Құрманбекова А.С.

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті

Алимкулова Э.А.

ТИГУ-нің магистранты

 

Қазақ халық педагогикасы негізінде болашақ мамандарды мектеп оқушыларының ақыл-ойын дамытудың педагогикалық негіздері

 

Жаңаша білім беру – жаңа білім мен дағдыны меңгерген, шығармашылық қабілеті жоғары, дербес ізденіс нәтижесінде елеулі мәселелердің шешіміне қол жеткізетін,  ойлау қабілетімен ерекшеленетін тұлғаны қалыптастыруды көздейді.

«Даму»  ұғымы философиялық тұрғыдан алғанда диалектиканың арнайы және әмбебап категориясы ретінде тұжырымдалады. Даму – адам организміндегі сандық және сапалық өзгерістердің нәтижесі. Ол үнемі және тоқтаусыз жүретін бір қалыптан екінші қалыпқа, қарапайымнан күрделіге, төменнен жоғарыға қарай ауысатын өзгерістермен сипатталады. Адам баласының дамуына сандық өзгерістердің сапалық өзгеріске немесе керісінше жүріп өтетін өзгерістер тән.

«Сан» мен «сапа» өзара бірліктегі категориялар, өйткені әрбір құбылыс сан мен сапаның бірлігі, диалектикалық қарым-қатынасы негізінде өмір сүреді және дамиды.

Дамудың қозғаушы күші – қарама-қайшылықтардың күресі болып табылады. Оған іс-әрекет барысында туындайтын жаңа қажеттіктер мен оларды қанағаттандырудың мүмкіндіктері арасындағы; баланың физиологиялық және рухани мүмкіндіктерінің өріс алуы мен бұған дейін қалыптасқан өзара қарым-қатынас формалары мен іс-әрекет түрлері арасындағы; қоғамның, ата-аналардың үдемелі талаптары мен жеке тұлғаның нақты даму деңгейлерінің арасындағы қарама-қайшылықтар  жатады [1]. Бұндай қарама-қайшылықтар барлық жас шамаларына тән, олар тек жас шамасының ерекшеліктеріне қарай көрініс береді.

Затты танып білу оның қандай да бір сыртқы, тікелей көріністерінен басталады, бұл көріністер ол заттың басқа заттармен өзара әрекеттесу процесінде туады.

Бүгінгі таңда қоғам өзгерістерінің шешуші факторы – Адам. Адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуында ақыл-ой дамуы жетекші орын алады. Баланың ақыл-ой тәрбиесінің маңыздылығына Я.А.Коменский, И.Г.Пестолоцци, Дж.Локк, Ж.-Ж.Руссо, Ф.В.Дистервег, К.Д.Ушинский, А.С.Макаренко, В.А.Сухомлинский, Ю.К.Бабанский, Т.А.Ильина және т.б. белгілі педагогтар құнды пікірлер айтып өткен.

Баланың дамуы – заңдылықты процесс. Оның негізін осы процестің диалектикасын бейнелейтін, мәнді қайталанып отыратын объективті байланыстар құрайды. Ақыл-ой даму проблемасын айтарлықтай зерттеген Г.И.Щукина  баланың дамуын бір-бірімен өзара әрекеттестіктегі және өзара байланыстағы түрлі құрылымдардың күрделі жүйесі ретінде қарастырады.

Дамудың заңдылықтары В.А.Крутецкийдің еңбектерінде де қарастырылған. Оның пікірінше, ондай заңдылықтарға, ең алдымен, психикалық дамудың қалыпты еместігі, яки кез келген, тіпті оқыту мен тәрбиелеудің ең қолайлы жағдайларында тұлғаның түрлі психикалық көріністері, психикалық функциялары мен сапа-қасиеттері дамудың бір деңгейінде тұра бермейді [2]. Баланың дамуы кейбір жас кезеңдерінде қайсыбір бағыттағы психикалық дамуы үшін өте-мөте қолайлы жағдайлар туындап отырады.

Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап оқушылардың оқу, жазу және санау дағдыларын меңгеруіне, сондай-ақ математика, ана тілі, табиғаттану пәндері бойынша айтарлықтай көлемде білім алуына байланысты танымдық процестері едәуір өзгерістерге ұшырайды.   Сөйтіп дүниетанымы кеңейеді, танымдық қызығушылықтары артып, дамиды, белсенді әрі дербес шығармашылық ірекеттері мен қабілеттері қалыптасады, оқуға деген жауапкершілік мотивтері жоғарылайды.

Бастауыш сынып оқушыларының қабылдау процесі  көбінесе нәрсені танумен және оның аттарын атап берумен шектеледі. Әуелгіде оқушылар нәрсені дұрыстап, анықтап құрастыруға бейім.

