Қазақ жазуын латыншаға көшірудің

қажеттілігі мен мәселелері

            Исхан Бейбіт Жәлелұлы

                                             Оспанова Баянды Рамазановна

 

 

 

Қазіргі саяси-экономикалық жағдай халқымыздың әлеуметтік дамуына ерекше әсер етіп отыр. Соған байланысты тұрмыс-тіршіліктің барлық салаларында небір өзгерістер болып жатыр. Бұл тіліміздің де дамуына өзгеше бағыт қалыптастырып отырғаны белгілі. Соған орай, қазақ терминологиясына деген бүгінгі көзқарас та өзгереді. Қазақша ғылыми терминдерді қалыптастыру қазіргі уақытта тіл білімінің маңызды мәселелердің бірі болып, пікірталастың өзегіне айналып жүр. Бұл мәселе жөнінде қазақ ғалымдарының, негізінен, тілші-лингвистерінің көзқарастары әртүрлі. Біреулер жалпы кірме сөздерге балама табуды көздесе, енді біреулері тек орыс тілінен енген сөздерді ғана қазақшалау керек, ал орыс тілі арқылы енген, бірақ арғы тегі грек, латын т.б. тілдердің сөздері болып келетін ғылыми терминдерді қазақшалаудың қажеті жоқ деп есептейді. Кез келген халықтың мәдениетінің, өркениетінің деңгейін анықтайтын басты белгілердің бірі – оның жазуы. Көп уақыт бойы еуропалықтар жабайы санап келген түркі халықтарының төл жазуының болғандығы ХІХ ғасырда Дания ғалымы В.Томсен көне түркі жазба ескерткіштерінің құпиясын ашқанда ғана белгілі болды. Жазба ескерткіштердің түркі тілдеріне тән үндестік заңдылығына негізделіп жазылуы олардың оқылуын жеңілдетті. Түркі халық-тарының дәуірі жүріп тұрған кезеңді суреттейтін сол жазулар олардың басынан бақ тайып, арабтардың үстемдігін мойындаған-нан бастап бірте-бірте ұмытыла бастады.

