Молдасанов Е.М., ф.ғ.к., Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті (Қазақстан, Алматы қ.)
Қашырбекова Ғ.О., Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 2-курc
магиcтранты
ОРФОГРАФИЯ МЕН ОРФОЭПИЯНЫҢ АРАСЫНДАҒЫ СӘЙКЕСТІК ЖӘНЕ АЙЫРМАШЫЛЫҚ
Әдеби
тілдің орфоэпиялық нормасына байланысты
қиындықтың бірі жазу тәртібімен байланысты,
өйткені жазба сөздің өзіне тән жүйесі бар
да, ауызша сөздің өзіне тән жүйесі бар,
сондықтан жазба мәтінді оқығанда жазба сөзге
тән кодты ауызша сөзге тән кодқа көшіре білу
қажет. Жазғанды оқу дегеніміз – жазба кодты ауызша
кодқа көшіру. Дыбысталған сөз бен
қағазға түскен сөздің жүйесі
дәлме-дәл сәйкес келмейді. Жазу-сызу тарихында ауызша
таңбалар мен жазба таңбалардың өзара тепе-тең
түскен жүйесі болған емес. Тіпті ондай жазба
жүйенің қажеті жоқ, өйткені ауызша
сөздің небір физикалық, материалдық элементтері
«қағаз сыртында» қалып қояды да жазуда
мағынаға қызмет ететіндері ғана ескеріледі. Орман, орын, отын тәрізді
сөздердің ұшар басындағы <о> дауыстысының
ілесіпге дыбыспен бірігіп [у] мен айтылатын [уотан]; ет, ешкі
тәріздес сөздердегі <е>-нің ілеспе [йe]
түрінде дыбысталатын [jешкі, jет] т.б.
түрленімдері бар. Бұлар жазуда еленбей, «қағаз
сыртында» қалып қоятын құбылыстар, бірақ жазба
сөзді оқығанда «қағаз сыртында» қалып
қойған материалдық элементтер қайтадан қалпына
келтірілуге тиіс.
Жазба
кодты ауызшаға дұрыс ауыстыру (жазылғанды ауызша сөз
нормасына сай дыбыстау) немесе керісінше, ауызша сөзді жазба кодқа
көшірудің мән-жайын дыбыстардың көлбеу бойымен
«шынжыр қатар» тізбекке (синтагмалық қатардағы
қатынасқа) түскендегі күйіне:
қатаңдардың ұяңдануы, ұяңдардың
қатаңдануы, жиылыңқылардың жайылыңқы,
жайылыңқылардың жиылыңқы болуы,
жуысыңқылардың тоғысыңқы,
тоғысыңқылардың жуысыңқы болуына,
қайсыбір дыбыстардың сөз соңында, ал
қайсыбірінің сөздің ұшар басында келмеуі (орын
таңдауы) т.б. құбылыстармен байланысты түсіндіруге
болады. Орфография мен
орфоэпияның арасында толықтай сәйкестік болмайтынының
әртүрлі себебі бар. Орфографиялық ережелерді шартты
түрде жалпылама екі топқа бөліп қарауға болады.
Бірінші топқа жататын ережелер тіл дыбыстарының өзара
әсерінен, қолданылу орны мен жағдаятына байланысты
болған өзгерістерді, реңктерді жазуда таңбалауға
қатысты. Бір ғана дыбыстың сөйлеу барысындағы
түрленген варианттарын жеке-жеке әріптермен белгілей беру, мысалы,
сөйлеу үстіндегі қатаң дауыссыздың
ұяңдануы, ұяңның қатаңдауы,
тоғысыңқы дауыссыздың жуысыңқы дауыссызға
айналуы тәрізді дыбыстық өзгерістерді естілуі күйінше
таңбалап отыру мүмкін емес. Мысалы, желінбау, басшы, қарақұлақ тәрізді
сөздерді естілуінше желімбау,
башшы, қарағұлақ деп беру, әрине, тиімсіз.
