Оспанова
Фарида Амирбековна
Кызылординский государственный
университет им. Коркыт Ата
Казахстан
Ағылшын және қазақ тілдері фразеологиялық-метафоралық
қорындағы «Шындық»
пен «Жалған» концептілерінің
вербалдануы
Тіл білімінің басқа да іргелі салалары сияқты
фразеология да бүгінгі күні терезесі тең, дербес салаға
айналып отыр. Өзіндік бағыт-бағдары қалыптасқан фразеология
саласын тіл білімінің жеке саласы ретінде қалыптастыруда,
оның нысандарын, тілдегі орны мен табиғатын, зерттеу
әдістерін анықтауда, маңызды теориялық тұжырымдар
жасауда көптеген отандық және шетелдік
ғалым-фразеологтардың еңбектері ерекше орын алады.
Ағылшын және
қазақ тілдеріндегі фразеологиялық тіркестердің пайда
болу көздері әр халықтың тарихы, заттық
және рухани мәдениеті, өмір-тіршілігімен тығыз
байланысты болғандықтан, олардың мағынасының
лингвомәдени және когнитивтік тұрғыдан талдау
арқылы тарихи-этимологиялық көздерін ашуға болады.
Құндылық категориясы ретіндегі шындық пен жалған концептілерін лингвомәдени
концептуалдық талдау ерекшелігі оларды зерттеушілердің
ұлттық менталитетті құраушы негізгі абстрактілі
ұғымдардың бірі деп мойындалуынан тұрады. Оның
үстіне шындық пен
жалған концептілері адамгершілік (этикалық) категориялар
қатарына жатады, яғни жалпы адамзаттық мәдениет
категориясына жатады.
Негізінен адамдардың
көңіл-күйін, эмоциясын, сезімдік қатыстарын құрғақ
сөзбен өлшеп, пішу мүмкін емес. Әрбір жеке тілдік
тұлғаның өзіндік қабылдауынан туатын сезімдік «дүние
суреті» әсерінің көрінісі лексикаға қарағанда,
фразеологизмдердегі эмоция мен экспрессияда анағұрлым көбірек
қамтылады. Терең сезім, ішкі ой, таным-түйсік түрлерін
белгілеуде эмоцияны саралайтын экспрессиялық белгілер фразеологизмдер қатарынан мен мұндалап,
қолын бұлғап алыстан көрініп тұрады. Себебі,
фразеологизмдердің құрамындағы тірек сөз, тірек
ұғымның өзінен кейде эмоциональдық мазмұнын
байқауға болады. Яғни, Г.Смағұлова
айтқандай, «Фразеологиялық тіркестер мақал-мәтелдер
сияқты тиянақты ойды білдіріп, сөйлемді аяқтамаса да ,
әрбір қалыптасқан сөз тіркесі көненің
көзіндей ертеден келе жатқан салт-дәстүрді,
үрдіс-әдетті, заманды, адамды, мезгілді және олардың
іс-әрекеттерін алдыңа жайып салады [1, 12].
Қазақ тіліндегідей ағылшын халқының тілдік
мәдениетінде шындық/жалғанға
деген көзқарас біркелкі емес. Себебі бір жағынан, шындық/жалған бұл – баға
жетпес құндылық, алға қойған мақсат,
екінші жағынан, шындық/жалған
бұл – адамзат баласына қайғы-қасірет, дерт
әкелетін, өмір сүруге кедергі келтіретін категория. Алайда,
ағылшын тіліне қарағанда, қазақ халқының тілдік
мәдениетінде шындық/жалғанға
деген қарым-қатынас түрлі-түсті эмоционалдық
бояуға бай. Соған сай қазақы қоғамда
тақырыптық жағынан сан алуан мынадай тұрақты
тіркестер қалыптасқан: түлкі
бұлаңға салу, жүрегімен сөйлеу, жанын
айқара ашу, өтірік көлгірсу, т.б. Бұл концептілердің
мағыналық сипатын ашуда берілген тұрақты тіркестердің
семантикалық мазмұны қазақы тілдік мәдениетті ұстанушы халық үшін
қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді. Ағылшын тіліндегі аталған
тұрақты тіркестердің эквиваленті heart (жүрек)
тірек-сөзін қолданады. «Truth» концептісі ағылшын халқының тілдік
мәдениетінде коммуникативтік акт барысында прагматикалық сипатта
қабылданады, яғни ешқандай эмоционалды реңк бермейді.
