БАЛА БЕЛСЕНДІЛІГІН ДАМЫТУДА ТАНЫМДЫҚ

ӘРЕКЕТТІҢ МАҢЫЗЫ

 

ЖАНДИЛДИНА  РОЗА ЕСЕНТАЙҚЫЗЫ

«ТҰРАН- АСТАНА»   УНИВЕРСИТЕТІНІҢ   МАГИСТРАНТЫ

                                     Түйіндеме

Балалардың танымдық  белсенділігінің  дамытуда танымдық

әрекеттің маңызы

                                                  Аннотация

познавательной активности  и признакам активности дошкольных детей.

Annotation

Psychological definition of cognitive activity and signs of unusual activity of preschool children.

Кілт сөздер: танымдық  әрекеттің маңызы

Ключевые слова: позновательная активность дошкольника.

Keywords: cognitive activity preschooler.

 

Философия тұрғысынан танымға мынадай анықтама берілген: «Таным - ойдың білмеуден білуге қарай дәл емес, білуден неғұрлым толық дәл білуге қарай ұмтылатын ой-өрісінін күрделі үрдісі». Адам танымы байқаудан нақты аңғарудан заңдарды теория жүзінде ашуға, ал сонан кейін ол заңдарды теория практикада қолдануға қарай жүріп отырады [1, 72 б.].

В.И. Селиванов  балалардың  ерік, күшінің   түрлі  сипатын  айқындайтын  оқу – танымдық  әрекеттің  мақсатын қоюдың  үш  нұсқасын  бөліп көрсетеді:       

       1. Оқу  - танымдық  әрекет  мақсатын   тәрбиеші  қояды.  Бала  бұл  мақсатты  ат  үсті  қабылдайды.  Мұның   өзі  ерік,  күшінің  төмен  деңгейде  болуына  алып  келеді;  

       2.Тәрбиеші  тапсырманы  немесе  тақырыпты  хабарлайды,  осыған  сәйкес  баланың өзі   оқу – танымдық  әрекетті  жүзеге асыруға  тиіс,  сөйтіп  осы  негізде  бала  мақсатын  өзі  немесе тәрбиешілермен  бірге  анықтайды.  Мақсаттың  қойылуына  ізденімпаздық  үлесінің  көп  болуы  ерік,  күшінің  неғұрлым  жоғарғы  деңгейде екендігін  көрсетеді:

       3.Бала  өзінің  оқу – танымдық  әрекетінің  мақсатын  өз  бетінше  анықтайды,  бұл - өз  бастамасымен  өз  бетінше  жұмыс  істеу  болып  табылады.  Мұндай  жағдайда  ерік  күшінің деңгейі  неғұрлым  жоғары.

Баланың даму барысында таным белсенділігі артады. Мектеп жасына дейінгі (5-6 ж.) балалар заттарды түсіне қарап ажырата бастайды, олардың құрылысын, пайдалану тәсілдерін білгісі келеді. Балалардың бір нәрсені құмартып білуге талаптануын таным ынтасы дейді. Мектеп жасындағы балалардың таным ынтасын қалыптастыруда білім беру тәсілдерінің ерекше маңызы бар. Оқу барысында балалар түрлі заттардың, құбылыстардың мәніне, ғылыми ұғымдар мен заңдылықтарын терең түсінуге, алған теориялық білімдерін практикада еркін білуге үйренеді. Балалардың таным белсенділігі олардың шығармашылық іздену қабілетіне, тәрбиешілердің теориялық сауаттылығы мен шеберлігіне байланысты.

Негізінде баланың логикалық ойлау қабілеті қарапайым математикалық алғашқы ұғымдарды меңгеруден басталады. Себебі, бала сөйлей бастаған кезден өзінің мекен-жайын, телефон нөмірін жаттайды. Міне, сан, санау да осыдан басталады. Оны жүйелі түрде дамыту ата-ана мен тәрбиешінің, қоршаған адамдардың –басты міндеті. Сезім тәрбиесі-түйсік пен қабылдаудың қатар дамуы.

Сәбилік шақтың алғашқы күндерінен бастап-ақ бала өзін қоршаған заттардың қасиетін түсінуге талпыныс жасайды. Балада заттарды қабылдайтын көру дағдысы оянады. Бұл кезде затты танып білу үшін бүлдіршіндер оның түр-түсіне мән бермейді, заттың құрылымына (пішініне) көңіл бөледі. Бүлдіршіндердің логикалық ойлау ұғымдарын ойын арқылы үйретудің, математикалық диктант жазудың, заттарды әр түрлі геометриялық пішіндерден құрастырудың, ауызша есеп шығарудың, көру арқылы салыстырудың, қиялдаудың, жұмбақтар жаттаудың маңызы өте зор.