Ол замандарда халыққа басқа тілдерден келген сөздерді сол тілдегідей айтып, солар жазғандай етіп жазу керек деп «ақыл» айтатын «ақылмандар» болған жоқ. Халық жат сөздерді айтқанда тілін бұрап қиналмай-ақ, ана тілінің ыңғайына (заңдылығына) қалай келсе, солай айтты. Сол себептен, жат сөздер қазақы сипат алып, ауызша тарады. Мұның өзі ауызекі сөйлеу тілі – тілдің өмір сүруінің негізгі қалпы (формасы) екенін көрсетеді. Ал жазу – соны белгілейтін шартты таңба. Демек, жазылған сөз бен оның оқылып-айтылуы барынша сәйкес келуі керек. Яғни айтылу жазылуға емес, керісінше жазылу айтылуға бағынуы тиіс.Қазір тіліміз мемлекеттік мәртебе алса да, тұсаулы аттай кібіртіктеп, қоғамдық қатынастың көптеген саласына, әсіресе, ғылымда қолданысқа түсе алмай жүр. Медицина, нақты ғылымдар мен жаратылыстану (математика, химия, физика, биология т.б.) сияқты ғылымдар күні бүгінге дейін тек орыс тілінде зерттелгендіктен, оқытылғандықтан, олардың түрлі әдебиеттері орысша жазылып келеді. Қазақ тілінде зерттеліп жазылғандары тым аз. Жазылған оқулықтар мен ғылыми еңбектер стилистикалық, грамматикалық кемшіліктерін айтпағанда, «халықаралық» деген жалған атауды иеленіп жүрген, қазақ дыбыстап айтпақ түгілі, жүгіртіп оқи алмайтын термин сөздерге тұнып тұр. Бұл – орыс тілінен немесе осы тіл арқылы енген сөздерді орыс тіліндегідей етіп дыбыстаймыз деп қазақ әліпбиіне атам қазақ тілінде болмаған дыбыстарды таңбалайтын әріптерді енгізудің «жемісі». Міне, осы себепке байланысты болуы керек, «басқа тілдерден еш өзгеріссіз алынған сөздерді дәл беретін әмбебап әліпби жасап алдық, жазу мен айтылу арасындағы алшақтықты мүлдем жойдық» деген академик Н. Сауранбаевтың [1,222] пікірімен келіспеген профессор С. Мырзабеков өз ойын былай білдіреді: «Мұның өзі «мақтанса бүгін мақтансын қазақ, төбесі көкке тимей тұр аз-ақ» деп мәз болғанымыз сияқты, сөздің айтылуы мен жазылуын ұқсатып қойғандай, қанағат сезімін тудырғаны айқын. Емле ережелерінің мұрты бұзылмай тұрғаны, сөздің жазылуына бейімделіп айтылуы әлі күнге дыбыс пен әріпті ажырата алмай жүргенімізден болуы керек» [2, 15]. Қазақ фонетикасының білгір маманы сөздің айтылуы мен жазылуы арасындағы сәйкестікті емес, қазақ тілінің өзіне тән ерекшелігінің құрып бара жатқанын айтып отыр.Бүгінгі ғылым мен техника қарыштап дамыған заманда тілімізге шет тілдерден тасқындап толассыз еніп жатқан жат сөздердің көбейіп кеткені соншалықты – олар тіліміздің келешегіне де қауіп төндіре бастады. Осы тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – «жат сөздерді қазақ тіліне жаппай аудару қажет», – деп пайымдаған қазақ қоғамы жаңа сөз жасау бәсекесіне белсене кірісіп кетті.  Ниет дұрыс, бірақ қазақ тілі қаншалықты бай, мүмкіншілігі зор болса да, мұндай жаңа ұғым атауларының тасқынына төтеп бере алмай, олардың барлығына қазақша жаңа сөз тауып беруге үлгермей жатыр. Біз қазір, көп жағдайда, қазақта бұрыннан болған, бірақ сәл ұмытыла бастаған сөздерді сол қалпында немесе соларды жұрнақтар арқылы сәл өзгертіп пайдаланып жүрміз. Қалай дегенмен, бұның бір кемшілігі бар. Себебі олар бұрын бір ұғымға атау болғандықтарынан және сол зат немесе ұғым ұмытыла қоймағандықтан, өзінің бұрынғы мағынасына тартып кете береді. Сөйтіп, дау-дамай туғызады. Сондықтан біздің ойымызша, жаңа ұғымға телінген жаңа атаудың бойында жаңа ұғымға жетелейтін себеп (мотив) болмай жатса, бұрынғы немесе жаңадан енген орысша, латынша, грекше т.б. сөздердің тек дыбысталуын ғана қазақшалап, сол қалпында қалдыру тиімді сияқты.

Біз әлі күнге дейін едәуір қиындықтар тудырып жүрген қателіктердің себебімен күресудің орнына, оның салдарымен күресіп, кезінде еш өзгеріссіз тілімізге еніп кеткен сан мыңдаған шетелдік терминдерге қазақша балама сөздер іздеумен айналысып, бәріміз аудармашы болып кеттік. Бұның, әрине, пайдалы жағының бар екенін ешкім жоққа шығармас.

Дегенмен уақытша қиындықтар келтіріп, дағдарысқа ұшырататынын да естен шығармау керек шығар. Себебі олардың барлығын шамамыз келіп, қысқа уақыттың ішінде қазақшалап тастағанның өзінде қазіргі қоғамымыздың мүшелеріне оларды игеру де, игерту де қиын.

Мәселен, қазақша баламалары табылған сол сөздердің барлығы пайдаланылған әйтеуір бір жаңа оқу құралын нағыз маманның өзі оқыды делік, бәрібір ол кібіртіктеп, дұрыс түсініп кете алмай қиналып, жаңа сөздердің сөздігіне (егер ондай сөздік бар болса) әлсін-әлсін көз жүгіртуге мәжбүр болары анық. Бұның да себебі түсінікті. Әр ұлттың тіліндегі бүкіл сөз байлығы, сол ұлт мүшесінің әрқайсысының санасына бала кезден бастап, мектептегі білімімен ұштасып, кәсіби орта және кәсіби жоғары оқу орнындарында жалғасып, біртіндеп сіңіріледі ғой!