Көптеген тілдерде шындық/жалғанның арасындағы
семантикалық байланыс өте күрделі. Олар кейде бір мезгілде
қарама-қарсы мәнде жұмсалса, енді бірде бір-бірімен
сәйкес келіп те жатады. Мәселен, парсы тіліндегі мына мақал
соған дәлел бола алады ( Бір қыл шындықты өтіріктен ажыратады). Немесе бұған дәлел ретінде
әлем ойшылдарының, ұлы зиялыларының афоризмдерін
келтіруге болады.
Әлемдік бай тілдік
тәжірибеге сүйенетін болсақ,
ғалымдардың көзқарастарында берілгендей, шындықтың негізінде жалған,
ал жалғанның негізінде шындық қалыптасады. Өйткені шындықтың
өлшемі ретінде жалған, ал жалғанның өлшемі
ретінде шындық алынады. Бұл – мәңгілік
өмірдің қалыптасқан заңдылығы, табиғи
дәлелденген аксиома. Орыс тіл білімінде шындықты зерттеген
ғалым В.А. Лукин «шындық абстрактілі болған сайын
жалғанның мазмұныда айқындалады»,- деп
тұжырымдайды. [2, 42].
Бұдан біз жалғанның
шындыққа қарағанда, ассоциативті-семантикалық мазмұнының бай
екендігін аңғарамыз. Ол, әсіресе, фразеологиялық
оралымдардан анық көрінеді. Себебі жалған афоризмдер мен
мақал-мәтелдерде, тұрақты тіркестерде тамаша
үндестік тапқан.
Ағылшын
тіліндегі шындық пен жалған
мазмұнындағы
фразеологиялық бірліктерді лексикалық сипатына
қарай мынадай топтарға
бөліп қарастыруға болады:
1. ағылшын тіліндегі үнсіздік құрайтын ФБ: keep (leave) smb in the dark, draw a
curtain on smth, cast (draw, throw) a veil over (upon) smth, sweep smth under
the carpet, hold (keep, play) cards (a thing) close to one"s chest (vest).
2.
ағылшын тіліндегі кең қолданыс тапқан
жасандылыққа қатысты ФБ: put on a false front, shoot at a
pigeon and kill a crow, play (the) fox, mask one"s battеries, wear a (the)
mask (of), make semblance of smth, sail under false colours, keep up (save)
appearances, carry water on both shoulders.
3. Кейбір жалған
фреймдері жалған ақпарат
тарататын ФБ құрайды: : sling (throw) the hatchet, spin smb a yarn, shoot
(sling, throw) the bull, shoot off one"s face, cast aspersions on smb,
fling dirt about, blow one"s own horn, draw (pull) a long bow, shoot a
line, muddy the water. Қазақ тілінде
аталған фреймдер былай өрнектеледі: құлақтан
тебу, өтірікті судай сапыру, ертегі айту, оқ-дәрі
құю, арадай ызыңдау,т.б. Салыстырмалы түрде
қарастырар болсақ, екі тілде бұл фреймдер мынадай
семантикалық топшаларға біріктіріледі. Мәселен, шартты
түрде былай деп топтастырсақ:
1) жалған
ақпарат таратқан субъект пен объектінің сәйкес келмеуі:
(өтірік, өсек, ғайбат)
– бекерден бекер тырысу, fling dirt about;
2) жалған
ақпарат таратқан субъект пен объектінің сәйкес келуі: (паңдық,
мақтанқұмарлық) – ешкіні тәте, текені көке
деу, low one"s own horn.
Екі тілде, әсіресе, алаяқтыққа қатысты
фреймдер көбірек кездеседі. Мысалы, қазақ тілінде –
20-ға жуық ФБ, ал ағылшын тілінде – 15-ке жуық ФБ. Екі
тілде де аталған әрекетте жылдамдық пен ептілікті, біліктілік
пен білгірлікті семантикалық
жағынан бедерлейтін фразеологиялық тіркестер кездеседі.
Ағылшын тілінде бұл тілдік қолданыстар былайша көрініс
тапқан: catch (old birds) with chaff, come (put) Yorkshire over smb. Қазақ
тілінде мына ФБ мағыналас келеді: шыр көбелек айналдыру, жел
диірменіндей есу.
