Уразбаева Максуда Нарбаевна
аға оқытушысы, п. п. Магистрі,
Кунгурова Сауле Назаровна
аға оқытушысы
М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік
университетінің
ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ СӨЗДЕР МАҒЫНАСЫНЫҢ
КЕҢЕЮІ ЖӘНЕ САРАЛАНУЫ
Қазақ
әдеби тіліміздегі әлеуметтік өзгерістерге байланысты
қалыптасқан қоғамдық-саяси сөздер
тіліміздің лексикасын байытып, грамматикалық құрылымы
мен фонетика жүйесіне жаңалықтар енгізіп, жітілдірілді.
Тіліміз елімізде
болған түбегейлі әлеуметтік өзгерістермен, қоғамдық
өндіріспен, халықтың бар тарихымен байланысты
болғандықтан, ондағы өзгеріс,
жаңалықтардың нәтижесінде тілімізде жаңа
сөздер қалыптасып, лексикамызды толықтырып, дамытып отырады.
Ал кей жағдайда кейбір сөздер тілдік қолданыстан шығып,
көнерген сөздердің қатарына жатады. Десек те
көнерген сөздердің саны тілдік қорға
жаңадан енген сөздерден мейлінше аз болады. Айта кетер бір жай,
кеңестік кезеңде қоғамдық-саяси лексика
анағұрлым дамыды. Бір жағдайда бұрынан келе
жатқан кейбір сөздердің мағыналық аясы кеңісе,
енді келесі бір жайда өзге тілдерден енген жаңа сөздер
көлемі молайды.
Дәуір
жаңалықтарына қарай лексика құрылымы
өзгеріске еніп, жаңа сөздер мен тіркестер пайда болып,
қолданыс өрісі кеңейіп, дамып жатса, енді
қоғамдық-саяси сөздердің біразы қолдану
аясы тарылып, ескіріп, жалпы халықтық тілден ығыса бастайды.
Мәселен, советтік дәуірдің өзінде: кіндік
(орталық) комиссариат, халық комиссарлар советі, қосшы
ұйымы, ауылдық кеңестер, низам жинағы (заң),
губерния, серіктіктер т.б. біркелкі сөздер лексикамыздың
қатарынан шығып қалған.
Тіліміздегі
бірсыпыра қоғамдық-саяси сөздерді қолдану
қызметі мен мағыналық ерекшеліктеріне қарай
өзгерістер болғанын көреміз. Мәселен, ынтымақ
сөзінің орнына келісім сөзі қолданылса,
серіктік
ашу-артель мағынасында қолданылды. Сондай-ақ кәсіпшілік
сөзінің орнына өнер-кәсіп, үлкен даражалы сөзі жоғары дәрежелі
сөзімен, союз сөзі одақ сөзімен, хұхық
сөзі право сөзімен алмастырылып, орындардағы
сөзінің орнына жергілікті сөзі, салу
сөзінің орнына құрылыс сөзі, көрсету
сөзінің орнына нұсқау
сөзінің алынуы, ынтымақтастыру
сөзінің орнына келісім сөзі, үйлестіру,
көрсету
сәзінің орнына нұсқау, низам
сөзінің орнына заң сөзі, бейнет
сөзінің орнына еңбек сөзінің
қолданылуы қоғамдық-саяси лексиканың
құрамы үнемі жаңаланып, өзгеріп, толықтырылып,
дамып отыратынына дәлел.
Тіліміздегі
қоғамдық-саяси лексиканың дамуы мен қалыптасуы
әлеуметтік өмірдің дамуымен тікелей байланысты дедік. Совет
дәуірінде елімізде жаңа өндірістің,
шаруашылықтың, өнер мен білім, ғылымның
техниканың т.б. дамуына байланысты қазақ әдеби тілінде
қолданысқа енген атаулар (сөздер мен тіркестер)
қоғамдық-саяси лексиканы байытты. Орыс тілі мен орыс тілі
арқылы кірген сөздер өнімді, көп болса, шығыс
тілдерінен енген сөздер жоққа тән болды. Дегенмен,
қолданылып жүрген араб, парсыдан кірген
қоғамдық-саяси мағыналы сөздер ана
тіліміздің заңына бағынып, кірігіп тіліміздегі байырғы,
төл сөздерше қоғамдық-саяси лексиканың
дамуы мен жасалуына негіз болды.
