Право/ 10.Хозяйственное право.
Копбулов Р.А., ЭҚҚР кафедрасының
аға оқытушысы, құқық магистрі
Тусупова Н., «Юриспруденция» мамандығы, 1-курс
студенті
Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық
университеті, Қазақстан
АУЫЛ
ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ
ТИІМДІ ЖҮЙЕСІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Бүгінгі
таңда Қазақстан Республикасының Президентінің
жолдаулары мен мемлекеттік даму бағдарламаларымызда отандык
өндірушілер мен барлық әлеуметтік қызметтегі
тұлғалардың аясында бәсекеге қабілетті болу
мақсаты атап көрсетіледі. Қазіргі кездегі
дүниежүзіндегі экономикалық дағдарыстар, халықаралық
сауданың әрқилы жағдайларға ұшырауы
елімізге де теріс әсерлерін тигізді. Осындай халыкаралык
экономикалық қатынастарда Қазақстанның дамуы
отандық өндірушілер мен кәсіпорындардың бәсекеге
қабілеттігіне байланысты болып табылады. Осы бәсекеге
қабілеттілігін арттыру мақсатындағы мемлекеттік
іс-шаралардың бірі - өңірлерде кластерлік жүйелерді іске
асыру көзделіп, бұл өз кезегінде аймақ экономикасын
тұтастай көтеретіндігі анықталып, жүзеге асырылу
үстінде.
Қазақстан
Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2015 жылғы
30 қарашадағы «Қазақстан жаңа
жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму»
жолдауында шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті
қолдау бойынша негізгі бағыттар анықталған: «Мемлекет
сіздердің бизнестеріңізді дамытып, аяққа нық
тұруларыңызға барлық жағдайды жасады.
Бүгінгідей сын сағаттарда сіздерге үлкен жауапкершілік
артылады. Жекешелендірудің жаңа легіне белсенді
қатысыңыздар, қаржыны заңдастырып, ашық
жұмыс істеңіздер. Қуатты ел болу – бәсекеге
қабілетті болу деген сөз. «Қазақстанда жасалған»
әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы,
ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана
ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады. Өзімізді өзіміз
қамшылауымыз керек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды» [1].
Қазақстан
экономикасы дамудың жаңа деңгейіне өтті.
Экономикалық дамудың жаңа деңгейінің
айтарлықтай ерекшеліктеріне - әлемдік сауда ұйымдары
нарықтарында тауарларды еркін сауда, әлемдік нарық
сегментіндегі бәсеке және экономикалық
қарым-қатынаста елдердің әлемдік
қауымдастыққа жаһандануы жатады. Қазақстан
Республикасы бұл қарым-қатынастарда ең
соңғы орында емес. Мұндай жағдайда аймақтық
экономика тұрақтылығы, әлемдік нарықта
бәсекеге қабілеттілікке табысты қолайлылық жағдай
орнатуға тәуелді болады.
Агроөнеркәсіптік
өндірістің соңғы нәтижелері тек тікелей ауыл
шаруашылығының даму деңгейіне ғана емес, сонымен
қатар соған қызмет көрсететін салаларға да
байланысты. Ауыл шаруашылығының өндіріс көлемі
ұлғайған сайын материалдық-техникалық
ресурстарды, қажетті шикізаттарды, қосалқы материалдарды т.б.
жұмсау мөлшері де ұлғаяды. Шаруашылық электр -
энергияға, транспортқа, байланыс құралдарына,
өнімдерді сақтауға деген қажеттіліктері де
көбейеді.
Қазақстанның
бүгінгі агроөнеркәсіп кешенінің потенциалын
халқын асырауға ғана емес, сонымен бірге аграрлық
өнімдердің көптеген түрлерініп экспортына өндіру
есебінен дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы
ауылшаруашылық мемлекет болуына мүмкіндіктері бар. Жақын
арада республика экспортының негізгі бағыттары: бидай, мақта
талшығы, ет, жүн, қаракөл терісі, былғары
және тон-тері шикізаты болып қалмақ. Ұзақ
болашақта дайын өнімнің экспортына бағдарлану, ол
үшін бәсекеге қабілетті өнім өндіретін технология
мен техниканы пайдалану негізінде қайта өндеуші
өнеркәсіпті дамыту қажет.
