И.С.МУРАТБАЕВА,
доцент кафедры социально-культурных технологий Алматинского филиала Санкт-Петербургского Гуманитарного
университета профсоюзов, кандидат филологических наук
АБСТРАКТ СӨЗДЕРДІҢ
МЕТАФОРАЛЫ ТЕРМИНДЕНУІ
Терминология
мәселесін шешуде, ең алдымен, терминнің қалыптасу,
жасалу тәсілдерін анықтап алу қажеттілігі туындайды.
Терминжасамдағы кеңінен таралған тәсілдердің бірі
– лексика-семантикалық тәсіл. Лексика-семантикалық тәсіл
дегеніміз, Н.М. Шанскийдің сөзімен айтқанда, бір сөздің түрлі
мағыналарының түрлі сөздерге айналуы немесе басқа
сөзге манығаның берілуі [1]. Лексика-семантикалық
тәсіл сөздің көпмағыналылығымен, туынды
мағынаның қалыптасуымен тығыз байланысты.
Сөздің туынды (ауыспалы) мағынасының
қалыптасуында әдеби лексиканың немесе ауыз екі сөйлеу
тілінің сөздерінің қатысуы – заңды
құбылыс. Ауыспалы мағынаның жасалу
тәсілдерінің кең тараған түрлері – метафора мен
метонимия.
Метафоралы
ауыстыру – көптеген терминологиялық жүйелерде кеңінен
таралған семантикалық терминжасамның түрі. В.Н. Прохорованың
болжамы бойынша, метафоризация – техникалық, медициналық және
басқа да жаратылыстану ғылымдарының терминологиялық
жүйелерінде кеңінен таралған терминжасамның
семантикалық түрі. [2]. Гуманитарлық пәндердің
терминологиялық жүйелерінде терминжасамның басқа да түрлері
таралған. Түрлі терминологиялық
жүйелердегі метафоралану үдерісінің түрлі деңгейде
өтуі нақты және абстрақтылы лексиканың
ара-қатынасының айрмашылығымен түсіндіріледі. Жаратылыстану
пәндерінің терминологиясында зерттеу нысанының атаулары
ретінде нақты лексика кеңінен берілген. Гуманитарлық пәндердің
терминологиялық жүйелерінде үдерістерді, ара-қатынастарды, байланыстарды
атауға абстрактылы лексика молынан қолданылған.
Терминологиядағы
метафоризация – ең алдымен, нақты лексикаға тән
үдеріс. Алайда сонымен бірге метафоралану үдерісі абстрактылы
лексика саласында да жүреді, бірақ ара-тұра кездеседі. Жиналған
материалдарды салыстыра отырып, абстрактылы лексиканың метафоралануы
сирек кездесетін тәсіл болатынына көз жеткіземіз.
Жалпы әдеби
тілде метафора құратын абстрактылы лексиканы жүйелеу өте
күрделі жұмыс. Терминология жүйесіндегі абстарктылы
метафораланған терминдер де бір жүйеге салу қажырлы
еңбекті талап етеді. Метафоралы ауыстырудың негізінде болатын
ұғымдардың дифференциалды сипаттарын жеке-дара
айқындап, жіктеу қиыншылық тудырады. Бұл сипаттар
бір-бірімен өте тығыз байланыста болып, бірігіп кеткендіктен,
оларды ажырату өте қиын және ауысу бірнеше сипаттар негізінде
жұреді. Абстрактылы лексиканың терминденуінде эмоциялық қабылдау, ассоцияциялар
өте жиі кездеседі және терминдерде коннотативтік сипаттардың
болуы да осыдан.
Абстрактылы
метафора-терминдерді бірнеше топқа бөлуге болады. Ең жиі
кездесетін түрі – адам және тірі жәндіктердің қалпымен
байланысты процесс пен құбылыстардың атауы. Адамға
тән құбылыстар жиі техникаға таңылып отырады.
Мысалы, утомляемость, усталость,
выносливость және т.б. терминдер механика, газ және
мұңай, политехникалық терминологияда техникалық
құралдарға, элементтерге қатысты айтылады. Сонымен
бірге бұл үрдерістерді жасына (старение
– маш., возраст –геолог.),
қажеттілігіне қарай (питание,
«дыхание» – политех., голодание –
мед.) талдауға болады. Зоология, ботаника терминдері де жан-жануарлар мен
өсімдіктердің қалпы мен өсіп-өнуі,
қоршаған айналаға бейімделу жағдайын білдіреді.
Аталған салалардың терминдері экономика саласында түрлі
кәсіпорын мен мекемелердің бір-бірімен қарым-қатынаста
болып, бір-бірімен байланысып отыру
үдерісін көрсетеді. Ассимиляция,
отпочкование, стерилизация, реакция және т.б. терминдер осы
пікірдің дәлелі бола алады. Нақты өмірдегі заттар мен
заттар, адамдар мен адамдар арасындағы
қарым-қатынастарға ауысып отырғанын
байқаймыз.
