Қабошева Назира Айтболатовна,

Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дың

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы

 

Қазақ тілі сабақтарындағы сын тұрғысынан ойлауды  дамыту

стратегияларын қолдану арқылы сөйлеу тілін

дамыту және сабақ нәтижелілігін арттыру

Қазіргі заман ағымына қарай білімнің күші бағаланып, оқу-ағарту мәселесі бағалануда.

            Қазақ тілі мұғалімінің, яғни біздің міндетіміз – мәдениетті түрде білімімен, іскерлігімен қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеру, осы мақсатка тез жететіндей тиімді жол іздеу.

            Нағыз сабақ – ол диалог, іздене, дайындала, кеңесе ұлт болашағын ойлай жасалған еңбек пен тәжірибенің бірлігі.

            Педагогикалық технологиялар оқыту мақсатына жетудің тиімді, ұтымды жолдарын көрсетеді. Кез келген оқыту технологиясы іс-әрекеттің қарқындылығы мен белсенділігін арттырғанмен, кей технологияларда бұл құралдар басты идеяны және нәтиже тиімділігінің негізін құра отыра, жеке тұлғаның жетілуіне, дамуына бағытталған. Олар : проблемалық оқыту технологиялары, дамыта оқыту технологиясы, сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясы.

            Осылардың ішінде кейінгі жылдары сабақтарымызда қолданып жүрген «Сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасына тоқталайық. Оның мақсаты : адамның ойын ашық айта білуге, пікір алмаса білуге үйрету, мәселені сын тұрғысынан шеше білуге дағдыландыру. Ұжымда өз ойын ашық айтып қана қоймай, оны дәлелдей білуге, бір-біріне сыйластықпен қарап, пікірін құрметтеуге баулу. Мұғалімнің сабақтарда  бұл жобаның әдістерін орынды, тиімді қолдана білуі, сол әдістерді әріптестеріне үйрете білуі шарт.

Осыған байланысты өзімнің педагогикалық қызметімнің негізгі мақсаты өзін-өзі дамытуға қабілетті, шығармашылық тұрғысынан ойлай білетін жеке тұлға қалыптастыру деп санаймын. Сабақтарда және сабақтан тыс уақыттарда мен студенттердің шығармашылық қабілеттерін қалыптастырып, дамытуға, логикалық ойлай білуге және өмірге бейімделуге үйретуге, алға қойған міндеттерін өз беттерімен шешуге үйретуге тырысамын. Білім беру үрдісіндегі менің рөлім – тек ақпарат көзі болмай, танымдық қызметтерін ұйымдастыруда дұрыс бағыт беріп, жол көрсететін басшы болу.

Қазіргі студентті танымдық жеке ойлау қызметіне ақпарат пен коммуникацияға қатысты мақсаттар қоя біліп, шешімін іздеуге қызықтыру өте қиын. Себебі оқу материалын қабылдау кезінде оқушылар көптеген қиындықтарға кездеседі. Мұның себебі – сыни тұрғыдан ойлауды дамыту әлі де жеткіліксіз деңгейде. Ойлау үрдісі шешімін табудың дайын жолы тапсырманы шешу барысында пайда болады. Егер бір нәрсені түсінуге, талдауға ұмтылыс байқалса, ойлау үрдісі басталды деуге болады. Мәселені қою. өзге ұлт өкілдерінің ойлау қызметін қалай жандандыруға болады? Оқи білуге қалай үйретуге болады? Түрлі оқыту тәсілдерін сауатты пайдалана білу ғана адамды білім алуға итермелейтін жағдайды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Студенттің ойлау қызметін қалыптастыруда игі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін тиімді технологиялардың бірі – қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында өзім жиі қолданып жүрген сыни тұрғыдан ойлауды дамыту технологиясы. Алпыстан астам нақты стратегияны ұсынған осы бағдарлама үш сатыдан ұйымдастырылып, қазақ тілі мен әдебиетінің әр сабағында көрініс береді. «Топтастыру», «әлемді шарлау», «Венн диаграммасы», «Блумның сұрақ қою өлшемдері», «бес жол өлең», «кубизм», «семантикалық» және «концептуалдық карта», «егер де мен......», пікірталас, т.б.стратегияларды қазір әр мұғалім өз сабағында үйлесімді қолданса, бұлар – дамытушылық маңызы зор, жүйелі, тапқыр сөйлеуге жетелейтін тәсілдер. Ал жұп тексерулер, сөз жасау, т.б. тәсілдер сауаттылыққа жетелейді.

Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың басқа пәндерге қарағанда көптеген ерекшеліктері, қиындықтары жеткілікті. Мысалы, әдебиетті оқытуда бұрын бір шығарманы толық мәтінін айтып түсіндіру керек болса, жаңаша оқытуда студент  шығарманы өздігінен оқып түсінуіне, сезінуіне бағдар беріледі. Аудиторияда студент белсенді рөл атқарушы болып, жетекші бағытты ұстанады. Ол әлемді тануға, белгісіздікті анықтауға өзі жауап іздейді, шешім, жауап әр оқушының өз айлауы бойына әр түрлі болады.

Мысалы, Абайдың «Ескендір» дастанын оқып шыққан студентке Ескендір Зұлқарнайынның өмірі мен мінез-құлық, іс-әрекетін топтастыру берілсе, студент Ескендір-Македонский туралы толық мәлімет жинай  бастайды, өйткені дастан бойынша мінез-құлқын әрекетін пайымдай алғанмен, өмірі туралы Филипп патшаның баласы екендігінен басқа мәлімет жоқ.

«Ойлай білетін адам сұрақ қоя да біледі» деген екен  Э.Кинг.

1. Сұрақ қойыңдар, қызығыңдар.

2. Болжамдарды, мәтіндерді талдай біліңдер.

3. Өз ұсыныстарыңды, ойларыңды айта біліңдер, сондай-ақ басқалардың пікірімен де санасыңдар.

Технологияның барлық моделі үш кезеңнен тұрады: шақыру кезеңі, ойлау және рефлексия кезеңдері. Сабақтың әр кезеңінде олардың біріге жұмыс істеуіне көмектесетін тәсілдерді қолданамын,

Кезеңдер

Қазақ тілі сабағында

қолданылатын әдістемелік тәсілдер

Мұғалім әрекеті

Студент әрекеті

I кезең. Ой шақыру(бар білімдерін оята отырып, жаңа ақпарат алуға қызықтыру

Миға шабуыл. «Б-БК-Б» кестесі. Дұрыс және бұрыс пікір. (сенемін сенбеймін идеялар себеті). Кластер.Тірек терминдер.

Студентті ойлауға үйретеді, жетекші қызметінде олардың жауаптарын мұқият тыңдайды.

Берілген тақырып немесе мәселе бойынша білімдерін жинақтайды, өзектілендіреді, сұрақ қояды, жауап алуға тырысады.

II кезең. Мазмұнын ой елегінен өткізу.(Жаңа ақпарат алу)

Мәтінді белгілердің Инсерт жүйесі. «Б-БК-Б» кестесі. «Жіңішке және жуан» сұрақтар кестесі. Болжам ағашы. «Кубик» тәсілі. «Блум» түймедағы

Студенттің белсенділіктерін сақтайды, кеңесші рөлінде болады.

Жаңа ақпарат алады, оны ой елегінен өткізеді, бар білімімен салыстырады.

III кезең. Рефлексия (ой елегінен өткізу, жаңа білімін қорыту)

Синквейн. Эссе.  «Сөйлемді жалғастыр...» «Б-БК-Б» кестесі. Бүгінгі тақырып бойынша 3 сұрақ құрастыр. Сабақта жаңадан не білдіңіз?

Өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. Оқылған ақпарат негізінде шығармашылық немесе практикалық тапсырмалар береді.

«Жаңа» ақпаратты ескімен салыстырады, тапсырмаларды қолданып, алған ақпаратты қорытындылайды.

СТО стратегиясын қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында пайдалану -студенттердің ойлау қабілеті мен сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді, олар мынандай нәтижеге қол жеткізеді.

Қазіргі таңда бәсекеге қабілетті үштұғырлы тілін дамытуда, қазақ тілінің мәртебесін көтеруде, өз ойын, пікірін ауызша және жазбаша тілде көркем де анық, нақты етіп бере білу жолында «СТО» стратегияларын дамыту жұмыстары көмегін көптеп тигізері анық. Бүгінгі өмірін бала оқытып, білім беруге бел байлаған әр ұстаздың жан-дүниесі сенім мен тілектің шуағымен нұрлана түспек деп ойлаймыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Тұрғынбаева Б.А. Дамыта оқыту технологиялары. Алматы, 2000.

2. Қабдешова Ә. Сын тұрғысынан ойлау // Қазақ тілі мен әдебиеті.- 10.35-45б

3. Ешанова Г.Сұлтанбек Қожахметовтің жеке тұлғаның дамуына бағытталған ой-  пікірлер// Қазақстан жоғары мектебі. -2006.-1.

96-99 б.