Тіптен іргелес дыбыстардың ыңғайына қарай бір
дыбыстың бірнеше түрлі варианттары болады. Мысалы, бір ғана з
дыбысы бірде с (бергізсе – бергіссе,
сызса – сысса т.б.), екіншіде ш (сызшы
– сышшы, сөзшең – сөзшшең т.б.) болып дыбыстала
беретіні заңды. Сондықтан да олардың дыбысталуын арнайы
орфоэпиялық ережелер арқылы реттеп отырудың ауызша сөз
мәдениетін сақтау үшін маңызы аса қажет. А.Байтұрсынұлы
еріндіктердің бас буында келетінін, басқа буынды сүймейтінін
атап айтады. Ғалымның ұстанымы бойынша, тұрпаты
бөлек болғанмен, тұлғасы бір сөздер болады,
мұндай сөздер тұлғасы бойынша жазылады.
Еріндіктің бас буында келетінін таңбалап, басқа
буындағысын бас буынның әсері деп, жазуда еленбейтіні,
мысалы, күлкі (күлкү емес),
ғалымның осы ұстанымын көрсетеді. Дәстүрлі
көзқарас бойынша күлкі, үлкен деген
сөздердің екінші буындағы <і>, <е> дыбыстары
айтқанда өздерінің негізгі реңкі бойынша
таңбаланған, ал олардың [ү], [ө] түрінде
дыбысталуы бірінші буындағы еріндіктің әсері деп
түсіндіріледі, сондықтан
дыбыстардың әлсіз жағдайдағы түрлері мен
түрленімдері жазуда белгіленбейді. Өйткені екінші,
үшінші буындағы, одан әрі қарайғы
буындардағы дауыстылар − әуелден
түптұлғалық езуліктер мәртебесіндегі бірліктер.
Мәселен, алдыңғы еріндік дыбыстың ықпалына
түсіп, езуден ерін емеуріне қарай түрленген қысаң
дауыстылардың езулік дауыстылармен келетін жалғаулар жалғанғанда
еріндік белгісі солғындап, олар анық езулік түрінде айтылады.
Егер екінші буында «нағыз» еріндік болса, әрі қарайғы
буындарда еріндіктердің солғындап кетуіне әсер ететін
фонетикалық жағдай жоқ, олай болса, дауыстылардың
еріндік белгілерінің өзінен-өзі көмескіленіп кету
мүмкіндігі жоққа тән. Алғашқы
буындағы еріндіктің сөз мағынасын ажырататын
қызметі де, естілімі де күшті, ал екінші буында естілімі
күшті болғанмен, сөз мағынасын ажыратпайды, ал
үшінші және әрі қарайғы буындарда мағына
ажыратпайды әрі естілімі солғындай береді. Орфографиялық
ережелердің екінші тобы графикалық ерекшеліктерге байланысты.
Графикалық тәсіл бойынша бірнеше дыбыстың тіркесі бір
әріппен белгіленетін жайттар: ою –
ойұу, үю – үйүу, ая – айа, ащы – ашшы, қи –
қый, ки – кій т.б. У әрпі дыбыстар тіркесін де, жеке дыбысты да
белгілейді: бау – бау, бу – бұу,
куә - күуә т.б. Сол сияқты мия сөзіндегі и таңбасы (графикасы) [ы] дыбысын, я таңбасы (графикасы)
[йа] дыбыстарының тіркесін
білдіреді; кию сөзіндегі и
графикасы [і]-ні, ал ю графикасы [йүу] дыбыстарының тіркесін
білдіреді. Дәл осы тәрізді қию
дегендегі и [ы] дауыстысын, ю
графиемасы [йұу] дыбыстарын
білдіреді. Мұндай графикалық шарттылық сөзді оқып
түсінуде екіұштылық туғызбайды. Өйткені
сөзді к таңбасы жіңішке, ал қ таңбасы жуан
дыбыстау керектігін көрсетіп тұрады. Сондай-ақ ми, мия
сөздері [мый], [мыйа] деп бір мәнде оқылып,
бір мәнде ұғынылады, себебі қазақ тілінде мій, мійә деген жоқ.
