ОҚУ, БІЛІМ, ҒЫЛЫМ ЖАЙЫНДАҒЫ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІҢ ӨЗІНДІК ЕРЕКШЕЛІГІ

 

Сағынған Назерке Берікқызы

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ студенті

 

Төлебаева Айдынгүл Тойбазарқызы

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің магистр-оқытушысы

 

Мақал-мәтелдердің тақырыптары әр алуан. Бір алуан мақал-мәтелдерде өнер-білім, оқу, ғылым дәріптеледі. Халқымыз олардың қоғамдық өмірдегі орнын ерекше бағалаған. Адамзат баласының дүние тіршілігіндегі қол жеткен табыстары – адам еңбегінің, ғылым-білімнің жемісі. Сондықтан халықтың «Білімді өлмес, қағазда аты қалар, ұста өлмес, істеген заты қалар», «Өнер – ағып жатқан бұлақ, білім – қайық», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген мақал-мәтелдері білімге, өнерге үндейді.

Мақал-мәтелдер – сөз мәйегі, асылы, саф алтыны. Мақал мен мәтелге бай халықтардың бірі – қазақ халқы. «Мақал – сөз атасы» дейді. Айтар ойды екі ауыз сөзбен жеткізіп, ұрпағына тәлім-тәрбие, өнеге, үлгі берер ауыз әдебиетінің асыл мұрасын күнделікті өмірімізге пайдаланып, қажетімізге жаратып та жүрміз. Сөйлер сөзге, тілге адамзат сонау көне дәуірдің өзінде-ақ ерекше мән берген. Ғасырдан-ғасырға жетіп, бірден-бірге ұласып жатқан ел аузындағы небір ғажайып аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер, жазба деректер осының айғағы. Мақал ғасырлар бойы қалыптасып, сол халықпен мәңгі бақи бірге жасап, біте қайнасып кеткен дүние. Қазақ халқының мақал-мәтелдерінің шығу тегі жөнінде айтар болсақ, А.Байтұрсынұлы: «Мақал да тақпаққа жақын салт-санасына сәйкес айтылған пікірлер. Тақпақтан гөрі мақал маңызы шын келеді. Мәтел дегеніміз кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады. Мәтел ақиқат жағын қарамай, әдетті сөз есебінде айтылады»,- деп көрсеткен. Әдемі, сұлу сөйлеуге құштарлық мақал мен мәтелді орынды жерде пайдалануға байланысты. «Мақалды тудырушы – еңбекші халық. Ол халық данышпандығының алтын қазынасы»,- дейді атақты қазақ фольклористика ғылымының білгірі профессор Мәлік Ғабдуллин. Ал, Қажым Жұмалиев былай айтып кеткен: «Тілімізде жаман сөз жоқ, кінә – сөзді орнына қолдана білмейтіндердің өздерінде, әр сөзге сөйлемдегі өзінің таңдаулы, талғаулы орындарын дұрыс тауып бере білсе, жай сөздің өзі де поэтик тілдің рөлін атқарады».

Ә.Қоңыратбаев еңбегінде: «Ел аузында, көбіне сөйлеу тілінде қолданылатын дүр сөздердің бай да мазмұнды саласы – мақал-мәтел, идиоматизмдер, ойлы фразалар болып келеді. «Сөз асылы - мақал» дейді халық. Оның айтушылары да, тұтынушылары да – көпшілік. Мақал-мәтел ойды қысқа да ұтымды, өмір тәжірибесін туғыза айтатын сөздер. Онда ел, халық, Отан, ерлік, бірлік, өнер-білім, еңбек, отбасы, бала тәрбиесі, төрт-түлік мал, жан-жануар, ас-азық, ауру-сырқау, дау-шар, жақсылық пен жамандық, адамгершілік парыз жайында айтылған өнегелі сөздер өте көп». [1, 64б.]

