Досымбекова А.Т.

«Ер Төстік» № 35 балабақшасы, Тараз қаласы, Қазақстан

 

БАЛАБАҚШАДА   БАЛАЛАРДЫ  КӨПТІЛДІ   МЕҢГЕРТУГЕ БАУЛУ

 

      Н.Ә.Назарбаев  халқына Жолдауында үш тілдің –  мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін, ұлтаралық қатынас тілі ретінде орыс тілін және әлемдік экономикаға үйлесімді кірігу тілі ретінде ағылшын тілін меңгерген, бәсекеге қабілетті тұлға  даярлау міндетін атап көрсетті.

    Балабақшадан  бастап балаларға ана тілінің құндылықтарын меңгерту арқылы балалардың тілдік-коммуникативтік құзіреттіліктерін меңгерту міндеті арнайы білім беру стандартына енгізілді.

     Көптілді меңгерту мектепке дейінгі кезеңнен басталып, білім беру жүйесінің барлық сатыларына енгізілуде.   Осындай бастаманы, Жамбыл облысы әкімдігі  білім басқармасының бұйрығымен 2013-2014 оқу жылынан бастап  Тараз қаласының  №35 «Ер Төстік»  балабақшасы «Балабақша жағдайында көптілдікке  тәрбиелеудің  педагогикалық-психологиялық аспектілері» тақырыбында   эксперименттік алаң  ретінде таңдалынып алынды.

    Эксперименттік  жұмыс барысында біздің балабақша «Тілдер патшалығы» бағдарламасы мен оқу-әдістемелік кешенін  әзірледі:

1.                     «Тілдер патшалығы» бағдарламасы.

2.                     «Тілдер патшалығы» оқу-әдістемелік құралы

3.                     «Тілдер патшалығы» сөздігі (қазақ-орыс-ағылшын тілінде)

4.                     «Тілдер патшалығы» сергіту жаттығулар жинағы   (қазақ-орыс-ағылшын тілінде)

5.                      «Тілдер патшалығы» жұмбақтар мен санамақтар жинағы (қазақ-орыс-ағылшын тілінде)

6.                      «Тілдер патшалығы»  тақпақтар  және фонетикалық ертегілер жинағы (қазақ-орыс-ағылшын тілінде)

7.                     «Тілдер патшалығы» балаларға арналған жұмыс дәптері (қазақ-орыс-ағылшын тілінде)

8. «Тілдер патшалығы» дидактикалық құралдар    (қазақ-орыс-ағылшын тілінде)

9. «Тілдер патшалығы»  электрондық  құралдар жинағы (қазақ-орыс-ағылшын тілінде)

Экспериментке  қатысушы топ балаларының бос уақытын ұйымдастыруда  үйірме  жұмыстарының жоспары жасалды:

1.5+ жасар балаларға арналған «ABCD» ағылшын тілі үйірмесі.

2.4+жасар балаларға арналған «Расскажу сам» орыс тілі үйірмесі.

3.3+ жас балаларға арналған «Тәтті тіл» қазақ тіл үйрме жұмыстары жүргізіледі.

 Жоғарыда аталған, «Тілдер патшалығы» бағдарламасы инновациялық технологияларды қолдануды қажет етеді. Қазіргі таңда  мектепке дейінгі ұйымдарда қолданылатын педагогикалық инновациялық технологиялардың түрлері өте көп. Оларды тиімді етіп оқу іс-әрекеттерде қолдану педагог шеберлігіне байланысты. Инновациялық технологиялар: ойын технологиясы, денсаулықсақтау технологиясы, ақпараттық-коммуникативтік технология,  арт-терапия технологиясы,  дамыта оқыту технологиялары т.б.

Өз тәжірибемізде үш тілді меңгертуде, репродуктивті яғни түсіндірмелі – көрнекі әдістен, продуктивті әдіс, яғни жекелей іздену әдісін,  дамыта оқыту технологиясын  кең қолданамыз. Ол дегеніміз, бала проблемаларды көріп, сұрақтар қоя білуі керек, өз дәлелдерін айта білуі қажет, өзі ұсынған фактілерден  қорытынды  шығару керек, жоспар құрып, тексеріп, болжам айту  кезеңдерінен тұрады.  Осы әдісті жүзеге асыруға және балаларға берілген білім мазмұны мен көлемін жүзеге асыруда балалардың тілдік- коммуникативтік құзіреттілігін  және тілге деген қызығушылығы  артады.

      Заман  талабына  сай  оқыту үрдісін жетілдіре  отырып,  қоғам сұранысына сай жеке тұлға қалыптастыру мәселесі  бойынша балаларға ақпараттық - коммуникациялық технологияларды оқу іс-әрекетте  қолдану  тиімділігі артып  отыр. Бұл технология мектеп жасына дейінгі балалардың жас ерекшеліктеріне, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкес қолданылады.