Балабақшада балалармен қарапайым математикалық түсінікті дамытуға бағытталған арнайы оқу іс-әрекеттері өткізіледі. Балалардың танымдық есептерді ұғына білу қабілетін одан әрі дамытудың маңызы зор.

Мектепке дейінгі жас – естің қарқынды даму жасы. Ес – бала үшін маңызды оқиғалар мен мәліметтерді жадында қалдырады және сақтайды.

Сондай-ақ мектепке дейінгі балалардың ойлау үрдісіне тоқталсақ, ойлау – тіл дамуы және ғылыми ұғымдарды меңгеру бірлігінде дамиды. Баланың сау психикасының ерекшелігі – танымдық белсенділігі. Ойлау – сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс қатынастарының адам миында жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі. Ақыл-ой жағынан бала қаншалықты пәрменді болса, ол сонша көп сұрақтар қояды және оның сұрақтары соншалықты алуан түрлі болады. Бала заттың бейнесін ғана емес, оның қимыл-қозғалыстары туралы да ойлайды. Бейнелі ойлау – 6 жасар бала ойлауының негізгі түрі. Әрине, ол жекелеген жағдайларға логикалық ойлауды да орындай алады, бірақ та бұл жаста көрнекілікке сүйенген оқыту басымырақ болады. Мұның өзі осы жастағы балалардың естері еріксіз жақсы дамиды. Ерікті естері жаңа ғана қалыптасады. Сондықтан жақсы қабылдап алған заттардың түсін есінде жақсы сақтайды. Көру және есту елестері көрген нәрселердің мазмұнымен байланысты болады [2, 61б.].

Мектепке түсу балалардың логикалық есін дамытуда үлкен роль атқарады. Оқушылардың есін тәрбиелеуде де мұғалім олардың жас және дара ерекшеліктерін ескере отырып, жұмыс жүргізеді. Кіші мектеп жасындағы балаларды оқу тәсілін өз бетімен таңдап ала алмайтындықтан мұғалім үйге тапсырма бергенде, материалды қалай оқу керектігін балаларға ұдайы ескертуі керек. Бұл жөнінде оқулықтардың бәрінде мәтінді қалай оқу, тапсырманы қалай орындау керектігі айтылған. Бірақ баланың назары кейде бұған жөнді түсе қоймайды.

Мектепке дейінгі балалық шақта заттардың, құбылыстардың, іс-әрекеттердің арасындағы байланыстар мен қатынастарды бөлу мен пайдалануды талап ететін күрделі де сан алуан міндеттерді баланың шешуіне тура келеді. Ойында, сурет салуда, құрастыруда, жапсыруда, оқу және еңбек тапсырмаларын орындауда бала үйреніп алған іс-әрекеттерді жай ғана пайдаланып қана қоймайды, жаңа нәтижелер ала отырып олардың тұрақты түрін өзгертеді. Мектеп жасына дейінгі балалар өздерін қызықтырған мәселелерді түсіну үшін өзіндік эксперименттер жасауға кіріседі, құбылыстарды бақылайды, оларды талқыға салып, қорытындылар жасайды.

Мектепке дейінгі балалық шақтың соңында кейбір механикалық физикалық және басқа байланыстар мен қатынастарды түсінуді, осы байланыстар мен қатынастар туралы білімді жаңа жағдайларда қолдана білуді талап етеді. Осы жастағы балалардың жылдың соңына дейін абстрактылы логикалық ойлауы жақсы дами түседі. Бірақ тәжірибе түрінде, бала затты көрмей тұрса, берген сұраққа толық жауап бере алмайды. Бала ойлаудың барлық операцияларын жақсы қабылдауға тиіс [3,27б.].

Балалардың ойлауын дамытуда мектептегі оқу-тәрбие процесі шешуші роль атқарады. Бала ойлауын дамыту үшін мұғалім тиісті жұмыстар жүргізіп отыруы тиіс. Ой тәрбиесі адамның психологиясын жан-жақты етіп тәрбиелеумен ұштасып жатады.

Таным әрекетінің бірі - қабылдау. Тілдік мәліметтерді және жазылымдағы қатысымдық тұлғаларды ұғыну қабылдаудан басталады. Тілді меңгеру барысында тіл үйренуші есту, көру, сезу арқылы дыбыстарды, сөздерді, сөйлемді қабылдауға үйренеді. Бала қоршаған ортаны жақсы қабылдауға тиіс.

Мектепке дейінгі бала тәрбиесімен айналысатын педагогтар мен тәрбиешілер, ата-аналар балалармен жылдың қай мезгілінде болмасын далаға шығып, серуендегенде, әртүрлі ойын ойнағанда осы ойланту әдісіне баса көңіл бөлуі қажет. Бала бойына ерекше әсер етіп түрткі болатын айналадағы өлі және тірі табиғаттардың сан түрлі құбылыстары.