Қазақ мақал-мәтелдерінің бастау көзі сонау Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен бастау алады. XII-XIII ғасырлардан бізге жеткен жазба ескерткіштердің тілінде мақал мен мәтелдер баршылық. Бұл деректерге сүйене отырсақ, мақал-мәтелдердің бастауы сонау көне ескерткіштердегі шығармалардың тілінде қолданыста болғанын біле аламыз. Мақал-мәтелдер XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап хатқа түсіп, баспа беттеріне шыға бастады. Ш.Уәлиханов, В.Радлов осы ертеректегі мақал-мәтел үлгілерін ел арасынан жинап, хатқа түсірген. Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым – Шоқан Уәлиханов. Шоқан Уәлихановтың «Таңдамалы шығармалар» еңбегіндегі біршама мақал-мәтелдер әлі күнге дейін өз құндылығын жойған жоқ. Сонымен қоса, қазақ мақал-мәтелдерінің баспа беттеріне шығуына айтарлықтай еңбек еткендер: Ш.Ибрагимов, А.В.Васильев, П.М.Мелиоранский, Ф.Плотников, В.В.Катаринский, Ә.Диваев, С.Садықов т.б. атап өтуге болады.

М.Ғабдуллин: «Ең алдымен, әдебиеттік жағынан алғанда, мақал үлкен толғау, образ арқылы берілген логикалық ой қорытындысы болып келеді. Ол адам өмірінде, тұрмыс-тіршілікте, қоғамдық жағдайларда кездесетін әр түрлі құбылыстарға, тарихи мәні бар оқиғаларға берілген даналық баға, тұжырымды түйін есебінде қолданылады. М. Горькийдің «Мақал мен мәтел еңбекші халықтың тарихын, әлеуметтік барлық өмір тәжірибелерін үлгілі, қысқа түрде айтып береді», - деуі осыдан. [2, 79-80б.]

«Сөздің тұзы - мақал» деген аталы сөз бар. Мақалдың көмегімен айтайын дегеніңді ұнамды да ұтымды жеткізуге болады. Мақал тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін білдіріп, белгілі бір тұжырым жасайды. Мақал-мәтелде бәрі сұрыпталған, ой-өрнек ажыраспас туыстық тапқан. Ол – бабамыздың қалдырған ақыл-өсиеті, мұраты, нақыл сөздері.

Мақал-мәтелдер – айналадағы сыры мол дүние туралы білімнің сұрыпталған жиынтығы. Олар ұстаздық, тәрбиелік рөл атқарады. Мұндағы ақыл-кеңестер қысқа, әрі тұжырымды болады. Сөздер бейнелі, орынды қолданылады. Мақал-мәтелдерден халықтың тіл байлығы көрінеді. Бай сөздік қорымыздың ұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмай берілуіне көмегі мол. Адамның жан-дүниесінің тілдегі көрінісі мақал-мәтелдерде жақсы бейнеленген. «Халық мақалдарының қоғамдық мәні бар тақырыптарының бірі – оқу-білім, тазалық-тәрбие, мінез-құлық, әдет-ғұрып жайлары. Бұлар жөнінде халықтың ойы, көзқарасы, шығарар қорытындысы, айтар ақыл-өсиеті қандай екендігі байқалады. Жақсы нәрсені үлгі ету, жаманнан жиіркеніш тауып бездіру – аталған тақырыптағы мақалдардың басты мәселесі». [2, 88б.] Жалпы, өнер-білім, оқу-ғылым жайлы сөз қозғағанда, мақал бұлардың адам баласына тигізетін пайдасы көп екендігін білеміз. Жақсылығы көп жарық дүние – оқу-ғылым арқылы жасалады, оны надандық пен қараңғылыққа қарсы қояды. «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» [4, 53б.], «Ақыл – тозбайтын тон, білім – таусылмайтын кен», «Оқу түбі тоқу», «Білімдінің алды жарық, білімсіздің түбі ғарып», «Білім қымбат, білу қиын», «Оқығанның беті жарық, оқымағанның беті шарық» [5, 87б.] деген мақалдарымен халық өнер-білім, оқу-ғылымды аса жоғары бағалайтынын білуімізге болады. «Оқу инемен құдық қазғандай» мақалы арқылы біз оқу, білім алу жолы қиын екенін аңғарамыз. Бірақ ешқандай қиыншылыққа мойымай, оқи берсе, онда бар ынта-жігерімен кірісіп, адам баласы өзінің көздеген мақсатына жетеді. «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп» деп білімді күннің нұрына балаған. «Өнер – бұлақ, білімшырақ» дей отырып, өнер мен білімді қатар қойған.

