МЕКТЕПТЕ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРМЕН ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті

Шокалакова С.Б.,  Копбосын Айжан

 

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті отыз елдің қатарына кіруінде білім сапасы жоғары, денсаулығы мықты, еліміздің әл-ауқаты үшін қызмет жасайтын жастарға үлкен сенім білдіріп отыр. Білім мен тәрбие әрқашан күн тәртібіндегі басты өзекті мәселе болып келгендігі баршамызға белгілі. Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы. Олай болса, білім деңгейі мен шығармашылық қабілеті жоғары, дарынды шәкірттерді тәрбиелеу ұстаздардың басты міндеттері екендігін ұмытпауымыз қажет.

Дарынды балалармен жұмыс білім мекемелері мен мемлекет қолдауын қажет ететін үздіксіз процесс. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында мемлекеттік саясат негізінде «Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуын және адамның дарындылығын дамыту» сияқты өзекті мәселелер енгізіп отырғаны белгілі.
Тарихта, халыққа басшылық етіп, әр салада жаңалықтар ашып, таңдаулы шығармалар мен қызметтер ұсынған дарынды қабілеттер әрқашан жоғары бағаланған. Қай мемлекеттің де негізгі тірегі - білімді де, іскер белсенді тұлға. Сондықтан қоғам талабына сай сол қоғамды көркейтетін, дамытатын тұлға тәрбиелеу ең маңызды мәселе екені даусыз. Дарынды балаларға білім беру әр ғылымның бүгінгі даму дәрежесіне сәйкес жүргізу бір жағынан қоғамға талантты мамандар даярлауда тиімді болса, екінші жағынан ерекше балалардың тек өзінің интеллектуалдық дамуын қанағаттандыруды қамтамасыз етеді.

Дарын дегеніміз адам бойында негізінен ана сүтімен, ата тегімен даритын құбылыс екенін өмір тәжірибелері дәлелдеп отыр. Дарындылық-белгілі бір іс-әрекет саласында ерекше жетістікке жеткізетін адам қабілеті дамуының жоғарғы деңгейі.“Дарындылық” ұғымы “сый” (“дар”) деген сөзден шыққан, дамудың қолайлы ішкі алғышарттарын білдіреді.
            Н.Ожеговтың сөздігінде дарындылық “табиғаттан берілетін ерекше қабілет”деп түсіндіріледі. Дарындылық пен қабілеттілік ұғымдары өткен ғасырдың 40-50 жылдарында психолог Б.Тепловтың еңбектерінде толығырақ зерттелді. Оның дәлелдеуінше, белгілі бір іс-әрекетті жүзеге асыруда қабілеттіліктің бір ғана түрі жеткіліксіз, сондықтан бірнеше түрлерінің жиынтығы қажет болады. Белгілі бір іс-әрекеттің ұтымды орындалуына тікелей әсер етуші қабілеттіліктің ерекше сапалық жиынтығын дарындылық дейді ғалым.
            Кейбір ғалымдардың пікірінше, балалық шақта байқалатын, табиғи нышандардың ойдағыдай қиысып келуінен туындайтын қабілеттің жоғарғы түрі “дарындылық”деп аталады. Қабілеттің осы түрінің сыры ғылымда әлі толық ашылмаған. Дегенмен дарындылықтың жоғары жүйке қызметінің тума типіне байланысты болып келетін кейбір ерекшеліктері белгілі болып отыр. Осыдан 200-жылдай бұрын Германияда “Кристиан фон Шенах жазып алған любектік төрт жасар дарынды бала Кристиан Генрих Хейнекеннің өмірі, іс-әрекеті, саяхаты мен өлімі” деген кітап жарық көрді. Дарынды балалар жөнінде жазылған алғашқы кітап осы болатын. Туғанына он ай толмай жатып Генрих суреттегі заттарды айырып атай алды, үш жасқа келгенде ертегілерді өзі оқып, арифметиканың төрт амалымен есеп шығаруды, көп ұзамай француз тілін үйренуді меңгеріп, географиядан жақсы мәліметі болды, мыңнан астам латын мақалын білді. Генрихтың даңқы әлемге жайылып, оны Дания королі қонаққа шақырады. Бірақ көп ұзамай сәби төрт жастан төрт ай асқанда қайтыс болады. Бұрын да қазір де мұндай балалар өмірде көптеп кездесіп отырады.
            Бүгінгі таңда дарынды балалар мәселесін зерттеуге қатысты философиялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік әдебиеттер жинақталған. Адамның психологиялық ерекшеліктері туралы ерте кезден бастап зерттеліп келеді. 
Ертедегі Қытайда дарынды балаларды “Шэнь тон”, яғни киелі бала деп атаған. Батыс хан патшалығында жалпы дарындыларды іріктеп тәрбиелейтін әдістемелік “Тоңцзыкэ” деп аталатын арнайы ереже болған және ол арнайы бөлімнің қызметін атқарған.
Әлем және қазақ тарихынан біз, Моцарт, Рафаэль, Пушкин, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов сынды дарынды адамдар өткенін білеміз. Қазіргі кезеңде де талай талант иелерінің қасиеттері туралы материалдарда жарыққа шығып жатыр.

