Кыстаубаева З.Т., Жангожина Г.М., Турдыбекова К.М.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Рефлексия технологиясының жаратылыстану бағытындағы пәндерді оқытудағы ерекшеліктері

Жоғары оқу орнындағы білім – бұл оқытушы мен студенттің субъектив-объектив əрекет жолдарымен мақсатқа жетуді көздеген педогогикалық процесс жүрісі. Адамның тұлғалық дəрежеге жетуі оның қоғам мұраттарына сай қалыптасуы педагогикалық процестен тыс іске асуы мүмкін емес. Бүгінгі сапалы білім беру мақсатында студенттердің өзіндік әрекеттерін арттыру мақсатында рефлексия технологиясы жиі қолданылады.

Кейінгі уақытта жоғары оқу орындарында рефлексияға іс жүзінде қатты көңіл бөлінуде. Себебі, рефлексия арқылы "студенттердің көзімен" оқу процесін бақылауға мүмкіндік туады, сонымен қоса, студенттердің жеке ерекшеліктерін анықтауға, өздерінің іс-әрекеттерін бағалауға және өзіндік нәтижелерді жасауға мүмкіндік туады.

Рефлексия - адамды, білімді дамытудың шарттарының бірі. Соңдықтан бұл қазіргі кездегі білім саласындағы көкейтесті мәселелер қатарына жатады. Рефлексияның мәні – адамның өзінің білімін, білімінің негізін, оларды меңгерудің жолдарын анықтау.

Рефлексивтік іс-әрекет оқушыға өзіндік талдау кезінде ғана байқалатын өзіндік жеке дара ерекшеліктерін тануына мүмкіндік туғызады. Білімді саналы түрде өзіндік қорыту, яғни рефлексия нәтижесінде ғана жүзеге асады. Рефлексия нәтижесі дегеніміз – міндеттерді шешу тәсілдерін түсіну. Рефлексияның қай түрі болмасын мақсатпен тікелей байланысты.

Педагогикалық процесте рефлекстік іс-тәжірибе жиі қолданылады:

·                    жобалау - модельдеу, тұтастандыру;

·                    ұйымдастырушылық - табысты іс-әрекет пен өзара қарым-қатынасты ұйымдастыру;

·                    коммуникативтік - оқытушы мен студенттің араласуы;

·                   мәнді түрде ізденушілік - қатысушылардың санасында педагогикалық процестің мәнін және оның әрекетін қалыптастыру;

·                    уәждемелік - сипат бағытын анықтау, әрекеттің нәтижесін және оқытушы мен студенттің өзара қарым-қатынасын анықтау;

·                    түзетушілік - педагогикалық процеске қатысушылардың өзінің әрекеттеріне түзету мүмкіндігін туғызу.

Сонымен, рефлекстік іс-тәжірибе студенттің даму жағдайын бақылаудың маңызды да, сенімді құралы болып табылады. Осы тұрғыда оқытушы оқу процесі кезінде келесі даму жағдайларын ескеруге бағыт алады: эмоциялық-сезімдік, тұтынушылық, мотивациялық, қызығушылық, әрекеттік, құнды бейімделушілік, дағдылық және т.б.

Рефлекстік технология қолдану кезінде себептік, себептік-салдарлық, байланыстар да анықталады. Оның негізгі мүмкіндіктеріне тұлғалық құндылық, әрекет әсерлесуі, қарастырылатын мәселелердің мәні, инновациялық педагогикалық технологиялар, іс-әрекеттің орын ауыстыруы, қызықты мазмұн, тілдесудің қолайлылығы, творчестволық табыстың арту мүмкіндігі жатқызылады.

Педагогикалық процесс кезінде қатысушылар өзінің даму өнімділігін бағалауға мүмкіндік алып, бір-бірімен өзара қарым-қатынас әрекеттерін дамытып, бағалаудың критерийлерін анықтай алады.

