Молдасанов Е.М., ф.ғ.к., Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті (Қазақстан, Алматы қ.)

Қашырбекова Ғ.О., Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 2-курc магиcтранты

 

ОРФОГРАФИЯЛЫҚ ПРИНЦИПТЕР

 

Жалпы түркі халықтары VIII ғасырдан XIX ғасырға дейін араб графикасын пайдаланып келгені белгілі. Араб жазуы тек 1928 жылы ғана ресми тоқтатылғаны мәлім. Бірнеше ғасыр  түркі халықтарына қажетінше қызметін өтеген араб жазуы қазақ халқының рухани өміріне, мәдениетіне айтарлықтай дәрежеде ықпал етті және қазақ жазба мұраларының көбі біздің заманымызға араб әліпбиі арқылы жеткенін де жоққа шығара алмаймыз. Жалпы кез-келген жазу және сол арқылы жазба тілдің қалыптасуы мәдениеттің, өркениеттің, сауаттылықтың кепілі екені айтпаса да түсінікті. Ал түркі, кейіннен қазақ қоғамында қолданыста болған араб жазу жүйесінің қызметі қаншалықты дәрежеде болды, сол кезеңдегі халықтың сұранысын толықтай өтей алды ма?

Графикалық құрылымында белгілі бір жүйе болған соң оның орфографиясы да белгілі бір заңдылықтар арқылы жүзеге асуы тиіс.  Ғалымдардың басым көпшілігі XV-ХІХ ғғ. араб жазуымен жазылған жазбалардың барлығын морфологиялық-этимологиялық принципті негіз еткен деп көрсетеді. Яғни, бұл принцип бойынша әр халықтың өзіне тән фонетикалық ерекшеліктерін ескерместен, қосымшалардың түрлену ерекшеліктеріне қарамай бір тұлғада жазылуын берік сақтау. Осыған байланысты И.А.Батманов әр ұлт тіл ерекшелігіне қарай әр түрлі оқуға болатын әмбебаптығын  сол жазудың пайдалы жағына жатқызса, зиянды жағын Орта Азиядағы халық тілдерінің дыбыстық ерекшелігіне сай болмағандықтан жеке ұлт тілінің дамуын тежеді деп көрсетеді: «Морфологический и этимологический принципы орфографии, распространенные среди народов Средней Азии в дооктябрский период, с одной стороны, обладали тем преимуществом, что носили универсальный характер, позволяя один текст понимать представителям различных языков (узбекского, казахского, киргизского, туркменского, каракалпакского), одинаково писать, но различно читать применительно к особенностям родного языка. С другой стороны, эти принципы орфографии обладали и отрицательным свойством, не отражали фонетических особенностей языков Средней Азии и тем самым  затрудняли оформление и развитие национальных языков» [1, 267 б.].

Ескі қазақ жазба тілінің қандай орфографиялық заңдылықтары болды және жазу нормалары негізінен қандай принципті ұстанды? Жалпы жазба тілдің, хатқа түскен жазудың белгілі бір орфографиялық принципке, жазу жүйесіне бағынатыны белгілі. Біз зерттеу жүргізе отырып ескі қазақ жазбаларының орфографиялық принциптерін анықтауға талпындық. Біздің тұжырымымызша, «ескі қазақ жазба тілі» негізінен, мынадай принциптерді басшылыққа алыған:

1) Фонетикалық принцип

2) Инвариант принципі

3) Цитаталық (түпнұсқа) принцип.

Фонетикалық принцип. Қазақ тіл білімінде фонетикалық принципке мынадай анықтамалар беріледі: «Фонетикалық принцип бойынша сөз естілуі бойынша жазылып, фонеманың дыбыстық қоршауға тәуелді түрленімдері таңбаланады» [2, 304 б.]. «Фонетикалық принцип бойынша сөз бөлшектерінің дыбыстық өзгеріске ұшырауы еске алынып, айтылуынша жазылады» [3, 7 б.].

Жазу жүйесі мен жазба дәстүрі толықтай нормаланбаған кезеңдегі ескі қазақ жазба тілінің негізгі орфографиялық принципі фонетикалық болды. Фонетикалық принцип бойынша:

1) Ерін үндестігінің тұрақты түрде сақталуы. Бұл ауызекі сөйлеу тілінің бірден-бір ерекшелігі болып табылады: мұрұн (мұрын), бұзұқ (бұзық), иүзү (жүзі), иүзүк (жүзік), иүклүг ( жүкті, екіқабат), иүгрүк (жүйрік), ұйұқла (ұйықта), ұлұ (үлкен, ұлы), ұрұш (ұрыс), үчүн (үшін), сөзлүг (сөзді), мұңлұғ (мұңды), көңүл (көңіл), иұлдұз (жұлдыз) т.б.