    Ақпараттық - коммуникациялық технологияның мүмкіншіліктері өте зор. Бұның бәрін мультимедиялық мүмкіндіктері бар компьютерлік техника қамтамасыз ете алады. Бұл жерде компьютер педагогты ауыстырмай, тек толықтырып тұруы тиіс. Сондықтан компьютерлік технологияны білім беруге ендіру – қисынды және заманауи ақпараттық әлемді тұтастай дамытуға тиімді.  Есту және көру арқылы әсер ете отырып, мультимедиялық технологиялар жаңа мүмкіндіктер мен ақпараттар алуға жағдайлар жасайды. Компьютерлік технологиясының мақсаты ақпаратпен жұмыс жасау қабілетін қалыптастыру, коммуникативтік қабілеттіліктерді дамыту, «ақпараттық қоғам» тұлғасын дайындау.

Ең бастысы  балаға өзге тілді үйрету барысында сол тілдің дыбыстарын дұрыс айтуға көңіл бөлуіміз керек. Ал дыбыстарды дұрыс айту үшін және балалар бір –бірімен диалогтық қарым-қатынасқа түсе алу үшін лингафондық құрылғыларды пайдаланамыз. Біздің балабақшада арнайы «Лингофондық кабинет» жабдықталып, оқу іс-әрекетінде балалар лингофонмен дыбыстар айтуға жаттығады.

Сондай-ақ  оқу іс-әрекетінде балаларға арналған  планшеттер кеңінен  қолданамыз. Планшетпен балалар логикалық ойындар мен сөздік тапсырмалар орындауға арналған жаттығулар жасайды.

Балалардың тілдік құзыреттіліктерін дамытуда оқу іс-әрекетінде қолданылатын тағы да бір инновациялық технологиялардың бірі-интерактивті  үш тілде сөйлейтін сиқырлы қалам мен даналық әліппесі.  Бұл интерактивті құралды оқу іс-әрекетінде қолдану өте тиімді. Себебі балалар қаламды суреттерге нұсқау арқылы сөздерді естиді, қайталайды, бейне көріністерді тамашалау, әндерді айтуда оқу іс-әрекетіне балалардың қызығушылығы арттырады. Балалар сиқырлы қаламды қолдана отырып дыбыстардың дұрыс айтылуын,  дауыс ырғағын, екпінді дұрыс қоя білуді меңгереді. Оқу іс-әрекеті барысында санауды, түстерді атауды, сөйлем құрауды үйреніп, сөздік қоры дамиды.

Мектеп жасына дейінгі  баланың көрнекілік-бейнелік ойы, есте сақтау қабілеті артып, суретін көрсету арқылы есінде нақты қалады. Сондай кеңінен қолданатын әдістің  бірі - мнемотехника.

Мнемотехника - балалардың қоршаған орта, табиғат туралы білімін кеңейтуге, әңгіме  барысын тиімді есте сақтауға, әңгімені айтып беруге және тілін дамытуға жүйелі әдіс. Мнемотехника – жеңілден күрделіге қарай, сатылай күрделеніп отырады. Жұмыста  ең жеңіл  мнемоквадраттан бастап, жай ғана мнеможолдарға өтіп, сосын мнемокестеге өту қажет.
Мнемокестенің мазмұны - ол графикалық немесе жартылай графикалық ертегі кейіпкерінің бейнесінің, табиғат құбылысының кейбір іс-әрекетінің, әңгіме  мазмұнын құрайды.  Ең бастысы – көрнекілік, тірек-сызба, бейнелеген сурет балаға түсінікті болу керек
. Бірақ, жалғыз мнемокестемен шектелуге болмайды. Бұл тек, басты тиімді жұмыс, өйткені мнемокестені қолдану балалардың көру, есту, есте сақтау қабілеттерін дамытады. Мнемокесте  қолдана отырып, үстел ойындары мен сөздік ойындарды  пайдалану  керек. Сонда ғана баланың тілі дұрыс және жеткілікті деңгейде дамиды.

Біз оқу процесіне қажет материалдарды ғаламтор желісінен алып, өңдеп, балалардың  жас  ерекшелігіне  сай, тапсырмаларды  бейне материалдарды оқу іс-әрекет барысында қолданамыз.

Оқу іс-әрекеттерде бейне материалдарды қолдану мен презентацияларды демонстрациялау оқу құралы ретінде қиялды, абстрактілі ойлауды, оқытылатын оқу материалына және оқу іс-әрекетке қызығушылықты арттырады. Презентациялар бір жағынан балаларға жаңа материалды (иллюстрация, фотосуреттер, бейнелік, дидактикалық материалдар, т.с.с.) көрнекті түрде көрсету құралы болса, екінші жағынан, педагогтарға осы материалдарды және оны қолдану арқылы сабақты меңгерту процесін жеңілдетеді. Бейнематериалдар қолдану педагогикалық технологияның алға басқан тағы бір қадамы.  Балалардың ақпаратты теледидар, компьютер және т.б. техникалық құралдардың көмегімен жақсы қабылдайтынын жақсы білеміз. Біз барлық іс-шараларда, атап айтқанда облыстық, қалалық, балабақшада өтілетін оқу іс-әрекеттерде міндетті түрде инновациялық технологиялардың элементтерін қолданамыз.

