Молдақасов Р.Б.,Таджибаева Ж.С., Утеулина Ж.

Тараз инновациялық гуманитарлық университеті.

ОТБАСЫЛЫҚ  ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖАС ҰРПАҚ ДАМУЫНА ӘСЕРІ

 

Отбасы - жер бетіндегі адамзат баласы үшін үлкен маңызға ие орта болып саналады. Ол адам баласы тәрбиесінің құралы болып, ғасырдан ғасырға ұласып келеді. Отбасы – салт-дәстүрлердің, үлгі-өнегелердің, рухани мол мұралардың қорғаушысы және сақтаушысы. Отбасында жас ұрпақ алғашқы рет тіршілік жолымен танысады, моральдық нормаларды игереді. Отбасылық өмір жеке адамның адам болып қалыптасуының қайнар көзі болып табылады.   Отбасы – оқыту мен тәрбие жұмысының серіктесі. Себебі, ұрпақ тәрбиесінің отбасында, білім ордасында, қоғамда нәтижелі болуы осындай ынтымақтастыққа негізделеді.

        Педагог, психолог-ғалым Ж.Аймауытұлының айтуынша, тәлім-тәрбие саласында адам тек қана белгілі бір әлеуметтік топтың өкілі ғана емес, ең алдымен – тұлға. Тұлға – қоғамда өзінің орны бар, ерекше қасиет иесі. Ұлттық тәлім-тәрбиеге көп көңіл бөлген педагог М.Жұмабаевтың артына қалдырған тәлім-тәрбиелік мұраларының негізгі тақырыптарының бірі де – ұрпақ тәрбиесі мен тұлға мәселесі. Адам тұлға, кісі болу үшін өзін сүю, жақындарын сүюмен шектелмей, жалпы адамзатты сүюі шарт. Таза жүректі, халқын сүйген, ел мұқтажын ойлайтын, әділетпен адалдықты жақтаған адам ғана тұлға бола алады. Тұлға – сан қырлы, мазмұны да, табиғаты да күрделі, құпиясы мол әлеуметтік ұғым. Адам өсу, дамып жетілу үдерісінде біртіндеп тұлға, кісі деген атқа ие болады, деп тұжырымдайды. Әрине бұл үрдіс тұлғаның отбасындағы және ұжымда өзін-өзі тәрбиелеу ықпалдарының нәтижесінде іс жүзіне асады. Тұлғаның адам болып қалыптасуы тәрбиеге байланысты болса, ал отбасы-сол тәрбиенің бастауы. Мәселен, «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады»,- деген қанатты сөз, отбасы, мектеп, қоғам үшеуінің дұрыс берген тәрбиесінің жемісі болмақты меңзейді. Отбасында басты мәселелердің бірі – ұрпақтың тіршілік әрекетін ұйымдастыру. Мәселен, халық даналығында «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер»,- деген сөз бар емес пе. Яғни, әке мен шешенің әрекеттері ұрпақ үшін үлгі өнегенің өзі болып табылады. Сондықтан, ата-аналар сөйлейтін сөзін, істейтін ісін, ұрпақ алдындағы міндетін, әйелі ерінің, ері әйелінің алдындағы талап – міндеттерін дұрыс орындауы тиіс. «Әйел – үйдегі ырысың, ұл – айбарлы қылышың, қыз – түздегі өрісің, келін – кеңейген тынысың» деп келетін нақыл сөздерден түсінетініміз, отбасы мүшелері қызметінің маңызын айқындап, ерекшелеп жеткізіп тұр[1].

        «Бала тәрбиесі - бесіктен» дейтін қазағымыз, отбасы барлық уақытта да өсіп келе жатқан ұрпақтың тәрбие мәселелерін шешуде үлкен мүмкіндіктерге ие болған. Ұрпақ тәрбиесінде ата-ананың ойы, сөзі, ісі бір жерден түйіскен уақытта ғана оң нәтижеге жететініміз хақ. Ол не деген сөз, яғни ата-ана өзі істемеген нәрсені ұрпақтан күтудің еш қажеттілігі жоқ. Осы жерде Селли Фельдманның «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қанатты сөзі ата-анаға айтылған бір сыр секілді. Сондақтан ата-ана ұрпаққа бір істі жүктер алдында, өзі сол істің шебері болуға тиіс дегім келеді. Отбасы қоғаммен үзілмес одақ болып табылады.