2) Ауызекі сөйлеу тіліндегі дыбыс үндесімдерінің жазуда таңбалануы немесе түбір мен қосымшалардағы дыбыстардың ұяңдануы: білігліг (біліктік), үгретіб (үйретіп), көб (көп), артұғрағ (артығырақ), ачлығға (аштыққа), ағачға (ағашқа),  терішмег (теріспек), үгретгүш (үйреткіш) т.б.

Инвариант принципі.  Біз бұл жерде Н.Уәлиұлының «инвариант-вариант» теориясы бойынша ендірген «инвариант  принципі» терминін басшылыққа аламыз. Ғалым өз еңбегінде «инвариант-вариант» теориясына былайша сипаттама береді: «Бұл қисын бойынша, фонема-инвариант, ал дыбыстар оның сөздегі репрезентанттары - варианттары деп танылады. Әр вариант (экземпляр) инварианттағы мәнді белгілерді сақтай отырып түрленеді, әр экземпелярда, мейлі оның саны қанша болса да, әйтеуір инвариантқа тән қасиет сақталады» [4, 13 б.]. Осы қағиданы морфема жүйесіне қатысты есепке алатын болсақ, ескерткіштердегі бір алуан мағыналық бірліктер белгілі бір морфеманың инвариант деп танылған тұлғасы бойынша таңбаланады. Яғни бұл принцип бойынша түбір сөзге жалғау мен қосымшалардың бір ғана нұсқасы жалғанады.  Сонда, көптік жалғауының -лар түрі инвариант деп алынып -дар, -тар, -дер, -тер т.б. варианттары жазуда ескерілмейді: иұртлар (жұрттар), қыпшақлар (қыпшақтар) т.б.  Мысалы: Көб иұртларыны алыб ата уа ағасының дәстүрі бірлән амал қылыб ахыры Аламыр дар алфаниден дар ал бақиға кетді (Ата және ағасының дәстүрімен  айла қылып, көп жұрттарды бағындырып ақырында Аламыр бұл жалғаннан мәңгілік орынға кетті). Қыбчақлар тақы бұларның сөзіні қабұл етіб алан қомыдын айрылдылар (Қыпшақтар тағы да бұлардың сөзін қабылдап, алан комыдыннан бөлінді).

Сонымен қатар, сын есімнің -лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті нұсқаларының тек -лы, -лі түрі инвариант ретінде таңбаланады да, қалған фонетикалық варианттары жазуда таңбаланбайды:  адақлы (атақты), сақаллы (сақалды). Мысалы: Хазар елінің адақлысының иахшыларын чақыртыб айтдылар иұрт алғалы барамыз (Хазар елінің белді  жақсыларын шақыртып «Жұрт жаулаға барамыз» деп айтты). Ұзұн бойлы ақ сақаллы иетмішден озған кіші келіб тұрды (Ұзын бойлы, ақ сақалды, жетпістен асқан кісі келіп тұрды).

Сондай-ақ сын есімнің -лық, -лік (-лұқ, -лүк) жұрнағы да инвариант принципі бойынша таңбаланған: азлығ (аздық), семізлік (семіздік), дұшманлық (дұшпандық) т.б. Мысалы: Илбарыс ханның нөкері азлық қылыб тұрұр  (Илбарыс ханның нөкері аздық қылып тұр). Үч атымыз семізлік қылыб иүрүмеді кенд халқына хабар қыл ат бірлә алышұрмұз дедім (Үш атымыз семіздіктен жүрмеді, кент халқына хабарла атты атпенен  айырбастаймыз дедім). Сүйініч  ханның заманыда мұғұл бірлән татар елінің арасында дұшманлық оты андағ көб иандыкім (Сүйініш ханның заманында татар мен моңғол елінің арасындағы дұшпандық оты сондай қатты өршіді).

Өзге де сөз тудырушы аффикстер жүйесінің жазуда бейнелену принципі осындай. Мысалы, ілік септігінің қазіргі тіліміздегі -ның, -нің, -дың, -дің, -тың, -тің нұсқаларының ішінде инвариант ретінде -ның түрі ғана белгіленеді: пиязның (пияздың), елнің (елдің), арықның (арықтың) т.б. Мысалы: Чабұлған елнің ач уа арұқы иемекке немерселері иоқлықындын сахраи пиазның түбіні қазыб иер ерділер (Шабылған елдің аш-арығы жейтін нәрселері жоқтықтан жабайы  пияздың түбін қазып жейтін еді). Арықның ортасында бір иерке иғылыб тоб болұбты (Арықтың ортасында бір жерге жиылып топ болыпты).