Бастауыш сынып оқушыларының зейіні әуелі кезде нашар дамуымен сипатталады. Зейін дегеніміз – индевидтің сенсорлық, интеллектуалдық және қозғалыс белсенділіктерінің  жоғарлауын шамалайтын сапаның қайсыбір нақты және идеалды объектіге бағыттылығы және шоғырлануы. Оқу жылының басында бастауыш сынып оқушысында ырықсыз зейін немесе рефлексті зейін басым болады (рефлекстік). Бастауыш сынып оқушыларының зейінінің келесі ерекшелігі оның тұрақсыздығы. Зейіннің көлемінің және бір мезгілде оқушы бірнеше іске зейінін бөле алуының оқу үшін үлкен маңызы бар. Мысалы оқушы мәтінді оқып отырғанда өзінің соны қалай оқып отырғанына зейінін бөле алуы тиіс. Егер осыған ие бола алса, құрбыларының бір нәрсе жөнінде жасаған өзіне деген ескертулерін естіп, өзінің қатесін дер кезінде түзете алады.

Бастауыш сынып оқушыларында мидың иірімділігі арқасында ес процестерінің белсенділігі ерекшеленеді. Ес процестері оқытудың ықпалымен екі бағытта дамиды.

Бастауыш сынып оқушыларының ойлау процесі эмоционалды-образдылықтан абстрактылы-логикалыққа қарай дамиды.

Бастауыш сынып оқушысының қиялына келсек, әуелгі кезде мектепке дейінгілердің ойынында кездескендей мазмұнда болады. Қиял -  өткен тәжірибенің негізінде болашақтың немесе жаңа образды жасаудың бейнеленуі. Қиялдың маңызды мәні – іс-әрекет басталғанға дейін істің нәтижесін көруге мүмкіндік беріп, адамды сол арқылы іс-әрекет процесіне бағдарлайды.

Психологиялық сөздікте «Ақыл-ой дамуының деңгейі – дегеніміз білімдер мен іскерліктердің жинытығы және оларды жетілдіруде қалыптасқан ойлау әрекеттері; білімдер мен біліктердің  және оларды игеру кезінде қалыптасқан ақыл-ой әрекеттерінің жиынтығы, оларды ойлау процесінде белгілі бір көлемде жаңа білімдер мен біліктердің ілгерілеуін қамтамасыз ету үшін еркін қолдана білуі», -  деп түсіндіріледі. Адамның ақыл-ой немесе интеллектілік қызметі объективті шындықты өзгертуге бағытталған қызметтің негізінде бейнелендіру болып табылады.

Психология саласында ақыл-ой дамуын пайымдауға мүмкіндік беретін бірқатар негізгі қағидалар қалыптасқан:

1. Ақыл-ой дамуы динамикалық жүйе бола отырып, өзара әрекеттестіктегі факторлар мен пайымдамалар (табиғи, тұқым қуалаушылық, әлеуметтік − мәдени, психологиялық) ретінде қарастырылады;

2.                  Ақыл-ой дамуы ең алдымен, әрбір жас кезеңінде жаңа әлеуметтік тәжірибені меңгертуде, іс-әрекеттің жаңа амалдарын иеленуде, жаңа психикалық процестерді қалыптастыруда маңызы бар ерекше алғышарттардың пайда болуына байланысты кезеңдік сипатта болады;

3.                  Ақыл-ой дамуы баланың өмір сүру жағдайларына, тәлім-тәрбиесіне байланысты түрліше қалыптасады. Егер даму стихиялы, дұрыс ұйымдастырылмаған болса, онда дамудың деңгейі төмен болады, сөйтіп  психикалық процестердің толыққанды қызмет етуіне кедергі келтіреді.

Жоғарыда айтылған ой−тұжырымдардан ақыл-ой дамуының басты белгілерін, өлшемдері мен көрсеткіштерін анықтау міндеті туындайды.

Біздің зерттеу жұмысымызда ақыл-ой дамуының негізгі өлшемдері мен көрсеткіштері ретінде (білімдарлық; ақыл-ойдың негізгі сапа-қасиеттері: тереңдігі, алғырлығы, тұрақтылығы, саналылығы, ойлаудың үнемділігі, дербестігі және т.б); интеллектуалдық дағды, іскерліктерінің қалыптасуы;. жан-жақты талдау жасалды.