Халық «оқы, оқы, білім ал» дегенді бекер айтпаған. Білім алған адам халыққа қызмет етеді, пайдасын тигізеді және халықтың ілгерілеп дамуына өз үлесін қосады. Ал адам оқымаса, өнер-білім, оқу-ғылымға ұмтылмаса, онда қараңғылық пен надандықтың шырмауына түседі. Сондықтан да, халықтың өнер-білім, оқу-ғылым жайлы мақал-мәтелдері жас ұрпаққа арналған үгіт, ақыл-өсиет, нақыл сөз болып табылады. «Халықтың ғасырлар бойына сақтап келген және өзінің тіршілік-тұрмысында, қоғамдық өмірінде қолданған мақалдары халықтық сипатын жоймай, біздің заманымызға жеткенін байқаймыз. Халықтың арман-мүддесін, көзқарасын, әрбір қоғамдық, таптық жағдайларға берген бағасын білдіретін, ақыл-өсиет, нақыл сөз ретінде айтылатын бұл мақалдар бүгінгі күнде де өзінің қасиетін жойған жоқ». [2, 89б.] Мақалдар сөз салмағын ойлана айтуға үйретеді. «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын» сияқты мақалдар ақыл-ой мен зерделіліктің сөйлеу мәдениетімен тығыз ұштасып отыратынын мегзейді. Мақал-мәтелдер тілдің адам өміріндегі рөлі туралы аз айтпаған. Жалпы, бейнелі сөз, шешендік өнерге құрмет – бастан-ақ қазақ психологиясына ерекше тән сипат. «Қазақ шешендікке құмар, ол сөз өнерін, әсіресе әзіл-оспақты қатты сүйеді» деп тегін айтпаған Ш.Уәлиханов. Халық даналығының бір түрі мақал-мәтелдердегі мағына, мәні терең, аз сөзбен көп мағынаны, үлкен ойды жеткізетін шеберлік ұлттық мақтанышымыз десек те артық емес. Қазақтың мақал-мәтелдерінің өскелең ұрпақтың эстетикалық мәдениетін дамытуда да маңызы зор. Мұндай мақал-мәтелдердің мазмұны ата-бабаларымыздың бүкіл өмір тәжірибесін қамти отырып, жас ұрпақ санасын, әсемдік сезімін, талғамын, көзқарасын дамытады. Сондықтан, ата-бабаларымыздың асыл қазынасы, даналық мәйегі мақал-мәтелдерді көздің қарашығындай сақтап, бағалау басты парызымыз болу керек. Асылы, мақал-мәтелді орнымен, дұрыс қолдануда олақтыққа ұрынбай, тартымды, мәнерлі де әсерлі тілмен сөйлегенге не жетсін...

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.   Ә.Қоңыратбаев. Қазақ фольклорының тарихы. Алматы: «Ана тілі», 1991ж. -288бет

2.   М.Ғабдуллин. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы: «Санат», 1996ж. -368бет

3.   Қазақтың мақал-мәтелдері. Құрастырған: Смайлова А.Т.  Алматы: «Көшпенділер баспасы», 2005ж. -272бет

4.   Қазақтың мақалдары мен мәтелдері. Жинап құрастырған: Ө.Тұрманжанов  Алматы: «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы», 1957ж. -228бет

5.   Қазақ мақал-мәтелдері. Құрастырған: Ж.Дәуренбеков  Алматы: «Ана тілі», 2001ж. -192бет