Қайсыбір позиция белгілі бір дыбыстар (фонемалар) үшін
«қолайлы» болса, қайсыбір позиция онша «қолайлы» бола
бермейді. Соңғы жағдайда дыбыстық бірліктер
қолайсыз жағдайдағы (позициясын) фонетикалық
«қоршауға» бейімделіп, түрленеді. Мысалы, <б>,
<д> дыбыстары үшін сөз аяғы қолайсыз
жағдай. Мысалы, келеді, барады сөздеріндегі
соңғы дауысты – бұлар әдетте қысаң
дауыстылар, машықты (спонтанды) сөйлеу тілінде [келет], [барат] делініп,
[д] дауыссызы [т] түрінде айтылады. Бұл – <д>-ның [т]
түріндегі варианты, бірақ мағыналық жүктемесі
жоқ болғандықтан жазуда ескерілмейді. Сондай-ақ [й],
[л], [ң], [р], [у] үнділері сөздің ұшар басында
келе бермейді, сондықтан ілеспе қысаң дауыстылармен айтылады:
[ійод] йод, [ылақ]
лақ, [ырақымет]
рақмет т.б. Бұл
дауыстылардың аталмыш жағдайда мағыналық
жүктемесі әлсіз болғандықтан, жазуда елене бермейді.
Тілдің дыбыс жүйесіндегі (парадигмасындағы) қайсыбір
дауысты, дауыссыздар белгілі бір дыбыстар қоршауында өзгеше бір
реңк алады, тіпті сол тілдің жүйесінде жоқ
басқаша реңкте көрінеді [атцыз] атсыз, [хатчы] хатшы,
[авайвол] абайбол т.б. Бұлар
тілдік жүйедегі <с>, <ш>, <б> дыбыстарының
фонетикалық әлсіз жағдайдағы түрленімі.
Сөздікте негізгі дыбыстардың әлсіз жағдайдағы
түрленімі жүйелі түрде көрсетілді. Әрине, негізгі
дыбыстардың мұндай түрленімін ц, ч, в таңбаларымен көрсетуіміз шартты түрде,
сондықтан бұларды дәлме дәл орыс тіліндегідей
дыбысталады деп түсінбеу керек. Әдетте жуысыңқы
түрдегі <ш> дауыссызы <т> − мен іргелес келгенде
жабысыңқы реңкте [ч]-ға ұқсас дыбысталады,
сондай-ақ сөз басында жабысыңқы түрде
дыбысталатын <б> екі
дауыстының аралығында қос
ерін жуысыңқы түрде [в]-ға ұқсастау
айтылады. Дыбыстық бірліктердің бұлайша «қолайсыз»
жағдайға икемделіп, қызмет атқару тәсілдері мен
амалдары қазақ тілі жүйесінің ішкі әлеуетін
көрсетеді. Соңғы жылдары орфографиялық сөздікті
сынаған сыңаймен шай, шай=
жай, жай= сөздері бірыңғай жіңішке
жазылмаған, сондықтан емле сөздігі үндестік заңын
сақтамаған деген пікір айтылып жүр. Бәлкім, аталмыш
сөздерді емле тезіне салып, сынаушылар айтқандай, үндестікке
бағындырған болып, сөздің қара басын шәй, жәй, шәй- деп
жазуға болар-ау, бірақ шайға
шақыр, шайлық пұл дегенді шәйге шақыр, шәйлік пұл, кірді шайқа
дегенді кірді шәйке демесі
бәрімізге аян. Бар байлығым, бір шайлығым деген
мәтелдегі байлығым,
шайлығым – жуан түрде ұйқасып тұрған
сөздер. [ж] мен [й]-дің, [ш] мен [й]-дің
аралығындағы жуан дауыстылардың жіңішке реңк
алып, түрленетіні – түркітану ғылымында өткен
ғасырдың басында ашылған жаңалық. Аталмыш