Яғни, орыс
тілінің құнарлы үлгісі арқылы тіліміздегі
байырғы (төл, кірме) сөздеріміз жаңа
мағынаға ие болып, қолданысқа еніп, тіркестер жасап,
қоғамдық-саяси лексикамызды дамытты. Мысалы: социализм
жеңісі, социалистік міндеттеме, коммунизм құрылысы,
қолхоз басқармасы, өндіріс, жарыс, кәсіподақ
комитеті, құрылысшылар активі, оқу озаты, жарыс сөз,
жиналыс, партия мүшесі, партия-совет активі т.б.
Яғни,
қазақ тілі лексикасының қарқынды дамуы тек
лексиканың құрамын ғана қамтып қоймай,
төл кірме сөздердің мағыналық дамуына да
ықпал жасайды. Тілдің лексика құрамының,
ондағы сөз мағыналарының өзгерісі үздіксіз
болып отырады. Семантикалық үдерістерде тіл қызметінің
дамуы үлкен қызмет атқарады.
Семантикалық
үдеріске сөз мағынасының кеңеюі, таралуы,
түрлі ауысулар: метонимия метафора, синекдоха, қызмет ауысуы,
құбылыстың сапасына, формасына, белгісіне және
мазмұнына қарай ауысуы, синоним, омонимдердің пайда болуы,
полесемияның дамуы, неологизм, архаизм сөздерінің сараптануы,
лексика-семантикалық топтары жатады.
Қоғамдық-саяси
сөздердің семантикалық жағын қарастырғанда
тіліміздің қоғамдық қызметін негізге аламыз.
Қоғамдық дамудың, соған орай тілдің
қоғамдық қызметінің артуымен семантикалық
үдеріс байланысты.Олай болса, жаңа сөздердің пайда
болуы, жасалуы, бар сөздердің мағыналарының дамып,
кеңеюі қоғамдық өмірдің
өзгерістеріне, экономиканың мәдениеттің дамуына тікелей
байланысты. Сөз мағынасының өзгеруіне, жаңаруына
талдау жасағанда төмендегідей ішкі, сыртқы себептерді
қамту қажет:
1. Жаңа
мағынаның пайда болу себебі;
2. Жаңа
мағынаның даму жолы, өзгеруі.
Тіліміздегі сөз
мағынасының кеңеюіне тоқталайық. Совет
қоғамы, оның мазмұны мен формасына сай
жаңалықтармен өзгерістер, жаңарған совет
адамдарының қарым-қатынастары тіліміздегі
сөздердің мағыналарына маңызды жаңалықтар,
өзгерістер енгізіп, кеңейтті. Мысалы, күрес, кеңес, байқау, одақ, қоғам,
дәулет, дауыс, тап, топ, көсем, қызмет, ұя, мүше,
жарыс, еңбек, орта, басқару, т.б. осы тәрізді
сөздерді атауға болады.
Тілдегі
жаңалық, өзгеріс төмендегідей жағдайлар
арқылы қалыптасады:
1) даяр сөз
алу (басқа тілден алынған атау,
2) жаңа
сөз жасау,
3)тілдегі бар
сөз жаңа мағынада қолданылуы.
Тап сөзі. Қазан
төңкерілісінен бұрын бұл сөз ру мағынасында
қолданылды. Мысалы: «Дулат Қаракерей табынан шыққан»[1].
Болмаса бұл
сөз бір-біріне қарама-қарсы әлеуметтік тапты
білдіреді. Оған мысалы:
1.«Сүйінбай
халық мұңын мұңдап, үстем тап
өкілдерінің әділетсіздігін бетіне басып әшкерелеп
отырған батыл да әділ сыншы»[2, 312б.]
2.Жиркенішті тап
жауына лағнет айттық,
Азғырған
бізді қыстай иттей үріп[3].