Қазіргі таңда алдыңғы елдердің қатарынан көрінуіміз үшін дарынды балалардың қабілетін ашу, оны танытуда педагогика саласының атқаратын қызметі ерекше. Дарынды балалар мектеп бағдарламасын жылдам меңгереді. Зеректік, байқағыштық қасиеттері жоғары болады. Олардың көпшілігі өз уақыттарын шығармашылық жұмысқа арнайды, сурет салады, өлең жазады. Мысалы, Ч.Дарвин көп уақытын көбелек қуып, коллекция жинауға бөледі екен.
Дарын өкілдеренің қуат-қабілетінің шарықтайтын шегі болады. Мұндайда олардың санасы барынша өткірленіп, мейлінше айқындалады, байқампаздығы онан сайын арта түседі.
Ж. Аймауытовтың пікірінше, адам өмірге өзіндік табиғи қасиеттерімен, қабілеттерімен келеді. Ал баланың бойындағы туа біткен қасиеттерді дамытатын-оқыту мен тәрбие.
«Неғұрлым баланың қабілеті мен талантын дамытуға ертерек көңіл бөлінсе, соғұрлым оны толық ашуға мүмкіндік туады. Бала бойындағы ерекше қасиеттерді оған жақын жасы үлкендер дұрыс, жеткілікті бағаламаса, оның «өзгелер сияқты» болып қалып қоюы мүмкін» дейді америкалық ғалымдар. Оқушының дарындылығын анықтауда: дарынды бала туралы педагогикалық, психологиялық, әлеуметтік ақпараттар, мәліметтер жинақтау, бақылау, анкета, психодиагностика, социометрия, әңгімелесу, интервью сынды жұмыс түрлері жүргілуі тиіс. Аталмыш жұмыстар негізде психологиялық ерекшеліктерін айқындап, психологиялық зерттеу жұмысының қорытындысын (темперамент, зейін, ес, қабылдау, ойлауы, т.б.) және басқа мәліметтерді салыстыра арқылы, баланың әлсіз жақтарын дамытуға бағыт – бағдар беріп отыру.

Дарындылық төмендегідей топтарға жіктеледі:  ол ой-өрістің жоғарылығы, академиялық табыс, шығармашылық және тиімді ойлау, пікір айту, көркемдік әрекет,  қатынас және белсенділік, қозғалғыштық.

Дарынды оқушыларды таңдауда назар аударатын ерекшеліктер: дарынды бала өзгеше және шапшаң ойлайды, оқушылардың ішкі сезімі жағынан өзгешелігі көрінеді, өте сезімтал, ықылас қойған нәрсесін, тақырыбын әр жерде негізгі мәселе етіп ұсынады.

 Дарынды оқушылардың физикалық тұлғадан ерекшелігі: дамудағы шапшаңдылық, ақындарша сөйлеуі, жиі-жиі ойға берілуі, қиял-күйінің басым түсуі.

 Әлеуметтік тұрғыдан ерекшелігі: адамгершілік сезімдерінің ерте дамып, жоғарғы моральдық қасиеттерге ие болуы. 

Дарындылықты анықтағанда төмендегі факторларды ескеру керек: олар балалардың жас ерекшелігі, тұлғалық ерекшелігі, экспериментатордың тұлғалық ерекшелігі,

Дарынды балалармен жүргізілетін жалпы жұмыс жоспары: дарынды баланы іздеп табу және іріктеу, тереңдетілген бағдарлама бойынша (жеке, топтық, жұптап) оқыту, дарынды балалармен жүйелі түрде қосымша сабақтар өткізу, проблемалық оқыту әдістерін пайдалана отырып оқыту, ізденіс жұмыстарын (баяндама, сөзжұмбақтар, ребус, шығарма жазу, өлең шығару, т.б.) өз бетінше ізденіп оқуды ұйымдастыру,  дамыту, пәндік олимпиадаларға, конкурс-сайыстарға, ғылыми-практикалық конференцияларға қатыстыру т.б.  болып табылады.

Сондықтан да қазіргі уақытта дарынды оқушыларды психологиялық-педагогикалық тұрғыдан зерттеп, дер кезінде айқындау білімді де білікті психолог маманның ерекше мол тәжірибесі мен шығармашыл педагогтың еншісіне келіп тірелуі анық.

 

Пайдаланған әдебиеттер.
1.ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауы Астана, 2012

2.Қазақстан Республикасының “Білім туралы” заңы.-Алматы,2007.
3.Битуова Т.Р. Қазақстандағы дарындылық мәселесі бойынша инновациялық-педагогикалық қызмет.-Астана-2005