сөздердегі дауысты «нағыз» [ә]-нің өзі болса, осы
түбірден өрбіген сөздерге қосымша ешбір ауытқусыз
бірыңғай бастан-аяқ жіңішке нұсқада, шәйге, шәйке түрінде жалғанар еді. Бірақ
«шайқа»-ны шәйке,
«шайқал»-ды шәйкел,
«жайлауға»-ны жәйләуге,
«шайға»-ны шәйге шақыр,
«жайтқа»-ны жәйтке
деп айту тілдік базада жоқ. Оған ешбір фонетикалық кедергі
жоқ. Сөздің қара басы [жәй], [шәй] деп
жіңішке тұрпатта айтылғанмен, олардың
түптұлғасы жай, шай
екенін қосымшалармен түрлендіру арқылы анықтауға
болады. Қазақ орфографиясы мен орфоэпиясы нормаларын
заңдастырумен байланысты қиындық – «бейүндес буынды»
сөздердің айтылу, жазылу мәселесі. Әсіресе соңғы
жылдары тіліміздің жазу, нормаларына жұртшылық назары ауып,
тиісті сөздіктерге көрсетілген нормалардың кейбірін
сынға ала бастады. Нормалауыш сөздіктерде көрсетілген қасиет,
қаріп, қабір, қадір, қауіпті, қайтіп,
қайткенде, қадім, мұғалім, т.б. сөздерді кәсиет,
кәріп, қабыр, қадыр, қауыпты, кәйтіп,
кәйткенде, мұғалым т.б. түрінде жазып,
әлгідей сөздердің нормасын тиянақтауда үндестік
заңдылығына сүйену керектігін айтады. Әрине,
«бейүндес буынды» сөздерді, егер олардың саны сынаушылар
көрсеткен сөздермен шектелсе, солай етіп жазуға да,
айтуға икемдеуге де болар еді. Бірақ мұндай типтегі сөздердің
саны, түрлері осы аталған сөздермен шектелмейді, тілде
бұдан басқа да біралуан сөз бар: тәкаппар,
құдірет, ақырет, қауесет, қазірет, қасірет,
рақымет, тауқымет, қорек, мехнат, тақсірет т.б.
Бірыңғай жуан, я болмаса бірыңғай жіңішке
түрде таңбалап жөнге салуға бұлардың
ырық бермейтіні байқалады. Құдірет
сөзін күдірет/құдырат, тақсірет сөзін тәксірет/тақсырат, харакет сөзін кәрекет/харакат, бірақ
сөзін бырақ, Ақымет
деген есімді Ақымат деу тілге
зорлық болар еді. Мұндай сөздер де, жоғарыда
аталған азын-аулақ икемдеуге келеді-ау деген сөздер де
шеттілдік болғандықтан, ырыққа көне бермейтіндей
көрінеді. Шынында, бірыңғай жуан, біріңғай
жіңішке таңбалауға көне бермейтін тек шеттілдік
қана емес, төлтума сөздер де бар: мұнікі, оныкі,
ауылдікі, таудікі, көгорай, көкқарға, көкпар,
қағылез т.б. Мұндай қиындықтардың
икемге келеді-ау дегенін үндесіммен айтып, жазып, ал келмейтінін сол
күйінде жылы жауып қойғанмен, мәселе шешілмейді.
Сондықтан әңгіме «қиындықтың» төркіні
неде екенін іздестіруге келіп тіреледі. Жазылу нормасы мен айтылу нормасы даулы
көрінетін «бейүндес буынды» сөздердің біралуаны
[қ], [к] дыбыстарының түрленімімен, қолайсыз
жағдайға икемделуімен байланысты екені байқалады. Бұл
жерде алдымен [қ]-ның жіңішке тембрінің пайда болуына
әсер ететін түрткіжайтқа назар аударуға тура келеді.
