Құтымбетова Э.Қ.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕГІ КӨМЕКШІ СӨЗДЕРДІҢ ТОПТАСТЫРЫЛУЫ

 

Сөздердің күрделі құбылыс екендігін дәлелдеп жатудың қажеттілігі болмаса керек. Сонымен бірге сөздер бір-бірімен белгілі бір сипатымен өзара байланысып жатса, екінші бір қасиеттерімен бірі екіншісінен ажыратылып жатады. Бірнеше сөздердегі ортақ белгілер оларды өзара байланыстырып, тіл элементтерінің белгілі бір жүйе ретінде өмір сүруіне жағдай жасаса, айырмашылықтары олардың өздерінің жеке тәуелсіздігінің, дербестігінің бар екендігін көрсетеді. Тілші ғалымдар сөздің бұл екі қасиетінің бар екендігін, қатар өмір сүретіндігін мойындайды. Жалпы тіл білімінде сөз мағынасы, тұлғасы, сөйлемдегі қызметі туралы сөз болғанда, олардың айырмашылығын көрсетумен бірге, жалпы жақтарын да көрсету мақсат етіледі. Сондай жалпы белгілері негізінде сөздерді топтастырудың бір үлгісі – сөз тобы болып саналады. Сөз тобы – сөздердің бір белгісіне қарай жинақталған тобы емес, ол сөздердің әрі грамматикалық, әрі лексикалық қасиеттерін негізге ала отырып жинақталған тобы [1,57].

Сөздік құрамдағы сөздерді атауыш (толық мағыналы) және көмекші сөздер деп екі топқа бөлеміз. Атауыш сөздер жеке өздері тұрып белгілі бір зат не ұғым атауы ретінде қолданылып, белгілі бір сұрауға жауап береді де, сөйлемнің дербес мүшесі болады. Мысалы, ағаш сөзін алып көрелік. Жеке тұрғанда өсімдік атауы деген мағына білдіреді де, сөйлемнің кез келген мүшесі бола береді. Ал үшін ондай қасиетке ие емес, ол заттың да, белгілі бір ұғымның да атауы ретінде қолданылмайды; сөйлемде жеке өздері қолданылмайды. Осы қасиетіне қарай көмекші сөздерді топтастыруда сематикалық принцип керек пе деген сұраудың тууы заңды. Сөздерді топтастырғанда негізгі өлшем етіп алатынымыз жеке сөздердің лексикалық мағынасы ғана емес, олардың категориялдық мағынасы болып саналады.

Функционалды көмекшілер деп өздерінің толық мағыналы сыңарларынан толық қол үзіп кете қоймаған, сөйлемдегі қызметтеріне қарай бірде көмекші сөз, бірде толық мағыналы сөз ретінде қолданылатын сөздерді айтамыз [1,60]. Мысалы, қой етістігін алып көрелік. Қой өзі толық мағыналы етістік ретінде қолданылып, белгілі бір жерге не арнаулы бір орынға орналастыру мағынасын білдіреді [2, 260-261]. Қазақ тілі түсіндірме сөздігінде қой сөзінің жеті мағынасы бар екендігін көрсеткен. Сөздікте көрсетілген жеті мағынаның жетеуі де екінші бір сөзге тәуелді болмай, дербес қолданылған. Сөздіктің авторлары осы қой етістігіне омонимдес сыңар ретінде шылау деген айдармен, екінші қой сөзін берген. Шылаулық мағынада тұр деп үш мысал берген. Шындығында берген мысалдың екеуі шылау мағынасында, біреуі көмекші етістік мағынасында қолданылып тұр. Салыстырыңыз. Колосов актыны жасап қойыпты (Тілепов). – Шакизат қой, жаным-ау,– деп қояды Сұлтанмахмұт (Әбілев). – Балаң келген күні күзетке тұрмай-ақ қой (М.Гумеров). Мысалымыздағы бірінші қой сөзі толық мағыналы етістікпен омонимдес сөз болып есептелінбейді, соның көп мағыналығы негізінде қалыптасқан көмекші етістік. Бұл екі сөздің арасында мағыналық байланыс сақталынған. Ал екінші, үшінші мысалымыздағы қой – демеулік шылау. Оның қой етістігімен этимологиялық байланысы болғанымен қазір ондай байланысын үзген, алдындағы сөздің мағынасын нақтылап, күшейтіп демеулік шылау қызметін атқарып тұр. [3, 25].

Сөздерді лексикалық мағына дербестігіне қарай бөлгенде, көмекші есім мен көмекші етістіктердің, шылаулардың көмекші сөз екендігі дау туғызбайды. Бірақ кей сөздердің мағынасын анықтауда түркі тіл білімінде пікір дауы бар. Бұл модаль сөздер мен сын есімнің асырмалы шырай түрін жасайтын өте, тым, аса, ең, тіпті сияқты сөздермен байланысты айтылып жүр. Сын есімнің шырайлары грамматикалық категория екендігі анық, бірақ оқу құралдарында асырмалы шырайлар сын есімдердің алдына өте, тым, аса, тіпті, нағыз, нақ, ең, орасан, керемет сияқты күшейткіш үстеулерді тіркесу арқылы жасалынады деп үйретеді [3,279].

