Филологические
науки
Рапишева Жанат Дабыловна (фил.
ғыл. канд., доцент)
Кәріпова Толқынай
(студент)
Академик
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті, Қазақстан
КАЛЬКА ТЕРМИНЖАСАМ
ЖӘНЕ АУДАРМА ТӘСІЛІ РЕТІНДЕ
Мақалада калька терминжасам және аударма амалы ретінде
қарастырылады. Калька түрлерін классификациялауда негізге алынатын
белгілер аталып, калька халықаралық
терминдерді ұлт тіліндегі терминдерге айналдырудағы негізгі
тәсіл ретінде сипатталады.
Қазіргі тіліміздің
даму көзі, бүкіл рухани, мәдени өміріміздегі
жаңалықтардың ыңғайына қарай өзгеріп,
бейімделіп, тілімізді дамытып отыратын терминология саласы болса, терминология
мәселелері өзекті мәселелер қатарында саналады.
Аударма үдерісінің жандануына байланысты
кеңес дәуірінде пайда болған калькалау тәсілі терминжасамның
өнімді амалдардың бірі болып саналады. Алайда тілдегі сөздер мен сөз тіркестерінің
барлығы бірдей калька жасауға келе бермейді. Сөздер
калькаланғанда бірде басқа тіл сөзінің «сыртқы
тұлғасы мен морфемалық құрамы тұтас сақталып
көшірілсе», енді бірде сөздерге үстеме мағына
жүктеу арқылы жасалады. Осыған орай алғашқысын
лексикалық не тұлғалық калька (мыс., алғы шарт – предпосылка, аялдама –
остановка, басылым – издание, қондырғы – установка, жарты арал –
полуостров (дұрысы түбек)),
соңғысын семантикалық не мағыналық калька (мыс., жарыс – соревнование, (саяси
ұғым ретіндегі) ақ –
белый, қызыл – красный, үндеу - призыв) деп атайды. Бұл
тәсіл бір қарағанда терминжасамдағы негізгі екі
тәсілдің екі арасында аралық қызмет атқарады. Яғни кірме сөздер мен
алдыңғы екі тәсіл мүмкіндіктері пайдаланылады.
Басқаша айтар болсақ, ұғым идея негізге алынады да,
олардың жарақталуы ұлттық тіл құралдары
арқылы іске асып жатады. Қысқасы, алдыңғы екі тәсіл мүмкіндігі сарқа
пайдаланыла отырып, кірме терминдер дайын күйінде
қабылданады. Сонда бұл жерде өзге тілден келген нәрсе
терминнің мазмұндық сапасы ғана болып шығады.
Сонымен
қатар аударылған сөздің барлығы калька емес дейді
зерттеушілер. Мәселен, бастауыш –
подлежащее, өнеркәсіп – промышленность, балмұздақ –
мороженое дегендер шартты түрде алынып, қалыптасқан
аудармалар. Ал рухани байлық –
духовное богатство, қанатты сөздер – крылатые слова, әдеби
бейне – литературный образ, орталық шабуылшы – центральный нападающий
т.б. калька тіркестер мен фразалық тіркестер қатарына жатады.
Бұл
сөздің түпкі мағынасын тіл білімпаздары
ағылшынның calque деген
сөзінен таратады. Мәселен, О.С.Ахманованың
«Лингвистикалық терминдер сөздігінде» бұл лексикалық
кірме есебінде қаралады. Яғни сөзбе-сөз аудару есебінде
пайда болған сөз не сөз орамы деген түсінік береді де,
оның лексикалық калька, фразеологиялық калька, синтаксистік
калька дейтін бірнеше түрі болатыны айтылады [1, 45]. Аудару
амалдарының ішінде калька – сөзбе-сөз аудару тәсілі
сөздің немесе сөз тіркесінің ішкі мағынасын
дәлме-дәл сол күйінде аудару. Калька тәсілі
сөзжасамның бір жолы және тілдің сөздік
құрамын байытудың бір көзі деп есептелетіндіктен,
қазақ әдеби тілінің кез келген даму және
қалыптасу сатысында кальканың жағымды ықпалы
жоғары болғанына ешкім дау айтпайды [2, 16].