Қазақстанның
агроөнеркәсіп өндірісіндегі нарықтық
экономиканың дамуы және әлемдік дағдарыс кезінде
экономиканың аграрлық секторының жағдайын шиеленістіре
түсетін мемлекеттік қаржылық қолдаудың күрт
қысқаруы, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық
өнімдеріне баға диспаритетінің күшейе түсуі тәрізді
бірқатар факторлардың жағымсыз әсерімен өте
қолайсыз, дағдарысты қалыпта жүргізілуде. Соның
салдарынан бүгінде ауылдық тауар өндірушілердің
материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілу
деңгейі өте төмен және өндірген өнімдерін
өткізу жүйесі мардымсыз дамыған жағдайда.
Реформа
барысында шешімін таппаған бұл мәселелер
агроөнеркәсіп кешенінде шаруашылық субъектілерін
байланыстарды жаңаша калыптастыру қажетгілігін тудырып отыр. Осы
тұрғыдан алып қарағанда ауыл шаруашылығын
материалдық-техникалык жағынан қамтамасыз ету, оның өнімдерін
өткізуді және өңдеуді жоғары деңгейде
ұйымдастыру-шаруашылық байланыстардың нарықтық
экономикаға тән жаңа әдістерін барынша жетілдіруді
және ол байланыстарды реттеудің экономикалық механизмін
жасауды талап етеді. Онсыз ауыл шаруашылығы мен оған қызмет
көрсетуші салалардың толғағы жеткен мәселелерін
шешу мүмкін емес.
Материалдық
өндіріс қарқындап өскен сайын өнеркәсіп
көп ауыл шаруашылық салаларында шикізаттарға,
энергияға, тасымалдау, материалдық-техникалық, техника
жөндеу қызметтеріне, сондай-ақ ғылыми,
ақпараттық, зат сақтайтын орындарға деген
қажеттілік арта түседі. Осындай қажеттілік негізгі
өндірістен кызмет көрсетуші сала дамымай, бірде-бір
кәсіпорын, бірде-бір халық шаруашылық негізгі саласы
өркендей алмайды. Айта кететін бір жағдай халық
шаруашылығының әрбір саласынын дұрыс өркендеуі
үшін қызмет көрсететін құрылымдардың
қызмет көрсету сапасының деңгейі өте жоғары
болуға тиіс, яғни қызмет көрсетуші
өндірістің жұмысы дұрыстап дамымаса, халық
шаруашылығының ешбір саласы, ешбір кәсіпорыны өркендей
алмайды, екінші сөзбен айтқанда, негізгі өндіріс
орындарының нәтижесі қызмет көрсетуші салалардың
өркен өсуімен тікелей байланысты.
Ауыл
шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесін
қалыптастыру, осы арқылы аграрлық секторда нарықты
дамыту кепілі-мемлекеттің ықпалын күшейту. Мемлекет ауыл
шаруашылық тауарларына деген сұраныс пен ұсынысқа,
агроөнеркәсіп кешеніндегі салааралық айырбас оның
салаларында табыс табу үшін жағдай туғызу мақсатында
жанама жолмен ықпал жасау керек. Бұл бағыттарда арнайы мемлекеттік
бағдарламалар жасау және оларды жүзеге асыратын институттар
құру қажет. Қоғамдық өндірістің
тиімділігі едәуір дәрежеде негізгі өндірістік
қорлардың ұтымды пайдалануына байланысты. АӨК
мемлекеттік реттеу бағдарламасының мақсаты ауыл шаруашылығының
бәсекеге қабілетті салаларында экономикалық өсуді
және ауыл шаруашылығы өнімінің негізгі түрлері
өндірісін тұрақтандыруды қамтамасыз ету болып табылады.