Табыс септік жалғаулығы да осы принцип бойынша тек -ны, -ні жұрнақтары таңбаланып отырған: елні (атты), сөзні (сөзді), бізні (бізді) т.б. Мысалы: Ата иұртыға келді азған тозған елні иғды (Ата жұртына келіп азып-тозған елін жиды). Ол айтды мұндағ сөзні айтмаң егер айтқудек болсаңыз Асфандиар ханға айтұрмын (Ол айтты: «Мұндай сөзді айтпа, егер айтатындай болсаңыз Асфандияр ханға айтамын»). Бізні қалмақ чабты да малымызны уа башымыздын айұрды қалғанымыз пиаде иаш ұғланларны арқамызға иүклеб келдүк үч иыл болды мұнда келдүк бұ иыл үй қылыбмыз келкен бері алчұқ қылыб олтұрұб ердүк (Бізді қалмақ шауып мал-басымыздан айырды, қалғанымыз жас балаларды жаяу арқалап мұнда келгенімізге үш жыл болды, бұл жылы үй тұрғыздық, келгеннен бері талшық қылып отырмыз).

Жалпы қосымша, жалғаулардың инвариант принципі бойынша жазылу үрдісі бертінгі ХІХ ғ. дейін сақталып келді.

Цитаталық (түпнұсқа) принцип. «Түпнұсқа принципі әліпбиі ұқсас болған жағдайда шеттілдік сөздердің графикалық нұсқасын сол күйінде жазу үшін пайдаланылады» [4, 65 б. ]. Бұл принцип бойынша араб және парсы тілінен енген сөздер таңбаланған. Мысалы:

Азарде (пар.). араздық. Ұғланларыға айтдыкім зинһар бір біріңізден дүние масалахаты үчүн азарде болмаң (Ұлдарына айтты: «Сақ болыңдар, дүние байлығы үшін бір-біріңмен араздаспаңдар»).

Алуфе (пар.) әскери азық. Барчасының атыны дәптерге бітіб алуфе берүр ерді (Баршасының атын дәптерге жазып, азық беретін еді).

Ашраф (пар.) ақсүйек. Занбур атлық нөкеріні елчі қылыб Һиратның акабир ашрафларына айтыб иберді (Занбур атты нөкерін елші қылып, Гераттың үлкен ақсүйектеріне айтып жіберді). 

Биекбар (пар.) тез, кенеттен. Халық кеткенден соң ханға биекбар хасталық арез болұб дар алфаниден дар албақиға рахилет  қылды (Халық кеткеннен кейін ханға  кенеттен ауру пайда болып  өлді).

Бимар (пар.) ауру. Ұғлындын айрылғандын соң өзі бимар болды (Ұлынан айырылғаннан соң өзі ауру болды).

Боләнд (пар.) биік. Тез су иақасына келдүм боләнд иар екен  (Тез су жағасына келдім, биік жар екен).

Ғалат (ар.) қателесу. Егер айағыны ғалат басса пара пара болұр ерді (Егер аяғын қате басса парша-парша болар еді).

Байс (ар.) себеп. Мухаммед ханның шәһид болғаныға байс ол болды (Мұхаммед ханның өлгеніне себеп сол болды).

Ғазал (ар.) құрту, жоғалту. Шейх Бузрук Жалайыр қачыб Бағдад келді тақы ханны ғазал қылды өзі хан болды (Шейх Бузруг Жалайыр қашып, Бағдадқа келді ханның көзін құртып  өзі хан болды).

Жалпы араб және парсы сөздерінің цитаталық принциппен таңбалануы араб жазулы дүниелерде ХХ ғ. басына дейін қолданылып келген еді. Бұның себебін Х.Досмұхамедұлы былай түсіндіреді: «Қазақтың балалары ноғай, сарт мектеп-медреселерінде оқитын болды. Медреселерде араб-парсы сөздерін өзгертіп айту зор күнәға есептелінетін еді. Молдалар қазақ арасында араб-парсы сөздерін бұлжытпай айтуды жазу арқылы үйрете бастады. …Сөйтіп араб-парсы сөздерінің көбі бір жағынан Қазан, бір жағынан Бұхара арқылы өзгермей тілімізге кіре бастады» [5, 92 б.]. 