Сонымен бірге көпшілігіміздің санамызға жат сөздерді бұзып айту арта қалғандықтың, надандықтың белгісі ретінде де қалыптаса бастады. Сөйтіп, жат сөздерді қазақша жазып, қазақша дыбыстау керек екені санамызға сіңбей жатыр. «Бөтен тілден енген сөздерді дәл сол тілдердегідей етіп бере алатын» әмбебап әліпбиіміз тіліміздің өзіндік дыбысталу ерекшелігіне, өзіндік дыбыстық тіркесіміне ғана нұқсан келтіріп жатқан жоқ, оның дамуына да бөгет жасап жатыр. Сондықтан жазылу мен айтылу арасындағы айырмашылықты барынша азайтып, аударуға келмейтін, жаңа ұғымды беретін жат сөздерді тіліміздің ерекшелігіне бейімдеу керек. Сонда ғана тіліміз жат сөздер топанының астында қалмайды және қазақшаланып кірген сөздер тіліміздің сөздік қорын байыта түседі. Ал бұны бір жөнге салу үшін қазіргі тіліміздің жазуына үлкен бетбұрыс қажет болып тұр. Ол – әліпби ауыстырайық па, жоқ па, бәрібір, әйтеуір қазіргі әліпбиіміздегі жат тілдік сөздерді жазып-айтуға мәжбүрлейтін, сөйтіп, тіліміздің шұрайын кетіріп жүрген, тіліміздің табиғи бітім-болмысына жат дыбыстарды (в, ф, ц, ч, щ, х, һ, э), дыбыс тіркесімдерді (ц (тс), ч (тш), я (йа), ю (иу), е (йо) таңбалайтын әріптерден (ь,ъ) арылу болмақ. Тілімізді азат ету арқылы ғана біз орыстандыру саясатынан құтылып, рухани тәуелсіздікке жете аламыз.

Біз алдағы уақытта рухани тәуелсіздікке де жетеміз десек, орыс тілінің ықпалынан шығуымыз қажет-ақ. Ол үшін қазіргі жазуымызға реформа жасау керек екенін көпшілік мойындай бастады. Бірақ соның басқаша жолмен жүзеге асуы да мүмкін. Мәселен, орыс жазуының өзі латыннан өрбіген. Біз қазіргі әліпбиіміздегі орыс тіліне тән, біздің тілге мүлдем жат дыбыс-әріптерді (в, ф, ц, ч, э, е (ио), и (дауысты), у (дауысты), я, ю, ь, ъ, х, һ) алып тастасақ, латынша болып шыға келеді. Тіпті толықтай кирилден құтылғымыз келсе, қазіргі «б», «г», «ж», «ш» секілді кейбір әріптерімізді латындық «в», «g», «zh», «sh» немесе латын-ағылшын әліпбиінің бос қалған басқа бір әріптерімен таңбалай салуға болады. Ал қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін танытатын ә, ө, ұ, ү, і, ғ, қ, ң дыбыс-әріптеріне қайтадан латынша таңба береміз деп аса қиналудың, әуре болудың да аса бір маңыздылығы жоқ сияқты. Біздің ойымша, оларға мүлдем тимеуге де болады. Осылайша, тіліміздің төл дыбыстарын ғана таңбалайтын жаңа әліпби жасасақ, ересектер жаңа жазуды оңайырақ игерер еді, ал жаңа жазумен тәрбиеленіп өсетін жас ұрпақ бұрынғы жазуымыздағы күллі жазба дүниелерімізді біршама еркін оқып-түсіне алар еді. Әлбетте, бұл біздің жеке ұсынысымыз.