Сөздің соңғы буындарындағы жіңішке
дауыстылар бірінші буындағы дауыстының жіңішке
түрленіміне, ал ол өз кезегінде [қ]-ның жіңішке
тембрлі реңк алуына әсер етеді. Сөйтіп, құдірет,
рақымет дегендегі [қ] дауыссызы жіңішке [қ′]реңкпен
айтылады. Бұл – сөз ішіндегі тілдік дыбыстардың
«қолайсыз жағдайға» түрленім түріндегі
бейімделуі. Сонымен [к]-нің
әдеттегі жіңішке тембрінен басқа жуан тембрлі,
[қ]-ның әдеттегі жуан тембрінен басқа жіңішке
тембрлі болып келуі түрленім деңгейінде үндесім деуге болады.
Сондай-ақ қауесет дегендегі [ä]
соңғы буындағы [е]-нің әсерінен жіңішке
реңкпен айтылады. Бірақ бұл дауыстының естілімі
кәдімгі [а]-мен әдеттегі [ә]-нің аралығы деуге
болады. Сондай-ақ сөздегі дыбыстардың құрылымына
әсер ететін түрткіжайттар болды: мысалы, шеттілден сөз енеді [құрмет,
рақмет], сөз бен сөз бірігеді (бірақ
<бір+ғана-ақ), сөз бен сөз тіркесіп бір
ырғақпен айтылып, бір екпінге бағынады ([ағешкі] ақ
ешкі), сөз дыбыстық жақтан ықшамдалады ([кеботыр] келіп
отыр) т.б. Сөйтіп, белгілі бір дыбыстар үшін жаңа
позициялар пайда болады, алайда бұлардың қайсыбірі
«қолайсыз» болып келді. Кейбір дыбыстар үшін қаншалықты
«қолайсыз» жағдайда болса да, олардың тіл
заңдылығына, нормасына бейімделетіндей әлеуеті (потенциялы)
болады. Кей жағдайда тілдік бірліктердің ондай әлеуетін
танып-білу оңай бола бермейді. Мысалы, араб тілінен енген құрмет
деген сөздің «басы жуан, аяғы жіңішке» болып,
қазақ тілінің әдеттегі үндесімімен үйлеспей
тұрған сияқты көрінеді. Егер үйреншікті
үйлесім тезіне түссе [күрмет] немесе [құрмат]
болар еді. Бірақ бұлай деу – донор тілдегі
түпнұсқадан мүлде алшақ. Тілдегі ауыс-түйіс
тәртібі бойынша кірме сөз, бір жағынан, түпнұсқадан
көп алшақтамауға, екіншіден, импорттап алған
тілдің заңына бағынуға тиіс. Осы екі үрдіс
бір-біріне қарама-қарсы болмай, керісінше, бір-бірімен
үйлесімді болуы керек. Ал шынында, құрмет, тақсірет,
хазірет бірақ, қайткенде
тәрізді сөздерді қазақ тілінің дыбыс
тәртібіне мүлде бейімделмеген деуге болмайды. Бірақ бұл
сөздер әдеттегі жуан (тембрлі) [қ]-ның жіңішке
реңкте түрленуі арқылы үндесім заңына
бейімделген. Сондай-ақ мұнікі,
оныкі, көкпар, көгаршын, көгал дегендегі [к] – жуан
тембірлі дауыссыз. Бұл дыбыс та үндесім заңына жуан
реңк түрінде бейімделген. Осы тәрізді ерекшелік [ғ] мен
[г] дауыссыздарында да бар екені байқалады. Атап айтқанда,
[ғ]-ның жіңішке тембрлі вариациясы [ағ′ешкі]
ақ ешкі, [ғ′äз′ійз′]
ғазиз мына тәрізді әлсіз позицияда кездессе, ал
[г]-нің жуан түрленімі [гауқар]
гауһар, [когал] көгал,
[когаршын] көгаршын, [когорай] көгорай
т.б. әлсіз позицияда ұшырасады.
Осы
кезге дейін орфоэпиялық сөздіктерде дыбыстардың әлсіз
жағдайдағы түрлері (варианттары) тіркеліп, норма ретінде
көрсетіліп келді, ал дыбыстардың әлсіз жағдайдағы
түрлерінен басқа, түрленімдерінің де
(вариацияларының да) болатыны енді ғана белгілі болып отыр.
