аға оқытушы Немеребаева А.М., оқытушы Болганбаева Г.А.

Тараз инновациялық-гуманитарлық унниверситеті

Заңсыз түсік жасаудың жолдары және бұл

 құқық бұзушылықтың алдын алу.

 

«Анық ақылы бар қыз, өзіне берілген аналық

жанкешті сезімін адамдарды сүю арқылы

Құдайға арнаса, міне сол – ең көркем,

ең қымбатты адам»

Л.Н. Толстой.

 

Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабында «Ең қымбат қазына  - адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»,-деп жарияланған [1]. Осыған орай Қазақстан Республикасындағы барлық құқық салалары, оның ішінде Қылмыстық құқықта адамды қорғауды өзінің міндеті деп санайды. Адамды, оның өмірімен денсаулығын, басқа да игіліктерін және заңды мүдделерін қауіпті қол сұғушылықтардан қорғау міндеті қылмыстық құқықтың мойнына жүктелген. Бұл міндетті жүзеге асыру жолында қылмыстық заң адамның маңызды деген игіліктеріне нұқсан келтіретін іс-әрекеттерді қылмыс деп танып, қылмыскерлерге қатаң жаза қолдану мүмкіндігін көздейді. Ерлі-зайыптылардың ұрпақ сүю құқығын жузеге асыру мумкіндігін қамтамасыз етуге және тууды реттеуге бағытталған құқықтық шаралар демографиялық саясаттың бір тармағын құрайды. Тууды ынталандыруға немесе шектеуге бағытталған құқықтық шаралар ішінде аборт, жүктіліктің алдын алу, ұрықсыздандыру туралы заңдардың, некемен ажырасу туралы заңдардың алатын орны ерекше. Қазіргі заманғы өркениетті елдерде аборт мәселесі демократия, әлеуметтік әділеттік, адам  құқықтары контексінде қарастырылады. Демократиялық қоғамда адамның өз бетімен өз қажеттіліктерін ескере отырып  шешім қабылдау бостандығын құрметтеу принципіне сай аборт мәселесінде де бас мүдделер қоғамдық мақсат мұраттардан басым қойылады.

Аборт жасау туралы деректер ерте заманнан-ақ белгілі. Ол туралы мәліметтерді Гипократ, Ибн Синна, Аристотель мен Цицеронның еңбектерінен кездестіруге болады. Ертедегі медицина атасы Гиппократ жасанды аборт жасау, түсік тастау заңсыз деп есептеген. Гиппократ мектебінен шыққан ол кездегі дәрігерлер: «...мен ешқашанда түсік тастауға дәрі-дәрмек қолданбаймын» деп ант берген. Қоғамның жасанды түсікке деген, бала тууды бақылау құралы ретінде тарихи қатынасы әртүрлі елде әр кезеңде түрліше өзгеріп отырған. Антикалық дәуірде жасанды түсік бала тууды шектеу әдісі ретінде пайдаланылса, ал христиан діни қызметкерлері жасанды түсік жасауды Құдай ісіне қарсылық деп бағаланған. Орта ғасырларда Еуропада мұндай жолды айыптушылардың пікірі қоғамдық өріс алып, ауқымы кеңейген. XIX ғасырда жасанды түсік жасатқандарға қатал жаза қолданылаған.  Алайда XX ғасырда бұл тыйымдар жұмсартылып, біртіндеп өзгертілді. 1973 жылы АҚШ-та Роу Уэйдқа қарсы ісінің  шешімі  бойынша  жүктіліктің алғашқы үш ай мерзіміндегі жасалатын жасанды түсік заңдастырылды, алайда штаттар алғашқы үш ай мерзіміндегі түсік жасатуға өзіндік заңды шектеулер енгізуге құқылы болды. Осы сот шешімінен кейін қарқынды түрде абортқа қатысты саясатты ырықтандыруда қарсыластар мен жақтастар арасында қарқынды пікірталас басталды.