Жеке тілдік тұлғалар арасында жалған жаман
қасиет ретінде тілдік қарым-қатынаста адамгершілік
нормаларына қайшы келетін категория болып есептеледі, әлеуметтік
қоғамда сынға алынады. Бұл негативті
көзқарас ағылшын тілінде қарым-қатынас барысында
үнемі қолданыста жүрген
фразеологиялық бірліктерден семантикалық мазмұнынан
анық байқалады. Мысалы, lie in one"s teeth (throat) [ұялмастан, өтірік айту], lie out of (the) whole cloth [қызармастан
ғайбаттау]. Қазақы моральдық ұстанымдарға
да сәйкес жалғанға
қатысты арсыздық, көргенсіздік, ұятсыздық секілді
қасиеттер әлеуметтік қоғамда сынға
ұшырайды. Соған сәйкес фразеологизмдер де көрініс
табады. Мысалы, беті бүлк етпестен өтірік айту, шімірікпестен
ғайбаттау, тура көзге
қарап тұрып жалған сөйлеу, т.б.
Екі
тілде де адамның моральдық қасиеттерінің түрі
саналатын шындық/жалған
концептілеріне қатысты фразеологиялық теңеулер кездеседі.
Мұндай құбылыстардың тілде қолданыс таппауы сирек
кездесетін құбылыс. Себебі, теңеу - танымдық
қызметі зор, ең көне, әрі қарапайым, тілде жиі
қолданылатын логикалық теңестіру тәсілі. Шындық
әлемді танудың қисынды құралы бола отырып, теңеу
мейлінше көп қырлы, мазмұнды тілдік құбылысты
білдіреді. Ойлау өрісі ретінде теңеудің дүниені эмоционалды
түрде қабылдауы және ондағы қайсы бір
құбылысты салыстыра бағалау тұрғысынан
қандай да бір нысанға мән берудегі салмағы ерекше.
Философиялық жақтан қарастырғанда, теңеу
адамның абстрактілі ойлауын дамытудың көрінісі болса,
лингвистикалық тұрғыдан осы ойдың тілдік
қолданыста бейнеленуі. Сонымен бірге теңеу – сипатталушы
нысанның бейнелілік, көркемдік, эмоционалды-экспрессивтік сапасын
күшейтетін көркемдік әдіс. Теңеу – ұқсас,
ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші затпен салыстыру
арқылы сипатталушы нәрсенің бейнелілік, көркемдік,
эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтетін, сол нәрсені
жаңа қырынан, поэтикалық қырынан таныстыратын әрі стильдік
тәсіл, әрі таным құралы. Басқа тілдік бірліктер
секілді тұрақты теңеулер де адамның танымдық
мүмкіндігін тілдік қабілетімен сабақтастырудан бастау
алатындықтан, басты назар олардың когнитивтік негіздеріне
аударылады.
Қазақ
тіл білімінде теңеулерді лингвистикалық тұрғыдан
зерттеген ғалым Т.Қоңыров «Тіліміздегі тұрақты
теңеулер- ежелден қалыптасып, тілде әбден сіңісіп
кеткен образдық конструкциялар. Олар көркем әдебиетте де,
фольклорда да, тіпті сөйлеу тілінде де бейнелеу, мәнерлеу тәсілі
ретінде өте жиі қолданылады»,- деп сипаттайды [2,106].Тұрақты
теңеулер тілдің фразеологиялық тіркестерінің
құрамдас бөлшегі болумен қатар, басқа
тұрақты тіркестерден ерекшеліктері бар дүние. Біріншіден,
басқа тұрақты тіркестердің құрамына кіретін
сөздер өздерінің жеке-жеке номинативтік мағыналарын
жоғалтып, барлығы бірігіп, бір ғана тұтас
мағынаны білдіретін болса, ал тұрақты теңеулердің
құрамына кіретін сөздер әр уақытта
өздерінің дербес лексикалық мағыналарын толығымен
сақтап тұрады. Негізінен тіл білімінде фразеологиялық
теңеулер фразеологизмдердің басқа түрлерінен
өзінің логикалық құрылымы, компаративті
мағынасы мен стильдік қызметі арқылы ерекшеленеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Смағұлова Г.Фразеологизмдердің варианттылығы. –
Алматы, 1996.-347б.
2.
Қоңыров Т. Қазақ теңеулері.
– Алматы: Мектеп, 1978. – 192 б.
3.
Қалиұлы Б. Тіл білімінің жаңа бағыттары:
концепт, прагматика, дискурс, мәтін. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту
институты, 2012. – 158 б.
4.
Байтұрсынұлы А. Тіл-құрал. Алматы: «Сардар» баспа
үйі, 2009.-320б.
5.
Hirsch E.D., Kett F., Trefil J. The Dictionary of Cultural Literacy. -
2nd Edition, Revised & Updated. - Boston, N.Y., 1993 322p.