Тұлғалық дамудың өзіндік тетігі, өзін-өзі тануды меңгеру, кемелдік пен даналыққа қол жеткізу, «жоғары деңгейлік мамандық» саласындағы кәсіби дамудың негізгі факторы болып саналады.

Оқытушы рефлексияны қалыптастырады, себебі ол кез-келген кәсіби проблеманы белсенді талдау және ұғыну үдерісі, соның нәтижесінде оның мәнін түсіну және оны шешудің жаңа жолдары пайда болады. Оқытушы өзінің тәжірибелік қызметіне және субъект ретінде өзі-өзіне қатысты ұстанымы жоғары болады.

Рефлексияны әр түрлі сабақтың соңындаң әр тақырыптың соңында, сабақ этаптарының арасында, тарау соңында жүзеге асыруға болады. Ол ақырындап студенттің ішкі рефлексиясына ұласуы керек. Рефлексияның төмендегідей түрлері бар: оқу материалының мазмұнының рефлексиясы -көңіл-күй және эмоционалдық жағдайдың рефлексиясы - іс-әрекет рефлексиясы. Рефлексияның бұл түрлерін жеке, топтық, жұптық түрде өткізуге болады. Оқушыларды рефлексия жасауға үйретуде мәселенің психологиялық жағына мән беру тиімді. Оқытушының негізгі міндетіне оқу процесі кезінде студенттің өткізген күні немесе істеген жұмысы жайлы мәлімдеуі мен ойымен бөліскісі келетіндей психологиялық ахуал жасау жатқызылады. Әсіресе студенттің өзі жасаған әрекеттеріне байланысты басынан өткен сезімдерін қайта оралта алуы, ол жайлы қағазға түсіруі немесе басқаша суреттеуі ерекше жағдайды талап етеді.

Студенттердің әрекеті – зерттеушілік әрекет болу үшін жаратылыстану пәндерінің оқытушысы студенттерге ғылыми зерттеудің әдістерін, формаларын, принциптерін, нені ашу керектігін, қандай әдіс арқылы, қандай нәтиже алу керектігін үйренуге жетелеу сияқты нақты мақсаттар қоя білуі керек. Танымдық әрекет кез-келген студенттің өзінің мамандығы бойынша білімге деген өте белсенді ақыл-ой әрекеті болып саналады. Рефлексия жасау арқылы оқытушы сабақ барысында танымдылығы мықты студентте өзіндік мақсат, нәтижесін арттыруға мүмкіндік жасайды.

Сонымен, қазіргі кезде еліміздегі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктігін арттыру мақсатында ұйымдастырылатын шетелдік жоғары білім беру базаларындағы тәжірибе алмасуы нәтижесінде Еуропа елдеріндегі, оның ішінде Германия, Испания жоғары оқу орындарында «бакалавр-магистр» даярлаудағы қолданылатын жаңа инновациялық технологияларды өз университетіміздегі мамандықтарға жаратылыстану пәндерін (биология, география, математика және информатика) оқыту процесі кезінде кеңінен пайдалануға мүмкіндік туып отыр.

Қорыта келе, рефлексия – көп қырлы, кіріккен әрекет деп атай отырып, бұл әрекеттің психологиялық тұрғыда адамның психикалық қызметінің өзгеруіне ықпал етсе, жоғары оқу орындарында оқытушының кәсіби әрекетін жоғары шығармашылық деңгейде жүргізуіне негіз болатынына сенімдіміз.

 

Әдебиет:

1. Н.Г. Алексеев, В.К.Зерецкий, И.Н.Семёнов и др. «Методология рефлексии концептуальных схем деятельности поиска и принятия решений. Новосибирск: НГУ, 1991.

2. С.Ю Головин «Словарь практикующего психолога».

3. Рефлексия в психологическом обеспечении образования / Под ред. А.В. Карпова, И.Н.Семёнова, В.К.Солондаева. М.-Яр.:ИРПТиГО – ЯрРО ОПР, 2004.