Заурбекова З.А.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Орыс тілді дәрісханаларда кәсіби қазақ тілін оқытудың тиімділігін арттыру жолдары

 

Еліміз тәуелсіздік алып, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғалы, ана тілімізге қойылатын талап та, жүктелетін міндет те арта түсті. Бұрын қолданылу аясы шектеліп, шеттетіліп келген тіліміздің енді қызмет аясы өсіп, кеңейіп, ол – ғылым мен техниканың, заң мен қоғамдық қатынастардың тіліне айналды. Бірақ қол жеткен нәтижемен шектеліп қалуға болмайды, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, қоғамдық-әлеуметтік тұрмыста, ресми және мемлекеттік органдардағы азаматтық-құқықтық, іскерлік-қызметтік қатынастарда еркін қолданылуын қалыптастыруымыз керек.

«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының «Мемлекеттік тіл – ұлттық бірліктің басты факторы» негізгі мақсатын іске асыру – Қазақстанның барша азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды бағамдайды. Аталған жүйе ең алдымен, мемлекеттік тілді меңгеру мен оқытудың бірыңғай стандарттарын әзірлеуді және бекітуді, содан кейін оларды білім беру жүйесінің барлық деңгейіне – мектепке дейінгі мекемелерге, мектептерге, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу жүйесіне енгізуді көздейді»,– деп айқын көрсетілген [1]. 

Еліміздің қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңашыл бастамалар жас маманның жоғары мәдениетін, шығармашылық белсенділігін, қызметтік дербестігін, бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруға негіз болды. Жоғары кәсіптік білімді дамытудың қабылданған тұжырымдамасына үш деңгейлі білім жүйесіне сәйкес бакалавриат, магистратура, PhD докторантура стандарттары жасалып, маманның кәсіби құзіреттілігіне қойылатын талаптар белгіленді.  

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арналған 2009 жылғы Жолдауында «Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажет. Мемлекеттік тілді тиімді меңгерудің ең үздік, инновациялық әдістемелік, тәжірибелік оқу құралдарын, аудио-бейнематериалдарды әзірлеу керек», – деп нақты тапсырмалар берген болатын [2,3].

Бүгінгі күні Қазақстанның алдына қойып отырған басты мақсаты – әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылу. Осы орайда, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадамының 79-қадамында:  «Білім беру жүйесінде – жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу. Басты мақсаты – даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру»,– деп нақтылай көрсетілген болатын [3,3].

Бүгінгі студент – ертеңгі маман өзінің іс-әрекетінің нәтижелі болуына, кәсіби шеберлігінің өсуіне, өз кәсібіне деген қызығушылығына әсер ететін қабілеттерге ие болуы және оны дамытып отыруы керек. Заманауи білім беру үдерісі ең алдымен жеке тұлғаға бағытталып, тіл үйренушінің іскерлігін, коммуникативтік құзіреттілігін дамыту міндеттерімен ұштасып жатқандықтан, қазақ тілінің білім мазмұнын құрудың әдіснамасын дұрыс таңдап алу қажеттілігі туындайды. Ол үшін қазіргі заман талабына сай мемлекеттік тілді меңгертуде озық технологияларды, ұтымды әдіс-тәсілдерді пайдалану, білім беру саласында жүйелі жұмыстар атқару – еліміздегі ең маңызды әрі кезек күттірмейтін ауқымды мәселелерінің бірі болып отыр

Соңғы жылдары қазақ тілін меңгертудің түрлі тәсілдері мен алуан әдістемелері қалыптасты. Солардың қатарындағы ең тиімділерінің бірі – қазақ тілін әр мамандыққа сай, өз кәсібіне қарай бейімдеп оқыту. Белгілі әдіскер ғалым Р.Шаханова «Қазақ тілін мамандыққа қатысты оқытудың әдістемелік жүйесін жаңа технологиямен толықтырып, дамытып, жетілдіріп отыру тілдің қатысымдық қызметін нәтижелі меңгертуге негіз қалайтынын» айтады [4,301]. Сонымен қатар, ғалым бұл еңбегінде студенттердің мемлекеттік тілде сөйлеуге деген қызығушылығы мен мүдделілігін, олардың білімін рейтинг, тест материалдарын талапқа сай пайдалану арқылы арттырудың мәнін анықтап, студенттердің мемлекеттік тілді тиімді игеруінің басты факторы – оқу бағдарламалары мен оқулық, оқу-әдістемелік материалдарды модульдік оқу жүйесімен берудің ұтымдылығын дәлелдейді. Тілдік жүйені үнемі мамандықпен байланыстырып оқытудың тиімділігін көрсетіп, қазақ тілін мамандыққа қатысты үйретудегі мәтіннің маңызына ерекше мән беріп, оның тілдік жүйесіне қойылатын талаптарды айқындайды:

1. Мазмұндық және тақырыптық тартымдылығымен ерекшеленуі керек;

2. Тіл үйренушілердің өз бетімен жұмыс  істеуіне ынталандырылуы;

3. Қатысымдық (коммуникативтік) қасиеті басым болуы керек;

4. Мамандыққа байланысты ғылыми мәтіндер студенттерде қажеттілік сезімін туғызып, білім беруде студенттердің сенімін күшейтетін болуы қажет [4,204].