Балалар өзін, өз сезімін және өзінің жағдайын әуен, дыбыс, қимыл және сурет арқылы көрсете алады. Кейбір бала үшін бұл- әлемге өзі туралы өзінің шығармашыл адам екенін танытудың негізгі   әдісі болып табылады.

Баланың бойындағы осындай қабілетті ашуға мүмкіндік беретін инновациялық технологиялардың бірі - арттерапия технологиясы. Бала шығармашылығы - оның шынайы өмір көрінісі. Шығармашылық қабілет әр баланың табиғатында болуы мүмкін,  біздің міндетіміз – баланың бойында жасырынып жатқан мүмкіндіктерін ашу. Осы мақсатта көптілділікке тәрбиелеуде біз арт-терапия технологиясының ертегі терапиясын жиі қолданамыз.

Ертегі терапиясы-балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, сананы кеңейту, айналадағы ортамен өзара әрекет етуді жетілдіру үшін қолданылатын әдіс. Бұл терапияның көмегімен балалардың қоршаған әлемге деген қызығушылығы  қалыптасады. Баланың ертегі сюжетіне әсерленуі, кейіпкердің  қиыншылықтарына  алаңдауы  оның келешекте өз алдында пайда болатын кедергілерден қиналмай өтуіне даярлайды. Ертегі терапиясының тиімділігі балалардың ой-қиялын, шығармашылық қабілеттерін  дамытады. Диалогтық  қарым қатынас арқылы балалардың ауыз екі сөйлеу дағдылары қалыптасады.

Біз өз тәжірибемізде, басымдықты ойын технологиясына береміз және жоғарыда аталған технологиялардың барлығы ойын түрінде қолданылады. Себебі ойын мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті болып табылады.  Дидактикалық  ойындар  арқылы берілген тапсырмаларды балалар қызыға орындайды. Рөлдік ойындағы диалогты дауыс ырғағына қарай тез жаттап айтып береді, ойын әдісі мен қатар  жарыс элементтерін, көп қолданамыз. Карточкалардағы  суретті тез орналастырып, суреттеп айтып беру, кім жылдам және шапшаң орындайды деп балаларды қызықтырып отырамыз.

В.А.Сухомолинскийдің сөзімен айтар болсақ, «Ойынсыз ақыл ойдың қалыпты дамуы жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірімен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады. Ойын дегеніміз – ұшқын, білімге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты»- деген.

Ойын – бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Ойын технологиясын қолдану, бала бойында тілді үйренуге  деген қызығушылығын арттырады.

 Қорыта келе,  инновациялық технологияларды  оқу іс-әрекетінде   қолдану -  бұл оның нәтижелігіне  қолайлы  жағдайды  жасаудың бірден – бір  жолы.  Оқытуда  жаңашыл  көзқарасты  қолдану, тәжірибеге  бағытталған  оқытудың  үлкен  жетістігі болып  табылады, сондай- ақ  оның  сапасы  алынған  білімнің нақты  жағдайда мақсатқа жетумен  сапасын анықталады. 

Үш тілді меңгертуде  педагогтардың  кәсіби шеберлігі мен іскерлігі,  әдістемелік  даярлығы,  біліктілігі  мен  іскерлігі  басты рөл атқарады. Әсіресе ілгерлеп  дамып келе жатқан  заманда  ынталы болмаса, оқып ізденбесе,  білімі  мен шеберлігін үнемі  шыңдап отырмаса уақыт көшіне ілесе алмай қалатыны анық. Оған бүгінгі жас ұрпақтың компьютерлік, электрондық техниканы тез игеру қабілетінің аға ұрпақтан гөрі едәуір жоғары болып отырғаны да себеп.

Сондықтан да біздің балабақшаның  тіл  мамандарымен қатар тәрбиешілер, пән жетекшілері   де ағылшын тілін меңгеріп,  білімдерін жетілдіріп  отырады.  Педагогтың қоғамдағы мәртебесін көтеру – мемлекеттік  іс, ал  оған  атсалысу бәріміздің міндетіміз.

 Әдебиет:

1.        Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан халқына жолдауы». //Егемен Қазақстан 2006  ж.

2.        Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты.- Астана 2009ж.

3.        Шарипбаева М.С. Изучаем английский язык. Для детей 5-6 лет. Методическое пособие.- Алматы. 2011.-130 с.

4.        Учим английский язык. Новый образовательный проект. –М: «Махаон»,- 2000.195 с.