        Ұрпақ тәрбиесі бір күндік немесе бір уақытта аяқталатын әрекет емес, тәрбие отбасынан басталады, өмір бойы жалғасады. Белгілі педагог В.А. Сухомлинскийдің еңбектерінде «отбасылық тәрбие» ұғымы кең қолданылады. Оның пікірінше тәрбиені отбасылық деп қарастыруға болмайды, өйткені ұрпақ тұлғасы біртұтас және оны қалыптастыру процесі де біртұтас сипатталады. Міне, осындай біртұтас тәрбие процесінде қоғам жетекші рөл отқарады. Қоғам отбасының тәрбиелік мүмкіндіктерін кеңітеді және дамытады. «Отбасы – адамның өте маңызды, өте жауапты ісі. Отбасы өмірді кемеліне келтіреді, отбасы бақыт әкеледі, бірақ әрбір отбасы, ең алдымен мемлекеттік маңызы бар зор іс болып табылады» деп көрнекті педагог анықтама берген болатын. Яғни, отбасы – қоғамның маңызды буыны, кішігірім ұжым ретінде ұрпақ тәрбиесінде шешуші рөл атқарады. Отбасы – адам тұрмысын ұйымдастырудың қайнар көзі, ол материалдық және рухани үдерістерімен сипатталады. Жас ұрпақтың әлеуметтеніп, тәлім – тәрбие алып, өсіп-өнетін негізгі институты. Тал шыбықтай жас ұрпаққа бесіктен бастап берілген тәлім-тәрбие, ұстаным-тәртіп қағидалары есейгенде оның мінез- құлқының, сана-сезімінің, ар-ождан намысының темірқазығына айналады. Данышпан Абай былай дейді: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбысынан». Сондықтан қаншылықты шаршап-шалдығып жүрсе де, ата-ана ұрпақ тәрбиесін ұмытпауы тиіс. Ұрпақ – әр жаңұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік. Ата-ана, ұстаз, қоғам – үшеуі, тәрбиеге болар басты өлшем. Бір тұтасып, біріктірсе күштерін тәрбиенің үш мектебі адамның мінез-құлқын қалыптастырып, адамгершілік болмысын жетілдіреді. Адамның кім болмағы ата- ана, ұстаз, қоғамға ғана тәуелді емес, ол адамның өзіне байланысты. Бірақ адамның бірден жеке тұлға болып қалыптасуы мүмкін емес. Ұрпақ тәрбиенің үш сатысы негізінде өсіп, жетіледі. Олар: ой саулығы, жан саулығы, тән саулығы. Жақсы қасиеттер кез-келген адамның жан дүниесінен табылады. Тек оны уақытымен анықтап, өрісін кеңейте білуі керек. Ұрпақ дүниеге келісімен өзін-өзі тануға икемсіз. Сондықтан ұрпақтың бойындағы қасиетті дұрыс қалыптастырып тәрбиелеу ата-ананың міндеті [2]

Отбасы – адам баласының өсіп-өнер ұясы. Адамның өміріндегі ең қуанышты қызық дәурені осы отбасында өтеді.Ұрпақ өмірінің алғашқы күнінен бастап ата-ана өздерінің негізгі борыштары-тәрбие жұмысын атқаруға кіріседі. Ата-аналардың ұрпақтарының алдында олардың денсаулығының дұрыс жетіліп өсуін қамтамасыз ету, тәрбие беру, үй болып, аяққа тұрып ел қатарына қосылып кетуін қамтамасыз ету сияқты міндеттерін орындауы, ал ұрпақтары алдында ата- анасын қамқорлыққа алып, сүйеніш болуы секілді міндеттері ұштасып жатады. Отбасы тәрбиесінің негізгі мәні отбасындағы өзара ынтымақтастық пен түсіністік болып табылады. Ұрпақ ата-анасының еңбектегі ісіне көңіл бөліп, оны түсінуге тырысады. Отбасының берік негізі міне, осы рухани мүддесінің бірлігінде. Оның біртұтас ынтымақта болуы, береке-бірлігі ең алдымен ата-ана мүддесінің мәні мен мағынасында, әке мен шешенің бір-біріне, ұрпағына, олардың достары мен жолдастарына деген қарым-қатынасына байланысты болады. Отбасындағы тіршіліктің дұрыс ұйымдастырылуы тұлғаның еңбекқор болуы, әр нәрсеге жауапкершілік сезіммен қарауы, адамды құрметтеу сияқты адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына мүмкіндік туғызады[3].

        Ұрпақтың адамдармен қарым-қатынас жасауы, қоғамға енуі отбасынан басталады. Сондай-ақ, отбасының ұрпақтың дамуы мен қалыптасуы процесіндегі рөлі де ерекше. Отбасында тұрмыстық белгілі жағдайлары жасалады, сезімдік күйлер орнығады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың»,-дегендей ұрпақ тәрбиесі сәби дүниеге келген күннен басталады.Ұрпақ өскен сайын, оның тәрбиесі де күшейе түседі. Тұлға жақсы адам болып өсуі үшін ол күн сайын отбасы мүшелері арасындағы ең жарасымды, ең әділетті қарым-қатынастардың куәсі болуы керек. Отбасы шын мәнінде тату-тәтті, өзара түсінікте болса, одан адамгершілік пен әділеттің көрінісі айқын сезіліп тұрады. Өз ата-анасын сыйлап, құрметтеп үйренген ұрпақ өзге ата-аналарды да құрметтей біледі, үлкендер арасында өзін дұрыс ұстап, құрметпен қамқорлық таныта біледі. Ұрпақ негізгі өнегені алдымен отбасында ата-анасынан алады. Әркім өзінің ұрпағын жаман адам болсын демейді, оның тәрбиелі, білімді болғанын қалайды, әрі еңбексүйгіш, жақсы адам болса, еліне, халқына пайдасын тигізетіндей бір маман иесі, үлкен дәрежелі қызмет иесі болса екен деп тілейді.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1. Кенжеахметұлы С. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары: көпшілік оқырман қауымға арналған. Алматы, «Ана тілі», 1994-80 бет.

2. Кәрімов Х. Қанатты тіл. – Алматы: Санат, 1995. – 144 б.

3. Имандылық бастаулары. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 120 б.