Бұл құбылысты да жай ғана дағды емес, норма
ретінде тану қажет. Қоғамдық өмірде
радио-телехабарлар арқылы ауызша тілдің әлеуметтік
мәртебесі мен қызметі өсті. БАҚ арқылы
тілдің қарым-қатынастың бұқаралық
коммуникация деп аталатын жаңа типі қалыптасты.
Қарым-қатынас кеңістігінде электронды құралдары
маңызды орын ала бастады. Мұның өзі
орфографиялық, орфоэпиялық нормалардың бұзылмауын,
жаңа нормаларды дер кезінде сөздіктерде заңдастырудың,
өзекті мәселе екенін көрсетті. Әсіресе шаршытоп
алдындағы сөздің түрлері мен жанрларының
көбейіп отырған кезде, ауызша сөз арналарының
қоғамдық, әлеуметтік маңыз алып отырған
тұста орфоэпиялық нормаларды көпшілікқолды сөздік
арқылы тиянақтап отырудың маңызы айрықша.
Өйткені әдеби тілдің орфоэпиялық нормасын
сақтаудың мәдени-әлеуметтік мәні айрықша.
Себебі норма тілді тұтынушылардың басын біріктіреді тілдік
ұжым мүшелерінің бәрі де «конвенцияға»
қатысушылар деп есептеледі. Дыбыстаудағы ортақ
заңдылықты сақтамай, әркім өз бетінше сөйлесе,
сөзді ұғыну қиынға түсіп,
коммуникацияның ойдағыдай өтуіне нұқсан келеді.
Сөйлеушінің сөз мәдениетінің төмендігін,
сауатсыздығын көрсетіп, тыңдаушыға жағымсыз
әсер етеді. Әдеби тілдің ауызша нормасы қазақ
тілінің дыбыстық жүйесін таяныш етеді. Алайда халық
тілінің дыбыс жүйесіндегі әр алуан варианттардың
едәуір бөлігі тіл жұмсау тәжірибесінде халық
тілінің сөз үлгілерінен таңдалып, сұрыпталды.
Нормалардың қалыптасуында байырғы кездегі ақын,
жыраулар, билер тәрізді ауызша сөз майталмандарының шаршытоп
алдындағы сөзі, кейінгі кезеңдерде сахна, радио, телевизия
хабарларының рөлі айрықша болды. Солар арқылы
қалыптасқан үлгілер әдеби тілдің ауызша нормасы
деп танылды. Әдеби тілдің ауызша нормасы әсіресе
радио-телехабар арналарының кеңеюі, сахна өнерінің
дамуы, шаршытоп алдындағы сөздің жаңа түрлері мен
типтерінің пайда болуы, аудитория алдындағы сөздің
әлеуметтік мәнінің жоғарылай түсуі ауызша
сөздің орфоэпиялық нормаларының бекіп, саралануына
ықпал еткен маңызды фактор болды. Жоғарыда көрсетілген
жазу мен дыбыстаудың әртүрлі айырмашылықтарды тіл
үйренушілерге, сондай-ақ мектеп оқушыларына бастауыш
деңгейден бастап екі түрлі бағытта, бірі – дұрыс жазу,
екіншісі – дұрыс сөйлеу бағытында және де бір-бірінен
еш асырып не төмендетпей бірдей деңгейде жан-жақты
түсіндіріп оқытуды қолға алынғаны жөн.
