Право/9. Гражданское право

Рзабай А.И., Тұрғынбек Г.Р., Жуманова А.С.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

Бала асырап алу құқығын жүзеге асыру мәселелері

 

Бала асырап алу-заңи акт.Ол баланың және оны тәрбиелеуге алған адамның арасындағы құқықтық қарым-қатыныстарды айқындайды. Негізінен, кәмелетке толмаған балаларға қатысты әрі солардың мүддесіне орай жүзеге асуға тиіс. 1998 жылғы 17 желтоқсанда қабылданған ҚР-ның “Неке және отбасы туралызаңында Бала асырап алудың тәртібі, оның құқықтық салдары, тиісті адамдардың заңи міндеттері мен жауапкершіліктері,т.б.егжей-тегжейлі қарастырылған [1].

Баланы тәрбиесіне алуға тілек білдірген адамның өтініші бойынша Бала асырап алу ісін сот қарап, азаматтық іс жүргізу заңдарында көзделген ережелер бойынша жүзеге асырады. Заң бойынша ҚР-ның азаматы болып саналатын балаларды, егер ел аумағында тәрбиелеу мүмкіндігі болмаса, шетелдік азаматтардың немесе республика территориясынан тыс жерде тұратын туыстарының асырап алуына рұқсат етілген. Дәстүрлі қазақ қоғамында да бала асырап алу актісіне жете мән берілген. Көбінесе, ұрпақтар жалғастығы үзіліп қалмасын деген ниетпен перзент сүюге қабілетсіз не ұлы жоқ отбасына ет жақын, сүйек шатыс туыстары бала беріп, қамқорлық жасаған. Бұл актіні кейін құпия ұстауға міндеттенген. Жалпы, қазақ ұғымында “асырау”, “асыранды” сөзі итке, малға қатысты ғана айтылатын, кемсітушілік астары мол лексема саналады. Әдетте, отбасы, тіпті ағайын-туыс арасындағы құпия-сыр ретінде сақталатын осынау құқықтық - адамгершілік іс-әрекетті “бауырына басу”, “баланы көйлекшең туу” деп астарлай жеткізген.

Бала асырап алудың құпиялығы - бала асырап алудың құпиялылығы заңмен корғалады. Бала асырап алу туралы шешім шығарған судьялар немесе бала асырап алуды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған лауазымды адамдар. Сондай-ақ, бала асырап алу туралы өзгедей түрде хабардар болған адамдар бала асырап алудың құпиялылығын сақтауға міндетті. Бала асырап алудың құпиялылығын оны асырап алушылардың еркіне қарамай жария еткен адамдар заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады.

Бала асырап алу тарихын қарастыратын болсақ:

- Бала асырап алу туралы тұңғыш заң 1851 жылы АҚШ-тың Массачусетс штатында қабылданған. Бұл заң бойынша асырап алынған бала биологиялық балаға тиесілі құқықтарға ие болған. Судья бала асырап алушы ата-аналардың баланы тамақтандыра алу мүмкіндігін ғана емес, сондай-ақ оған білім беру мүмкіндігінің де бар-жоқтығын анықтауға міндетті болатын.

- Францияда баланы заңдық асырап алу 18-ғасырдың басында Наполеон кодексінде, ал Ресейде 1 Александрдің патшалық етуі кезінде пайда болған. Ресейлік заңда бала асырап алу мәселесі көптеген шектеулерге толы болды, сонымен бірге жоғары сословие өкілдеріне қатаң талаптар қоюымен ерекшеленеді. Әулетті ақсүйектердің бала асырап алуына тек император рұқсат беретін. Жеке ақсүйектерге, молдаларға, құрметті азаматтарға және көпестерге бала асырап алу рәсімі оңайлау болатын, бірақ олардың да бала асырап алуы Сенатпен бекітілетін. Тек шаруалар мен ұсақ мүдделі адамдарда бала асырап алу «отбасына қоса салу» арқылы жүргізілетін.

1891 жылғы 12 наурыздағы заң барлық сословиелердегі бала асырап алуды, шаруалар мен ұсақ мүдделі адамдардан басқа, аймақтық соттардың құзыретіне берді. Егер шетелдіктер тастанды және ата-тегін білмейтін балаларды православие дінінде тәрбиелейтін болса, оларға баланы асырап алуға рұқсат берілетін.

- Халықаралық бала асырап алу тарихындағы ерекше рөлді әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Перл Бак иеленеді. Ол Қытайда пресветериан дінін таратушы американ отбасында өскен. Ол тұрмысқа шыққан ересек жасында екінші отаны болған АҚШ-қа оралады. 1949 жылы аралас нәсілді балаларды асырап алған Перл Бак дүние жүзіндегі тұңғыш халықаралық бала асырап алу жөніндегі Welcome House агенттігін құрған. Оның басты мақсаты азия нәсілді және қаны аралас жетімдерге қамқорлық жасау болды, өйткені ол кезде мұндай балаларды асырап алу американдықтар үшін жат болатын. Оның атындағы қор бүгінгі күні де жұмыс істейді. Бұл қор нәсіларалық бала асырап алуға маманданданған.