 «Аборт»  деген сөз қазақ ұғымына жат болғанымен, тіршілігімізге әлдеқашан сіңіп кетті. Оның қажеттілігі мен зияны туралы да қоғамда әр алуан пікір айтылып жүр. Аборт (түсік тастау)- әйелдің жатырына біткен ұрпақты заңда белгіленген тәртіппен жасанды жолмен алып тастау. Аборт әйелдердің өтініші бойынша 12 аптаға дейінгі жүктілік кезінде, ал медициналық негіздер мен әйелдің келісімі бойынша жүктілік мерзіміне қарамастан жүзеге асырылады. Абортты жүзеге асыруға лицензия алған арнаулы мекемелерде жүеге асырылады. Жүктілікті жасанды түрде жоюдың медициналық негіздерінің тізімін ҚР Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттігі анықтайды, ал әлеуметтік көрсеткіштердің тізімі Қазақстан Республикасы бекіткен ережелер бойынша белгіленеді. Бір айтқым келгені, көп қыздар өзін өзі жүктіліктен қорғай алмайды. Мұны «Екінші бедеулік» деп атайды. Мамандар түсік жасатқан қыздар екінші рет жүкті болу мүмкіншілігінен  20 % -ға айырылатынын айтады. Тіпті көтергеннің өзінде кемтар сәби өмірге келетіні ғылыми тұрғыда дәлелденген. Дәрігерлердің пайымдауынша жасанды түсік жасаған әйелдер медициналық тәсілмен шараны алдыртып құтылғанымен, айықпас дерт жамайды. Тіпті, өміріне қауіпті. Негізі, ұрық 7-8 аптада жетіліп, адам кейпіне келеді. Сол кезде ультрадыбыстық аппаратпен баланың жүрек соғысын анықтауға болады. 13 аптада шараның басы, қолы, аяғы, саусақтары мен ішкі мүшелері, тіпті тіс төмпешіктері де болады. 16-28 аптада салмағы артып, кірпік, қас, тырнағы да өседі. Іштегі нәресте 7,5 айлығында әке-шешесінің даусын ажырата алады. Дегенмен, баланы алдыртуға келген әйелдердің ішінде мұның бәрін түсініп, жанына жақын қабылтайтындар аз.  Ең өкініштісі, қабынудың салдарынан әйел бала сүю бақытынан айырылуы әбден мүмкін. Сонымен қатар созылмалы ауруларға ұшырайды. Аурулардың емі нәтижесіз болса  біраздан кейін жатырда, аналық бездерде ісік пайда болады. Түсіктен кейін әйелдің жүйке жүйесінде айтарлықтай өзгерістер болады. Жасанды түсіру – хирургиялық әдіс болғандықтан, жыныс мүшесінің зақымдануы мүмкін. Әйелдердің емшек безі рагіне ұшырауының ең басты себебі – жасанды түсік. Қыз-келіншектер баланы қаламаса, бала көтермеу үшін сақтану керек және контрацептивтік дәрі-дәрмектерді пайдануға кеңес береді.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі жүктілікті жасанды түрде үзу әлеуметтік айғақтар көрсеткен:

1.      Жүктілік кезінде зайыбының қайтыс болуы

2.      Зорлаудан кейінгі жүктілік

3.      Ата-аналық құқықтарынан айырылған

4.      Әйел босқын мәртебесінде болса немесе көшіп келуге мәжбүр болған

5.      Отбасында мүгедек бала болса

6.      Әйел заңды түрде некеде тұрмаса немесе неке жасына жетпеген болса

Жалпы, аборт жасатуды дініміз Ислам да қолдамайды. Ислам дінінде себепсізден себепсіз дүниенің есігін ашқалы тұрған сәбидің өміріне түрлі амалдар арқылы балта шабу – харам деңгейіндегі мәкруһ. Яғни, мұны жасаған адам күнәкар болады. Ал, жан бітіп,  бет-бейнесі біліне бастағанда – тіпті харам екенін ескертеді. Қасиетті құранда «біреудің жанын қимаңдар, бір адамды өлтірудің күнәсі – барлық адамды өлтірумен тең, қиямет күні күнәсіз өлтірілген балалардың есебі сұралғанда...» деген аяттар бар. «Әңғам» сүресінде, 151-аят былай делінген: «Жарлықтан балаларынды өлтірмендер. Сендерді,  оларды біз ризықтандырамыз». Хазіреті  Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Үйленіңіздер, көбейіңіздер, нәсіл таратындар. Мен сендердің көптіктеріңмен басқа үмбеттер қасында мақтанамын» деп үмбеттің кобеюіне насихат берген.