Сондай-ақ,
тілдік қорда туындаған түбірлер мен тіркестер де бар. Тап
күресі, тап тартысы секілді тіркестер де бар сөйлемдерге мысал келтірсек:
Тапсыз тату, мерекелі, өнерлі,
Ел жасаймыз
еңбегіне қуанған[3].
Еңбек сөзі
негізінен «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»
деген мағынасын сақтайды. Сыртқы әлеуметтік
жағдайдың әсерінен жаңа мағыналық
реңк қосып, тіркес аясы кеңейіп, туынды түбірлер жасап,
әдеби тіліміз дамып, түрлік сөзден тектік сөзге
ауысады. Мысалы: еңбек адамдары, еңбек ардагерлері, еңбек өнімі, еңбек озаттары, еңбек үлгісі, еңбек рақаты, еңбекті ұйымдастыру,
күрделі еңбек, Социалистік Еңбек Ері, еңбек вахтасы,
жазылған еңбек, еңбектің көзін табу, еңбек
кітапшасы, еңбекшілер депутаттарының жергілікті Советі, еңбек
ері, қол еңбегі, ми еңбегі, еңбек жолы, еңбегімен
көріну, т.б.
«Еңбекті ғылыми тұрғыда ұймдастыру қазір ауызға
алына бастады» деген сөйлемде еңбек сөзі жоғары
аталғандарға мысал болады [4].
Ұйым сөзі орыс тілінен организация сөзінің
үлгісімен қазақ тілінде ұйым сөзі туды.
Бұл о баста орыс тілінде (гнездо) ұя еді. Сөздің
бұрынғы мағынасы кеңейіп, дамыды. Осы
айтылғандарға байланысты төмендегі мысалдарға
көңіл бөлейік: кеңестік кезеңде мектеп
оқулығы ретінде қолданылған «Қоғамтану»
пәнінің кітабындағы «Жұмысшы
қозғалысының тарихы пролетариат атынан шығып,
оның мүдделерін қорғамақшы болған
көптеген саяси ағымдар мен ұйымдарды біледі»[5] деген
сөйлемдегі, сол дәуірдегі бірден-бір іргелі
үнқағаздардың бірі «Социалистік
Қазақстандағы» «Жаңарған аудандық партия
комитетінің ұйымдастыруымен жасақталған үгіт
поездары екі бағытта сапарға шықты»[5] деген болмаса,
«Қазақстан пионериясы» кітабындағы «Бүкіл
одақтың республикалық, облыстық, қалалық,
аудандық пионер ұйымдарының пионерлік Қызыл туы
болады»[5] деген мәлімет
сөйлемдер мен белгілі жазушы
Н.Ғабдулиннің сөз саптауындағы «Үй ішінің,
ел-жұрттың, бүкіл қоғамның
құралуы ұйымшылдық пен бірлікке байланысты деп біледі» [5]
деген жолдарда ұйым
сөзінің кеңестік саясатқа байланысты
жаңарған мағынасы мен соның негізінде туындаған
сөздер мен сөз тіркестерін танимыз.
Күрес сөзі қара күш сынасатын спорттық ойынның
түрі мағынасын білдіреді.Осы мағынасын сақтай отырып,
әр контексте жаңа мағыналық реңк қосып,
жаңа тіркестер жасайды. Мысалы: М.Иманжановтың
шығармасындағы: «Екеуің күрессеңдер қайсың
жеңесіңдер? - деп күлді бір курортшы»[6], –деген
сөйлемді,
Ә.Нұршайықов туындысындағы: «Ең
қасиетті күрес - тәуелсіздік үшін күрес» [7], - деген
жолдарды алсақ болады.
Жарыс, байқау, кеңес, қарау,
көсем, байыту, орындау, орта, қарау, талқылау, дәулет,
топ, мүше, тазалау секілді сөздер де жоғарыдағы сөздер сияқты
мағыналық ерекшеліктері бар. Олардың да семантикалық
эволюцияларын беруге болады. Ақтамберді жырау поэзиясынан алынған:
«Ел жазылып
жайлауда,
Жақсылар кеңес
құрғанда,
Мұратымыз
өрге шаншылып,
Бұрын да
сөйлер ме екенбіз!» [1, 64б.],-
деген
шумақтағы, Шал ақынның:
«Байдан бақыт
таярда,
Дәулетіне мас болар»,- [1,130б.],-
деп келетін жыр
жолдарындағы, А.Құнанбаевтың:
«Еңбек
қылмай тапқан мал дәулет болмас,
Қардың
суы секілді тез суалар»[8],-
деген
өлеңіндегі, Б.Майлин шығармасындағы: «Бәкең
ауылдық кеңеске мүше болып өткендіктен, бұл
ойларын жарыққа шығарады деп ойлап еді» [9],- деген баяндауда, І.Жансүгіровтің:
«Партия -
халықтың саяси көсемі.
