А.Қауғабаева
Жамбыл облысы, Луговой
ауылының балабақша әдіскері, Қазақстан
МЕКТЕП ЖАСЫНА
ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫ ОҚЫТУ ЖӘНЕ ТӘРБИЕЛЕУДЕ ОЙЫНДЫ ПАЙДАЛАНУ
Елбасы
Н.Ә.Назарбаев халыққа жолдауында білім беру жүйесіне,
жас ұрпақты тәрбиелеу сапасын уақыт талабы деңгейінде
жоғарылату мәселесіне ерекше мән беруде. Баланың жеке
басын жан-жақты дамыту мен мектепке даярлау ісі – бүгінгі
таңда білім беру саласындағы аса маңызды
мәселелердің бірі болып отыр.
Балалық
шақ-адамның туған кезінен бастап әлеуметтік және
психологиялық жетілуге дейінгі өмір кезеңі. Бұл кезде
баланың дамуы мен адамзат қоғамының
толыққанды мүшесі ретінде қалыптасу процесі
жүргізіледі. Балабақшаларда
ойын іс әрекетін мектеп жасына дейінгі балаларды дамытудың негізгі
құралы ретінде пайдаланылады.
Мектеп жасына
дейінгі балаларды ынталандырудың негізгі әдісі де ойын болып
табылады. Ойын әдісі дегеніміз-оқытуды тиімді
ұйымдастырудың, балалардың танымдық
қызығушылығын арттырудың, оқу материалын
жеңіл меңгерту тәсілі. Ойын әдісіне:
ойын-жаттығулар, ойын-тапсырмалар, логикалық ойындар,
дидактикалық ойын түрлерін пайдалану, ребус,
сөзжұмбақтар шешу, проблемалық жағдаяттар,
силықты кезең, ойын-жарыс элементтерін пайдалану жатады.
Оқыту-тәрбие үрдісін ойын түрінде жүргізу,
ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін, топсеруендерде,
әртүрлі тәрбие іс-шараларында дидактикалық ойындар,
логикалық ойын жаттығулар, проблемалық жағдаяттар,
балаларды қызықтыратын ойын-жарыс элементтерін пайдалану керек.
Ойын –
үздіксіз даму құбылысы. Ойынға үйрету мен
тәлім-тәрбие жұмыстарында пайдалану балалардың
ой-өрісін, дене дамуын қалыптастыруға көмектеседі. Ойын
сонымен қатар тарихи құбылыс болып та табылады.
Ойындар -
өзінің болмысы, мазмұны жағынан тарих түкпіріне
жетелейтін бірден-бір сара жол. Ол адамзат тарихымен тікелей байланысты
және үнемі даму үстінде болады. Сондықтан, ол
адамның барлық іс-әрекетінің дамуында да өте
маңызды орын алады. Ойын адамның еңбек әрекетінен
туындап, адам қиялының нәтижесі бола отырып
қоғамдық экономикалық формацияның өзгеруіне
өз әсерін тигізеді, ойын мен ойыншық қалыптасқан
адам мәдениетінің ең бір қызықты
құбылысы болып есептелінеді.
Ойында ең алғаш баланың дүниеге әсер етуді
қажетсінуі қалыптасады және көрінеді, ойынның
негізі, жалпы мәні де осында.
Ойынның мәнін анықтайтын бірінші ереже, ойын мотивтерінің
әртүрлі бала үшін ол мәні зор күйініштерге
негізделетіндігі болса, екінші ереже-ойын әрекеті адам іс-әрекетіне
тән көптеген мотивтерді жүзеге асыруы болады. Бала белгілі
бір рольді ойнағанда, ол тек басқа бір тұлғаға
айналып қана қоймайды, өзін де байытады, ой-өрісін
кеңейтеді, тереңдетеді.
5-6 жасар бала ойынға
психологиялық дайындықпен кіріседі. Ол қайсыбір ойыншықты өзінің
қалауымен еркінше алады, белгілі бір сюжетті ойластырып, ойынға
құрбыларын тартады, содан соң бәрі бірлесіп,
өздері белгілеген ереже бойынша әрекет етеді.
