Құрманбекова А.С.

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті

Айғараева А.А.

ТИГУ-нің магистранты

 

Болашақ педагог-психологтардың кәсіби даярлықтарын жетілдіру жолдары

 

Бүгінде елімізде білім беру процесінің ұлттық талап – тілектерге сай тарихи тұрғыдан жаңару басталғалы бері жоғарғы оқу орындарында педагог – психологтар даярлауға ерекше көңіл бөлуде.

Қазіргі заман талабына сәйкес кәсіби педагог – психолог дегеніміз, ол – педагогикалық құндылықтардың бүкіл әлеуетін меңгерген, өзін – өзі жетілдіруге үнемі ұмтылып отыратын рухани дамыған, әлеуметтік жағынан жетілген кәсіби тұлға, білікті сапалы маман. Біздің негізгі мақсатымыз өзін – өзі дамытуға және өзін барынша көрсетуге қабілетті жоғары сауатты шығармашыл тұлғаны қалыптастыру және дамыту болып табылады.

Педагог – психолог тәрбиеші, ақылшы, қамқоршы, жетекші, мейірімді жан. Ал, педагог – психологтың бойында әділдік, тапқырлық, қамқорлық, шыдамдылық, адамшылдық, кең пейілдік қасиеттері басым болуы қажет.

Педагогтың оқушылармен, олардың ата – аналарымен қарым – қатынас сипатына негізінен педагогикалық ұжымда қалыптасқан моральді – психологиялық хал – ахуалы әсер етеді. Мұғалімнің өз әріптестерімен, мектеп әкімшілігімен іскерлік, тату байланыстары бүкіл мұғалімдер ұжымының өз оқушылары мен олардың ата – аналарымен қарым – қатынас жасауында тәрбиелік ықпалының біртіндеп және бірыңғай бағыт алушылығын қалыптастыруға жәрдемдеседі.

     Педагог пен оқушы қарым – қатынасы өз алдына бір – бірімен байланысқан және өзара шартты тізбек болып, түрлі формалар мен жағдайларда жүзеге асады. Бұл тізбекте мұғалім ерекше рөл атқарады. 

     Педагог – психологтардың  зерттеу жұмыстарына талдау жасағанда, оқу орнындағы кәсіби қатынас мәдениетінің төмен екендігін байқауға болады.:

1.      Мұғалім оқу – тәрбие процесінде қарым – қатынасқа көп көңіл бөлмейді және оны ұйымдастыруды ойламайды.

2.      Мұғалім практикалық жұмысында адам психикасына көз жұма қарайды.

3.      Әр мұғалім өзінің ортадағы кәсіби мәдениетінің жоғарылауына мән бермейді.

  Мұғалім сабақ жүргізу барысында көп сөйлемейтін балалардың сенімділігін арттыруды, белсенді балалардың белсенділігін түсірмеуді жоспарлауы қажет. Осы орайда педагог – психолог мамандарының атқарар рөлі зор.

   Педагог – психологтар тек мектепте ғана емес, қоғамдағы түрлі мекемелерде де жетекші қызметтер атқарады.

Жаңа формацияда білім беру саласындағы барлық процесте, пән оқушылары мен топ тәлімгерлеріне кәсіби дайындықтарын өзгертіп, толықтыру онда білімдердің жекелік ерекшелігін ескерту, қабілетіне және тұлғалық бағыттылық ықпалына қарай жағдай туғызуды қажет етеді.

Осындай психологиялық міндеттерді шешуде теориялық және практикалық негізде педагогикалық-психологиялық қызмет көрсету қажеттілігі туындады.

Педагогика - психология мамандығы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің білім беру мекемелеріне педагог-психолог мамандығын енгізу туралы нұсқау хаты негізінде, еңбекақы қорынан жалақысы бекітілген, Қазақстан Республикасы «Білім туралы» заңына, Қазақстан Республикасы үкіметінің бұйрықтары мен қаулыларына сүйеніп жұмыс атқарады.

Бүгінгі педагог-психологтардың басты міндеті оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай білім беріп қалыптастыру болып табылатын болса, оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты Л.С. Выготский бастауыш мектеп, кіші мектеп және жоғары мектеп оқушылары деп үш топқа бөліп қарастырады.