- 1955 жылы АҚШ Конгресі бір отбасының шетелдік бала асырап алулардың санына шектеу қойылуын жойған «Холттар заңын» қабылдады. Берта және Гарри Холттар Орегон штатының баптист-шаруалары. Ол кезде екеуінің жасы елуге келіп қалған еді және олардың туған алты баласы болған. Әкелері американ солдаттары болған корей жетімдері туралы деректі фильм екеуін толғандырғаны соншалықты, олар корейдің сегіз ұл-қыздарын асырап алуға шешім қабылдаған. Алайда, сол уақытта бұған рұқсат беретін ешқандай ашық мүмкіндік болмаған: федералдық заң АҚШ-тың азаматтарына шет елде дүниеге келген екі баланы ғана асырап алуға мүмкіндік беретін.

Қазақстан балаларын шетел азаматтары асырап алуы

2012 жылғы 07 қаңтарда күшіне енген "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" ҚР Кодексімен шетелдік азаматтармен бала асырап алу үрдісі тұжырымдамалы түрде өзгертілді: Егер бұрынырақ шетелдік бала асырап алушылар тікелей асырап алатын болса, онда қазір асырап алу мәселелеріне тек заңды тұлғалар - агенттіктер, ҚР аумағындағы өздерінің филиалдары мен өкілдіктері арқылы жіберілетін болады. Бала асырап алушыларды іздеу және бала асырап алу үрдісін рәсімдеу бойынша қызметті жүзеге асыратын агенттіктерге Қазақстанда олардың құқық қабілеттілігін ресми түрде тану үшін балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі комитетте аккредиттеу рәсімінен өтуі қажет болады. Өтініш берген кезде өз мемлекетінің аумағында аталған салада өз қызметін кемінде он жыл жүзеге асырып жүрген бала асырап алу жөніндегі агенттіктер аккредитациялауға жатады. Агенттіктер 1 жыл мерзімге аккредиттеледі. Егер агенттікпен заңда белгіленген барлық талаптар сақталған болса бұл мерзім автоматты түрде созылады. Аккредиттеу тәртібі, құжаттар тізімі, өткізу мерзімі Кодекспен нақты реттелген. Аккредиттеу туралы не одан бас тарту туралы шешім 10 жұмыс күні ішінде қабылданады.

Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау-Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі. 1989 жылғы 20 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымы Бала құқықтары туралы конвенция қабылдады. Бала құқықтары саласындағы бұрындары қабылданған халықаралық құжаттармен салыстырғанда - бұл Бала құқықтары халықаралық құқық күшін алатын барынша толыққанды құжат. Қазақстан Кеңес Одағы тарағаннан кейін алғашқылардың бірі болып 1994 жылы осы Конвенцияға қосылып, ратификациялады, сол сияқты оның екі Факультативтік хаттамаларын да ратификациялады.

2003-2006 жылдардың ішінде БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясының принциптері мен қағидаларына толық сәйкес болу және баланың әлеуметтік әл-ауқаты сәтсіздігінің алдын алу үшін құқықтық жағдайлар жасау мақсатында 2003 жылғы 4 маусымдағы «Денсаулық сақтау жүйесі туралы», 2004 жылғы 16 маусымдағы «Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы», 2004 жылғы 9 шілдедегі «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» заңнамаларды. Сонымен бірге, 2003 жылғы 14 қыркүйектегі «Йод тапшылығы ауруларының профилактикасы туралы», 2005 жылғы 8 шілдедегі «Әскери міндет және әскери қызмет туралы» ҚР Заңдары қабылданды.

Белгілі бір мөлшерде балалардың заңды құқықтары мен мүдделерін сақтауға қатысты ұлттық саясатты жүзеге асыруға білім беру, денсаулық сақтау, кедейлікті төмендету, көші-қон саясаты, демографиялық даму, мүгедектерді оңалту және басқа салалардағы балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі мемлекеттік салалық бағдарламалар бағытталған. Орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы тиімді үйлестіру қызметін, сондай-ақ үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен және басқа да азаматтық қоғам секторларымен ынтымақтастықты қоса алғанда мемлекеттік және жергілікті деңгейлерде БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясын жүзеге асыруды үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында ҚР Үкіметінің 2006 жылғы 13 қаңтардағы №36 қаулысымен арнайы уәкілетті орган-ҚР Білім және ғылым министрлігінің Бала құқықтарын қорғау жөніндегі комитет құрылды. Сонымен бірге барлық санаттағы балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған іс-шаралардың атаулылығын, БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясының, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» ҚР Заңының және басқа да нормативтік құқықтық құжаттардың ережелерінің орындалуының кепілділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 2006-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» мемлекеттік бағдарламасы әзірленді.