Ал заң жүзінен қарайтын болсақ, аборт – ол қылмыс. Ол тұрақты ҚР Қылмыстық кодексінің 319–ші бабында көрсетілген. Қылмыстың обьектісі - әйелдердің өмірі және денсаулығы. Объективтік жағынан қылмыс тиісті бағдардағы жоғары медициналық білімі жоқ адамның аборт жасауы арқылы сараланады. Заң бойынша абортты жоғары медициналық білімі бар хирург гинеколог, акушер гинеколог жүзеге асырады. Қылмыстың субъектісі -  жалпы 16-ға толған тиісті бағдардағы жоғары медициналық білімі бар адамның заңсыз аборт жасауы.

1. Тиісті бейіндегі жоғары медициналық білімі жоқ адамның түсік жасауы – екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, бірнеше рет жасалған іс-әрекет – төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Тиісті бейіндегі жоғары медициналық білімі бар адамның заңсыз түсік жасауы – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге  бас бостандығынан айыруға жазаланады.

4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, бірнеше рет жасалған іс-әрекет – белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып,  үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бос бостандығынан айыруға жазаланады.

5. Абайсызда жәбірленушінің өліміне не оның денсаулығына ауыр зиян кетіруге әкеп соққан заңсыз түсік жасау – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады [2]. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын 80 млн.-ға жуық әйел жоспарсыз жүкті болады. Соның 20 миллионы жасанды түсік жасатады екен. Соның салдарынан жыл сайын 68 мың әйел көз жұмады. Қазіргі уақытта Қазақстанда жасанды түсік жасатушылардың жас ерекшелігі 14-50 жас аралығында. 2014 жылы жалпы 83709 аборт жасалса, жасөспірімдер аасында 1585. Ал облыс бойынша , Ақмола облысы – 29,1%, Солтүстік Қазақстан облысы - 28%, Шығыс Қазақстан облысы және Астана - 25%.  Ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі жасөспірім қыздардың 10 мыңнан астамы екінші мәрте түсік жасатқандар екен. Әрине, түсік жасатуға заңмен тыйым салмасақ, демографияға да кеселі тиеді. 70-жылдары Қазақстан мен Өзбекстанда халық саны бірдей еді. Қазір оларда 25 млн. Адам бар. Ал біз 16 миллионның айналысында жүрміз. Қазақтың соңғы жылдары баяу өсуіне, бір жағынан түсік те кері әсерін тигізіп жатыр. Бұған қазақ әйелдерінің қырық жыл (1959-1999 жж.) ішінде бала туу көрсеткішінің күрт төмендеп кетуі. Бізде бала туу  көрсеткіші 1987 жылы ғана жоғары (471 мың бала) болды. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда аборт өте көп жасалды. Мұндай Азия елдерінің  бірде-бір  елінде байқалмаған еді. Кейін аборт жасату 150 мың баладан 375 мынға дейін  жоғарылап кетті. Қазіргі кезде Қазақстанда бір жылда 175 мынға жуық аборт жасатылады екен, бұл санаққа ілінгені ғана. Ал санаққа ілінбей қалғандарды қоса есептегенде, еліміздегі аборт жасататын қыздардың саны 200 мыңға жетеді. Бұл – туылған нәрестелердің үштен бір бөлігі жарық дүниені көре алмайды деген сөз.

