Жұмашева Айкен Сәкенқызы, Аязбаева Меруерт Серікқызы

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті

ЖАСӨСПІРІМ ШАҚТАҒЫ СУИЦИД ЖӘНЕ ОНЫ БОЛДЫРМАУ МӘСЕЛЕСІ

Бұрын-соңды «жасөспiрiмдер өзiн-өзi өлтiрiптi» деген суық хабарды құлағымыз шалмайтын едi. Неге екенi белгiсiз, соңғы жылдары өне бойыңды тiтiркендiретiн азалы хабарға жұрттың құлағы да үйрене бастаған. Әсiресе кейiнгi екi-үш жылдың iшiнде жасөспiрiмдердiң өзiн өлiмге қию деректерiнiң шамадан тыс көбейiп кеткендiгi жүрек шошытады.  «Суицид» латын тілінен алынған «өзін-өзі өлтіру, өзіне қол салу» деген мағынаны білдіреді. Тағы бір синонимдік мағынасы –  қасақана өз өмірін қию. Қазіргі таңда  өзіне-өзі қол салу мінез-құлқы біржақты патологиялық тұрғыдан қарастырылмайды. Бұл әрекет көп жағдайда есі дұрыс адамның  мінез-құлқы. Сонымен бірге, өзіне-өзі қол салуға қатысты әрекет [1]. Суицид термині итальян психологы Г.Дэзен 1947 жылы енгізіп, оны «өзін-өзі өлтіруге әрекет ету» - деп түсіндіреді [2].  Қазіргі кезде «Суицидалогия» деп аталатын үлкен бір ғылыми бағыт бар, ол социология, психология, медицина, демография, психиатрия тоғысында пайда болып, осындай әрекетке баратын тұлғалардың ерекшелігін, әрекетін, себептерін зерттеуге тырысады. Суицидалды мінез-құлық – адамның саналы түрде өзін-өзі өлтіргісі келетін тұлғаның мінез-құлқының бір түрі деп есептеді. «Суицид» терминi XIX ғасырда пайда болған. «Суицидология» ұғымы жиырмасыншы ғасырдың басында қолданысқа ендi. Бiрақ адамдардың қаралай жан кешiп, өзiн-өзi өлтiруi бағзы заманалардан келе жатыр. «Адам баласы ең алғаш өзiн қашан өлтiргенi беймәлiм, алайда өлтiре алатыны бiзге мәлiм». Мұны XX ғасырдың бiрiншi жартысында антропологиялық зерттеулермен айналысқан мамандар айтып кеткен [3].   Психотерапевт, психоаналитик мамандардың пайымдауынша, өз-өзіне қол жұмсау 3 топқа бөлінеді: ашық, жасырын және демонстративті. Ашық түрде өзіне қол жұмсайтындар бұған аяқасты бармайды. Өмірдің мәнін түсінбеу, өзінің өмірдегі міндеті мен орнын ұғына алмау (әсіресе, жастар мен қарттар) ойлана келе осындай ашық түрде өз жанын өлімге қияды. Өйткені, өзін ешкімге керексіз сезінеді. Өлуді мақсат тұтпай, жай ғана басқалардың назарын өзіне аудару үшін өз-өзіне қол жұмсау әрекетіне бару «демонстративті» түрге жатады. «Айтқанымды орындамасаң, өле салам!» деп қорқыту түрлері де осыған тән. Жасырын түрде өз-өздеріне қол жұмсайтындар өлуді  мәселенің шешімі деп санамайды, алайда, одан басқа жол таба алмай қиналады [5].

Сағат Алтынбеков, медицина ғылымының докторы, профессор: «Суицидтің көп тіркелу себебі, біріншіден, қоғамның бір формациядан екінші бір формацияға өтуіне байланысты болса, екіншіден, қатаң нарық пен БАҚ-тардағы адамды рухани аздыруға әкеп соқтыратын дүниелер де айтарлықтай әсер етіп отыр.  Бүгінгі таңда психолог тек баламен ғана емес, қиын жағдайға тап болған баланың отбасымен де жұмыс жасауы керек. Өйткені, оның негізгі проблемасы осы отбасынан басталып отыр. Бүгін ол баламен жұмыс жасадың делік, ертең сол күйзелген  күйінде алдыңа қайта келеді. Сол себепті оның үйінде орын алған негізгі мәселені анықтап, соған сай әрекет жасау қажет. Жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесімен күресуде «Әрбір мұғалімнің психологиялық білімі болуы тиіс», балалар тағдырына жауапты мекеме, мектептер, үкіметтік емес ұйымдар бірлесе жұмыс жасауы керек. Жасөспірімдерге  әрбір атқан таңды қызыға да қуана ақ тілекпен қарсы алып, таза да дұрыс жолмен жүрейік!

Қолданылған әдебиеттер:

1. Актуальные проблемы суицидологии./ Под ред. А.Г. Амбрумовой М., 1981.

2. «Суицидология: прошлое и настоящее», Проблема самоубийства в трудах философов, социологов, психотерапевтов и в художественных текстах. Сост. А.Н. Моховиков, Москва. Когито-центр, 2001.

3. Х. Хензлер «Суициды: Случаи и тенденции», Суицидология: прошлое и настоящее. Сост. А.Н. Моховиков. Москва. Когито-центр, 2001.

4. Дюркгейм Э. Самоубийство. Социологический этюд. - М., 1994.