Г.С.Ахметова, Ж.Секей
Семей
қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік
университеті, Қазақстан
СӨЗ
ТІРКЕСІНІҢ СИНТАКСИСІН
ОҚЫТУ БАРЫСЫНДА ЖҮРГІЗІЛЕТІН САБАҚ ҮЛГІЛЕРІНІҢ
БАҒЫТ-БАҒДАРЛАРЫ
Синтаксисті оқытудың әдістемелік
жолдары және тіл дамыту жұмыстарындағы әдістемелік маңызын
анықтау оларды дұрыс ұйымдастыруға жол ашады. Сөз
тіркесінің синтаксисі жайлы мағлұматты оның зерттелу тарихымен
ұштастыра
ұғыныспайынша
көп мәселенің
байымына бара алмай қалатынымыз бар. Егер орыс тілі білімінде
бұл синтаксистің бірнеше
ғасырлық тарихы бар дейтін болсақ, қазақ
тілі сөз тіркесінің зерттелу тарихын 15-20 жылдан әрі апара
алмаймыз. Ол қысқа тарихтың тіл біліміне қосары
айтарлықтай мол болғанмен, сөз тіркесі
ғылымдық дербестігіне енді-енді ие болып, синтаксисте бұғанасы бекіп келе жатқан
жаңа сала. Қазақ тілі білімі
үшін осылай болуының өзі заңды. Әдетте,
қай ғылымның даму тарихына көз жіберсек те, олар жоқтан бар болып,
тұтас қалпында дүниеге келеді де, соның ілгері даму барысында оның
тармақталған салалары пайда
болады.
Бертінде, 1940 жылдары, қазақ тілінің
бірнеше грамматикасы шықты, синтаксиске арналған азын-аулақ
зерттеулер мен шағын мақалалар жарияланды. Оларда жай
және құрмалас
сөйлемдер синтаксистерінің негізгі мәселелері бір шама тәуір баяндалады да, сөз тіркесінің синтаксисі
атаусыз қалады. 1936 жылы профессор
Қ.Қ.Жұбановтың, 1939 жылы С.А.Аманжолов пен
С.Н.Сауранбаевтың бірігіп жазған оқулықтары және
1940 жылы «Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің
қысқаша курсы» деген атпен С.Аманжоловтың еңбегі
шықты. Аталған еңбек 1950 жылы «Қазақ әдеби
тілі синтаксисінің қысқаша курсы» деген атпен қайта
жарыққа шықты. Бұларда сөйлем
мүшелерінің тіркесі жайында айтылғандарды сөз тіркесіне
де қатысы бар деп
қарауға болар, бірақ синтаксистің еленбей
жүрген келелі саласы сөз тіркесі екенін де оның жекелеген
мәселелерін де ол авторлар ғылыми зерттеудің обьектісі деп танымайды,
танымағаны былай тұрсын сөз тіркесі мүлде ауызға алынбайды. С.Қозыбаев:
«С.Аманжоловтың жоғарыда аталған кітабында
«Сөздердің тізбектері» деген тақырып бар. Онда
лексикалық тіркес пен тұрақты тіркеске қатысты мысалдарды
екі бөлек баяндайды» [1, 23 б.].
Қ.Жұбановтың мектеп тәжірибесінен ғылымға шұғыл бет бұруының бір айғағы есебінде
автордың көмекші етістер жайындағы және сөйлем
мүшелерінің орналасу тәртібінің тарихы жайындағы еңбектерін атауға болады.
Соңғы мәселеге арналған еңбекте Қ.Жұбанов сөйлем мүшелерінің бұл күндегі орналасу
тәртібінің ертеде өзгеше болғанын дәлелдейді. Сондағы
ғылыми болжаулар мен келтірілген деректердің сөйлем
мүшелеріне ғана емес, сөз тіркестері тарихына да тікелей
қатысы бар [2, 302 б.].
