Адилова А.Қ.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті

Алтаева А.Д.

Тараз «Болашақ» колледжі

Информатиканы оқыту әдістерінің түрлері

1)    Ауызша баяндау әдісі

Мектептегі ең көп тараған оқыту әдісі – ол мұғалімнің ауызша баяндауы. Бұл әдіс оқу процесінде жетекші рөл атқарады, әсіресе жаңа материалды түсіндіруде кеңінен орын алады. Бұл әдісті қолданғанда мұғалім оқушыларға білім берумен қатар дамытушылық таным белсенділігін арттыруға зейін, қабылдау, ойлау т.б. процестерін байланысты әрекет жасайды. Мұғалім өзінің баяндауын басқа әдістерінің тәсілдерімен ұштастырады.

Мұғалім сөзін көрнекі бейнелермен байланыстырады, түрлі көрнекі және техникалық құралдарды көрсету арқылы сондай-ақ көркем сөзді пайдалану арқылы. Сөздік әдістерге жататындар; ауызша баяндау, әңгіме, түсіндіру, оқулықпен және кітаппен жұмыс істеу әдістері.

Көрнекілік әдістер; оқушылардың бақылауы, мұғалімнің көрнекі және техникалық құралдарды көрсетуі.

Практикалық әдістер: жаттығулар, графикалық және зертханалық жұмыстар, дидактикалық жұмыстар, ұлттық ойындар.

2)    Әңгіме әдісі

Бұл әдіс бастауыш сыныптарда кең қолданатын әдістің бірі. Әңгіме барысында мұғалім мен оқушылардың арасында диалог пайда болады. Әңгіме әдісі оқытудың түрлі міндеттерін орындауға бағытталады. Өткендегі материалды жаңамен байланыстыру, жаңа білімді хабарлау, өткенді қайталау, оны тексеру және бағалау үшін қолданылады. Осыған орай әңгіменің бірнеше түрін айтуға болады. Мысалы, эвристикалық әңгіме барысында жаңа материалды түсіндіру үшін мұғалім өзінің сұрақтары арқылы оқушылардың өздеріне қорытынды мен тұжырым жасауға үйретеді.

Кіріспе әңгімесі: пікірталас әңгімесі; білімді тексеру және бағалау әңгімесі т.б. әңгіме әдістерінің нұсқалары болуы мүмкін.

Әңгіме әдісін қолдану мұғалімнің сұрақтарды дұрыс қойып, оқушылардың берген жауаптарына дұрыс бағыт беріп басшылық етуіне байланысты. 

3)    Оқулықпен және кітаппен жұмыс істеу әдісі

Бұл әдіс те оқу процесінде барлық пәндерге ортақ және кеңінен қолданылатын жетекші әдістердің бірі болып табылады. Оқулық пен кітап оқушы үшін сабақта және сабақтан тыс уақытта өздігінен білім алудың өте маңызды көзі. Бұл жұмысты бастауыш кластардан бастау керек. Ең алдымен, оқушыларды дауыстап оқуға, одан кейін тез, іштей оқуға, оқығанды өз сөзімен айтып беруге дағдыландыру қажет. Мәтінмен жұмыс істегенде, ең негізгісі оның мазмұнын айтуға, бөліктерге бөліп жоспар жасауға үйрету керек.

4)    Көрнекілік әдістері

Бұл әдістердің ішінде ең басты рөл атқаратыны – бақылау әдісі. Бақылау әдісі сабақта нақты заттар мен көрнекі және техникалық құралдарын демонстрациялау кезінде, сондай-ақ экскурсияда, зертханада, еңбек операцияларын орындау барысында ерекше орын алады. Бақылау мұғалімнің басшылығымен сабақ үстінде және сабақтың соңында немесе сабақтан тыс уақытта мұғалімнің тапсырмасына байланысты немесе оқушылардың өздерінің қалауы бойынша кеңінен іске асырылады. Бақылаудың тиімділігі мынадай тәсілдерді қолдана білуге байланысты; бақылаудың мақсатын анықтау, қабылдайтын нәрселердің мөлшерін белгілеу, салыстыру арқылы олардың көптеген белгілерінің ішінен ең негізгі, бастамаларын ажырату, оларды топтастырып, қорытындылар мен тұжырымдар жасау т.б. Бақылау әдісінің негізгі түрлері болады: демонстрациялық бақылау, экскурсиялық бақылау, зертханалық бақылау, техникалық бақылау және оқушылардың өздігінен дербес бақылауы. Оқушылардың ойлау қабілетін дамытудың күшті құралы – бақылау. Бақылаудың негізгі әдістемелік тәсілдеріне жататындар:

1.Мұғалім оқушыларды белгілі бір нәрсені жан- жақты бақылауға, оның қасиеттерін, ерекшеліктерін, мүмкіндігінше, көру, есту, дәм, иіс т.б. сезім мүшелерін қатыстыру арқылы зерттеуге бағыт беруінің маңызы зор.

2.Мұғалім бақылауда оқушыға анализ бен синтез арқылы заттардың негізгі қасиеттерін ажырату, топтастыру сияқты ойлау процестерін қолдануға басты басшылық етуі қажет.

5) Практикалық әдістер

Практикалық әдістердің ішінде жаттығудың алатын орны ерекше. Бұл әдіс арқылы оқушыларда біліктер мен дағдылар қалыптастырылады. Жаттығу қайталаумен тығыз байланысты. Жаттығу барысында оқушы көптеген қайталау қимыл әрекеттерін жасайды. Жаттығу әдісі мынадай тәсілдерді қолдануды керек етеді: жаттығуларды орындаудың тәртібі мен реті туралы нұсқау беру, істейтін жұмыстың үлгісін көрсету, қайталау қимылдарын, жұмыс барысында өзін-өзі бақылап, тексеріп отыру т.б. Оқытудың міндеттеріне сай жаттығудың көп түрлері қолданылады: ауызша және жазбаша, графикалық және практикалық жаттығулар.

Сабақтарда дидактикалық ойындармен ұлттық ойындарды кеңінен қолданудың маңызы зор. Әсіресе, өткен материалдарды пысықтау, қайталау кездерінде ойынды қолдану пайдалы. Мысалы, мұғалімдер грамматикалық, математикалық пошта, дамино ойындарын, т.б. саяхат, пошта, лото, санамақ, тоғызқұмалақ сияқты ойындарды қолдану керектігіне көңілдерін көп аударады. Әрбір ойынның өздік ерекшесімен ойнау тәртібін біліп, рөлдік сипатын сақтап, дұрыс ұйымдастыра білу қажет.