М.Жорақпаева мамандыққа сай мәтіндерге қойылатын тапсырмаларды нақтылай түседі:

1.Мәтіннің мазмұнын түсінуге арналған тапсырмалар;

2.Мәтіннен алынған ақпаратты шығармашылық ізденістер мен толықтыруға арналған тапсырмалар;

3.Мәтіндегі хабарларды адамдармен қарым-қатынасқа, сөйлесуге қолдана білуге арналған тапсырмалар  [5,104].

Ал Г.Алдамбергенова тілді мәтін арқылы оқыту төмендегідей міндеттердің орындалуына ықпал ететінін көрсетеді:

-тұрмыста, өндірісте, әлеуметтік ортада қазақша тілдік қатынасты игеру;

-қазақ тілінде мәдени-ресми, кәсіби қатынасқа дайындық;

-өз мамандығы бойынша сұрақтарға жауап бере білу, осы тақырып төңірегінде ойын айта білу дағдыларын меңгерту;

-кәсіби бағыттағы қарым-қатынастық мәтіндерді аудармасыз түсінуге ұмтылу;

-оқушылардың сөздік қорын молайтуда аударма, түсіндірме және кәсіби сөздіктерді пайдалана білу;

Қазақша ойлауға, қазақша сөйлеу әуезділігіне жету, үлгісіз, жетексіз өз бетінше сөйлеуге, жазуға дағдылану, игеру [6,77].

К.Аяпбергенова мен Р.Қатаева өз еңбектерінде қазақ тілін кәсібіне қарай бейімдеп үйрету үшін мұғалімдер мен оқытушыларға төмендегідей міндеттерді жүктейді:

-өз мамандығына сай сөздер мен мәтіндерді іріктеп алу;

-оқу материалының игерілуіне тиімді әдіс-тәсілдерді таба білу;

-студенттер ынталы түрде игерулері үшін, оларға бұл сабақтың қажеттілігін түсіндіру;

-студент ынтасын арттыруда оның қызығушылық қасиетін туғызатын психологиялық жағдайды ұйымдастыру  [7,64].

Тіл дамытудағы ең тиімді әдістердің бірі – мәтін бойынша жұмыс істеу. Сондықтан мәтіндер күнделікті тұрмыста қолданылатын, мамандық бойынша, төменгі және орта топ студенттеріне арналған мәтіндер болып топтастырылады. Салалық бағытта жұмыс жасауда кәсіби қызметтегі ерекшелік басты назарда  болуы маңызды рөл атқарады.

«Кәсіби қазақ тілі» пәні бойынша тіл үйренуші өз мамандығы саласындағы сөз мәдениеті, терминология, стилистика салаларын өз деңгейлеріне сай меңгереді. Белгілі бір құзіреттілік талаптарына жауап береді.
     «Кәсіби қазақ тілінің»  мақсаты мамандыққа кіріспе емес, қазақ тілін кәсіби деңгейде жетік меңгеру талаптарын негізге алады. Бұл пәнді аяқтаған тіл үйренуші:

- мемлекеттік тілде таратылатын кез келген ақпараттан өзіне, өз мамандығына қажеттісін таңдап алып, оны коммуникативті-функционалдық бағытта қолдана білуі керек;

- өзінің алған білімі мен білік-дағдыларын, қазақ тіліндегі сөздік қорын, терминологияны үнемі дамытып отыруы тиіс;

- мемлекеттік тілде өз мамандығы аясында шешен сөйлеу дағдыларының болуы;

- проблеманы танып, оны шешудің жолдарын айқындау, оны мемлекеттік тілде көркем жеткізе білуі керек және т.б.

Кәсіби қазақ тілінің мақсаты – болашақ мамандардың бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырып, жоғары моральдық қағидаларды, адамзаттық құндылықтарды сіңіріп, кәсіби этикетті меңгерту болып табылады. Осының нәтижесінде түрлі тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Демек, жоғары оқу орындарында студенттер тәрбиесі – оқыту жүйесінің бөлінбес бір бөлігі болып табылады.