Сонымен ескі қазақ жазба тілінің жазу жүйесі:

1) фонетикалық принципке,

2) инвариант принципіне,

3) цитаталық (түпнұсқа) принципке негізделген. Жалпыхалықтық тілдік белгілер негізінен фонетикалық және инвариант принципі бойынша, ал кірме элементтер цитаталық принцип бойынша таңбаланып отырған.

Орфографиялық принцип бір сөз екі түрлі не одан да көп түрде жазылатын жағдайда соның біреуін таңдап алуды айқындайды. Осы принциптердің негізінде орфографиялық ережелер жасалады. Жазу ережелері ойды дәл жеткізіп, жазылғады дұрыс түсіну үшін қажет.

Қазіргі дыбыс – әріпке негізделген жазу жүйесінде дыбыстады (фонемаларды) әріптемен белгілеу орфографияның өзекті мәселесі болып табылады. Сөздің дыбыстық құрамын белгілеуде көбіне –көп басшылыққа алынатын принцип жетекші принцип немесе негізгі, басты принцип делінеді. Қазіргі қазақ орфографиясының негізі морфологиялық принципке сүйенеді. Қазақ тіліндегі сөздердің басым көпшілігінің түбірі тұлғасы сақталып жазылады. Мысалы: жұмыс, іс, аш деген түбірлерге –шы, -шең, -са қосымшалары жалғанғанда, олардың естілуі (айтылуы) жұмышшы, жұмыщы, ішшең, іщең, ашша, аща (есікті) ащы болады. Бірақ сөздердің түбірі жұмыс, іс, аш болғандықтан, және қосымшалар –шы, -шең, -са, -шы болғандықтан әрқайсысының түбір тұлғасы сақталып, жұмысшы, ісшең, ашса, ашшы түрінде жазылады.

Сондай-ақ, қашан+ғы, түн+гі, бұрын+ғы, күн+ге, мұрын+ға деген сөздер мен қосымшалардың естілуі (айтылуы) қашаңғы, түңгі, бұрыңғы, күңге, мұрыңға болады. Бірақ, бұлардың айтылуы (естілуі) есепке алынбай, сөздердің түбір тұлғалары сақталып, қашанғы, түнгі, бұрынғы, күнге, мұрынға болып жазылады.

Біріккен сөздер мен қос сөздер де, негізінен, морфологиялық принцип бойынша жазылады. Мысалы: қара+күш (құрт), қара+құйрық (жануар), өгіз+шағала (құс), жар+қабақ, орын+басар, шек+ара, алма+кезек, көзбе+көз, қиян+кескі деген сөздер біріккенде не қосарланғанда, айтылуы (естілуі) қарагүш, қарағұйрық, өгішағала, жарғабақ, орымбасар, шегара, алма-гезек, көзбе-гөз, қиян-гескі болады. Бірақ әр сөздің түбір тұлғасы сақталып, қаракүш, қарақұйрық, өгізшағала, жарқабақ, орынбасар, шекара, алма-кезек, көзбе-көз, қиян-кескі түрінде жазылады.

Сөйлем ішіндегі сөздерді жазуда да олардың аралықтарындағы бір-біріне тигізетін дыбыстық ықпалдары еске алынбай, жеке сөздің тұлғасы сақталып жазылады. Мысалы, айтылуы – Торат қарагератқа ғарағандасалау. Дұрыс жазылуы-Торы ат қара кер атқа қарағанда аласалау. Айтылуы – Балалар доп лақтырып ойнап жүр. Қазақ орфографиясында фонетикалық принциптер де бар. Мысалы:

1) Қазақ тіліндегі септік, көптік, тәуелдік, жіктік жалғаулары, сондай-ақ жұрнақтардың көпшілігі сөздің соңғы буынның әуеліне қарай және соңғы дыбысына қарай түрленіп жалғанады: қала+лар, көше+лер, қала+ның, көше+нің, қаз+дың, із+дің, сүт+тің, хат+тың, қалам+ым, дәптер+ім, оқушы+мын. Бұл жалғаулар естілуінше жазылады.

2) Қатаң п,қ,к дыбыстарына аяқталған сөздерге дауыстыдан басталған қосымша жалғанғанда, қатаң дыбыстыр ұяң естіледі: кітап+ым - кітабым, тарақ+ы – тарағы, күрек+ің – күрегің. Мұндай жағдайда да сөздің түбі сақталмай, естілуінше, ұяң дыбыс жазылады: кітабым (кітапым емес), тарағы (тарағы емес), күрегің (күрекің емес). Бұл да – фонетикалық принцип.