Осыған
ұқсас пікірді І.Кеңесбаев пен Т.Жанұзақов
сөздігінен де кездестіруге болады. «Бір тілдегі сөз бен сөз
тіркестерін я сөз мағынасын ауыстыру, көшіру, мысалы, есімдік орыс тілінің местоимение сөзінің
калькасы» [3, 11]. Бұл қазақ тілінде терминдік
жүйенің жасалу жолдары мен тұрақты тіркестердің
семантикалық және синтаксистік
құрылым-құрылысына тигізген әсерінен
байқалады. Бұл ретте
терминдік тұрақты тіркестерді қалыптастыру жағдайында
және ғылыми оқулықтар жазуда кальканың орны айрықша.
Кейде ғылым тілі калькалауды талап етеді. Демек калька тәсілі –
ғылыми әдебиетті аударудың қажетті амалы. Оның
қажеттілігі ғылым тілінің стильдік сипаттарына байланысты.
«Ғылыми стильдің ерекшелігі – пайымдауды, пікірді, нақты бір
құбылыстың дәйектемесін логикалық
шындыққа сәйкес жеткізу. Бұл міндет ойды
тиянақтайтын стильдік байлауды (маркированный) лексикаға,
тұрақты орамдарға және терминдер мен терминдік
тіркестерге жүктеледі» [3]. Демек, сөзбе-сөз аудару терминдік
лексиканы қалыптастыруда бірден-бір қызмет ететін фактор болып
қала береді.
Қорыта
айтатын болсақ, «сөзбе-сөз аударма – аударма тілі
сөздерінің бастапқы тіл сөздерімен автоматты
түрде алмастырылуы». Ал калька ұғымы сәл
өзгешелеу сипатта түсіндіріледі: «Калька – өзге тілдегі
сөздің немесе сөз тіркесінің құрылымын аудару
арқылы енген тіл бірлігі» [1]. Бұл анықтамалардың
айырмашылығы – «калька» ұғымының аударылатын тілде
бұрын-соңды болмаған ұғымды беру үшін
қолданылатындығы, ал сөзбе-сөз аударманың жай
сөз тіркестерінің, сөйлемдердің лексика-грамматикалық
құрылымдары мен мазмұндарын өзгертпей, екінші
тілдің лексикасы арқылы жеткізуінде.
Калька –
тілдің сөзжасам жүйесін, үлгісін байытудағы
терминдер мен терминдік тіркестерді жасаудың бірден-бір өнімді
тәсілі деген анықтаманы терминологтар басшылыққа алады. Калька жолымен аудару барысында, төл
тіліміздегі бұрыннан бар сөздер жаңа сөздерге балама
ретінде жұмсалып, терминдік мәнге көшеді. Олардың
ерекшелігі табиғи терминдермен салыстырғанда аудармаға
қатыстылығынан көрінеді [4, 16].
Бұл
жөнінде Ә.Қайдар «Калькирование является одним из ведущих и
продуктивных способов образования новых терминов в казахском языке.
Терминологические кальки по своему характеру делятся на два типа: смысловые и
структурно-смысловые» деп калькалау тәсіліне сипаттама береді [5, 24].
Кірме терминдермен салыстырғанда калька тәсілімен жасалған
терминдерде шет тілдің грамматикалық құрылымы,
дыбыстық ерекшелігі байқала бермейді. «Калькалау арқылы
термин жасау өте күрделі мәселе. Аударманың сәтті
шығуы үшін өзге тілдегі сөздің (сөз
тіркесінің) семантикасын, морфологиялық құрылысы мен
қолданылатын саласын жақсы білу керек», - дейді Ц.Г.Пюрбеев [6,
57]. Шынында, өткен ғасыр басында А.Байтұрсынұлы
жасаған сәтті терминдер осындай пікірдің дәлелі.
Калькалану арқылы енген терминдер тобы күні бүгінге дейін,
мәселен, анықтауыш,
толықтауыш, қос сөздер т.б. қазақ
лингвистикасында сәтті калькаланған салалық терминдер
жүйесінің өміршең қабатын құрап отыр.