Мектеп тәжірибесінен ұлғайған
ой-пікірлер профессор С.Аманжоловты да
«Қазақ тіл ғылыми синтаксисінің қысқаша курсын» жазуға
итермеледі. Автор осы аталған еңбегінде сол кездегі «жаңа
ілім» қағидаларын қазақ тілі синтаксисімен ұштастырмақ
болды. Сонымен қатар, аталған еңбекте қазақ тілі
материалдарына сүйеніп айтылған, дұрыс қорытқан
да мәселелер бар [3, Б. 225-226].
Аталмыш ғылыми зерттеулер соңғы жылдары
басқа авторлармен бірлесіп жазған орта мектеп
оқулығынан тиісті орын алды. 1953 жылы шыққан орта
мектеп синтаксисінде авторлар сөйлемге мынадай анықтама береді:
«Тиянақты ойды білдіретін бір сөзді я бірнеше сөз тіркесін
сөйлем дейміз». Бұған қарағанда, сөз тіркесі – сөйлем құраудың
негізі. Ал сол кітаптың 11 бетінде сөз тіркесіне мынадай
анықтама берілген: «Кейбір сөз (сөйлем мүшесі) басқа
сөзді я сөз тізбегін анықтап, толықтап, пысықтап
немесе түрліше қиюласып, бірін-бірі керек ету жолымен байланысады. Мұндай байланыстарды
сөйлемдегі сөздердің тіркесі дейміз» [4, 213 б.]. Бұл айтылғанға
қарағанда, сөз
тіркесі сөйлемдегі сөздердің байланысы болып
шығады.
Қазақ тілі синтаксисіне елеулі еңбек
сіңірген ғылым С.Жиенбаев болатын. Оның жай және құрмалас сөйлем мәселелеріне
арналған құнды зерттеулерінің қатарында сөз
тіркесі бөлек талданбайды. Бірақ «үйірлі мүше» деген
атпен қай сөздің қандай сөздермен топ
құрай алатыны жөнінде
айтқандарының, сөздердің толықтауыш, пысықтауыш қызметтерін айыру жөніндегі дәлелдерінің есімді, етістікті
сөз тіркестеріне қатысы бар [1, 98 б.]. Тілші-ғалым Б.Шалабай:
«1954 жылы «Қазіргі
қазақ тілі» деген
атпен көлемді зерттеуі
шықты. Бұл еңбек – қазақ тілі білімінің фонетика, лексика және грамматика мәселелерінен жан-жақты
мағлұмат беретін елеулі
табыс. Синтаксистегі ол кітаптың бір жаңалығы сөз тіркесі синтаксисін жай сөйлем синтаксисінен бөліп алып, өзіндік
өзгешеліктері бар мәселелер ретінде қарастырды. Онда
сөз тіркесі әрі сөз таптарының, әрі
сөйлем мүшелерінің тіркесі ретінде салаласатын, сабақтасатын
байланыстағы сөздер деп қаралған» [5, 98 б.], -дейді.
Дұрысында, сөз тіркесі – сөйлем
мүшелерінің тіркесі емес, сөз таптарының тіркесі.Сөйтіп, синтаксистік
қарым-қатынасты білдіру үшін кемінде толық
мағыналық екі сөздің сабақтаса байланысқан
тобын сөз тіркесі дейміз.
Синтаксистік оқытудың жолдары, тәсілдері мен амалдарын айтар болсақ,
синтаксисті оқыту жане
қазақ тілі мектеп
курсының басқа
салаларын оқыту индукция және
дедукциялы ойлау әдістеріне, талдау және
жинақтау сияқты ақыл-ой қызметінің
тәсілдеріне сүйенеді. Ойлаудың бұл категориясы синтаксистік
ұғымдар мен ережелерді оқып үйренуге негізгі жолдарын белгілейді.
Синтаксис сабақтарында материалды оқып үйренудің
индуктивті жолдары жиі пайдаланылады. Сөз тіркестері мен
сөйлемдерді құраудың синтаксистік ұғымдары
мен ережелерін талдап түсіндіруге, сөйлеудің әр
түрлі салаларында олардың қолдану ерекшеліктерін
ұғындыруда, нақты тілдік материалды талдаудан бастаймыз, өйткені
бұл ұғымдар мен ережелер сөйлеу практикасында
қолданылатын нақты сөз тіркестері мен сөйлемдерді
дерексіздендірудің, жалпылаудың жемісі болып табылады.