Қазіргі уақытта дайындалып, яки ойластырлып жатқан рефор-малардың бірі кириллицадан латынға көшу болып тұр. Бұл – алғаш сөз бола бастағанда қызу талқыланып, бірсыпыра ұсыныс-пікірлер айтылғанымен, қазір жұрттың ести-ести құлағы үйренген, әлде «Бізсіз де қалай жасаймыз десе, жоғарыдағылар өздері біледі» дегендіктен бе екен, біраз саябырсып қалды. Әлбетте, солай болудың да ретті бар шығар. Себебі латын жазуына көшудегі түбегейлі мақсат әуел бастан анықталып, халыққа жан-жақты түсіндірілген жоқтұғын. Біреулер «Латыншаға көшсек, компьютер тілін оңай игеріп, интернетке шығуымызға кең жол ашылады» десе, енді біреулер «Латын әріптері арқылы күллі түркі жұртына ортақ жазу қалыптастырамыз. Бір-біріміздің жазба әдеб-иетімізді тәржімәсіз немесе делдал (орыс) тілсіз түпнұсқадан оқи беретін боламыз» дегенді желеу етті. Ал  тіліміздің қамын әріден ойлаған Ә. Жүнісбеков, Б. Қалиев сияқты т.б. тілші-лингвист ғалымдар «Латыншаға көшу тіліміздің өзіндік болмысын сақтап қалу үшін қажет, латын жазуына негізделген өзіміздің төл әліпбиімізді құрып алған соң, тіліміздің табиғатында жоқ, орыс тілінен және халықаралық термин деген желеумен орысшаланып енген бөтен сөздерден арыламыз. Сөйтіп, қазақша баламасы табылмай жүрген бүкіл кірме сөздерді өз тілі-міздің дыбыстарымен жазып-айтамыз» деген ұстанымды (позиция) басшылыққа алған еді.Осы пікірлердің қай-қайсысының да өзіндік маңызы бар екені-не дау жоқ, дегенмен, үшінші пікірдің салмағы ерекше-ау деген пайымға келдік. Мәселен, бірінші пікірге келейік, компьютерде жұмыс істеу, ең алдымен, өзіміз үшін керек емес пе, жазуымыздың, яғни тіліміздің әуелі өзімізге қызмет етуін қамтамасыз етіп алмай тұрып, әлемге танылуды, әлемдік Интернетке шығуды көздеу тіптен орынсыз.

Бізден басқа қай ел компьютерді жақсы игереміз деп латынша жазуға көшкелі жатыр екен. Сонда ежелден келе жатқан дәстүрлі жазу-сызуы бар елдер (еврей, араб, қытай, жапон, кәрей, грузин, армиян т.б.) компьютер тілін оңай игереміз деп латыншаға көшуі керек пе? Жоқ, олар оған бармақ түгіл ойына да алмай-ақ, көштен қалып, аштан өліп жатқан жоқ. Ал біз болсақ, орыс жазуымен небір компьютерлік бағдарламаларды жасап, жұмыс істеп жатқан жоқпыз ба және орыстардың компьютер жүйесі күннен-күнге жетіле түсуде. Демек, бұл – жазу ауыстыруға желеу бола алмайды.

Екінші пікірге құлақ қоюға болатын секілді. Қазір біз кез келген түркі халықтарының өкілімен ауызша сөйлессек, бір-бірімізбен оп-оңай түсінісіп, пікірлесе аламыз. Ал жазуымыздың әрқилылығына байланысты бүкіл жазба дүниелерімізді орысшаға аудармай оқи алмаймыз. Бұл – түркі тілді халықтар өзара жазба әдебиеттерін оқи алмасын, әрқайсысы өзінше бөлек дамысын, бірінен-бірі туыстық, рухани байланыстан алшақтай түссін деген саясаттан туындаған еді. Соның кесірінен, қазіргі таңда Кеңес Одағының құрамында болып, барлығы бірдей орыс жазуын ұстанған түркі тектес халықтар бір-бірлерінің жазған дүниелерін аудармасыз оқи алмайтын халге жетті. Мысалы, үлкен жазба дүниелерді айтпағанның өзінде дыбысталуы дәл біздегідей бола тұрып, ұлы Абайдың есімін өзбектер «Обай» деп жазып, бізше оқып-айтады, қырғыздар «қазақ» деген сөзді «казак» деп жазып, бірақ бізше дыбыстап оқиды.