Сөздерді топтастырудың екінші өлшемі – морфологиялық түрленуі. Егер морфологиялық белгісіне қарайтын болсақ, онда жалпы көмекші сөздерді бір топ ету мүмкін болмайды. Себебі көмекшілердің бір тобы (функционалды көмекшілер) түрлі қосымшалар қабылдап түрленсе, екінші бір тобы қосымша қабылдамайтын, түрленбейтін сөздердің қатарына жатады. Көпшілік тілшілер осы екінші топтағы сөздерді көмекшілердің негізгі тобы деп есептеп, көмекшілер түрленбейтін сөздер деп анықтама береді. Мысалы, Ф.Р.Зейналов: «Служебные части речи, в отличие от знаменательных, пе бывают ни производными, ни сложными. Лишены они и словоизменительного процесса. Служебные слова – морфологически неизмеияемая части речи», – деп барлық көмекші сөздерді түрленбейтін сөздердің қатарына қосады [4,14]. 

Қазіргі тіл білімінде көмекші сөздер сөз тіркесінің жеке сыңары бола алмайды, яғни сөз тіркесін жасай алмайды деген пікір басым. Бірақ кейбір тілшілер сәл басқашалау ойлайды. Мысалы, Т.А.Бартагаев моңғол тіліндегі толық мағыналы сөз бен көмекші сөздердің тіркесін сөз тіркесі деп атап, оны грамматикаланған тіркес дейді. Түркі тілдеріндегі сөз тіркесімен тікелей айналысып, ғылыми зерттеу жасаған ғалымдар сөз тіркесіне мынадай шарттар қояды. М.Балақаев: «синтаксистік қарым-қатынасты білдіру үшін кемінде толық мағыналы екі сөздің сабақтаса байланысқан тобын сөз тіркесі дейміз»,– деп анықтама береді. Анықтаманың көрсетуінше сөз тіркесі болу үшін толық мағыналы сөз болуы қажет деген сұрауға жауап берілмеген. Бұл сұрауға жауап автордың басқа еңбегінде де жоқ. Тек түйдекті тіркес деген тақырыпта: «Түйдекті тіркестер құрамындағы сөздердің бәрінің не біреуінің лексика-семантикалық дербес мағынасы болмайды. Олардың тіркесуінен қосымша грамматикалық мағына пайда болмайды»,– деген пікір айтылған да, септеулік шылаумен, көмекші есіммен келген зат есім, көмекші етістікті, күрделі етістіктерді мысал ретінде көрсетеді. М.Закиев сенің үшін (һинең өсен) тіркесін алады да, оның сөз тіркесі болмау себебін былай түсіндіреді: «Такие сочетания не могут быть признаны словосочетанием потому, что в них не выражается никакого отношения между явлениями, предметами или понятиями. Не могут считаться компонентами словосочетания – не только послелоги, но и союзы, частицы и вспомогательные слова» [5,108]. Дегенмен көмекші сөздердің кейбіреулерінің күрделі сөз тіркесінің құрамына еніп, сөздердің байланысуына өз үлесін қосатындығы анық. Мысалы, көмекші есімдер. Көмекші есімдердің лексикалық мағынасы болмағаны болмаса, ол өздері қатысты болып келген сөзбен матаса байланысады. Ауылдың маңы терең сай (Алтынсарин) дегенде ауыл ілік септік формасында, маңы тәуелдік жалғау формасында қолданылып, колхоздың малы, жақсылық сөзі, ағаштың жапырағы тіркесінен тұлға жағынан айырмашылығы жоқ.

Жоғарыда айтылған пікірлерді жинақтай келіп проф. М.Оразов көмекші сөздерді мынадай үлгіде топқа бөлуге болатынын көрсетеді: «Біріншіден, көмекші сөздерді орналасу орнына қарай алд көмекші, соң көмекші деп екіге бөлуге болады. Алд көмекшілер сан жағынан аз. Оларға сын есімнің асырмалы шырайының құрамында қолданылатын өте, тым, аса, тіпті т.б. көмекшілерді енгіземіз. Соң көмекшілері сан жағынан көп. Оларға көмекші есім, көмекші етістік, модаль сөз, шылауларды енгізуге болады.

 

Әдебиет:

1.    Оразов М. Көмекші сөздер. 1- кітап. –Ташкент: Наурыз, 1997. -175 б.

2.       Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. –Алматы: Ғылым, 1983. – 672 б.

3.       Әміров Р.С. Қазақ тіліндегі жалғаулықтар. –Алматы: Қаз. мем. оқу пед. баспасы, 1959. -70 б.

4.       Зейналов Ф.Р. Служебные части речи в современных тюркских языках. АДД. –Баку, 1966. -84 с.

5.       Закиев М.З. Синтаксический строй татарского языка. –Казань, 1963.