Құтымбетова Э.Қ.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

   

 ТІЛ ҮЙРЕТУДІҢ ОҢТАЙЛЫ ӘДІСТЕРІ

 

  Бүгінгі таңда тіл тағдыры, оның болашағы мәртебесі бәрімізді толғандырады. Қазақ тілінің ертеңі қалай болады, оның қолдану  аясы мен қызметі қандай, «Тіл туралы» заңның мемлекеттік дәрежеде орындалуы қалай жүргізілуде сияқты т.б. сұрақтар барлық жұртты ойландыратыны белгілі, өйткені бүгінгі таңда  егеменді   елдің  XXI ғасырдағы саяси-әлеуметтік, қоғамдық, мәдени келбеті қазақ тілімен тікелей байланысты  екенін ұғынып келеміз. Елбасы Н.Назарбаев «Білім беру реформасы Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың  бірі» –  деп атап көрсетті. Әлемдік білім кеңістігіне ену мақсатында білімді жеке тұлғаға қарай бағыттау көзделіп, оқу-әдістемелік жүйесіне жаңа талаптар қойылды. Осындай кінәратсыз саналы тілдік ахуал қалыптасып отырған жағдайда туған тілдік қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы қолданылу қызметінің артуына, өзге тілді аудиторияларда тілді үйрету, оқыту ісінің бұрынғыдан да оңтайлы түрде жүргізілуіне белсене араласу- қазақ тілі оқытушыларының парызы. Әдістеме  ғылымындағы жаңалықты терең сезіне қабылдау, оны дер кезінде пайдалану  қазақ тілі әдістемесінің бүгінгі заман талабына сай қазақ тілі жүйесін жетілдіріу шараларына үн қосу әрбір әдіскердің ғылыми шығармашылық жұмысының  өзегіне айналды. Ол үшін оқытушы қай тілдің болсын оқыту стратегиясын жақсы білуге, оқыту процесіне шығармашылық тұрғыдан қарауға бүкіл әлемдегі басқа тілдерді оқытудың әртүрлі тиімді әдістемелерін білуге тиіс. Бұл – уақыт талабы [1, 55].

Тілді үйретудің ең қолайлы амалдары мен принциптерін таңдап алынуы керек. Бұл күнде оқытуда оқыту мақсаттарын кешенді түрде практикалық білімдік, тәрбиелік мақсаттары тоғысқан тіл үйретудің тиімді жағын толық қамтылған бағдарламалар да аз емес.

Бүгінгі заманғы білім берудің басты мақсаты – мамандарды әлемді  шығармашылық тұрғыдан өзгертудің әдістемесімен қаруландыру. «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі  жаңа білім беру өте-мөте қажет», – деп ел Президенті атап көрсеткендей, жаңа технологиялық   әдіс-тәсілдерді  шығарымпаздықпен   оқытушының тиімді пайдалана білуі бүгінгі таңда білім сапасын арттырудың бірден-бір жолы [2, 87].

Тіл үйретуде белгілі бағдарламамен сәйкес келетін амалдар мен әдістерді анықтау үшін мынандай жәйттарды ескерген жөн. Мына әдіс тілді игерудің қай аспектісіне бағытталған.

- Бұл әдіс тілді игерудің қай деңгейіне ыңғайлы, топтардың бастауыш, негізгі, орта, жоғары жетік  қайсысына пайдалы?

- Оқушының қай категориясына (жас ерекшелігіне, психологиялық типтеріне) аталған әдіс сәйкес келеді?

- Қандай жағдайларда мына әдіс тиімді? (Мысалы, көптілді немесе көпұлтты топтар үшін).

- Оқытушылар мен студенттердің осы әдіске деген көзқарасы қандай?

- Қарастырылып отырған әдіс өзге оқыту әдістерімен қалай сәйкеседі және арасында қандай айырмашылық бар?

     Тілді үйретуде әдістердің теориялық анықтамасы сияқты амалдардың да теориялық маңыздылығы мен өзіндік табиғаты бар.Нақтырақ айтқанда, тілдік, құрылымдық теориясы, тілдік компетенцияның модельдері мен психолингвистикалық теориялар жүйесі және тілді оқып-үйрену теориясы т.б. Егер тілді үйретуде амалдар оқытудың теориялық базасын сипаттаумен ғана шектелсе онда әдістер оқыту жүйесінің оқытушылар мен студенттерге арналған бағытын айқындайды. Мұнда көптеген практикалық тәжірибе мен теориялық дәлдіктерге сүйенеді. Мұндай әдістердің барлығы оқытудың міндеттерін, яғни мазмұн өрісі мен оның берілуін, тапсырмалар мен арнайы жұмыстардың түрлерін, оқыту процесіндегі оқытушы мен студенттің рөлін және оқу материалының құндылығын қамтиды [3,68].