Бұл секілді мысалдарды сан мыңдап келтіруге болады. Біз тек бір-екі сөзбен зымиян саясаттың түркі халықтарының әрқайсына түрлі әліпбиі түзіп беріп, барлығын орыстандыру маұсатында әдейі адастырғанын айтуды мақсат етіп отырмыз.

Міне, осы бір кінәратты мәселені көздеп, бәрімізге ортақ жазуды қалыптастыруды ойласақ, латынға көшуді әбден қолдауға болатындай. Бірақ қазірдің өзінде бұл іс біз ойлағандай болып жатқан жоқ. Түріктер ХХ ғасыр басында жасап алған өз латыншасында қалды, әзербайжандар мен түрікмендер латыншаланған өз әліпбилерін түріктікіне сәл ұқсатса, өзбектер латыншаны өздеріне лайықтап жасап алды, қырғыздар мен татарлар да солай етпекші. Басқа түркі халыұтары да өздерінің дыбыстық жүйесін басшылыққа алуда. Сөйтіп, бүкіл түркі жұртына ортақ дыбыстар әр түркі тектес ұлттарда, мөлшері, латын әрпімен түрліше таңбаланып жатқан сияқты. Бәріміз бір мәмілеге келіп, ортақ шешім қабылдап жатпаған соң, солай болады да! Демек, кезінде күллі түркі жұртына бірдей түсінікті болған, сонау XVII-XIX ғасырлардағы «шағатай тілі» сияқты жазуды қалыптастыру енді бүгін қиын шаруа болып қалғандай және әркім өзінің жеке ұлттық мүрдесін көздеген мынадай алмағайып заманда соның аса бір жүзеге аса қоюы да мүмкін емес сияқты. Сондықтан тек өзіміздің ұлттық мүддемізден шығатын мақсат қана ең түбегейлі мұрат болып қалар.

Енді үшінші пікірге тоқталайық. Осы күнге дейін қазақ ұлтын орыстандыру саясаты жан-жақты жүргізіліп келді. Сол әрекеттің бір түрі қазақ тілін бұзу арқылы болғанын көзі ашық, көкірегі ояу жұрттың бәрі жақсы біледі.Ал тілді бұзу бірден бола қоятын оңай шаруа емес. Соны білгендер өз ойын біртіндеп іске асырды. Алдымен қазақ жазуын аарабшадан орысшаға өзгертіп, сонан соң орысша сөздер орыс тілінде қалай жазылса, қазақ тілінде де солай болуын талап етіп, орысшаланған әмбебап (қазақ-орыс) әліпби жасап берді. Дәл солардай етіп жазатындай бізде кейбір дыбыстар болмағандықтан, өз тілдеріндегі біраз дыбыстарды және солардың әріптерін қазақ тілі әліпбиіне зорлап енгізді.

Енді қазақ жұртының бірқатары есін жинап, сол сөздерді қазіргі қазақ жазуындағы (кириллица) қазақша дыбыстармен ғана қазақшалап жазайын десе, орысша жазуылуына әбден үйреніп кеткен көптеген қандастарымыз (бір қызығы орыстар емес) тіптен көнгісі келмейді. Олар қазақшалап жазылса-ақ болды, қолма-қол қарсы шығып, «Дұрыс жазылмаған, бұл сөз орысша да, қазақша да бірдей жазылады, бізде солай қабылданған, бұның түк өрескелдігі жоқ, бәріміз осылай жаза аламыз және сол қалпында айта да аламыз» деп өре түрегелді. Осы үрдістің (тенденция) дәстүрге айналғаны, санамызға сіңгені соншалық, қазіргі тіліміз еш өзгеріссіз енген сөздерге мейлінше толып болды. Мәселен, 2012 жылы жарық көрген 15 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде 150 мыңнан астам сөз бен сөз тіркесі тіркелсе, осы сөздіктің сығымдалған нұсқасы«Қазақ сөздігінің» мәліметіне сүйенсек, оның сөздік құрамында 106 000 мың лексикалық бірлік бар екен [3,2], ал қазіргі біз сөйлеп-жазып жүрген тіліміздің сөздік құрамында 200 мыңнан аса еш өзгеріссіз енген ғылыми терминдер мен басқа да сөздер бар екен. Бұндай жай-күймен қайтіп өз тілімізде ұлтымызыға түсінікті ғылыми еңбектер жазуға болады.