Ойын баланың өз еркіне негізделген ырықтылығын
туғызады, ол баланың сезімін оятып, адамгершілік қасиеттерін
жетілдіреді. Ойын үстінде бала өзін-өзі жеңуге
дағдыланып, шынайы қанағат сезіміне бөленеді, жеке
тұлға ретінде қалыптасады.
Баланың психикалық дамуына ойынның әсері зор. Ойын
әрекеті зейіннің, естің, ойлаудың, қиялдың,
бүкіл танымдық процестердің дамуына әсер етеді. Ойын
баланың ойын ережесінде мынадай талаптардың қамтылуын
көздейді:
- Бала құрбыларымен бірлескен ойында дамып
отыратын сюжетке байқампаз болуы тиіс, ол қайсыбір кішкене
тастың /ағаш жаңқасы, титімдей қағаз, т.б./
нені білдіретінін есте сақтауы тиіс;
- Ол аяқ астынан күтпеген жағдайға
тап болған сәтте не істеуі керек екенін тез байыптауы тиіс;
- Ол жоқ затты немесе қиялындағы
жағдайды көз алдына елестете отырып, ойынға қатысушы
басқалардың мұның ұсынысын қабылдап,
оның ойластырған ісіне қанағаттанатын болатындай әрекет
ете білу тиіс. Сөйтіп, ойын әрекетінде бала саналы мақсат
көздей алатын психикалық процестердің ырықтылығы
қалыптасады.
Ойын жағдайында балалар жай есте сақтау жағдайынан
гөрі әр нәрсеге жақсы зейін қояды және
көбірек есінде сақтайды. Бала ойын үстінде саналы
мақсатты /зейін тоқтату, есте сақтау, еске түсіру/
шұғыл және оңай жүзеге асырады. Ойын шарттарының
өзі баладан ойыншық заттарға, ойналатын көріністер мен
сюжетке зейін тоқтатуды талап етеді.
Құрбыларымен қарым-қатынас жасау қажеттігі,
олардың эмоциялық қолдауына ие болу қажеттігі баланы
мақсатты түрде зейін қойып, есте сақтауға
мәжбүр етеді.
Ойын мақсатсыз бос ермек емес. Көп уақытқа
созылатын, баланы қалжырататын жаттығулар, жіптен секіру, орамал
тастау, доптан секірту сияқты ойын түрлерін меңгеру
өзінің оң нәтижесін береді. Балалар ойнай жүріп,
белгілі ережелерге сүйеніп, әлгіндей заттар арқылы
іс-әрекетті игеру міндетін орындайды. Ойнай жүріп, бала мол
күш-жігер жұмсайды.
Ойын жағдайы, сондай-ақ, баланың ақыл-ой
әрекетін дамытуға үнемі ықпалын тигізеді. Бала кез
келген күтпеген жағдайға қашан да дайын болып, оны
дәл сол жерде дұрыс шеше білуі тиіс, ол ойын атауына сәйкес
жоқ заттың орнын басатын нәрсемен әрекет жасай білуі
тиіс.Орын басатын зат ойлау үшін тірек болмақ. Сол затқа
сүйену негізінде бала нақты зат туралы ойлауды үйренеді. Ойды
дамытудың мәні мынада: бала тікелей қабылданатын көрнекі
жағдайда зат арқылы әрекет етуді біртіндеп тоқтатады
да, заттар туралы ойлауды, ойын жоспарында оларды пайдаланып, әрекет
етуді үйренеді. Сөйтіп, ойын баланы түсініктер жоспарына сай
ойлауға баулиды.
Сонымен бірге ойын тәжірибесі, әсіресе ойын жөніндегі
нақты өзара қарым-қатынастар ойлаудың
айрықша қасиетінің негізін құрайды,
мұның өзі басқа адамдардың көзқарасын
қабылдауға, олардың мүмкін болатын
мінез-құлқын болжап білуге және осының негізінде
өз мінез-құлқын түзеуге мүмкіндік береді.
Бағдарламаны басшылыққа ала отырып, педагог ойында
балалар игеруге тиісті программалық мазмұнды сұрыптап,
жоспарлайды, дидактикалық және ойын міндеттерін, қимыл мен
ережелерді, ойланған нәтижені дәл белгілейді. Ол
ойынның өзіндік ерекшелігі мен өз әрекеттік сипатын
бұзбастан, оның бүкіл барысын жобалағандай болады.