Психолингвистикалық бағытта  тілді үйрену үшін мынадай  төмендегідей теориялық қағидалар басшылыққа алынады.

1. Ауызекі сөйлеу тілі бірінші болуы қажет, ол оқыту әдістемесінде тіл үйренушінің сөйлеу дағдысын қалыптастыруға ұтымды.

2. Тіл үйренуші алдымен үйренетін тілін көзбен көргеннен гөрі, құлақпен естігені дұрыс.

3. Сөз презентациясы тек сөйлем ішінде, ал сөйлем тиянақты контекст шеңберінде болуы шарт.

4. Грамматикалық ереже,грамматикалық құбылыс контексте қарастырылғаннан кейін барып, индуктивті түрде түсіндірілуі қажет.

5. Ана тілі тілдегі жаңа сөздер мен түрлі ұғымдарды түсіну үшін қолданылады.

Көпшілік ортада оқыту әдісі тілді үйретуде басшылыққа алынатын әдіс-тәсілдердің ішіндегі ең негізгілерінің бірі болып табылады. Өйткені, мұнда адамның жеке өмір сүру дағдысы, мәдениеттану білім беру процестері және қоғамдық жағдайда қамтылады. Сондықтан, аталымыш тәсілде қатысымдық     құралына қарағанда тіл туралы түсінік кең түрде ұғынылады.

           Оқу-тәрбиесінде мынандай өзекті проблемалар бар,ол оқушылардың өз бетінше ойланып, әрекет етулерінің жеткіліксіздігі. Осы тұрғыда  ғылыми міндеттерді дәстүрлі емес әдістермен шешудің жолы ретінде проблемалық оқыту жүйесін қолдануға болады. Проблемалап оқыту жүйесі – оқушылардың  ой – өрісін, логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық әрекетін дамытуға негізделген. Проблемалық оқыту процесі былай жүреді:

· Проблемалық жағдай жасау және мәселе қою;

· Мәселені шешу жолдары ұсыну;                                                                                                                           

· Мәселелердің дұрыстығы деректер арқылы тексеру;

· Нәтижелерді қорыту: жаңа білім, іскерліктерді оқушылардың бұрынғы білім, іскерліктеріне қосу және  оларды теория мен тәжірибе арқылы бекіту.              

Проблемалық оқытудың негізгі ерекшелігі – мұнда мұғалім білімді дайын түрде баяндап бермейді, студенттердің алдына проблемалық міндет қояды. Шешімді және шешу құралдарын оқушы өзі іздестіруі тиіс. Проблемалық оқытуды  ойдағыдай іске асыру үшін оқушыларға ұсынатын проблемалық сұрақтар жүйесін жасап шығу қажет. Онда кез келген сұрақ проблемалы бола бермейді әрі проблемалы сұрақтың жауабы дайын болмайды.Сондықтан оны оқушы міндетті түрде өзі іздеуі шарт. Ол сұрақ баланың сана-сезімінде қиындық туғызуы қажет. Оқушы іштей түйсінген ойлау  қиыншылығы  проблемалық жағдаят деп аталады. Проблемалық жағдаятты құру үшін жаңа білім мен әрекетті таныстыратын теориялық және практикалық тапсырмалар беру қажет. Олай болса сөйлеуге қажет материал тек дайын үлгілерді қолданумен ғана емес, соларды өз тәжірибесінде жағдайға сәйкес түрлендіре, өзгерте пайдалана білу дағдыларын қалыптастыру арқылы да байып отырады екен [4, 122].

Қорыта айтқанда тілді үйретудегі күнделікті туындап, дамып келе жатқан түрлі әдіс-тәсілдер мен оқыту түрлері лингвистикалық тұрғыдан шартты болып табылады. Қоғамдағы тілдің қызметі мен даму деңгейі тармақтары мен күнделілігі қандай болса, оны оқытып үйретудегі әдістер мен тәсілдердің табиғаты да сондай болмақ.

                                

 Әдебиет:

1.       Қазақстан Республикасындағы Тіл саясаты. // Құжаттар жинағы. – Астана, 1999. – 216 б.

2.       Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі. – Алматы, 2000.

3.       Мырзабаев А.Б. Шығармашылықты дамытуда белсенді оқытудың дидактикалық мүмкіндіктері дис. автореф. 2004.

4.       Махмутов И.М. Проблемное обучение. // М, Педагогика,1975.