Ғылым тілінсіз қазақ тілі толыққанды мемлекеттік тіл бола алмайтыны баршаға аян және ғылыми тіл мектеп оқулығынан басталатынын ескерсек, түрлі ғылым мен олардың слаларының қазақша дамуы күмән туғыза түседі. Ал осы күнге дейін қазақ тілі өінің табиғи бітім-болмысын жоғалтпай келе жатса, ол орыс тілі жүйесіне оның тілдік құрылымының (грамматика) еш ұқсамайтындығында жатса керек. Сол себептен қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне (фонетикалық), сөздік (лексикалық) қоры мен құрамына жасалынып жатқан қиянат қаншалықты зор болса да, әйтеуір, тілдің құрылы-мына соншалықты әсер ете алмай келді.

Латын әрпіне көшу мәселесі туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев пікір айтқаннан бері қазақтың жазу мәдениетіне селқос қарамайтындар арасында дау-дамай басталып кетті. Біреу біліп айтады, біреу білмей айтады дегендей, пікір-талас әрқилы. Араларында түктің мәніне бармай-ақ, ертеңгі ел сауаты қалай болады дегенді естен шығарып, ХІХ-ХХ ғасырлардағы Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы секілді XXI ғасырдағы қазақтың жаңа әліппин түзушісі болғысы келетіндер де бар. Олардың кейбіреуі – қазақ тілінің дыбыстық жүйесінен ешқандай білімі жоқтар. Тіпті олар – дыбыс пен әріпті ажырата алмайтындар. Дыбыс туралы білімдері солай бола тұра, олар алпыс жылдан астам уақыт бойы, қате-дұрысы болсын, біршама сұрыпталып, жөнделген-ау дейтін қазіргі қолданыстағы қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің кем-кетігінің баршылық екенін аңғармай-ақ, оның дыбыс-әріптерінің сандық-сапалық жағын бір жолата шешіп алу керек екенін ескермей-ақ, бір әліпбиден бір әліпбиге көше салуды оңай көреді. Егер қазіргі жазу қалпымызда тұрып, тілдің ең негізгі бөлшегі – дыбыстық жүйені реттеп алмай жатып, латынға көше салсақ, қазіргі қателіктерімізбен латыншаланған әліпби мен емлеге баратынымыз айдай анық.

Тіліміздің осы бір өте өзекті мәселесін дыбыстық жүйе туралы білімдері шамалы жандар тұрмақ, тілдік-фонетикалық (лингвистикалық) білімі барлардың өзі де дұрыс түсінбей жүр. Олар – мектеп оқулығынан бастап академиялық лингвистикалық оқулықтарда жүрген қате ереже-қағидаларға әбден мойын ұсынып, саналары уланып қалғандар. Әйтпесе, қазіргі қазақ тілі дыбыстық жүйесі мен емлесіндегі қате-кемшіліктер туралы үлкенді-кішілі жиындарда айтылуындай-ақ айтылып, түрлі баспасөз беттерінде жазылуындай-ақ жазылып келеді.

Қазақ фонетикасының аса көрнекті ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор, марқұм Мырзабектен Сапарханның бір өзінің «Ана тілі» (мысалы, 2004 жыл, мамыр №19,20), «Қазақ әдебиеті» газеттеріндегі т.б. көптеген ғылыми журнал беттеріндегі дүркін-дүркін жарияланған, ғылыми тұрғыдан әр пікірі дәлелденіп-дәйектелген өткір мақалаларының өзі неге тұрады. Ғалымның сол мақалаларындағы өте орынды айтылған сын-ескертпелері әлі күнге ескерілмей келеді. Тіпті қазақ әліпбиіндегі қарама-қайшылықтарды дәл көрсетіп, дәлелдеп берген ғылыми диссертациялардың да оң нәтижелері мен ғылыми-теориялық жетістіктері күні бүгінге дейін оқулық, оқу құралдарына енбей жатыр. Ғылыми-зерттеу ретінде қорғалса да, олардағы жүзеге асырылмаған ғылыми ой-тұжырымдардың бұдан кейін қандай пайдасы бар деп дүдәмәл ойға қаласың.

