мен ақпараттық білім беру ресурстарын (электронды
оқулықтар, электронды кітапханалар, слайд дәрістер т.б.)
қолдану негізінде дәріс конспектісінің мазмұнын
меңгеру;
- ғылым салаларына сәйкес журналдардан
мақалалардың аннотацияланған тізімін құрау;
- мақала немесе оқу құралына
сын пікір әзірлеу, кіші зерттеу жұмысын орындау, сарамандық нұсқаулар
әзірлеу;
- жеке есептер түріндегі үй тасырмаларын
орындау, типтік есептеу жұмыстарын, компьютермен есептеу
жұмыстарын, пәннің белгілі тараулары бойынша жеке
жұмыстарды орындау;
- ағымдағы компьютерлі өзіндік
бақылау мен электронды үйретуші және аттетациялаушы тестер
көмегімен үлгірімді бақылау.
Студенттердің өзіндік жұмысын
ұйымдастырудың өзіне тән ерекшеліктері бар. Пән
бойынша студенттердің өзіндік жұмысын жоспарлау
пәннің бекітілген жұмыс жоспары негізінде орындалады.
Пән бойынша СӨЖ-ді жоспарлау нәтижесі белгіленген
формадағы нормативті құжат түрінде пәннің
жұмыс бағдарламасының қосымшасы ретінде беріледі.
Оқытушы басшылығымен орындалатын студенттердің өзіндік
жұмысы сабақ кестесінде белгіленеді. Студенттердің
оқытушы басшылығымен орындайтын өзіндік жұмысын тек
ұйымдастыру ғана емеес оны меңгеру де маңызды болып
табылады. Студенттердің өзіндік жұмысын меңгеруді
ұйымдастыру басшылық жасау жолымен меңгеру және
әдістемелік жолмен меңгеру болып жіктеледі. Басшылық жасау
жолымен меңгеру деканат және кафедра деңгейінде өтеді.
Деканат деңгейінде іске асуы жалпы басшылық пен бақылау
жасауға келіп тіреледі. Оқытуды ұйымдастыру, оны
әдістемелік және материалдық-техникалық
қамту, студенттердің өзіндік жұмысына стимул жасау,
жоспарлау және тікелей бақылау сияқты жұмыстар кафедра
деңгейінде басшылық жасауды көрсетеді.
Ал әдістемелік меңгеру:
- факультеттің оқу-әдістемелік кеңесі,
кафедраның әдістемелік комиссиясы деңгейінде
студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастырудың
әдістемелік негізін құру және жұмыс қалпын бақылауды;
- белгілі бір пәннің
берілу деңгейінде студенттердің өзіндік жұмысының
жоспарлауын, жетекшілік жасалуын және орындалуын бақылауды іске
асыруды қарастырады
Оқытушының қатысуымен іске асырылатын
студенттердің өзіндік жұмысының түрлері,
көлемі, формасы мен мерізімі және оны өткізу жағдайы
мен СӨЖ кестесі студенттер мен оқытушыларға оқу
жылының басында хабарланады. Студенттердің өзіндік
жұмысының орындалуын бақылау кафедра
меңгерушісінің жауапкершілігіне жүктеледі [2].
Студенттердің өзіндік жұмысын әдістемелік
қамту мен меңгеруді іске асыру үшін кафедра
пәннің бағдарламасы негізінде аудиториялық және
аудиториядан тыс өзіндік жұмыстардың мазмұнын
айқын ашып көрсететін, қажетті оқу-әдістемелік
әдебиеттермен қамтылған болуы шарт. Осы мақсатпен
кафедра мүшелері оқылатын пәндер бойынша оқу
құралдары мен өз бетімен әзірленуге арналған
әдістемелік нұсқаулар дайындайды. Олардың
қатарына семинар, зертханалық, сарамандық сабақтардың
мамандық ерекшелігін, студенттер контингентін, өзіндік жұмыс
көлемі мен мазмұнын, бақылау формасын ескере отырып
құрған әдістемелік нұсқауларды
жатқызуымызға болады. Жоғарғы оқу орнында өзіндік
жұмысты тиімді ұйымдастыру оқытушы-профессорлар жағынан
кеңессіз жүзеге асырылмайтыны белгілі. Студенттердің өзіндік жұмысы
оқу жұмысының құрамдас бөлігі бола
тұрып, алған білім, білік, икемділік дағдыларын бекітіп,
тереңдету мақсатында және жаңа білім негізін
алуға, оқу тапсырмаларын орындауға, сынақтар мен
емтихандарға әзірленуге бағытталады. Студенттердің
оқытушы басшылығымен өтетін өзіндік жұмысын
мамандарды әзірлеуші кафедра ұйымдастырып, бақылайды.
Студенттердің оқытушы басшылығымен орындайтын
өзіндік жұмыстары оқу сабақтарының бір түрі
болып табылады. Ондай өзіндік сабақтар пән бойынша берілген
әдебиеттермен жұмыс істеу икемділігін дамытуда, теориялық
сұрақтар мен оқу бағдарламасы бойынша
тақырыптарды қарастыруда, курстық жұмыстар мен
жобаларды, орындауда, рефераттарды жазуда, жеке есептеу-графикалық жұмыстарды
орындауда, техниканы үйренуде, оқу-жаттығу кешендерінде
сарамандық тәжрибе қалыптастыруда тиімді болып есептеледі [3].
Студенттердің оқытушы басшылығымен орындайтын
өзіндік жұмыстары басқа сабақтармен логикалық
байланыста болуы қажет.
Өзіндік жұмыс кезінде орындалуға тиісті тапсырмалар
бағдарламаны құру барысында белгіленеді. Оқытушы
басшылығымен орындалатын өзіндік жұмысқа арналған
материалдар келесідей талаптарды қанағаттандыру керектігін
жоғарғы білім берудің іс тәжірибесі көрсетіп отыр:
- оқулықта толық түрде мысалдар
келтіріле отырып берілуі тиіс; әдебиеттер мен әдістемелік
құралдар, оқу құралдары жеткілікті мөлшерде
болуы керек;
- дәріс сабақ кезінде алынған білім негізін
дамытатындай мәліметтердің болуы;
- мүмкіндігіне қарай жаңа ұғымдар
енгізбей бұрынғы түсініктер мен анықтамаларды
нақтылауға көңіл аудару;
- әлі толық шешілмеген проблемалық мәселелерді
қарастыру;
- терең де тиянақты, ойланып жұмыс жұмыс
істеуді талап ету.
Қорыта айтқанда, ғылыми негіздегі ұйымдастырылған студенттердің
өздік жұмысы мен студенттердің оқу-танымдық
әрекеттерін басқару жұмысы олардың саналы
белсенділігін, жоғары оқу-кәсіби мотивациясын, оқу
процесінің сапасын қамтамасыз етеді.
Әдебиеттер:
1. Әбиев Ж., Бабаев С.,
Кұдиярова А. Педагогика. –Алматы: Дарын. 2004.
2. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М.
Педагогика. Алматы, 2004.
3. Нигметжанова
Г. Cтуденттің
өзіндік жұмыстарын тиімді ұйымдастыру. Вестник КАСУ. №1, 2008.