Ғалым Ф.Оразбаева: «Синтаксисті
оқытудың қазіргі теориясы мен практикасы мына принциптерді
жүзеге асырады: синтаксистің ғылыми принципі – дидактикалық дәлелдеуді ғылыми дәрежеге
көтеру мәселесі. Синтаксис мазмұнының дәрежесін
көтеру дегенді қалай түсінуге болады? Бұдан
теориялық мағлұматтардың көлемін
ұлғайту деген ұғым тумайды, керісінше, теориялық
және практикалық материалды сұрыптағанда барынша тілдік
шындықты қамтитындай түсінік, талдау, ой қорыту болу
керек. Бұл мәселені шешу синтаксистің мектеп курсындағы
мазмұнын тіл туралы қазіргі ғылыммен жақындату болып
табылады» [6, 162 б.], - дейді.
Бір жағынан, ғылымда
қабылданбаған немесе орныға қоймаған идеяларды, ережелер
мен терминдерді енгізбеу әдістеменің «алтын» заңын басшылыққа
алу болса, екінші жағынан, қазіргі синтаксистік теорияның
даму қарқынын ескере отырып, мектеп курсына қазіргі
ғылыми мағлұматтар тұрғысынан бағдар беру
қажет.
Демек, мектептегі синтаксис курсын қазіргі
ғылыми тұрғыдан жаңа мағлұматтармен
толықтыру немесе жаңаша түсіндіру керек. Дәстүрлі
синтаксисте сөйлем әр түрлі жағынан оқытылып
келеді: айтылу мақсаты мен интонациясына қарай жіктеледі,
құрылымы жағынан жай сөйлем және
құрмалас сөйлем болып бөлінеді.
Ал ғылыми синтаксистің
соңғы жаңалығына сүйене отырып, сөйлемді айтылу
мақсатына қарай, хабарлы, сұраулы, бұйрықты деп
тоқтап, лепті сөйлемді көңіл күйі мен
интонациясына қарай өз алдына бөліп оқытылады. Бұрынғы
грамматика оқулықтарында «сөз тіркесі» өз алдына
қарастырылмай, сөйлемдегі сөздердің байланысу
тәсілдері мен түрлері тұрғысында оқытылып келеді.
Сөйлем мен сөз тіркесінің айырмашылығын
оқушыларға түсіндіру әдістеменің міндеті болса,
бұларды негізгі айырым белгілеріне қарап салыстыру қажеттігі
туады. Мектеп оқулығында сөйлем де, сөз тіркесі де қызметі
құрылысы және грамматикалық мағынасы
жағынан сипатталады. Сол арқылы оқылып отырған
материалды саналы меңгертуге жағдай жасалады. Сөз тіркесін
оқытқанда, оқушылардың назарын сөздердің
тіркесушілік мүмкіндігі мен талаптарына, олардың бір-бірімен
байланысу нормаларына, жай және күрделі сөз
тіркестерінің алуан түрлі модельдеріне, синтаксистік
байланысқа түскен сөздердің арасындағы
қарым-қатынастарына көңіл аудару керек екенін баса айтқымыз
келеді.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1. Қозыбаев С.
Қазақ тілін оқыту методикасы. – Алматы,1988
2. Жұбанов
Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Мемлекеттік
тілді дамыту институты, 2010. – 608 б.
3. Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің
қысқаша курсы. – Алматы: Ғылым,
2000. - 342 б
4. Жампейісова М. Модульдік оқыту технологиясы. –
Алматы, 2000.
5.
Шалабай Б. Қазақ тілін оқыту жолдары. – Алматы, 1998. – 160 б
6.
Оразбаева Ф. Қазақ тіліндегі синтаксисті оқыту. – Алматы,
1999.