Атқарылатын
іс-шаралардың атауына келер болсақ, олар: ауыл шаруашылығы
ұйымдары үшін банкроттық рәсімдерін
қолдануды жетілдіру; республикалық астық
ресурстарын басқару жөніндегі заң шығару базасын
әзірлеу; мемлекеттік астық ресурстарын тиімді басқаруды
және еліміздің астық ресурстарының мониторингін
жүргізуді қамтамасыз ету; лизингтік негізде ауыл шаруашылығы
құрылымдарының машина-трактор паркін жаңарту
жөнінде шаралар әзірлеу және жүзеге асыру; аса
қауіпті зиян кестермен ауыл шаруашылығы дақылдары
ауруларының жаппай көбеюінің таралуын алдын алу және
олармен күресу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге
асыру; мал дәрігерлік кызмет көрсетудің нормативтік -
құқыктық базасын жетілдіру; Оңтүстік
аймақта мақта өсіруді дамыту жөнінде шаралар
әзірлеу және жүзеге асыру; асыл тұқымды мал
өнімдерін және элиталық тұқымдар өндіруді
лицензиялау жөніндегі мәселелерді қарау; ауыл
шаруашылығы өнімінің ең жоғары деңгейінде
сатылуы мақсатында ішкі және сыртқы нарықтарда
маркетингтік зерттеулер жүргізу; асыл тұқымды мал
шаруашылығын сақтау және дамыту жөніндегі шаралар
жүйесім әзірлеу және жүзеге асыру; АӨК
саттық жүйесін жетілдіру; суландыру, топырақ бетім
құрғату мен тазарту жүйелерін жетілдіру; жер
қатынастарын жетілдіру; ауылдық жерде шағын несие беру
бағдарламаларын жүзеге асыру[2].
Аграрлық
саясат – мемлекеттің жалпы және экономикалық саясатының
құраушы бөлігі. Аграрлық саясат - саясаттың
өзге құраушыларымен тығыз байланыста
құрылады – сыртқы сауда, өнеркәсіптік,
экологиялық, әлеуметтік және т.б. Аграрлық саясат
аграрлық кешеннің (ауылшаруашылық өндірісі, агробизнес
құрылымдары, ауылшаруашылық нарықтары, ауылдық
қоғамдастықтар және т.б.) қызметімен байланысты
мәселереді кешенді шешуде мемлекет қолданатын принциптер мен
шаралардың жиынтығы ретінде анықталады.
Экономиканың
агро азық-түлік саласының негізгі қызметін келесідей
тұжырымдауға болады: тұрғындардың жоғары
сапалы тамақ өнімдеріне деген қажеттіліктерін жеткілікті сан
мөлшерінде және қол жеткізерлік бағамен
қанағаттандыру. Үлкен мағынада, бұл
өнеркәсіптің ауыл шаруашылық шикізаттарына деген
қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамтиды. Осыған
байланысты, аграрлық саясат ауыл шаруашылық өнімдерін,
шикізат және азық-түлік өндіру мен нарығына
мемлекеттік ықпал ету жүйесі ретінде, экономикалық
саясаттың өзге бағыттарының ресурстық базасына
«орнатылған» болуы қажет [3].
Мемлекеттік
аграрлық саясатты жасауда келесі мәселелерді ескеру маңызды:
жерді иелену, пайданалу және қолдану және де ауылшаруашылық
өндірісінің өзге де факторларымен туындайтын,
қатынастар; материалды-техникалық ресурстарға,
ауылшаруашылық өнімдеріне, шикізаттарға және
азық-түліктерге сұраныс пен ұсыныс;
нарықтың инфрақұрылым жағдайы;
ауылшараушылық өнімдерінің өнеркәсіп
өнімдерінің бағасына қатынасы; ауылшараушылық
тауар өндірушілердің табысының өзге
тұрғындар топтары табысына қатынасы;
тұрғындардың негізгі әлеуметтік-демографиялық және
территориялық топтар үшін азық-түліктердің
заттық және экономикалық жеткілікті болуын қамтамасыз
ету қажеттілігі.