Құлағына
көсемнің
жетсе күйі осы елдің»[3],-
деген
өлең жолдарындағы кеңес, дәулет, көсем сөздері жоғарыда
айтылған дәлеледеулерге мысал
бола алады. Немесе, сол дәуірдегі «Социалистік
Қазақстан» газетінен алынған «Партия мүшелері мен мүшелігіне
кандидаттар мүшелік жарна төлеудің бенгіленген
тәртібін қатаң сақтауда» деген сөйлем жолдарын да
алдыға тартсақ болады[5].
Тіліміздегі
түбір сөздің үстеме мағына алып, не ауыс
мағынасында қолданып, қоғамдық-саяси
лексикаға айналуы бердекілі ғана. Ал түбір сөздер
туынды тұлғада бірігіп, тіркесіп қоғамдық-саяси
сөздер жасайды.
Тіліміздегі сөздердің
саралануы тоқталайық. Сөздік қордағы кейбір
сөздер ішкі себептер негізінде мағыналары өзгеріп,
сараланады. Бұл - қоғамдық лексиканың
толығуының бір жолы. Сыртқы түріне өзгерту
енгізіп әр түрлі мағыналық ерекшелігі бар түрлі
ұғымды білдіреді. Оған мына сөздер жатады: өкімет
(власть), үкімет (правительство), оқиға (события),
уақиға (проишествие), мәлімет (сведение),
мағлұмат (представление), қазір (сейчас), әзір (готов),
өкіл (представитель), уәкіл (уполномоченный), демалыс (дыхание),
демалыс (отдых), ілім (учение), ғылым (наука) т.т. Мысалға,
М.Әуезов, С.Көбеев, Б.Майлиннің сөз
саптауларындағы: «Піскен асқа бәрі әзір, ал
көмекке келер бірі жоқ. Ербол өз ауылдарының әзірлігін
ести сала, қайтпаққа асықты» [10],
«СССР өкілі қыр көрсету, қорқыту
әдістерін айыптады. Оқытушы беделді болу үшін, ол ғылымды
меңгеру керек» [12], «Кеңес үкіметінің
көмегінің арқасында жарыққа
шыққанымызды, білім алып, адам қатарына
қосылғанымызды қалдырмай жаз» [9],-
деген сөйлемдер мен Кеңестік кезеңдегі «Оңтүстік
Қазақстан» газетіндегі «Облыстық атқару комитеті
аудандарға уәкілдер жіберді» деген мәлімдеуді алсақ
болады. Сондай-ақ, «Бір сағат ілім үйрену - бір кеш бойы
құлшылық етуден жақсы» және «Жоғары өкімет
билігінің қайнар көзі - қашанда халық
ана, халықтың еркінен тыс билік жүргізуге ешкімнің де,
ешбір мекеменің де қақы жоқ»,- деген
сөйлемдердегі ілім, өкімет сөздері
де сөздердің саралануына жатады[5].
Сөздік
қордағы метафора арқылы
жасалған сөздерге келер болсақ, тілдің лексикалық құрамы дамуының
бір тәсілі - метафоралық тәсіл. Екі зат пен
құбылысты салыстыру арқылы ауыспалы мағнада
қолданылған сөзді метафора дейміз.
Сөздің
метафоралық ауыспалы мағынасы, кеңейген мағына,
сөз мағыналарының саралануы, семантикалық калька т.б.
