ОҚУШЫЛАРДЫҢ АДАМГЕРШIЛIК ТӘРБИЕСІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ НӘТИЖЕЛІЛІГІН БАҒАЛАУДЫҢ КРИТЕРИЙЛІК ЖӘНЕ ДИДАКТИКАЛЫҚ ҰСТАНЫМДАРЫНЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ- ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДАН НЕГІЗДЕЛУІ

 

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті

Умеева Ш.Ж., Жораева Г.

 

Оқушыларды тәрбиелеу жүйесінің нәтижелілігін бағалаудың критерийлік ұстанымы “Адамға ең бiрiншi керегi бiлiм емес, тәрбие. Тәрбиесiз бiлiм – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өмiрiне апат әкеледi”- деп Әл- Фараби айтқандай, тәрбие категориясының негізгі өлшемдерін айқындауды міндеттейді.

Өйткені, тәрбие адам тағдырын ойластырады, болжайды, алдын-ала адамның рухани өмiрiнiң көптеген негiздерiн сақтайды, тәрбие алыс пен жақын адамдарға және өзiн қоршаған ортаға қатынас орнатады. Тәрбие ұлылар өсиетiн сақтата отырып, олардың адамгершiлiк құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткiзедi. Адам тiршiлiгiне тек қана материалдық жағдайлар ғана қажеттілік болып табылмайды, сонымен қатар тәрбие беру – рухани қажеттілік ретінде саналады. Тәрбие – адамзат тiршiлiгiнiң мiндеттi шарты.

Э.Орынбасарованың зерттеу жұмысында  “Адамгершiлiк бiр адамның екiншi адамға сыйлай салатын заты емес, ол өзiнiң тәжiрибесi арқылы ғана жететiн адамның iшкi жағдайы”- деп адамгершiлiктiң құндылығына тек қазақ халқы ғана жер бетіндегі барлық адамзат сүйенетініне ерекше тоқталған. Өйткені, халықтың тәрбие мәдениетi – өмiрдiң өзi сияқты күрделi де көп қырлы. Еңбекке тәрбиелеу, патриоттық тәрбие, эстетикалық тәрбие, адамгершiлiк тәрбиесi, экологиялық тәрбие, дене тәрбиесi. Осы барлық тәрбиенiң өзегi – адамгершiлiк тәрбиесi, бiрақ ол жападан жалғыз әрекет етпейдi, ол осы аталған тәрбие түрлерiмен бiрлiкте, демек адамгершiлiкпен қоса барлық тәрбие түрлерiмен бiрiге келе адамгершiлiк мәдениетi мен сапалары қалыптасады. Адамгершiлiк сапаларын индивидтiң өзi анықтап, адамгершiлiк ұстанымын да өзi қалыптастырады.

Адамгершiлiк – қоғамдық өмiрдiң объективтiк заңдылығына сәйкес, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды реттеуге негiз болып табылатын талапқа сай белгiлi бiр имандылық шарттарын бiлдiретiн ұғым ретінде қандайда бір критерийлік өлшемді талап етеді[42].

Халыққа бiлiм беру iсiнiң зор қарқынмен дамуы бүгiнде мектептерде жылдан-жылға оқу-тәрбие жұмысын дұрыс жолға қоюды талап етедi.

Ата-бабаларымыз өздерiнiң сан ғасырлар бойғы ұлы тарихында жас ұрпаққа тәрбие берудiң бай тәжiрибесiн жинақтап, өзiндiк салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр рәсiмдерiн қалыптастырған.

Әдеттер физиологиялық тұрғыдан ми қабатындағы динамикалық стереотиптiң бiр көрiнiсi. Бұлар ми сыңарларының тек оптимальдық қозуы бар алаптарында ғана емес, сонымен бiрге тежелуге ұшыраған алаптарында да пайда болады. Сондықтан да адамның жеке басында жағымды қасиеттердi тәрбиелеуде әдеттiң ерекше маңызы зор. Ежелгi үндi мақалында былай деген: “Қылық ексең – әдет орасың, әдет ексең – мiнез орасың, мiнез ексең – тағдыр орасың”. Әдет адамның мiнез-құлқының фундаментi болып табылады. Әдет негiзiнде мiнез қалыптасатынын А.С. Макаренко мiнез-құлықта дұрыс әдет қалыптастыру қажет екенiн атап көрсеткен.

Әдеп адамның ешбiр күш салуынсыз пайда бола бередi. Әдептердi белгiлi бiр мағынада бiрнеше топқа бөлуге болады. Олар: адамгершiлiк немесе моральдық (әрқашан шын сөйлеу, достарына адал болу, үлкендер тiлiн алу, т.б.).

Мәдени мiнез-құлықтары: (сыпайы болу, үлкен-кiшiнi сыйлап- құрметтеу, дұрыс сөйлеу, т.б).

Гигиеналық әдептер: (таза жүру, қол жуу т.б) еңбек, ақыл-ой әдеттерi. Атақты орыс педагогы К. Д. Ушинский: “Жақсы әдет өсiмге берген ақша, адам өмiр бойы соның жемiсiн пайдаланады, жаман әдет – борыш, адам өмiр бойы сол борыштың өсiмiнен азап шегедi” дейдi .

Адамгершiлiк әдеттерде бiрiне-бiрi қарсы екi күш болады. Бiрi жақсылық жаққа, екiншiсi жамандық жаққа тартады.

Ал оқуға деген әдет адамның әдет-дағдыларының күрделi бiр түрi болып табылады. Ол адамның қызметi мен мiнез-құлқының әдеттегi формаларының құрамына енедi. Олар оқушылардың бiлiм алуына және оқушыларды практикалық қызметке дайындауға зор әсерiн тигiзедi. Сол әдеттенудiң арқасында оқушы жинақы, тәртiптi бола түседi. Егер оқушы өз-өзiне сенбесе, оған оқуда болсын, жұмыста болсын, кездескен кедергiлердi жеңу қиын болады. Оқушының пайдалы әдеттерiн қалыптастыру, оларды адамгершiлiкке тәрбиелеуге зор әсерiн тигiзедi. Бастауыш сынып оқушыларының адамгершiлiк мәдениетiн тәрбиелеудiң iс жүзiнде тексерiлген ең сенiмдi әдiстерiнiң бiрi – мұғалiмнiң оқушыларға жүргiзетiн түсiндiру жұмысы болып табылады. Түсiндiру жұмысын тек теория жүзiнде ғана уағыздамай, пайдалы әдеттердi тәжiрибеде тiкелей көрсетумен ұштастыру керек. “Әдет, - дейдi А.Макаренко, әрдайым жаттығып отырудың нәтижесiнде қалыптасады, сондықтан жаттығуды дұрыс ұйымдастыру қажет”.

Бұл проблема жан-жақты қарастырылып, үнемi iзденiстер жүргiзiлсе де, қаншама концепциялар ұсынылса да бүгiнгi күнге дейiн нақты жауап таба алмай келедi. Бұның шындыққа сай ең негiзгi қиыншылығы, бiздiң, яғни адамдардың арасындағы үлкен айырмашылықтардың болуында.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Сiләмбекова Т. Адамгершiлiкке тәрбиелеу – басты мақсат. /Т Сiләмбекова.-  //Қаз. Мектебi, -2003, -№5, -44 б.

2.Балтабай Е. Этнопедагогтка және тәрбие. / Е Балтабай.- //Қазақстан мектебi, 2003, №1, 40 б.

3.Кабуш В.П. Гуманистичиское воспитание школьников. /В.П. Кабуш.- //Педагогический вестник. -2004, -№2 – 31.

4.Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. -А., 2001.