Жоғары білімдарлықты оқушылар ақылдың негізгі сапа-қасиеттердің дамуымен ерекшеленеді. Оларға жоғары белсенділік, ақыл-ойдың дербестігі, интеллектуалдық ынталылық, қиыншылықты жеңуге талпынушылық, талдап қорытудың шапшаңдығы және мәндік тірек ұғымдарды жеңіл ажыратушылық тән.

Төмен білімдарлықты оқушылардың ақыл-ойдың үстірттігі, шалағайлығы сипаттайды. 

Оқушылардың басым көпшілігіне орта білімдарлық тән. Мектептегі оқыту мазмұны да солардың мүмкіндіктеріне, психикалық ерекшеліктеріне сәйкес дайындалған.

Психологиялық және педагогикалық зерттеулерге талдау ақыл-ой дамуына интеллектуалдық іскерліктер әр түрлі  мөлшерде әсер ететінін көрсетеді. Әр түрлі материалдарға және түрлі жағдайларда қолданылатын ақыл-ой іс-әрекетінің жалпы тәсілдері, бір материалға қатысты тәсілді келесісіне пайдаланғанда өте күрделі ақыл-ой әрекетін тудырады.

Интеллектуалдық даму дегеніміз процесс және өсу үстіндегі адамның білімінде, танымдық процестерінде, қабілеттерінде байқалатын танымдық іс-әрекетінің деңгейі.

Интеллектуалдық іскерліктердің қалыптасуы педагогика және психология саласындағы ең көкейкесті де, күрделі мәселелердің бірі болып саналады. Оған түсініктеме беруде «іскерлік», «операция», «тәсіл» ұғымдары өзара бір-бірімен тығыз байланыста қолданылады.

Ақыл-ойдың тереңдігі З.И.Калмыкованың тұжырымы бойынша, оқушылардың жаңа материалдарды меңгеруі – проблеманы шешу барысында және олардың шешімін талдап қорыту деңгейінде мәнді белгілерге қарай абстракциялай алуы[3].

Ақыл-ойдың келесі белгісі алғырлығы оқушының есеп шығаруда тікелей байланыстардан кері байланыстарға, бір әрекет жүйесінен екіншісіне қарай әдеттегі әрекеттерді місе тұтпай жеңіл өте алуында көрініс береді.

Ақыл-ойдың тұрақтылығы адамның мәнді белгілерді анықтап, жаңа есептердің осы типтес есептердегі кездейсоқ белгілерінің арандатушылық ықпалына қарамастан бұрыннан анықталған маңызды белгілерінің жиынтығында бағдар ала білуіне байланысты анықталады.

Ақыл-ойдың саналылығы оның маңызды белгілерінің бірі. Ақыл-ойдың бұл сапасы адамның ойлау іс-әрекетінің мақсатын, өнімін, нәтижесін (жаңадан қалыптастырылған ұғымдар мен заңдылықтардың мәнді белгілері), сонымен бірге нәтижеге қол жеткізудегі ойлау процесінде жіберілген қателерді және олардың себептерін анықтауға көмектесетін амалдарды сөзбен немесе басқа белгілер (кесте, үлгілер) арқылы бейнелей алу мүмкіндіктерінде көрініс береді.

Ақыл-ойдың келесі бір ерекшелігі ол – адамның жаңа білімдерді ала білуі мен оларды қолма-қол шапшаң қолдана білуінде байқалатын дербестігі.

Сонымен ақыл-ойдың тереңдігі, алғырлығы, тұрақтылығы, саналылығы (немесе рефлексия) және дербестігі оның басты компоненттері болып саналады. Олардың даму деңгейі және үйлесу мүмкіндіктеріне қарай оқушының жас және жеке ерекшеліктеріне даму процесінде болып жатқан ілгерілеу туралы пікір айтуға болады.

Қорыта келе, бала ақыл-ойының даму проблемасы – өзекті мәселелердің бірі, бірақ педагогика мен психологияда ол әлі толық зерттеліп, ашылмаған. Ақыл-ой дамуының өлшемдері ретінде бастауыш сынып оқушыларының білімдерінің жүйелілігі мен көлемділігі, ақыл-ойының негізгі сапа-қасиеттерінің дамуы, интеллектуалдық іскерліктерінің қалыптасуын қарастырамыз. Көрсетілген өлшемдер анықтау эксперименті бағдарламасының негізгі бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1Қалиев С. Қазақ халық тәлім-тәрбиесінің ғылыми-педагогикалық негіздері: пед. ғыл. канд. ... автореф. Алматы, 1996. 25б.

2Крутецкий В.А. Основы педагогической психологии. – М.:Просвещение, 1972. – 178с.

3Калмыкова З.И. Проблемы диагностики умственного развития учащихся. – М.: Педагогика, 1978. – 208с.