Міне, осы бір күрделі де қиын істі дұрыс шешіп алмай жатып, өзімізге өзіміз тағы бір қиын шаруаны тауып алу жөн бе екен деген ой да мазалайды. «Латынға біреуіміз көшейік деп, біреуіміз көшпейік деп, ана жазу жақсы, мына жазу жаман деп құр дауласқанша, ең әуелі, тіліміздің төл дыбыстарын түгендеп, әр дыбысты дұрыс танып-түсініп, әрқайсына нақты әріп белгілеп алайық, сосын сол әріптердің бір-бірімен тіркесу табиғатын сақтай отырып, сөзімізді дұрыс таңбалап жазуға көшейік, сосын барып қай әліпбиге ауыса-тынымыз туралы мәселені ойласасайық, тіліміздің табиғатына тән төл әліпби жасау, біздің ойымызша, әбден пісіп-жетілген, толығы жеткен, әне-міне деп кешеуілдете беруге болмайтын қауырт мәселе», – десең, қазіргі тілші ғалымдар бұл сөзіңе онша жылы қабақ танытпайды.

Неге осыны, жоғары жақтың нұсқауын күтпей-ақ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты немесе ЖОО-ның филология факультеттері кафедраларының бірі қолға алмайтынына түсініксіз. Дәл бүгінгі уақытта әбден тозығы жеткен, көнерген, бүгінгі ұлттану саясатына кереғар, заман талабына сай емес, орыстандыру саясаты негізінде жасалған біздің қазіргі қолданыстағы әліпбиіміз бен еміле (орфография) ережелерімізді реттеу әріп ауыстырудан бұрын істелетін өте өзекті іс болып тұр. Бұны көп кешіктірмей қолға алудың қажеттігінің бірі – бұрынғы емле ережелерінің авторларының біразы ақсақалды ата, асабалы қарт әже болса да, әлі ортамызда жүр. Оларға кезінде саясат ықпал етіп, солай істеулеріне мәжбүр .қылса да, қазіргі пікірлері кезіндегі А.Байтұрсынұлы мен кеше ғана өмірден өткен, марқұм С.Мырзабековтің пікір-ұсыныстарынан, ұстанымынан соншалықты алшақ кетпейді. Көпшілігі оны қолдайды.

Сонымен, әліпби ауыстыру мәселесін сәл кейінге, яғни ел президентті Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткен 2020 жылға қарай ысыра тұрып, ең басты мәселені шешіп алудың уақыты жетті. Егер осыны бір ыңғайға келтіріп алмасақ, бір ғасыр бұрын А. Байтұрсынұлы айтып кеткен тіліміздің мұң-мұқтажы шешілмек емес. Кері кеткеннің үстіне кері кете беруі мүмкін. Қазақ тілі неше түрлі бөтен сөздермен былғанбақ түгілі, оның төл сөздерін өзіміз дұрыс айтып-жаза алмайтындай дәрежеге жетуіміз әбден ықтимал. Қате-кемшілігі мол әліпби және ереже нұсқаулары тым көп оның бүгінгі емлесі қазақ тілін барған сайын бүлдіріп жатыр. Тіл бүлінсе, ұлттық ой-сананың да өзгеретіні ақиқат. Қазірдің өзінде қазақтілді және орыстілді болып, аражігіне сызат түскен ұлтымыз, одан сайын екіге айырылып, бір-бірінен ажырап кетер түрі бар. Бұл қауіптің аса айқындығын ешкім жоққа шығармас. Орыстілділер мен қазақтілділердің арасындағы сызаттың да бар екеніне ешкімнің шүбәлері жоқ болар. Бұған дәлел – қазақтілді қазақ бірыңғай орыс тілділердің ортасына түсіп қалса, өзін бөтен бір ортаға еніп кеткендей қолайсыз сезінеді. Ал, керсінше болса, орыстілді қазақ өзін қолайсыз сезінеді

Бұдан шығатын қорытындының қандай екенін көзі ашық, көкірегі ояу кез келген жан түсінер. Сондықтан латыншаға көшуді жақтаушылар материалдық шығын мен ел сауаттылығына келетін  кесепатпен қатар қазақ тұтастығына әсер ететін апатқа да аса мән берулері керек-ау!

