п.ғ.к., доцент Досанова А.Ж.
магистрант Досанова Г.Т.
«Тұран-Астана» университеті,
Қазақстан
КРЕДИТТІК
ОҚЫТУ ЖҮЙЕСІНДЕ СТУДЕНТТЕРДІҢ ӨЗДІК ЖҰМЫСТАРЫН
ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ
Қазіргі кезде қоғам дарынды,
қабілетті тұлғаларды қажет етеді. Инновациялық
білім беру – тұлғаға бағытталу, білім берудің
негізділігі, шығармашылық, кәсіби бағдар,
ақпараттық технологияларды қолдану деген түсініктердің
жиынтығы. Сондықтан оқытушыны студенттердің
қандай қасиеттерін, сапаларын дамыту керек, қалайша
өзін-өзі дамыта білуіне көмектесуге болады деген
сұрақтар толғантуы керек. Студенттердің ең
алдымен, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі тәрбиелеу,
өз білімін жетілдіру, өзін-өзі бақылау мен
бағалау әдет-дағдысын қалыптастыру
тұлғаның шыңға жету жолы болмақ.
Студенттердің танымдық қызметі
барысында өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудың
маңызы зор. Бұл мәселе жөнінде
Әбдікәрімұлы Б. мен Андасова А., Ястребова Е.Б., Ерецский
М.И., Вербицкий А., т.б. ғалымдар түрлі қырынан зерттеген.
Бұл зерттеулердің өзектілігі – студенттердің
теориялық және практикалық білімді саналы игеріп,
интеллектуалдық қызмет жасай білуге тәрбиелеу болып табылады.
Сонымен бірге студенттер жай ғана беріліп жатқан дайын біліммен қаруланып
ғана қоймай, білімді тауып, ізденіп алуына, яғни студенттерді
оқи білуге үйрету маңыздырақ.
Студенттердің өздігінен орындайтын
жұмыстарының бір жаттығулар мен тапсырмалар болып табылады.
Сондықтан жоғарғы оқу орындарында әрбір курста
оқытушылардың басшылығымен студенттер жаттығуларды
өз бетімен жұмыс істеуге ұмтылады. Студенттердің
өзіндік жұмысы болашақ маманның
шығармашылық ойлауын, танымдық
қызығушылығын және арнайы білім алуын қамтамасыз
ететіндіктен жаттығулардың маңызы зор.
Р.С. Немов төмендегідей қорытынды
жасаған: «Білік дағдылардың барлық түрлерін
қалыптастыруда жжаттығулардың маңызы зор. Олардың
негізінде дағдылар автоматтандырылып, біліктілер жетіледі. Ал
күнделікті, жүйелі жаттығуларсыз, білік, дағдылар
өз қасиеттерін жоғалтады» [1].
Өз бетімен жұмыстың маңыздысы
– студенттің өз беттерімен орындай алуларына, оқуға
белсенділігінің артуына, шығармашылығын
қалыптастыруға ықпалы мол. Өз бетімен жұмыс жасау
барысында студент Р. Сүлейменов [2] өздігінен істейтін
жұмыстарды әрекет сипатына қарай жаттығу, зерттеу
шығармашылық жұмыстар деп топтастырады. «Шығармашылық
еңбекте студенттің іскерлік қабілеті, білім көлемі,
білім молдығынан туатын толық дербестігі айқын көрінуі
тиіс». Шығармашылық жұмыстар студентердің дүниетанымына,
ізденімдік қабілетінің дамуына, тұлға ретінде
қалыптасуына ықпал етеді. Онымен қатар өздігінен ой
қорытып, шешім шығаруға, дұрыс сөйлеп, сауатты
жазуға, тіл байлығын арттыруға жәрдемдеседі.
Оқытушының сабаққа
дайындалғанда өзінің әрекеттерін ойластыруымен
шектелмей, деңгейіне қарай студенттің әркетіне
мән беруі тиіс.
Өзіндік жұмыстың түрлері сан
алуан. Оларды топтастыру – өте күрделі мәселе.
Сондықтан студенттердің өзіндік жұмыстарын таныстыру
үшін бірнеше шарттар мен белгілерді ескеру керек.
Оқытудың мақсат міндеттеріне
және пәннің мазмұнына, оқыту
әдістерінің ерекшеліктеріне, студенттің даму дәрежесіне
қарай өзіндік жұмыстарды бірнеше топқа бөлуге
болады. Оның негізгі жиі кездесетін бір тобы – сабақ
мақсатына қарай қолданылатын жұмыстың түрлері.
Олар мыналар: жаңа білімді меңгеруі; жаңа білімді бекіту;
білім мен дағдыларды қайталау, бақылау және тексеру.