Ойынды педагогикалық процеске еңгізе отырып, тәрбиеші
балаларды ойнауға, «жақсы ойын» жасауға үйретеді.
Мұндай ойынға мынадай сапа тән: - мазмұнның
тәрбиелік – танымдық құндылығы, бейнеленетін
түсініктердің толықтығы мен дұрыстығы;
- ойын іс - әрекеттерінің
орындылығы, белсенділігі, ұйымшылдығы және
творчестволық сипаты;
- жеке балалардың және барлық ойнаушылардың
мүдделерін ескере отырып, ойында ережелерге бағыну және
соларды басшылыққа ала білу;
- ойыншықтар мен ойын материалдарын мақсат керлікпен пайдалану;
- балалардың қарым – қатынастырының игі
тілектестігі және көңіл күйлерінің шаттығы.
Ойынды басқара жүріп, баланың жеке басының барлық жағына:
оның санасына, сезіміне, ерік – жігеріне, мінез –
құлқына ықпал жасайды, ойынды ақыл – ой,
адамгершілік, эстетикалық және дене тәрбиесінің
мақсаттары үшін пайдаланады.
Ойын процесінде балалардың білімі мен ұғымы
айқындалып, тереңдей түседі. Ойында қайсыбір рольді
орындау үшін бала өзінің түсінігін ойын әрекетіне
көшіруге тиіс.
Ойын кезінде адамдар арасындағы қарым – қатынасты
толығынан бере білу баланы белгілі ережелерге бағынуға
үйретеді. Ойын арқылы балалар үлкендердің
қоғамдық өмірімен таныса отырып, адамдардың
әлеуметтік функциясы мен олардың арасындағы қатынастар
ережелерін түсінуге де араласады.
Мектеп жасындағыларда рольді ойынының мазмұны өзі
қалаған рольден туындайтын ережелерге бағыну болып табылады.
Бұл жастағы балалар ережелерді орындауға төтенше міншіл
келеді. Ойында қоғамдық мінез – құлық
ережелерін орындай отырып «не болатынына» назар аударады. Сондықтан олар
ненің болатындығы, ненің болмайтындығы жөнінде
пікір таластырып: «аналар бұлай істемейді», «дәрігер ауруларды
осылай қарай ма» - және т.б. дейді.
Сонымен, рольді ойын сюжеті мен мазмұнының дамуы айналасындағы
үлкендердің өмірін баланың барған сайын
тереңірек ұғына түскендігін бейнелейді.
Ойын жағдайындағы балалардың шынайы қарым –
қатынастары. Ойында қатынастың ойындық және
нақтылы деп аталатын екі түрі болады. Ойындағы өзара
қарым – қатынас мазмұн мен рольдің қатынасын
бейнелейді.
Шынайы қарым – қатынас – ортақ істі орындау кезіндегі
балалардың серіктестік, жолдастық ретіндегі бір-бірімен қарым
– қатынасы. Балалар өзара сюжет туралы және рольдерді
бөлісу жөнінде келіседі, ойын барысында пайда болатын
мәселелер мен түсініспеушіліктерді талқылайды. Ойын кезінде
балалар арасында ынтымақтастықтың белгілі бір түрлері
пайда болады. Ойын баладан инициативашыл, көпшіл болуды, қарым –
қатынас орнату және оны үзбеу үшін өз
ықыласын өз сыныбындағы құрдастарының
қылығымен үйлестіре білу қабілеті сияқты
қасиеттерді талап етеді.
Қарым – қатынас элементтері балаларда тым ерте, олар әлі
кеңейтілген сюжетті ойынды ойнай білмейтін, әрқайсысы дербес
ойнайтын кезде пайда болады. Әдетте дамудың бұл
кезеңінде өзінің жеке іс - әрекетіне берліп кетеді де
өзге балалардың іс - әрекетіне назарын аз аударады.
Әйтсе де ойыннан зерігіп кеткен бала өзге баланың қалай
ойнап отырғанына назар аудара бастайды. Құрдастарының
ойынына қызыға қарау онымен белгілі бір қарым –
қатынас орнату әрекетіне жетелейді.