Бастауыш мектеп оқушысы – бұл адамның іс – әрекет берілген жағдайда оқу іс әрекетінің субъекті ретіндегі қоғамдық болмысының бастауы. Осы сапада бастауыш мектеп оқушысы, ең алдымен, оған дайындығымен сипатталады. Бастауыш мектепте, кіші мектеп оқушысында, осы кезеңдегі жетекші іс-әрекеттің негізгі элементтері, қажетті оқу дағдылары мен іскерліктері қалыптасады.

Орта мектеп жасында (10-11-ден 14-15 дейін ) жеткіншектің іс-әрекеті контексінде құрдастарымен қарым-қатынастарға түсу жетекші рөл ойнайды. Осы жастарға тән балаларға тән іс әрекет оның оқу, қоғамдық ұйымдастырушылық, спорттық, көркемдік, еңбек сияқты түрлерін қамтиды.

Жеткіншек жас  үшін беделге деген қатынас та тән. Егер кіші мектеп жасында мұғалім беделі отбасы беделінен кем болмаса, жеткіншек үшін үлкен адам беделі проблемасы білінбейді. Бір жағынан, жеткіншектің «мен – ересек адам» позициясы оны үлкендерге қарама-қарсы қоятындай, ал келесі жағынан – олардың беделі жеткіншек өмірінің маңызды факторы болып қалады. Жеткіншек оқу іс-әрекетінің субъекті ретінде тек қана өз мотивациясымен, позициясымен, қатынастарымен, «Мен» тұжырымдамасымен өзгеше емес, сондай-ақ үздіксіз, көп сатылы білім беру қиындысындағы өмірдегі орнымен өзгеше. Жоғарғы мектеп оқушысы оқу іс – әрекеті ретінде – бұл оқудың жалғастыруды таңдаған адам. Жоғары сынып оқушысы (ерте жастық шақ кезеңі 14-15тен 17  жасқа дейін) орта буыннан жоғары сыныпқа немесе жаңа оқу орындарына - гимназияларға, колледждерге, училищелерге өткен кезде бірден дамудың жаңа әлеуметтік  ситуациясын айтады. Таңдау жасауға өмірлік ситуациялар мәжбүр етеді, ата-аналар тарапынан ынталандырады және оқу орны бағыттайды.

Әр жастың санасын білім нәрімен сусындатып, оны ары қарай тереңдетіп жалғастырып, қазіргі заманның талабына сай етіп даярлау, т.б.

Қазіргі педагог-психологтың алдына: болашақ өркениетті, дәстүрлі демократиялық мемлекетті құратын жас ұрпақтың ең әуелі адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, содан кейін оның жас сапасын, тән сапасын арттырып, техникалық прогреске сәйкес жан-жақты қолданбалы білім беру міндеті қойылады. ол үшін мектептер қаражатпен, техникалық құралдармен, мәдени қажеттіліктермен толық қамтамасыз етілуі тиіс (1).

            Педагог-психологтардың ғылыми жағына олардың білім берудегі психологиялық қызмет мәселелерінің зерттелуін, теориялық және әдіснамалық негіздемесін, психодиагностика жасау, қазіргі мектептегі білім берудің нақты жағдайына сай психологиялық білімді қолдану түрлері мен әдістерін дамыту және психологиялық түзетулерді қамтиды.

Практикалық жағына психологтардың білім беру мекемелеріндегі немесе білім беру жүйесіндегі педагогикалық-психологиялық қызмет орталықтарындағы жұмыстарына тікелей қатысады.

Психологтың негізгі мақсаты – психологиялық саулықтың негізі – баланың рухани өсуіне, оның жанының жайлы болуына психологиялық жағдай жасау, оқушылар мен мұғалімдердің кәсіби қабілетін ашу болып табылады.

Педагогикалық үрдіс кезінде туындайтын қиындықтар мен олардың психологиялық себептерін анықтау, оңтайлы қарым-қатынас ұстанымдарын қалыптастыру, ата-ана, мұғалім, басқа да қызметкерлерге психологиялық қызмет көрсету, оқушылардың мамандыққа қабілеттілігін анықтау, т.б. – мектеп психологиясының тікелей міндеттері.

Психолог оқушылардың жан-жақты және үйлесімді дамуын мақсат етіп, өзінің іс-әрекетің педагогикалық ұжыммен, дәрігерлік қызметпен, социологтар, дефектологтар, сондай-ақ қоғам өкілдерімен тығыз байланыста ұйымдастырады.