Соңғы жылдары әдіскер-ғалымдар мемлекеттік тілді студенттердің кәсіптік мамандығына байланысты игертудің тиімді тұстары туралы жиі айтуда. Осы пікірлерді саралай келгенде, тілді мамандыққа қатысты оқытудың ұтымды жақтары ретінде негізгі тұжырымдар мыналар:

-студенттер қазақ тілін кәсіби қатынас құралы ретінде қолдана алатын болады;

-өз мамандығына қатысты сөздік қорын қалыптасып, ой-пікірін нақты, анық жеткізу дағдысын жетілдіреді;

-қызметіне сәйкес ресми-іскери қатынасқа тән тұлғаларды меңгеріп, мамандыққа қатысты ісқағаздарын жазу мен жүргізуді үйренеді;

-болашақ маманның тұлға ретінде қалыптасуына, өсуіне және дамуына, өз мамандығын саналы сезінуіне мүмкіндік береді.

Кәсіби қазақ тілін оқытуда ең алдымен білім алушының мамандығына сәйкес маңызды тақырыптар мен мәтіндерді таңдап алу қажет. Сол тақырыптар мәтіндерге қажетті лексикалық минимумдарды ұсыну, оларды коммуникативтік дағдыда қолдана білуге дағдыландыру студенттің сол тақырып аясындағы сөздік қорын молайта түседі. Мәтін бойынша оны есте сақтау, мазмұнын толық түсінуді талап ету, мәтінді екінші рет оқу үшін арнайы тапсырмалар беру, кәсіби терминдер мен мәтіннің мазмұнын түсінуге қиындық келтіретін сөздерді, күрделі сөз тіркестерін түсіндіру сияқты жұмыстар тілді меңгеруге өз көмегін тигізеді.

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. ...Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет» деп, оқушы жастар мен болашақ мамандардың кәсіби сауаттылығы мен біліктілігіне ерекше мән беріп отыр [8]. Ал оқушылардың, студенттердің сауаттылығын арттыру, дара тұлғалық қабілеттерін шыңдау, ең алдымен, оның өздігінен іздену, өздігінен әрекет ету, кез келген жағдаятта өз бетінше оң шешім қабылдай алу дағдыларын дамытумен тікелей байланысты. Болашақ маманның қызметіне, өмірге қажетті тілдік-қатысымдық дағдыларды меңгеруі қойылған проблемаларды оң шеше алуынан, өз мамандығына қажетті терминдерді дұрыс меңгеріп, әрбір мәселеге деген өз ой-пікірін дұрыс, анық, дәлелді жеткізуінен көрінеді.

Қазақстанның жаңару кезеңінде тұрған басты мақсат – өз мемлекеттігін нығайту, соның негізінде жаңа әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-саяси қатынастарды қалыптастыру [9,14]. Ал ол үшін қазақ халқының дәстүрлі қатысым жүйелерін жаңа қоғам сұраныстарымен сабақтастыру, қазіргі өркениеттің талаптарына бейімдеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту арқылы әлеуметтік, ұлтаралық қатынасты оңтайлы қалыптастыру қажет. Сондықтан кәсіби қазақ тілін оқыту арқылы қалыптастырылатын қатысымдық құзіреттіліктердің ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың бірлігіне негізделуі дұрыс болмақ.

 


Әдебиет:

1.    Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. –Астана, 2011.

2.            ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына 2009 жылғы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Жолдауы. 2009 жылғы 6 наурыз.

3.            Ұлт жоспары – 100 нақты қадам.

4.            Шаханова Р. Техникалық жоғары оқу орындарының орыс бөлімдерінде қазақ тілін мамандыққа қатысты оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері. –Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның қолжазбасы. –Алматы, 2002. -327 б.

5.            Жорақпаева М.Д. Ет-сүт биотехнология бөлім студенттеріне қазақ тілін тыңдалым әрекеті арқылы оқыту әдістемесі. Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның қолжазбасы. –Алматы, 2002. -156 б.

6.            Алдамбергенова Г.Т. Кәсіптік мектептердің орыс бөлімі оқушыларының қазақша сөйлеу тілін құрылысшы мамандығына сәйкес мәтіндер арқылы дамыту. Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның қолжазбасы. –Алматы, 2002. -161 б.

7.            Аяпбергенова К., Қатаева Р. Мейірбике ісі мамандығына арналған қазақ тілі. Оқу құралы. –Алматы: Білім, 2002. -156 б.

8.            ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына 2012 жылғы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы. 2012 жылғы 14 желтоқсан.

9.            Әлібаева М. Кәсіби қазақ тілін витагендік технология арқылы оқыту әдістемесі (экономика мамандығы бойынша). Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. –Алматы, 2010. -32 б.