Адамның
психикалық өмірімен байланысты сөздер де геология
электроника, политехника салаларында құралдарға байланысты
айтылып, терминделеді. Мысалы, чувствительность,
ожидание, запаздывание – политех., темперамент
- геолог., жады//память – информатика
терминдері адамның түрлі психикалық қаситеттерін білдіреді.
Обогащение железных и марганцевых руд,
топлива, сопротивление материалов, проводников (политех.) және т.б.
терминдері адамның қоғамдық өмірімен байланысты
сөздердің метафоралы ауысуының негізінде терминделген.
Осы тұста
тағы бір ескертетін жағдай – бір терминология саласының терминдерінің
екінші бір салаға топ болып ауысуы немесе Э.А.Лапиняның
терминологиясы бойынша, «кустовой» (үйірмелі) метафораны
құру. [3]. Бұл жерде метафоралы терминжасамның негізгі
ерекшеліктерінің бірі – метафора-терминдерінің
жүйесінің құрылуы, сонымен бірге бір-біріне
ұқсамайтын ғылым салаларының бір-біріне
теңестірілуі. Бұл теңестірудің негізі, себебі белгісізді белгілі
құбылыс пен заттар
арқылы беру болып табылады. Бұл ереже аналогия негізін
құрайды және сонымен ғылымдағы кез келген метафораның
туындауының міндетті шарты болып табылады. Бір ғылым саласынан екінші
ғылым саласына проекция
құруға, қарастырылып зерттелетін сананың
моделін құруға себепкер болады, яғни сол модель арқылы
қыр-сырын танып, жан-жақты зерттеп қарастыруға септігін
тигізеді. Сонымен бірге зерттелуге алынып отырған нысанның
басқа да заңдылықтарын ашып, болжам жасауға
мүмкіндік береді.
Проекция
арқылы модель құру -
интеллектуалды дәрежедегі метафора, ал бір-біріне қатысты терминдерді
қолдану метафоралы терминдердің туындауына ықпал етеді. Бұл
тұжырымдарға мысал ретінде медицина, химия салаларының терминдерін
экономика саласында қолданылуын айтуға болады. «Инъекция»// «дәрі жіберу», «стерилизация», иммунитет терминдері
экономиканы медицина тұрғысынан қарастыруға мүмкіндік
береді, ал география терминдерінің информатикада қолданылуы сол саладағы
заңдылықтарды, қарым-қатынастарды түсініп ұғынуға
жетелейді.
Философия категорияларының
бірі кеңістік пен уақыт болса, бұл ұғымдарды нақты
формада, образда беруде кеңістік метафоралары да ерекше орын алады.
Кеңістікті нақты өлшеу мен салыстыру аталған
метафораның негізін қалайды. Бұл тұста мысалға дәстүрлі
болып кеткен, көптеген терминологиялық жүйелерде қолданылатын
өріс//поле терминін келтіруге болады.
Бұл термин жаратылыстану саласы
физикадан бастап лингвистика, психология, кибернетика сияқты салаларда
да терминдік мәнге ие болып қолданылады. Аталған сөздер
ауыз екі сөйлеу тілінде нақты заттық мағынаға ие
болса да, метафораланған мағынада абстрактылы мәнге ие. Ойлау өрісі немесе орыс тілінде поле зрения, шляпа с широкими полями, сөз тіркестері осы тұжымның
дәлелі. Ал терминдік мағына тек метафораға негізделгенін
мысалдардан көреміз. Магнитное поле
земли (физ.), семантическое поле (лингв.),
өрмек жібінің өрісі (легк.пром.)
және т.б. терминдер тек ауыспалы мағынада қолданылған.
Қорыта
келе, ауыз екі сөйлеуде
қолданылатын абстрактылы сөздердің метафоралану тәсілі
арқылы терминденуі қалыпты құбылыс болатындығына
көз жеткіземіз. Терминделген абстракт сөздер көп
жағдайда танымдық фукцияда қолданылып, сол саланың
заңдылықтарын, құбылыстарын бейнелі түрде
түсініп ұғынуға, салыстырмалы түрде зерттеуге мүмкіндік береді. Абстракт
сөздер бір жағынан, ойды жинақтауға,
айқындауға, абстакт мағынаны нақтылауға септігін
тигізсе, екінші жағынан, номинативтік, яғни атау беру функциясын
атқарады. Абстракт сөздердің ішкі мағынасы ауыспалы
формада қолдана келе, бір жағынан ғылым саласындағы туындаған жаңа
мағынаның атуы болса, екінші жағынан ауыспалы мағына
бөлек лексикалық бірлікті құрап, терминологиялық
жүйеге еніп, оның қалыптасуына, жалпы сөздік
қордың баюына септігін тигізеді.
_____________________________________