Себебі жазу мәдениеті мен сөйлеу мәдениетінің тілдік
коммуникациядағы рөлі бір-бірінен басым не бәсең деуге
болмайды. Қазіргі ақпарат заманында тілдесудің бұл екі
түрі де тұрмыстық немесе ресми қатынаста болсын ерекше
қызмет атқарып отыр. Сондықтан да қағаз бетіне
таңбаланған жазба ақпаратты ауызша жеткізу нормаларын
сақтап, ауызша түрде өтетін тілдік
қарым-қатынастың сапасын ауызша сөз мәдениетін
арттыру, дұрыс сөйлеуге (дыбыстауға) үйрету
мақсаттарын жүзеге асыру үшін қазақ тілінің
мейлінше толық сөздік қорын қамтитын орфоэпиялық
сөздіктің көмегі ерекше болмақ. Өйткені тіл
мәдениеті тұрғысынан қарағанда сөздің
дыбыстық тұлғасына нұқсан келтіру де тілдің
әдеби нормасын бұзғандық болып саналады. Сөз
ішінде, сөздер аралығында көрші дыбыстардың бір-біріне
әсерін дер кезінде еске салып отыруға, жазба сөз бен ауызша
сөздің арақатынасын көрсетуге септігін тигізетін
ең қажет құрал – орфоэпиялық сөздік.
Орфографиялық ережелермен қатар орфоэпиялық ережелерді ден
қойып оқытпаудың салдарынан әдеби тілдің дыбыстау
нормасынан уәжсіз ауытқуларды байқауға болады.
Мұндай ауытқулардың дені тіліміздің ішкі
заңдылығы ретіндегі ғана емес, сондай-ақ жалпы қазақ
сөз әуезділігінің тұтастығын сақтаушы,
тұтас мәтіндердің үйлесімді формалары арқылы берілетін
эстетикалық ақпатаратты кодтаушы ретінде де ерекше қызмет
атқаратын үндестіктің (сингармонизмнің)
бұзылуымен байланысты. Бұл қазақ тілінде мәтіндер
құрудың эстетикалық канондарының, сонымен бірге
қазақ сөзінің өзіне тән ерекше көркем
тұлғасының, сақталмауына, соның салдарынан ауызша
дыбысталған сөз арқылы алынатын эстетикалық
әсердің қалмауына әкеп соқтыруы мүмкін. Осы
сияқты ауызша сөз мәдениетінің төмендеуіне,
дыбыстау нормаларының бұзылуына тосқауыл қою үшін
мектеп практикасынан бастап қазақ орфографиясы мен орфоэпиясын
байланыстыра оқытылуы дәстүрге айналу керек [1, 34 б.].
Ауызша тілдің өзіндік ерекшеліктері болатыны белгілі. Ең
алдымен ауызша тілдің құралдары тыңдарманға бағытталып
құрылады, яғни қарым-қатынастағы серігіне
сөйлеушінің әсер етуі есту қабілеті арқылы
жүзеге асады. Демек қандай да бір коммуникативтік мақсатпен
айтылған сөз тыңдарманға, біріншіден, дұрыс
естілуі шарт, екіншіден, ондағы мақсат айқын көрініп,
соған сәйкес таңдалған тілдік
лексика-грамматикалық құралдар (сөз, сөз тіркестері,
жалғаулықтар мен шылаулар) интонациялық жағынан
дұрыс ұйымдасуы (әуен, қарқын, дауыс күші,
әуез, пауза) керек.
Тілдің
ауызша түрін әсер етуші, ақпарат жеткізуші ретінде
пайдаланатын кәсіп иелерінің бірі – радио, теледидар
саласының қызметкерлері – дикторлар мен журналистер, теле-, радио
арналары мен бағдарламаларының жүргізушілері. Аталған
мамандық иелері өздерінің күнделікті еңбек
құралы – ауызша сөзді жіті меңгергенде ғана
кәсіби қызметін жақсы атқара алады. Бұлай
дейтініміз, теледидар және радио журналистері мен дикторларының
жұртшылықпен қарым-қатынас жасауындағы бірден бір
мақсаты – ақпарат жеткізу ғана емес, сондай-ақ
жұртшылықтың эмоциясына, еркіне, санасына әсер ету.
Сонымен бірге «диктор – тыңдарман» үлгісіндегі
қарым-қатынаста диктордың өз тыңдарманы –
бүкіл бір тілді қауым екенін есте ұстағаны жөн.