Дегенмен латыншаға көшудің мынадай тиімді жағын да ескеру керек. Міселен, сан мыңдаған шетелдік сөздер тасқыны тілімізге күн санап толассыз еніп жатқан мына зымыран заманда бірен-саран сөздерге әрең дегенде қазақша балама тауып, бірақ оның өзін сан-саққа жүгіртіп, дауласып жүргенімізде тіліміздің тек дыбыстық жүйесі мен сөздік құрамы ғана өзгеріп қоймай, құрылымы да өзгере бастауы әбден ықтимал. Сондықтан Арал балықшылары үшін теңіздің бір бөлігін құтқарып қалғанымыздай, тіліміздің таза қазақы қалпын сақтап сөйлеп-жазып жүрген ұлтымыздың бір бөлігі үшін, бөтен дыбыстардан және оларды таңбалап келген әріптерден арылған нағыз қазақ әліпбиін латыншаға көшу арқылы жасауға қазір мүмкіндік туып отырған сияқты.

Жаңа әліпби жасалған соң қазақшасы табылмаған кез келген сөзді қазақшалап жазсақ, бұрын қате жаздың деп есептейтін қандастарымыз ештеңе дей алмас. Мысалы, біз қазіргі жазумен «циркті» «сирік», «чемоданды» «шабадан», «экваторды» «екуатыр», «заводты» «зауыт», «хлорды» «қылор», «фторды» «пытор» деп жазсақ, қате жаздың деушілер сөзсіз табылады. Ал ц, ч, в, х, ф, э, е (йо) дыбыстары енгізілмеген латынша әліпбимен дәл сондай ғып, мәселен, syrik, shabadan, qylor, pytor т.б. деп жазсақ, ешкім ешқан-дай уәж айта алмас. Демек, латыншаға көшу арқылы тіліміздің өзіндік табиғи қалпын сақтауға және ана тілімізді өзгерту арқылы сана-сезімімізді әбден жаулап алған орыс тілінің жаулап алу белсенділігіне шектеу қоюға және бөтен сөздерді игеру арқылы сөздік құрамымызды байытуға әбден болады. Әрине, латыншаға көшудің қаражаттық қиындығын айтпағанның өзінде, рухани дүниемізге тигізер уақытша үлкен әсерін ешкім жоққа шығармас. Осы ретте ел аузында жиі айтылып жүрген сөз – күні бүгінге дейін орыс әрпімен жазылып келген дүниелерімізді жоғалтып алмаймыз ба деген қауіп. Біздің ойымызша, бұл – бізге орасан қиындық келтіре қоймайды. Себебі, мектепте орыс тілі оқытылады, орыс әліпбиін (букварь) білген адам сол жазуды пайдаланған кездегі қазақ тіліне тән дыбыстардың (ә, ү, ұ, ө, ы, і, қ, ғ, ң) бұрын қалай таңбаланғанын қосымша үйреніп алады, тіпті бұны латыншаланған әліпбиді оқыту кезінде де қосымша оқытып-үйретіп отыруға болады. Әлбетте, бұл 70 жыл бойы жазылған дүниелердің аса құндыларын (бәрін емес) латыншалап қайта шығарғанға дейін біраз уақытты алатын басы артық еңбек екендігі рас, бірақ ұлы мақсат үшін бұндай нартәуекелдің қажет екені даусыз. Осыны басты мақсат етіп алмасақ, онда латынға көшіп, әліпби өзгер-тудің түкке де қажеті жоқ сияқты.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1 Сауранбаев Н. Қазақ тілі проблемалары. Алматы, 1982.

2 Мырзабеков С. Қазақ орфографиясының арнаулы курсы бойынша методикалық нұсқаулар. Алматы, 1991жыл.

3 Қазақ сөздігі. Алматы: Дәуір, 2013.