Жеке
кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мынадай негізгі бағыттар
бойынша жүзеге асырылады: жеке кәсіпкерлікті реттеу
мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру; жеке
кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын, бизнес-инкубаторларды,
технологиялық парктерді, индустриялық аймақтарды және
жеке кәсіпкерлік инфрақұрылымының басқа да
объектілерін құру және дамыту; бюджет қаражаты есебінен
жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін
оқу-әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік және
ақпараттық қамтамасыз ету.
Жеке
кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және дамыту: мемлекеттік
органдардың жанынан жеке кәсіпкерлік проблемаларын зерделеу
және оны дамыту ұсыныстарын әзірлеу жөніндегі
ғылыми-зерттеу институттарын құру; орталық мемлекеттік
және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы
сарапшылық кеңестердің қызметін ұйымдастыру; жеке
кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың қаржы институттарын
құру; бизнес-инкубаторлардың және индустриялық
аймақтардың қызметін ұйымдастыру; жер учаскелерін,
ғимараттарды, үй-жайларды сату не тұрғын үй-жайларды
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес
тұрғын емес үй-жайға ауыстыру жолымен жүзеге
асырылады [4, 37б].
Шағын
кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мыналарды: шағын
кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік қаржылық,
статистикалық, материалдық-техникалық және
ақпараттық ресурстарды, сондай-ақ
ғылыми-техникалық әзірлемелер мен технологияларды пайдалануы
үшін жағдайлар жасауды; шағын кәсіпкерлікті
дамытудың мемлекеттік, салалық (секторальдық) және
өңірлік бағдарламаларын әзірлеуді; шағын
кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеудің және
таратудың оңайлатылған тәртібін белгілеуді;
оңтайлы салық салу режимін белгілеуді; шағын
кәсіпкерлікке кредит берудің бағдарламаларын қабылдауды;
шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту үшін
инвестицияларды, оның ішінде шетелдік инвестицияларды тарту мен пайдалану
жүйесін жасауды; мемлекеттік мұқтаждар үшін тауарларды
(жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) сатып алудың
кепілдендірілген көлемін қамтамасыз етуді; жұмыс істеп
тұрған оқу және зерттеу орталықтарын,
консалтингтік ұйымдар мен шағын кәсіпкерлікті қолдау
мен дамытудың ақпараттық жүйелерін дамыту және
жаңаларын құру жолымен кадрлар даярлауды, қайта
даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру
жүзеге асырылады.Жеке кәсіпкерлік туралы заңның
11-бабында жеке кәсіпкерлік субъектісі туралы ақпаратты
қорғау туралы көзделген: Кәсіпкерлікті –
ұлттық экономиканың жетекші жан – жақты қолдау.
Отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық
бағыттың қозғаушы күші болып табылады.
Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі
2050 жылға қарай, ең аз дегенде, үш есе өсуге
тиіс. Біріншіден, біз адамға ол үшін мемлекет барлық
проблемаларын шешіп беруін күтпей, өзін бизнесте сынап
көруге, елде жасалып жатқан экономикалық өзгерістерге
толыққанды қатысушыға айналуына жағдай
туғызуымыз керек. Іскерлік мәдениетінің деңгейін
көтеру мен кәсіпкерлік бастаманы ынталандырудың маңызы
үлкен.Ол үшін төмендегідей шаралар қажет: Шағын
және орта бизнестің бірлестіктер мен кооперацияларға
ұмтылысын көтермелеу, оларды қолдау мен
көтермелеудің жүйесін жасау. Жергілікті бизнес-бастамаларды
көтермелеу және мейлінше аз, бірақ қатаң реттеу есебінен ішкі нарықты дамыту.
