П.ғ.д., профессор Бөлеев Қ. п.ғ.к., доцент Бөлеев Л.Қ.

п.ғ.к., доцент Нұрманалиева Ұ.Т.

 

ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІНДЕ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ КЕШЕНДІ БАҒДАРЛАМАСЫ

 

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің 6 қаңтар 2016 жылғы «Егемен Қазақстан» газета- сындағы «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында бүкіл Әлемге: «Біз жаңа Қазақстанды – Ұлы Дала Елін құрдық» [1],- деп жария етті. Бұл ата- бабаларымыздың сан ғасырлар бойы армандаған мақсаты мен мұраты еді.

Елбасының сөзінен: Ұлы Дала Елінің тәрбиесі қандай болу керек? Ол тәрбиенің әдіснамасы мен теориясы жасалынды ма? Және де оны практикада қалай жүзеге асыру керек? деген проблемалық сұрақтар туындайды.

Біздің көп жылғы зерттеу жұмысымыз көрсеткендей, өткен ғасырдың соңғы жылдары өз статусын алған жаңа ұлттық ғылым саласы – «Қазақ этнопедагогикасы» ғылымы- жоғарыда қойылған сұрақтарға толық жауап береді.

Қазақ этнопедагогикасы – қазақ философиясы, қазақ мәдениеттануы, қазақ этнографиясы, қазақ фольклористикасы, қазақ этнопсихологиясы, этнос теориясы, қазақ этнопедагогикасының тарихы ғылымдарының интеграциясы арқылы пайда болған қазақ педагогикасы ғылымының аясында қалыптасқан біртұтас этнопедагогикалық білім беретін дербес оқу пәні, ал оның өз пәні – ұлттық тәрбие беру үрдісі.

Біздің ойымызша, Ұлы Дала Елінде тәрбие – ұлттық тәрбие болу керек! Өйткені ұлттық тәрбие туралы идея – бүгінгі күннің талабы және қазіргі өміріміздің қажеттілігінен туындап отырған өзекті проблема. Ұлы Дала Елінде ұлттық тәрбиенің қажеттігі – елімізде орын алып отырған төмендегідей қайғылы қасіреттер мен құбылыстарды бірте- бірте жоюдың, олардан құтылудың, оларды алдыналып болдырмаудың ең сенімді және ғылыми дәлелді жолы: қазақ тілін, қазақ тарихын, төл мәдениетімізді, ұлттық салт- дәстүрлерімізді шала немесе тіпті білмейтін жастар; тастанды, жетім балалар, олардың күн санап көбеюі; олардан пайда болатын қиын және қылмыскер балалар; қарттар үйлерінде жылап отырған аталар мен әжелер; шылым шегетін, ішкілік ішетін және наша тартатын жастар; олардың арасында қылмыстың қаулауы; жезөкшелік; жұмыссыздық; оқу орындарында оқу- тәрбие сапасының нашарлауы; қатыгез, бейпілауыз, төбелескіш ұл мен қыз; ата- ананың бала тәрбиесімен айналыспауы, сыбайлас жемқорлық, елімізде экономикалық және әлеуметтік дағдарыстардың орын алуы, т.б.

Қазіргі кезде Ұлы Дала Елінде жеке тұлғаға ұлттық тәрбие берудің әдіснамалық негіздері қазақ ғалым – философтары – О.Сегізбаевтың, И.Ерғалидің, М.Орынбековтың, Т.Ғабитовтың, Ғ.Есімнің, А.Қасабеков пен Ж. Алтаевтың, Д.Кішібековтың, Н.Елікбаевтың, Ж.Молдабековтың, А.Құлсариеваның, т.б. зерттеулерінде жасалынды. Ал ұлттық тәрбиенің теориялық алғышарттары қазақ ағартушы- педагогтары – А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың, М.Дулатовтың еңбектерінде, теориялық және психологиялық- педагогикалық негіздері – Т.Тәжібаевтың, М.Мұқановтың, М.Ғабдуллиннің, Қ.Жарықбаевтың, С.Қалиевтің, Ә.Табылдиевтің, Қ.Бөлеевтің, К.Қожахметованың, С.Ұзақбаеваның, Ж.Наурызбайдың, К.Оразбекованың, Р.Дүйсембінованың, С.Әбілдинаның, Қ.Әтемованың, Қ.Сарбасованың, т.б. зерттеу еңбектерінде жасалынды.