Байқалған экономикалық өсудің беретін жаңа мүмкіндіктері бүгінде оқыту, тәрбиелеу, денсаулығын қорғау, мәдениет, дене шынықтыру және спорт, әлеуметтік қызмет көрсету және отбасы мен балаларды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты балалардың мүддесі үшін басымдық түрде қаржыландыру үшін пайдаланылуда.БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясының маңызды нормаларының бірі білім алу құқығы болып табылады[2].  Қазақстан Республикасында балалардың білім алу құқығын жүзеге асыру мақсатында Білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Тұтас алғанда оны жүзеге асыруға 2005 жылы 43,2 млрд. теңге, ал 2006 жылы - 64,9 млрд.теңге көзделген.

«Қазақстандағы адамның құқықтары: қоғамдық пікір» жобасының шеңберінде алынған әлеуметтанушылық зерттеулердің мәліметтері сұрақ берілген респонденттердің 70,6% баланың білім алу құқықтарын қамтамасыз етудегі мемлекеттің қолданып жатқан шараларына оң баға бергенін көрсетіп отыр, бұл мемлекеттің мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға кепілдік беретінінің дәлелі.

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік көлемінің тізбесі кеңейту жағына қарай әр 2 жыл сайын қайта қаралуға тиіс. Осыған орай, жоғарыда аталған Тізбе өткен жылдармен салыстырғанда ұрпақты болу жасындағы әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балаларды жыл сайынғы профилактикалық медициналық тексеруді және кейіннен қарқынды бақылай және сауықтыра отырып жүзеге асыру жөніндегі іс-шараларды қосу есебінен кеңейтілді. 2008 жылдан бастап республика халқының қалған санаттарын профилактикалық медициналық тексерулермен қамту жоспарланып отыр. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасында 2004 жылдан бастап амбулаториялық деңгейдегі бір жасқа дейінгі балалар дәрі-дәрмектермен тегін қамтамасыз етіледі, 2005 жылдан бастап 5 жасқа дейінгі балаларды олардың амбулаториялық деңгейде осы жас санатында барынша көп тараған аурудан емделу кезінде дәрілермен тегін қамтамасыз ету көзделген. 2006 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік көлемінің тізбесіне диспансерлік есепте (кең тараған ауру түрлері бойынша) тұратын, емделудің амбулаториялық деңгейіндегі балаларды дәрілермен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар енгізілді [3].  

Бүгінгі таңда балалардың бұл құқығы Қазақстан Республикасының Конституциясында, «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы», «Білім беру туралы», «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Заңдарында және бірқатар басқа заңдарда көрсетілген. Адамның негізгі тумысынан берілген құқықтары мен бостандықтары шеңберінде әр адамның ой мен сөз бостандығына кепілдік беріледі.

Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы ҚР Заңына сәйкес бала отбасында оның мүддесін қозғайтын кез келген мәселені шешу кезінде өз пікірін білдіруге, сондай-ақ сотта іс қарау кезінде тыңдалуға құқылы. 10 жасқа толған баланың пікірін оның мүддесіне қайшы болатын жағдайдан басқа кездерде есепке алу міндетті.

Халықаралық және үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың (Жас көшбасшылар қауымдастығы, «ЮНИСЕФ» Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры) қолдауымен республикада мектеп оқушыларын оқу және оқудан тыс процестерге жұмылдыру мақсатында Оқушылардың өзін-өзі басқаруын дамытудың 2002-2006 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша жұмыстар жүргізілді. Республикада балалардың мәдени, шығармашылық, қоғамдық өмірге қатысу және жасөспірім азаматтар үшін өмірлік маңызды шешімдер қабылдау құқықтары мойындалады. Мысалға, баланың пікірі, оның сұраныстары мен мүдделері қосымша оқу пәнін анықтауда, мектептен тыс жұмысты, балалардың қоғамдық қозғалысы ұйымын ұйымдастырғанда ескеріледі.

2004 жылы Қазақстан Республикасының Конвенцияны ратификациялағанына 10-жылдығы шеңберінде республиканың білім беру органдары балалардың Конвенцияның ережелері, бала құқықтары жөніндегі ағартушылық және білім беру қызметі туралы хабардарлығы деңгейіне мониторинг жүргізіген. Алынған материалдарды талдау республиканың білім беру ұйымдарында оқушылар арасында да, ата-аналар жұртшылығы мен педагогтар арасында Конвенцияның ережелерін түсіндіру жөніндегі жұмыстың жанданғаны туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. 2004-2005 жылдарда балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері бойынша жалпы 170 семинар, 40 шақты дөңгелек үстел, 6 мыңдай дебаттар, пікірсайыстар, 30 мың қайырымдылық акциялары, 80 мыңдай шығармашылық көрмелер, суреттер, плакаттар конкурстары, мерекелік концерттер өтті.

 

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының “Неке және отбасы туралы” туралы заңы. 07.01.2012ж.

2. Семейное право. Муратова С.А. М., 2004.

3. Основы семейного права в РК. Пралиева Г.К. А., 2007.