К.Д. Ушинский – баланы табиғатпен жастай таныстыра дамыту, оның өзіндік логикалық ойын, сөз қорының, санасының жетілуіне әсері мол екенін көрсеткен. Логикалық ойдың, пікірдің дамуы баланың келешекте рухының жоғары болуына, батыл пікір, нақты шешім айтуына және оны дәлелдеп беруге жетелейді. Сондай-ақ, кімде-кім баланың тіл қабілетін дамытқысы келсе, ең алдымен оның ой қабілетін дамытуы тиіс, - деп көрсетеді.

Мектепке дейінгі балалар әдетте ойынды, сурет салғанды жақсы көреді, ересектермен және өзі қатарлы балалармен лезде тіл табысып кетеді. Мектепке дейінгі шақтың әсіресе, алғашқы үш жылы психологияда «қауіпті» кезең аталып, өзіне зерттеушілердің үлкен зейінін аударуда. П. Бадалян «...осы уақытта сәби арнайы үйрету мен тәрбие көрмесе, кейін ол өте қиынға түсіп, тіпті кеш болуы да мүмкін» деген. Дер кезінде тәрбие мен үйрету көрген бала бес жасында еш қиындықсыз таза сөйлей білуі тиіс [4, 54б.].

Сонымен мектепке дейінгі жас - ерте онтогенез кезеңіндегі ең ұзақ және күрделі психикалық даму көрінісі болып табылады. Мұның өзі психологиялық зерттеулердің объекті ретінде қосылды және ол ғылыми әдебиеттерде оқиғалардың әр алуандығы ретінде көрсетіледі.

Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Л.С. Выготский пікірінше, ойын мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының дамуына ықпал ететін жетекші, басты құбылыстың бірі деуге болады. Бала ойын арқылы өзінің күш-жігерін жаттықтырып, қоршаған орта мен құбылыстардың ақиқат сырын ұғынып үйрене бастайды. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойнайды, эмоциялық әсері ұшқындайды, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері мен таным үрдістері дамиды, мұның бәрі баланың шығарымпаздық қабілеті мен дарынын ұштайды.

Атақты психолог ғалымдары Л.С. Выготский, А.И. Леонтьев, А.С. Запорожец, Л.Д. Венгер, Д.Б. Эльконин, Е.И. Игнатьева, Ю.К. Бабанский, И.Я. Лернер т.б. зерттеушілердің еңбектерінде мектеп жасына дейінгі балалардың жеке басының қалыптасуына әсер ететін әртүрлі іс-әрекеттердің ішіндегі ең маңыздысы шығармашылық белсенділіктің сапалығына назар аударады. Алайда мектепке бару қарсаңында баланың психологиялық даму деңгейінде жекелей өзгешеліктер өсе түседі. Бұл өзгешеліктер мынадан көрінеді: балалар бір-бірінен ақыл-ой, адамгершілік және жекелей дамуымен ажыратылады. Олай болатын болса, балаларға психологиялық қолдау жасау бiлiм беру мекемелерiнiң (балабақша, мектеп) ең негiзгi мiндетi болып табылады.

Мектеп жасына дейінгі балалардың бойына оқу қызметін меңгерту, ол танымдық белсенділікті дамытудың басты бағыты болып  саналады.

Танымдық белсенділікті психологиялық -педагогикалық құбылыс ретінде анықтау, бұл мектепалды даярлық кезеңіндегі балалардың тұлғалық сапасының ерекшелігіне талдау жасауға, тәрбиелеу мен оқыту үрдісін  қалыптастыру жағдайлары мен құралдарын қарастыруға мүмкіндік береді. Себебі меңгерілген білімнің сапасы мен беріктігіне тек балаларды оқыту, дамыту және тәрбиелеудің нәтижесі емес, сонымен қатар балалардың өзіндік танымдық іс -әрекетіне қатынасының қатысуымен тәуелді болып келеді.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

1.     Коломинский Я.Л., Панько Е.А. Алты жасар балалардың психологиясы туралы мұғалімге көмек. М.: Просвещение, 1988ж

2.     Мухина В.С. Мектеп және мектепке дейінгі балалар психологиясы. –А.: Мектеп, 1986.2/7

3.     Тасболатов. Қ.  «Балалардың таным белсенділіктерін 

арттыру».«Қазақстан    мектебі». 2009-2010  ж.

4.              Дәрібаева С.Қ. «Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың    

танымдық  белсенділігін дамыту ерекшеліктері», «Шоқан тағылымы» 

Халықаралық  ғылыми-практикалық конференция. Көкшетау, 2007 ж