Ұлы Дала Елінде жас ұрпаққа және оқушы жастарға ұлттық тәрбие беруде ресми құжаттар ҚР- ның Конституциясы, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы, Қазақстан Республикасындағы этникалық- мәдени білім беру тұжырым- дамасы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігінің «Тәлім- тәрбие» тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Елбасы Н.Ә Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауларындағы білім саласы бойынша жүзеге асырылуға тиісті міндеттер Кешені басшылыққа алынады.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында: «Білім беру жүйесінің міндеттерінің бірі – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым және практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» [2], ал Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында «...жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. ... қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мақсатында тұрақты негізде мемлекеттік рәміздерді таныту, тарих, салт- дәстүр және ана тілін білу жөніндегі іс- шаралар жалғастырылатын болады» [3],-  делінсе, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауының жетінші бағыты «Қазақтанда адами капиталдың сапалы өсуі» деп аталып, онда ең алдымен, білім беру жүйесін жаңғырту қажеттігі, сол мақсатта нақты іс- шараларды жүзеге асырудың маңызы зор екендігі айтылды.

Сол іс- шаралардың бірі – «Оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажет. Олар- патриотизм, мораль және парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойын ұсынушылық», оларды қазіргі ұлттық құндылықтар ретінде жастардың бойына «барлық оқу орындарында сіңірілуі тиіс» [4],- деп атап көрсетілді. Аталған іс- шараның педагогикалық мәні мынада: барлық оқу орындарында оқытылатын пәндердің оқу бағдарламаларына сай білім беру үрдісінде жеке тұлға бойына ұлттық тәрбиенің түрлері: отансүйгіштік, адамгершілік, имандылық, ұлтаралық келісім, толеранттылық, дене, ақыл- ой, эстетикалық, салауаттылық, құқықтық тәрбиелер берілуі тиіс. Ол үшін бүгінгі қазақ этнопедагогикасы ғылымында жеке тұлғаға оқыту үрдісінде ұлттық тәрбие берудің әдістемесін жасау бойынша зерттеулер қажет. Нәтижесінде бағдарламалар оқу құралдары, оқулықтар, ұлттық тәрбие бере алатын мамандар даярланады. Сондай- ақ сол  Жолдауда: «Бізде тіпті ондай оқулықтар, жастармен дәл осы мәселелер бойынша жұмыс жүргізетін оқытушылар жоқ» екендігіне орынды сын айтылған.

Сонда, Ұлттық тәрбие дегеніміз не? деген заңды сұрақ туындайды. «Ұлттық тәрбие» ұғымы дүниежүзілік педагогика тарихында әлі нақты анықталмаған. Бұл мәселеде Шығыс және Батыс елдерінің ғалым- педагогтары әртүрлі пікірде. Батыс педагогикасында ұлттық тәрбие беру мәселесі тіпті қарастырылмайды, өйткені онда рухани құндылықтарды ескермейді. Орыс педагогикасында ғалым А.К.Колеченконың «Психология и технология воспитания» атты монографиясында «Национальное воспитание – это формирование отношения к своей нации» [5],- деген анықтама берілген. Шығыс ғалымдары – Жапония, Корея, Қытай, Араб елдері – ұлттық тәрбиеге ерекше мән беріп, олар «Ұлттық тәрбие – жеке тұлғаның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру» деп есептейді.

Қазақ педагогикасының тарихында ұлттық тәрбие ұғымын ең алғаш ендірген қазақтың ұлы ағартушы- педагогы Мағжан Жұмабаев. Ол өзінің 1922 жылы Орынбордан шығарған «Педагогика» атты оқу құралында ұлттық тәрбие, оның қажеттілігі, тәрбиешінің (ата- ана мен мұғалім) ұлттық тәрбиемен таныс болуы, ұлттық тәрбие алған баланың ерекшелігі туралы: «... әр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың бала тәрбие қылу туралы ескіден келе жатқан жеке- жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тастақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» [6],-  деген еді.

Қазақстанда ұлттық тәрбие туралы зерттеулер жүргізуге кеңестік дәуірде тиым салынғаны белгілі, ал еліміз Егемендік алғаннан соң ғана түрлі оқу- тәрбие мекемелерінде ұлттық тәрбие беру және оған болашақ мұғалімдерді дайындау проблемалары бойынша бірқатар еңбектер жарық көрді. Нақты мысал, әрі үлгі ретінде Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары жастарға ұлттық тәрбие беру және болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге дайындау проблемасы бойынша бірнеше жылдан бері зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде көптеген ғылыми еңбектер жарыққа шықты. Университетте «Ұлттық тәрбие» кафедрасы, кафедра мүшелері «Ұлттық тәрбие» бағдарламасын оқу үрдісіне ендіріп оқытуда, студенттерге арнап «Ұлттық тәрбие» сериясымен бірнеше оқулықтар және республикалық «Ұлттық тәрбие» атты ғылыми- көпшілік журнал жарық көруде.

Бүгінгі таңда Ұлы Дала Елінде білім беруде оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту арқылы жеке тұлғаға ұлттық тәрбие беру міндеті қойылып отыр.