Студенттердің жұмыстарының
барлық топтарын оқытушы оқыту барысында жүйелі
түрде әрқайсысын өзіне тиісті жерінде
қолдануға міндетті және оның бір ерекшелігі – оқыту
үрдісінің барлық кезеңіндерінде қолдануға
болады. Сондай-ақ студенттермен жүргізілетін өзіндік
жұмыстары олардың таным, іс-әрекеттерінің
ерекшеліктеріне қарай әр түрлі бағытта
ұйымдастыруға болады. Әрбір
оқытушы қатысында өткізілетін өзіндік жұмыс
сабағының жоспары барынша ұтымды жоспарланып, кафедра
отырысында талданып, пәнді оқудың тақырыптық
жоспарына енгізілуі керек.
Өзіндік
сабақтың бір сағатына мөлшерленген оқу
материалының бастапқы көлемі бір сағат дәріс
сабаққа осы тақырып бойынша белгіленген немесе
сарамандақ сабаққа белгіленген көлемнен артпауы тиіс.
Ұзақтығы бойынша оқытушы басшылығымен
өтетін өзіндік жұмыс 2-4 сағатқа созылады.
Өзіндік сабақтың екі сағатына берілетін
мәтіннің мөлшері 20 беттен аспауы керек.
Кредиттік жүйе
бойынша оқыту кезінде білімді бақылау ұпайлы-рейтингті
жүйе бойынша іске асырылады. Ал өзіндік жұмыс сапасын
бақылауды кафедра жүзеге асырады. Кафедра СОӨЖ есебін беру
формасын, мазмұнын белгілеп, өзіндік жұмыстың орындалу
ретін, орындалу уақытын анықтайды, оқытушылар мен студенттердің
өзіндік жұмыс нәтижесі туралы есептерін қарастырады.
Өзіндік жұмысты бақылау ауызша және жазбаша түрде
болуы мүмкін.
Жазбаша формада
өзіндік жұмыс нәтижесі, тестілеу, конспект, реферат,
баяндама, шығармашылық, бақылау, курстық, диплом
жұмыстары, ғылыми мақала, шығарма, аудио, видеоесеп
түрінде болады.
Өзіндік
жұмыс нәтижесін ауызша бақылау коллоквиум, конференция, іскер
ойын, шығарма, мәлімдеме, жеке әңгіме және т.б.
түрде болады [3].
Оқытушының
бақылауымен студент:
- зерттеушілік іскерлігі мен дағдысын
қалыптастырады;
- өткен материалдарды жалпылай алу және
қайталау, алған білімді қолдану, оларды толықтыру,
кеңейту дағдысын қалыптастырады;
- оқытушы
студенттің психофизиологиялық және академиялық
үлгерімін ескере отырып, өз бетімен жұмыс жасауға
бағыт-бағдар беріп, олардың дербестігінің дамуына
мүмкіндік жасайды;
- студентпен
бірлесекен іс-әрекет барысында оқытушы – студенттің
уақытын тиімді пайдалануға беретін түсіндірмелі-иллюстративті
(схема, таблица, тезис, т.б.) материалдарды қолдануды үйрету,
қажетті әдебиетті іздеу жолдарын көрсетеді;
- өзіндік белсенділігін, дербестігін дамыту үшін проблемалық
баяндау, шығармашылық ізденіс әдістерін қолданған
дұрыс;
- оқытушы
студентке жеке тапсырма таңдауға (курстық жұмыс,
реферат, ғылыми баяндама, үлгі сабақ жоспарын
құруға) көмектеседі;
- әдебиеттермен қамтамасыз болуға, олармен жұмыс жасай
білуге, тиімді әдіс-тәсілдер, тапсырма орындау жолдарын қолдана
білуге үйретеді;
- жеке
не бірнеше студентке кеңес береді, студенттердің бір-бірімен
жұмыс жасауын үйлестіреді.
Студенттің
өздік жұмыс мәселелерін шешуде білім алушылардың жеке
ерекшеліктерін ашуға, ой қабілеттерін дамытуға
жағдайлар жасау. Мұның өзі студенттердің
өздік жұмысын ұйымдастыру үлгісін жүзеге асырумен
тікелей байланысты. Нәтижесінде өздігінен жұмыс жасау,
өз бетінше білім алу, өз кәсіби әрекетінде ғылыми
ізденіс жасау іскерлігі мен дағдысы, аналиткалық ойлауы
қалыптасқан, өз әрекетін басқара алатын, өз
жұмысының нәтижесінде өзіндік бақылау жасайтын
студенттің шығармашылық тұлғасы
қалыптасады.
Сонымен, өзіндік жұмыс студенттердің
шығармашылық әрекеті мен ынтасын дамытуда зор әсер
білдіреді, қайсарлық, табандылық, батылдыққа
тәрбиелеуде және қалыптастыруда көздеген
мақсатқа жетуге және жеке тұлғаны сапалық
қасиеттерін жетілдіруге зор мүмкіндік береді.
Әдебиеттер:
1. Асанов Н. Өзіндік жұмыстардың
ерекшеліктері. Алматы, 2004.
2. Исмаилова Р.Б. Студенттермен жүргізілетін
өзіндік жұмыстарды ұйымдастырудың ерекшеліктері.
//Бастауыш мектеп. №5,6-2012, Б. 36-37.
3. Абдукаримова У. Самостоятельная работа студентов.
Алматы, 1999.