түрлері әлеуметтік өзгеріс, жаңалықтардың
ұғымдағы бейне - көріністері. Ертеден қолданылып
келе жатқан бұл тәсіл арқылы да
қоғамдық-саяси сөздер жасалады. Тіпті Қазан
төңкерілісінен бұрын да қоғамдық-саяси
сөз жасауда метафоралық тәсіл қолданылған.
Мысалға А.Құнанбайұлы шығармасында:
«Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін
табындап,
Әлсіздің
сөзін салғыртсып,
Шала
ұғамын қырындап»[8],-
деп келсе,
Ақтамберді жырау позиясында:
Білімді туған жақсылар
Аз да болса
көппен тең,-
деп жырланады[1].
Ал сол
кезеңдегі «Социалистік Қазақстан» газетінде мынандай жолдар
келтірілген: «Алакөз болу, қырғи қабақ,
сөзбұйдашылық, қыдырымпаздық,
жұмысқа кешігіп келу адамды іштей аздырады» [5].
Сондай-ақ, тағы да
А.Құнанбайұлы шығармаларына жүгінсек:
«Есерлер жас қатынды
тұтады екен,
Жас
қайғысын білдірмей жұтады екен.
Ортасында
бұлардың махаббат жоқ,
Тұсап
қойып қашырар бұқа
ма екен?» [8]
Тіліміздегі сөз мағынасының бір
жағынан тарылып, екінші жағынан кеңеюіне тоқталайық. Кейбір сөздер тар мағынада
қолданылып, тіпті қолданудан шығып қалса да, жаңа
жағдайға байланысты жаңа мағына алып жаңа
ұғым, атаулар ретінде қолданылады. Олардың
бұрынғы мағыналары тарихи кезеңдегі
оқиғаларды суреттеуде, көркем, саяси-экономикалық т.б.
әдебиеттер де кездеседі. Мәселен, сайыс желі, мердігер,
құн, бай тәрізді сөздер. Мұндай
сөздер қазіргі әдеби тілде жаңа, бұрынғыдан
басқа мағынада қолданылады, бұрынғы
мағыналарда қолданылмайды.
Тіліміздегі эмоциялық - экспрессивті
мағынаға тоқталайық. Экспрессивті-эмоциялық сөздер сөйлеушінің
бір затқа, құбылысқа деген эмоциялық
көзқарасын білдіреді. Қоғамдық-саяси лексикада
мұндай мағынада қолданылып жүрген сөздер
баршылық. (сұм, алақай, жауыз) Кейбір қарапайым
сөздер қоғамдық қарым-қатынаста
эмоционалды-экспрессивті мағына, мәнді білдіреді. (жатып ішер,
байшылдық секілді) экспрессивті-эмоциялық сөздерді грамматикалық
форма арқылы да жасауға болады. (-сымақ, -шақ,
-шық, -шек, -тай, -ша т.т.).
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Бес ғасыр жырлайды. 1
том. - Алматы:
Жазушы, 1989. - 383 б.
2.
Бес
ғасыр жырлайды. 2 том. - Алматы: Жазушы,
1989. - 312 б.
3. Жансүгіров І. Шығармалары.
Бес томдық.-Алматы: Рауан,1986.-284б.
4.
Сарғасқаев С. Шығармалары жинағы.
-Алматы: Ғылым,1992.-369б.
5. Барлыбаева Р. Қазіргі қазақ тіліндегі
қоғамдық-саяси лексика. – Алматы: Мектеп, 1978. – 144б.
6.
Иманжанов М. Шығармалары жинағы.
-Алматы:Жазушы,1986.-428б.
7.
Нұршайықов Ә. Таңдамалы. -Алматы:
Рауан,1989.-493б.
8. Құнанбаев А.
Шығармалары. - Алматы: Мөр, 1994. - 416 б.
9.
Майлин Б. Шығармалары жинағы. -Алматы:
Жазушы,1986.-493б.
10. Әуезов М. Шығармалар жинағы. -Алматы: Жазушы, 1989.-
616б.
11.
Кеңесбаев
С. К. Прогрессивное влияние русского языка на казахский. \\ Сб. «Прогрессивное влияние русского языка на казахский»,
Алма-Ата, 1965.
12. Көбеев С. Таңдамалы.
-Алматы: Жазушы,1985.- 627б.