Біздің  көпжылғы зерттеу жұмысымдың нәтижесінде «ұлттық тәрбие» ұғымының анықтамасы қазақ этнопедагогикасы ғылымында берілетіндіктен, біз оған: «Ұлттық тәрбие деп – жеке тұлғаның Ана тілін, Ата тарихын, Төл мәдениеті мен Ұлттық салт- дәстүрлерін бойына сіңіріп, ұлттық санасының, намысының, мінез- құлқының және дүниетанымының қалыптасуын айтамыз» [7],- деген анықтама бердік. Өйткені, қазақ тілі, қазақ тарихы, қазақ мәдениеті мен қазақтың салт- дәстүрлері – біздің ұлттық құндылықтарымыз. Сол құндылықтар арқылы ұлттық тәрбие алған ұрпақ- еңбекқор, дені сау, салауатты, өнерлі, білімді, ақылды, кәсіпкер, иманжүзді, үнемшіл, сұлу да сымбатты, зияткер ұлтжанды азамат болып өсетіндігінде. Сондықтан да, ұлттық тәрбие – еліміздің болашағы.

Ендігі мәселе, Ұлы Дала Елінде жеке тұлғаға ұлттық тәрбие беруді практикада қалай жүзеге асыруға болатынын қарастырайық.

Ұлттық тәрбиені жүзеге асырушы отбасы мен түрлі тәрбие және оқу орындары. Ол үшін ата- ананы отбасында балаларға ұлттық тәрбие беруге және түрлі оқу- тәрбие мекемелерінің тәрбиешілері мен мұғалімдерін оқушыларға ұлттық тәрбие беруге даярлау қажет. Бұл өте күрделі де, әрі ұзақ үрдіс.

Ата- ананы және мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге дайындауда педагогикалық оқу орындарының мүмкіндіктері мен алатын орны ерекше екендігіне біздің көпжылғы зерттеушілік жұмысымыз дәлел бола алады.

Болашақ мұғалімдердің жеке тұлғаға тұтастай және кешенді ұлттық тәрбие беру іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыру үшін педагогикалық мамандықтардың ерекшеліктерін ескере отырып, қазақ этнопедагогикасы материалдары негізінде жасалынған элективті курстар ретінде төмендегідей элективті курстарының бағдарламаларын оқу- тәрбие үрдісіне ендіруді ұсынамыз:

1. Отбасында балаларға ұлттық тәрбие беру;

2. Мектепке дейінгі мекемелерде ұлттық тәрбие беру;

3. Бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие беру;

4. Негізгі және бейінді мектептер оқушыларына ұлттық тәрбие беру;

5. Техникалық және кәсіптік білім алушыларға ұлттық тәрбие беру;

6. Студент жастарға ұлттық тәрбие беру.

Сондай- ақ «Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге дайындау тұжырымдамасы» жасалынды.

Аталған курстар бағдарламаларын құру үшін ғалым- педагогтардан тұратын ғылыми топ құрылып, бағдарламалар даярланды. Бағдарламаларды дайындауда балабақша тәрбиешілері, бастауыш және орта мектеп мұғалімдері, техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының оқытушылары қатыстырылды. Бағдарламалар эксперттік сараптамадан өткізіліп, баспадан шығарылды. Ол бағдарлама «Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде жеке тұлғаға ұлттық тәрбие берудің Кешенді бағдарламасы» деп аталады [8]. Міне, сол бағдарлама арқылы бүгінгі Ұлы Дала Елінде жеке тұлғаға ұлттық тәрбие беру арқылы елімізде ұлтжанды отансүйгіш зияткер азамат тәрбиелеуге болады.

Сонымен, Қазақ этнопедагогикасы – Ұлы Дала Елінде барша қазаққа ұлттық тәрбие берудің негізі деп толық айту орынды, әрі ғылыми дәлелді деп санаймыз. 

 

Әдебиет:

1.       Назарбаев Н.Ә. Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол // Егемен Қазақстан, 6.01.2016 ж.   

2.       Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы. – Алматы, 2007. -192 б.

3.       Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011- 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы // Егемен Қазақстан, 14.12.2010 ж.

4.       Назарбаев Н.Ә. «Әлеуметтік – экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа Жолдауы // Егемен Қазақстан, 27.12.2012 ж.

5.       Колеченко А.К. Психология и технология воспитания. – М.: Просвещение, 2012. -361 с.

6.       Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Ана тілі, 1992. -160 б.

7.       Бөлеев Қ. Қазақ этнопедагогикасы – ұлттық тәрбие берудің негізі. – Алматы: Нұрлы әлем, 2009. -160 б.

8.       Бөлеев Қ. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде жеке тұлғаға ұлттық тәрбие берудің Кешенді бағдарламасы. – Тараз: ТарМПИ, 2011. -75 б.