Қарым – қатынастың алғашқы түрлері
баланың қасындағы балаға жақын келіп, онымен
қатар ойнауға тырысуынан, өзі ойнап отырған
ойынның біраз бөлігін оған бергісі келетіндіктен, балалар бір
– біріне көз тіге қарағанда екеуінің де жүрексіне
күлімсіреу сәттерінен байқалады.
Мұндай жеңіл – желпі байланыстар әлі де болса
ойынның негізгі мазмұнын өзгерте қоймайды,
мүмкіндігінше арақашықтығы тәртібін сақтай
отырып, әр бала өзімен - өзі ойнайды. Келесі кезеңде
(үш-төрт жаста) бала өз құрдасымен
неғұрлым жиі араласа бастайды. Ол енді бірлесіп іс - әрекет,
қарым – қатынас орнату себептерін барынша іздей бастайды. Бұл
жағдайдағы араласудың ұзақтығы
баланының ойын үстінде ойыншықтарды қолдануды
қандай дәрежеде игергендігіне, ойын мақсатын
құрып, іс жүзіне асыра білуіне байланысты.
Ойыншықтармен ең қарапайым қимылдарды орындау
(ойыншық машинаға жіп
тағып алып сүйрету, кішкене шелекпен құм
төгу), баланың құрдасымен өзара іс - әрекеті
қысқа мерзімді сипатта болады. Ойын мазмұны біржола араласып
кетуге әлі негіз бола алмайды. Осы кезеңде балалар бір – бірімен
ойыншықтармен алмасып, біріне – бірі жәрдемдеседі; біреуі
екіншісіне аударылып қалған ойыншық машинаны дұрыстап
қоюға жәрдемдеседі, ал мұның шын ниетін
түсінген екінші бала өзіне көмекті шын ықыласымен
қабылдайды.
Балалардың білуге деген ынтасы мен мүмкіндіктерін толық
пайдалану, оларды оқу процесінде үздіксіз дамытып отыру және оқыту
үрдісінде алған білімдерін
практикада қолдану дағдыларын қалыптастыру үшін
дидактикалық ойындарды пайдаланудың орны ерекше.
Тиімді пайдаланған дидактикалық ойындар тәрбиешінің
түсіндіріп отырған материалын балалардың зор ынтамен
тыңдап, оны берік еңгеруіне көмектеседі. Өйткені ойын
мектепке дейінгі балалардың әрекетін белсендіріп, оларды
тәрбиелеп, дамытудың аса маңызды құралы болады.
Ойын процесінде балалардың білімі мен ұғымы
айқындалып, тереңдей түседі. Демек, ойын балалардың
соған дейінгі білімдері мен түсініктерін баянды етіп қана
қоймайды, сонымен бірге танымды белсенді іс-әрекетінің
белсенді бір формасы болып табылады. Соның барысында олар
тәрбиешінің басшылығымен жаңа білімді меңгереді.
Ойынды ұйымдастырып, оны басқара жүріп, ұстаз балалар
ұжымына және ұжым арқылы әр балаға
ықпал жасайды. Ойынға қатысушы бала өзінің ниеті
мен әрекетін басқалармен үйлестіруге, ойында
қалыптасқан ережелерге бағынуға тиісті болады.
Педагогикалық
басшылық болмаған жағдайда балалардың ойындары кейде
жарамсыз ықпал жасауы да мүмкін. Сонымен бірге дидактикалық ойын балалардың
танымдық дамуына әсер етеді, білімдерін кеңейтуге
қажеттілігін туғызады.
Мектеп жасына дейінгі балалар
өте еліктегіш, жаңаны жаны сүйгіш келеді. Сондықтан
тәрбиеші оқу іс әрекеті барысында
дидактикалық ойын түрлерін пайдалана отырып,
балалардың ынтасын арттырып, алған білімдерін өмірде
қолдана білу мен ізденімпаздық дағдылары жетіле түседі.
Әдебиет:
1.
Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы.
//Егемен Қазақстан, желтоқсан, 2014 ж.
2.
«Біз мектепке барамыз» 5-6 жастағы балаларды оқыту және
тәрбиелеуге арналған бағдарлама. Астана-2010,-114б.
3.
Елубаев С., Елубаева С.
Дидактикалық ойындар мен логикалық есептер-Алматы,1995-110 ,.
4.
Жикалина Т.К. Математикадан
ойындар мен қызықты тапсырмалар А: Рауан, 2002-164.