Бизнеске жасанды бөгеттер тудыратын мемлекеттік шенеуніктер үшін
жаңа, әлдеқайда қатаң жауапкершілік жүйесін
енгізуді қарастыру.Жаңа жағдайларды, соның ішінде
біздің Еуразиялық экономикалық кеңістікке
қатысуымызды, алда Дүниежүзілік сауда ұйымына
(ДСҰ) кіретінімізді ескере отырып, отандық кәсіпкерлерді
қолдау тетіктерін жетілдіру және олардың мүдделерін
қорғау мен ілгерілету үшін қажетті барлық шараны
қабылдау. Бүгінгі күннің міндеті - ұсақ
кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерді орта деңгейге
көшіру үшін жағдай және алғышарттар
қалыптастыру.Өкінішке қарай, қазіргі уақытта
шағын және орта бизнеске салық салу жүйесіндегі
қиғаштықтар олардың дамуы мен өсуіне кедергі
келтіруде [3].
Бүгінде
Қазақстанда еңбекке жарамды белсенді
тұрғындардың әрбір бесіншісі шағын және орта бизнесте еңбек етуде.
Олардың шамамен алғанда тең жартысы – жеке кәсіпкерлер.
Шағын бизнес субъектiлерiне, шаруа немесе фермер қожалықтарына,
ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiрушi заңды
тұлғаларға, кәсiпкерлiк қызметтiң жекелеген
түрлерiне қатысты арнаулы салық режимдерi көзделедi.
Шағын бизнес субъектiлерi салықтарды есептеу мен
төлеудiң, сондай-ақ олар бойынша салық есептiлiгiн
тапсырудың төменде аталған тәртiптерiнің бiреуiн
ғана дербес таңдауға құқылы: жалпыға
бiрдей белгiленген тәртiп; патент негiзiндегi арнаулы салық режимi;
оңайлатылған декларация негiзiндегi арнаулы салық режимi.
Біз
тәуекелдерді өз мойнына алуға, жаңа рыноктарды игеруге,
инновациялар ендіруге дайын қуатты кәсіпкерлер табын көргіміз
келеді. Нақ осы кәсіпкерлер экономиканы
жаңғыртудың қозғаушы күші болып табылады
делiнген. Осыған байланысты Үкімет 2010 жылдан бастап
өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде
бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізіп, «Бизнестің жол
картасы-2020» деп айтылған. Бұл бағдарламаның
мақсаты өңірлерде кәсіпкерліктің, бәрінен
бұрын шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту
есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу болады.
Шағын
кәсіпкерліктің дамуы және олардың қызмет
тиімділігін арттыру еліміздегі бірқатар маңызды
мәселелердің оң шешімін табуына өзіндік ықпалын
тигізеді. Бұл оның экономикадағы рөлінің
жоғары болуымен де тығыз байланысты. Шағын
кәсіпкерлікті дамыту тек экономикалық тиімділікті ғана емес
әлеуметтік тиімділікке де айтарлықтай ықпал етеді.
Қазақстан
Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылы 17
қаңтарда жарияланған
«Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір
болашақ» Жолдауында Қазақстан Республикасы дамуының
2050 жылға дейінгі стратегиясы анықталған. Бұл статегияда ауылшаруашылы
дамуының бағыттары көрсетілген.
Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін
инновациялық бағытқа түсіру маңызды. Бұл -
біздің дәстүрлі саламыз. Азық-түлікке деген
қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек
салынады. Сондықтан бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі
ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай,
өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс.
Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке
өсе беретін болады. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен,
жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз
арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде
жүргізетіндер болуы керек [5].