3) Қазақ тілінде п дыбысына аяқталатын етістіктерге көсемшенің –ып, -іп жұрнақтары жалғанғанда, қос п қатар айтылмай, немесе алғашқысы ұңдамай, у дыбысына айналып кетеді және сол естілуінше жазылады: кеп+іп – кеуіп (кебіп, кепіп емес) тап+ып – тауып (тапып, табып емес). Ал –пі, -пы дыбыстарына аяқталатын етістіктерге –п жұрнағы жалғанғанда, алдыңғы ережеге бағынбай, екі п дыбысы араларына ы,і дауыстыларын салып, қатар естіледі. Мысалы күпі, лепі сияқты сирек қолданылатын етістіктердің көсемше түрі: күрі+п – күпіп (отыр), лепі+п – лепіп (отыр).

4) Бірсыпыра біріккен сөздер әр сыңарының түбір тұлғасын сақтамай, естілуінше жазады. Белбеу (бел+бау), қолғабыс (қол+қабыс), алабота (ала+бұта), Бегәлі (Бек+әлі). Бұлардың бірсыпырасында жеке дыбыстардың өзгеруі ғана емес, тұтас түбірдің өзгеруі еске алынады: бүгін (бұл+күн), биыл (бұл+жыл), әкет (алып+ кет), әпер (алып+бер), апар (алып+бар), өйткені (олай+еткен), сөйтіп (солай+етіп). Бұл тәрізді фонетикалық принциппен жазылатын біріккен сөздердің саны, морфологиялық принциппен жазылатындарына қарағанда, әлдеқайда кем. Олар (жалқы есімдерден басқасы) орфографиялық сөздікте берілді. Сондықтан кез келген біріккен сөзді естілуінше жазуға тырысудан сақ болу керек [4, 79 б.].

Дифференциялаушы принцип – дыбыстық құрамы бірдей сөздерді бір-бірімен орфографияның көмегімен айыру. Бұл принцип қазақ тіл білімінде ескерілмейді. Дұрысы, дәстүрлік пинцип бойынша хабар, хал, халық, хат, хан. Хош түрінде жазып жүргендеріміз, о баста тіліміздегі омонимдерді (қабар, қал, қалық, қат, қош) орфографиялық жақтан айырудың нәтижесі деп түсіну қажет. Қазақ тілінде 2,5 мың омоним сөз бар, 10-15 сөзді түрлендіріп жазу арқылы бұл мәселені мүмкін емес.

Дәстүрлік пинцип – сөздің бір кезде жазылып, қалыптасқан, дәстүрге айналған түрінде сақтап, жазу. Бұған қаза тіліндегі хат, хабар, қаһар, жаһан сияқты сөздерде х, һ әріптерін пайдалануды жатқызуға болады. Дәстүрлік принцип тілдің қазіргі қалпына қайшы келуі де, келмеуі де мүмкін. Бұл принцип бойынша жазылатын сөздер қазақ тілінде кемде-кем. Оған хат, халық, хабар, хал, хан-хана сияқты сөздердің х әрпі арқылы жазылатындығын мысал етуге болады. Бұл сөздердегі х әрпі сөздің түбірін сақтау үшін немесе естілуінше жазылып тұрған жоқ. Бұлардың кейде айтылуы –қалық, қат, қабар, қал, қан-қана. Бірақ 1940 жылы қазақ тілінің жаңа алфавиті мен  орфография ережелері қабылданғанда, бірқатар сөздерде х әрпі жазылады деген ереже алынды да, содан бері жазу практикамызда бұл сөздердің х арқылы таңбалануы үйреншікті болып, дәстүрге айналып кетті.

Орыс тілінен ертеректе еніп, дыбысталуы жағынан өзгеріп кетен бірқатар сөздер дағды бойынша сол қазақша қалыптасқан күйінде жазылады: самаурын (самовар емес), пәуеске (павозка емес). Бұл сөздердің жазылуы да дәстүрлік принципке сүйенген.

Сонымен, қазіргі қазақ орфографиясының негізгі принципі – морфологиялық принцип.

 

Пайдаланылған  әдебиеттер:

 

1.       Батманов И.А. Фонетическая система современного киргизского языка.   Фрунзе: Киргизиздат., 1946. – 173 с.

2.       Қазақ совет энциклопедиясы. т.VІ – Алматы, 1974. – 654 б.

3.       Cыздықова Р. Емле және тыныс белгілері. –Алматы: Рауан, 1996.–                288 б.

4.       Уәлиев Н. Қазақ графикасы мен орфографиясының фонологиялық негiздерi: фил. ғыл. канд. ... автореф. –Алматы, 1993.–162 б.

5.       Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы: Ана тілі, 1991. 176 б.