Калькалау
тәсілі арқылы сөзжасам түркі тілдерінде кеңес
дәуірінде кең өріс ала дамыды, оған орыс тілінің
тікелей әсері себеп болды. Калька тәсілімен өнімді термин
жасау қазақ, қырғыз, әзірбайжан, түркімен
т.б. тілдерде ерекше байқалады.
Калькалауды механикалық түрде айнытпай көшіру деп
қана қабылдамай, оның белгілі дәрежеде
шығармашылық үдеріс екендігін де ескерген дұрыс.
Бұл орайда «Калька – тіл тұтынушылардың шет тілдері
сөздерінің еш өзгеріссіз ұлт тіліне енуіне
қарсылығы»деген пікірдің негізсіз емес екеніне назар
аударған дұрыс. «Әйгілі тілші ғалым Л.Блумфилд кальканы
шет тілінің сөзін аудару немесе шет ел тілінің сөзі
арқылы берілген ұғымды өз тіліңнің
сөзімен атай отырып, жаңа сөз жасау» деген болатын дейді
қазіргі зерттеушілер [5, 25].
Сонымен,
калька тәсілі – терминжасамның бір түрі, ұлт
тілінің терминдік қорын байытудағы ең ұтымды
жолдардың бірі деп есептеледі. Калькалану
тәсілі арқылы жасалып, тілімізге енген терминдерді екі
ыңғайда қарастырып, танып білу керек сияқты дейді
мамандар. Бірі – мағыналық калька, яғни сөзбе-сөз
аударма емес, түбір сөздің негізгі мағынасын беру,
екіншісі – мағыналық құрылымын (стуктурно-смысловые
слова) беру. Бұл тәсіл бойынша термин сөзбе-сөз
аударылады. Онда сөздің негізгі мағынасын берумен
қатар, оның бөлінбес бөлшектері мен синтаксистік
құрылымын да сақтау көзделеді [7, 15].
Аударматану тұрғысынан қарағанда тілдер
арасындағы ауыс-түйістер лингвомиграциялық процестер
(үдерістер) деп аталады. Яғни тілге тікелей кірме сөз
қосылады, немесе тілде формальды жағынан теңдестіру
(өзге тілдегі сөздің сыртқы нысанын сақтау,
калька балама жасау), семантикалық жағынан теңдестіру
(мағыналық құрылымы жақын-жуық
баламалардың пайда болуы), сөзжасамның жаңа
тәсілдерінің белсенділігінің артуы сияқты үдерістер
жүреді.
Интернационалдық (халықаралық) терминдер,
тұрақты, клише тіркестер (үштік
одақ, Ақ үй, мемлекеттік құрылым, төртінші
билік т.б.) – еуропалық тілдер – орыс тілі – қазақ тілі
арасындағы лингвомиграциялық үдерістердің
көрінісі, тілдердің өзара әсері, ықпалдасуы,
аударма үдерісінің нәтижесінен туындаған заңдылық.
Аударма және тілге икемдеп алу тәсілдері – қазақ
тілінің халықаралық терминдерді ұлт тіліндегі
терминдерге айналдырудағы негізгі тәсілдері қатарында
саналады.
«Тілімізде халықаралық терминдер әлі де көбейе
береді және оған ешкім
де бөгет бола алмайды. Орыс және шетел
сөздерінен терминдік атаулар алу –
біздің тілімізді байытатын үлкен
арнаның бірі», - дейді Шерубай
Құрманбай [2, 45].
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1. Ахманова О.С. Словарь
лингвистических терминов. – М., 1966. – 385 с.
2. Құрманбаев Ш.
Терминтану: Оқу құралы. – Алматы: Атлас, 2006. –244 б.
3. Кеңесбаев І.,
Жанұзақов Т. Тіл білімі терминдерінің
орысша-қазақша сөздігі. – Алматы, 1966. – 256 б.
4. Терминдер және олардың аудармалары.
– Алматы: Ғылым, 1990. – 120 б.
5. Қайдаров Ә. Қазақ
терминологиясына жаңаша көзқарас. – Алматы: Рауан, 1993. – 89
б.
6. Пюрбеев Ц.Г. Вопросы терминологии.
– М., 1999.
7.
Жақыпов Ж.А.
Аударматануды аңдату. – Қарағанды, 2004. – 128 б.