Фатикова Н.А., Балғынбек Ұ.М.

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, Тараз қ.

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫН ҰЛТТЫҚ  ПАТРИОТИЗМГЕ БАУЛУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

Патриоттық сезімнің нысаны мен азаматтық парыздың өтелер өлшемі – Отан. Оны таратып айтсақ, бұл – туған жер, оның табиғат байлықтары, ұлттың тілі, дәстүрі, мәдени ескерткіштері, тарихы жасалған өлкедегі киелі орындары. Олардың адам санасына жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерді ұялатып, ізгі де ерлік істердің бастауына айналуы – патриотизмге тәрбиелеудің арқауы.

Патриотизм – отбасына, туып-өскен ортасына, топырағы мен табиғатына, еліне деген құрметтен бастау алады. Өз ұлтын, жерін сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам ғана шынайы патриот бола алады. Оны зорлықпен, нұсқаумен жүргізу мүмкін емес. Ел Президенті Н.Назарбаевтың: «Әрбір адам біздің мемлекетімізге, оның бай да даңқты тарихына, оның болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс-қимыл жүйесін талдап жасауы қажет. Елдің проблемалары да, келешегі де барлық адамға жақын әрі түсінікті болуы тиіс. Әрбір адам бала кезінен Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей істеген жөн», – деуі патриотизмге баулудың жарқын үлгісі іспетті. Қазақстандық патриотизмнің анықтамасы да осынау парасатты ойдан бастау алатындай.

Патриотизм ортаның, отбасындағы тәрбиенің, мектептің, мектепке дейінгі мекеменің және түрлі қоғамдық ой-пікірлердің әсер етуімен қалыптасады. Патриоттық тәрбие берудің басты бағыты – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен еліміздің мемлекеттік нышандарын оқушыларға үйрету және орындату мәселелері. Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасының  12 бағытқа негізделген кешенді бағдарламаның 1 бағыты -қазақ халқының тарихы мен салтын, тілін сүю және құрметтеуге, оның таңдаулы дәстүрлерін сақтауға және оны дамытуға,  Қазақстанның басқа халықтарының мәдениетін зерттеу және игеруге негізделген азаматтық ұстанымды және патриоттық сананы, құқықтық және полимәдениетті, қалыптасқан ұлттық өзіндік сананы, ұлт аралық мәдени қарым-қатынасты, әлеуметтік және діни төзімділікті қалыптастыруды көздеген - Азаматтық-патриоттық, құқықтық және полимәдениеттік  бағыт. Сондай-ақ, жастардың бойына  патриоттық сезімді қалыптастыруда  «Жас ұлан» әскери-патриоттық ұйымының рөлі ерекше.

Патриотизм феноменін үшке бөліп қарастырған жөн дейді отандық ғалымдар. Ол: мемлекеттік, ұлттық және жеке түрлер. Оның біріншісі бүгінгі таңда аса маңызды саналып отырған – жаңа қазақстандық патриотизм. Бұл елімізде мекен етіп жатқан жүз отызға жуық ұлт пен ұлыстардың елге деген сүйіспеншілігі тұрғысында қарастырылады. Яғни, барлық қазақстандықтар жаңа патриотизмге ден қоюы басты межеге, күн тәртібіндегі мәселеге айналып отыр. Жалпы, кез келген адам патриоттықты бесіктегі шақтан бастап бойға сіңіре бастайды. Бұл жерде отбасылық тәрбиенің де, балабақша мен мектеп, жоғары оқу орындары мен ондағы білім беруші ұстаздардың да үлесі зор. Сондай-ақ, жұмыс істеу барысында қоғамдық ұйымдардың немесе басқа да орталықтардың ықпалы болары сөзсіз.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1.     Қозыбаев М.К. Ата тарихытуралы сыр /Егемен Қазақстан. 3

2.     Смағұлов О. Ата-баба (тек). Қазақ. – Алматы: Білім, 1994.

3.     Подласый И.П. Педагогика. – М.: Просвещение, 1996. – 432

4.     Момышұлы Б. Қанмен жазылған кітап. – Алматы: Қазақстан, 1991.

5.     Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Рауан, 1998. – 112

6.     Философиялық сөздік. - Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1996. - 325