Демек ол микрофон, бейнекамера алдында сөйлегенде тіл иелерінің қауымына бірдей
түсінікті тілдік фактілер мен құбылыстарды құрал
етіп алуды ойлап отырады. Онсыз ақпараттың көпшілікке
түсінікті болуын қамтамасыз ету мүмкін емес. Көруге,
сезінуге тағы да басқа сезім мүшелерін тітіркендіру
арқылы ақпарат беруге негізделген құралдар мүлде
жоқ немесе қызметі көмескі болғанда, ауызша сөз
сол құралдардың барлық қызметін өзіне
жүктейді. Сол себепті белгілі бір әлеуметтік жүк
арқалаған түрлі мақсаттағы радио, теледидар
және тағы да басқа ақпарат жеткізуші көздерден
естілетін ауызша сөзге құбылғыштық, әсерлілік,
сан алуан сарынға түрленгіштік қасиеттер тән болу
керек. Сонда ғана радио, теледидар шешенінің сөзі
айшықты, нақышына салынған, жұртшылыққа
түсінікті бола алады. Бұл үшін осы саладағы кез келген
маман ең алдымен сөйлеу техникасын меңгереді. Сөйлеу
техниккасы дыбысталған сөздің сапалы шығуына,
яғни қағаз бетіне түсірілген, ойда жинақталып
түйілген мәтіннің сыртқа дыбысталып
шыққанда құлаққа жағымды әрі
түсінуге жеңіл болуына үйретеді. Сөз ағымы
дұрыс дыбысталып қана қоймай бөліктерге дұрыс
бөлініп, олар өзара дұрыс ұйымдасу керек. Онсыз
сөз ағымындағы мағыналық қатынаста
тұрған сөз топтарын ажырату, олардың қатынасы
арқылы берілетін ой желісін түсіну мүмкін емес. Мұны
сөз ағымын мүшелеудің тілдік заңдылықтарын
жете меңгерген, болмаса тілдік сезімі жоғары тіл иесі автоматты
дағдыға айналдырып, сауатты пайдаланады.
«Диктор – тыңдарман» үлгісіндегі бір жақты тілдік
қарым-қатынастағы коммуникативтік қызметтің
барлығын интонация атқарады деуге болады. Себебі мұндай
қатынаста әсіресе радио саласындағы диктор
тыңдарманның көңіл-күйіне, ерік-жігеріне,
түйсік-санасына тек қана сөз арқылы әсер етеді.
Осындағы сөз арқылы берілген интеллектуалдық,
эмоциялық, волюнтативтік және тағы да басқа
барлық ақпараттың нәзік қалтарыстарын білдіретін
тілдік құрал – интонация. Сонымен, жоғарыда көрсетілген
сөйлеу техникасы, сөз ағымын мүшелеу мен
интонацияға қатысты білім, біліктілік, дағдыны
қалыптастыру үшін тілтанымдық сауаттылық, тілдік
мәдениет жоғары болу керек. Сондықтан сауатты, әрі
шебер сөйлеу үшін ауызша сөздің тілтанымдық
негіздерін жан-жақты меңгерген жөн.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Мұсабаев Ғ.
Қазақ тілінің лексикасы.//
Филол.ғ.дисс. – Алматы, 1961, – 498 б.
2.
Уәли Н., Алдашева А.
Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. –Алматы,
1988. –113 б.
3.
Сарыбаев Ш. Қазақ тіл білімі
мәселелері.–Алматы:Дайк-Пресс, 2005.–794 б.
4.
Дүйсебаева М.
Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық
сөздігі. Алматы, 1973.
5.
Күдеринова Қ.
Жеке дыбыстардың орфоэпиясы // Қазақ тілінің
орфоэпиялық анықтағышы. – Алматы, 2005.
6.
Жүнісбек Ә.
Қазақ фонетикасы. – Алматы, 2009. – 312 б.
7.
Серғалиев М. «Көгілдір экраннан айтылар
сөз немесе осы төңіректегі кейбір ойлар». Халық
кеңесі, 1994 ж., 5 наурыз.