Баға
қалыптастырудың ашық механизмдері арқылы тиімді жер
нарығын құру маңызды. Ауылшаруашылық жерлерін
инвестиция тарту және озық технологиялар енгізуді ескеріп
жалға бергенде ғана бәсеке күшейеді. Ауыл
шаруашылығында бизнестің дамуына, фермерлер кооперациясы
үдерісіне, жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын
барлық кедергіні жойған жөн.
Болашақ
- аграрлық секторда, әсіресе, шағын және орта бизнес
түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін
құруда. Бұл тұста біз бизнесті несие арқылы
қолдауға тиіспіз. Фермерлер ұзақмерзімді
қаржыландыру мен өткізу нарықтарына делдалсыз, тікелей
шыға алатын болуға тиіс. Ауыл өндірушілерінің
қарыздарын кепілдендіру және сақтандырудың тиімді
жүйесін құру да өзекті мәселе.
Қазақстан
ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі
елге айналуға тиіс. Егін шаруашылығында суды көп қажет
ететін тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту,
оларды көкөніспен, майлы және азықтық
өнімдермен алмастыру жолына бет бұру керек. Агрохимикаттарды тиімді
тұтынудың, қуаң жерлерде топырақты нөлдік
өңдеудің заманауи технологиялары мен өзге де
инновацияларды қолдануды кеңейтудің кешенді шаралары
қажет.
Ауылшаруашылығын, әсіресе, ауылшаруашылығы
өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс
жағдайында ауқымды жаңғырту қажет. Әлемдік
азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және
ауылшаруашылығы өндірісін арттыру үшін бізге мыналар
қажет: егістік алаңын ұлғайту. Мұндай
мүмкіндік барлық елдерде бірдей жоқ. Егістік түсімін,
ең алдымен жаңа технологиялар енгізу есебінен елеулі көтеру
қажет. Біз әлемдік деңгейдегі мал шаруашылығы
жемшөп базасын құру үшін үлкен әлеуетке
иеміз. Біз экологиялылыққа баса назар аудара отырып, ұлттық
бәсекеге қабілетті брендтер құруға тиіспіз
Ауыл шаруашылық
қайта өңдеуде және саудада фермерлік пен шағын
және орта бизнесті дамыту көзделген. Бұл -
өзекті міндет. Бұл арада бізге: жер өңдеу
мәдениетін өзгерту және жаңа ғылыми,
технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, мал
шаруашылығындағы дәстүрлерімізді
жаңғыртуымыз қажет. Аса ірі экспорттық
нарықты меңгеру үшін біз қай азық-түліктің
жаппай өндірісін басты етіп қоятынымызды айқындауымыз керек.
Алынған шаралардың нәтижесінде 2050 жылға қарай
ел ЖІӨ-дегі ауылшаруашылық өнімінің үлесі 5 есе
артуы тиіс. Ел агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға
дейінгі дамуының жаңа бағдарламасын әзірлеу. 2020 жылға
қарай ауылшаруашылығын мемлекеттік қолдаудың
көлемін 4,5 есе арттыру. Ең жаңа агротехнологияларды
қолдануға бағытталған орта және ірі
тауарлық ауылшаруашылық өндірістерін
құру жөніндегі заңнамалық
және экономикалық ынталандырулар жүйесін
тұжырымдау. Берілгеннен кейін белгілі бір кезеңде игеру
қолға алынбаған жерлерге салық мөлшерлемелерін
көтеруді енгізу [2].
Қолданылған
әдебиеттер тізімі
1. Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2015 жылғы 30
қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық
нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» жолдауы. www. zakon. kz
2. «Агробизнес-2020» бағдарламасы.
www. kasipker.info.
3.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі. Жаңартылған
2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V ҚРЗ. www. zakon. kz
4. Мейірбеков А.Қ., Әлімбетов Қ.Ә. Кәсіпорын экономикасы. Алматы.
2011.
5. Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылы 17 қаңтарда
жарияланған
«Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір
болашақ» Жолдауы. www. zakon. kz