 Абортқа тыйым салатын заңнын керегі бар ма? Жоқ па? – деген сұраққа мамандар әр түрлі көзқараста. Кейбір мамандардың пікірі бойынша  - «Абортқа – тыйым салатын заңнын керегі жоқ. Аборт жасау - әркімнің өз еркі. Босанғысы келмейтін әйелге «бала тап» деп талап қоя алмаймыз. Ең алдымен, қоғамның санасын өзгертуіміз керек, азаматтарымыздың құқығын бірінші орынға қоюымыз керек деп санайды». Ал басқа ғалымдардың пікірі бойынша заң міндетті түрде қажет санайды. Абортқа ең алғаш рет Португалия, Польша сынды католик елдерінде, Скандинав түбегіндегі халықтарда, Мексика, Бангладеш, Индонезия, АҚШ-тың кейбір штаттарында  тыйым салынған.  Осы елдерде аборт жасатқан әйел қылмыстық жауаптылыққа тартылатын болған. Оған жол бермеген себебі, олар өз азаматтарын жан жақты қорғауға тырысады. Көптеген зайырлы елдер түсікке заң жүзінде тосқауыл қойып көрді. Мұның соңы жабайы  тәсілдермен жасырып жасалатын аборттарға апарып соқты. Соның кесірінен талай қыз операция кезінде ажал тырнағына  ілініп кетті. Тірі қалғаны тірі өлік болып калды. Жана туған балаларды бөтен уйдің босағасына апарып тастау, құндағында өлтіріп, қоқыс жәшігіне салып кету каптап кетті.

Аборт жасау – ең оңай шешім бе? Ойланбай барған қадамның арты қандай жағдайға акеп соғады? Қыздар мезгілінен бұрын жүкті болып, амалсыздан аборт жасатуына, жазықсыз жәутәнкөз сәбилердің жетім балалар үйінде көбеюіне бір жағынан алғанда біздің таяз ойлы, махаббат мәселесіне жеңіл желпі қарайтын жігерсіз, ар-ұяттан безген кейбір  жігіттеріміз де кінәлі. Оларда өздері анадан туғандығын, бойжеткендер де өздері секілді азаматтардың сүйікті қарындастары екендігін бір сәт ақыл таразысына салып көрсе қайтер еді? Ата-аналар да кейде жалған намысқа салынып, байқаусызда қателікке  ұрынған қыздарын кеудеден итермей, дер кезіндее жұбаныш болып, дұрыс бағыт-бағдар бергендері мақұл. Жыныстық  қатынас тәрбиесін  үйретуіміз керек деп бөтен сананы қазақ жастарына сіңіргенше, анық  мысал, дәлелдерімен қауіпті жағдайды көрсетіп, ойландыруы керек. Дегенмен медициналық қызметтің осы бір жалбағай түрі қыздарымыздың жеңіл журіске салынуына жол ашып, аналарымыздың көпбалалы болу ниетін азайтып отырғаны – бүгінгі өмірдің шындығы. Ер мен әйелдің үйленудегі мақсаты артында ұрпақ қалдыру, мұсылмандардың санын көбейту үлкен сауапты амал болып саналады.  Сонымен қатар, елімізде халық санының артуы  үлкен байлық. Қазақ бауырларымыз «Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» демекші, дүниеге келген әрбір сәбидің өз несібесі бар. Аборт - қоғамымыздың дерті, ұрпақ болашағына балта шабу. Кім біледі, егер бала алдыру деген дерттің тамырына  ертерек балта шапқанымызда, бүгінде қазақ 67% емес, 80-90% болар ма еді? Қазақта: «Қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады» нақыл бар.  Сондықтан, әлеуметтік жағдайға байланысты баланы алдырту – бекершілік. Қандай қиын жағдай болса да, ана бауыр еті баласынан безінбеуі тиіс. Ал тастандылар көбейеді деп дабыл қағу – кертпарлық.  Жасанды түсікке заң бойынша тыйым салуды адамның жеке құқығына қол сұғу деп емес, ұлт қауіпсіздігін сақтау үшін істелген әрекет деп түсінуіміз керек. Мұның бәрі сайып келгенде, аталған мемлекеттер азаматтарын қорғауды жан-жақты қарастырады.

 

 

 

 

Әдебиеттер тізімі

 

1        Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы: 2013.

2        «Қазақстан Республикасының  Қылмыстық кодексі»  1 қаңтар 2015ж. Алматы, «ЮРИСТ» баспасы

3        Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі  N 193-IV  Кодексі

4        Шетелдерде аборт мәселесін құқықтық реттеудің қазіргі кездегі жағдайы  /Гуманитарные науки: Сб. Научных статей аспирантов. – Караганда, Изд-во КарГУ, 2000