Педагог-психолог қоғамдағы тұлғаның биологиялық және әлеуметтік дамуына көңіл бөледі. Биологиялық тұрғыдан морфологиялық, физиологиялық, биохимиялық жетілуі болса, әлеуметтік дамуына психикалық, рухани, интеллектуалдық жағдайлары жатады. Демек, педагог-психолог маманы адам баласы өмірге келген соң оң мен солды, ақ пен қараны ажырата алғаннан бастап, келешек толыққанды азамат және тұлға болып, оның әрі қарай жетілуіне әсерін тигізеді. Психолог – педагог – отбасына ана, мектепте мұғалім, жоғарғы оқу орнында оқытушы, жұмыста қызметкер, өз ісіне жауапты маман.

Психология ғылымын меңгере отырып, студент психологиялық құбылыстарды, фактілерді, заңдылықтарды өмір көрінісінен аңғарып, адамның жай-күйін білу жолындағы тәжірибесін молайтуға үйренеді.

Білікті психолог маманды даярлауда төмендегідей мәселелерді ескерген жөн:

1.                      Оқыту бағдарламасы бір жақты болмауы керек, керісінше жан-жақты білім беру мамандық кәсібіне шыңдау.

2.                      Оқу барысында мамандарды даярлауда арнайы мамандықпен белгілі дәрежеде бағыттап оқыту.

3.                      Студенттерді психологиялық зерттеме жұмысын өткізуге машықтандыру.

4.                      Студенттердің болашақ мамандықтарына деген қызығушылықтарын ояту және өз кәсібіне ынталандыру.

5.                      Оқу бағдарламалары мен түрлі курстардың пәнаралық  және ішкі пәнаралық байланыстарды нығайту.

6.                      Осы сала бойынша жоғары оқу орындарда қолданылып жүрген оқулықтармен оқу құралдарының ұлт тілінде жазылған жазбалардың санын көбейтуге атсалысу, өйткені қазақ бөлімінде оқитын студенттер бұл аталмыш жағдайда көп қиыншылықтар көруде.

7.                      Болашақ психолог мамандарды даярлауда теориялық материалдарды меңгеруден гөрі практикалық тұрғыдан жүзеге асыратын зерттемелік құралдарды пайдалануды үйретуде аса зор көңіл бөлу.

Осы мәселелердің барлығын ескере отырып, педагогикалық жоғары оқу орындарындағы оқыту процесі арқылы болашақ психолог мамандардың кәсіби даярлықтарын жетілдіру мәселелерінің  дұрыс жолға қойылуы бүгінгі күннің ең бір өзекті мәселелерінің бірі болып  табылуда (2).

Болашақ психолог мамандардың психологиялық даярлықтар жүйесін жетілдірудің міндеттері оларды теориялық білімдермен қаруландыру ғана емес, олардың алған білімдерін практика жүзінде қолдана алуына мүмкіндік жасау.Осы мақсатта біз студенттердің психология бойынша алған білімдерін шығармашылықпен қолдану жағдайларын қарастырудамыз.

Коммуникативті құзыреттілік мұғалімнің кәсібилігінің ортаңғы діңгегі болып табылады, өйткені оқушылармен қарым-қатынас педагогикалық іс-әрекеттің мәнін құрайды. Педагогикалық коммуникативтік құзыреттілік белгілі ғылыми білімдер және зерттеулық шеберлік жүйесін құрайтын күрделі құрылымға ие.

Комуникативтілік құзыреттілік құрылымында мұғалімнің тұлғалық сапасы педагогикалық коммуникабельділік болып табылады.

В.А. Кан-Калик оны кәсіби педагогикалық қарым-қатынастылық деп атайды.

Қарым-қатынас қажеттілігінің негізінде пайда болған қарым-қатынастылық тұлғаны қоршағандармен өзара әрекет негізінде өмір бойы қалыптасады. Оның пайда болуы индивидуалдылы психофизиологиялық ерекшеліктерге, яғни жүйке жүйесінің типтеріне тәуелді болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.      Кенжебеков Б.Т. Университет жағдайында болашақ мұғалімнің жеке тұлғасын қалыптастырудың ғылыми проблемалары. – Алматы, 2006.

2.      Абдыманапов С.А. Современные университетское образование в условиях модернизации: проблемы, решения,перспективы. – Алматы, 1996.