Аға оқытушы Сайлыбаева Қ.Ә., психология мамандығының 3 курс студенті Құттыбек А.Қ.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

Гендерлік саясаттың ерлі – зайыптылар қарым – қатынасына психологиялық ықпалы.

 

Гендерлік саясат дегеніміздің басты мәні, меніңше, әйел адамның табиғат берген бүкіл қасиет – мүмкіндіктерін жарқырата көрсетуі, өзінің өмірден теңін тауып, отбасының ұйытқысы болып, сәбилерін бауырына басуы. «Отбасы – шағын мемлекет» десек, сол мемлекеттің іргетасы мықты болуы, оның гүлденуі, төңірекке шуақ шашуы – сол әйелдің бақыты. Әрбір ошақ мықты болса, бүтіндей еліміз де мықты.

Ал қоғамдық өмірдегі белсенділік, мансап қабілетті әйелдерді айналып өтпейтінін күнделікті өмірден көріп жүрміз. Бүгінде жоғары лауазымды жұмыстарда әйел адамдар көптеп жұмыс жасайды.

Алғашында адамзат баласы ауылшаруашылық құрылымымен өмір сүргенде, әйел үйде балаларының қасында, отағасы далада еңбек етті. Индустрияландыру саясаты келгенде, еркек зауытта, әйел фабрикада жұмыс жасап, бала үйде өзін – өзі «бағып - қақты». Постиндустриялық саясат жүзеге асқанда, әйел фабрикадан офиске ауысып, еркек зауытта қызметін жалғастырып, бала сол күйі теледидардың не жалдамалы бала бағушының қолында өсті. Әрине, осындай жағдайлардан соң ата-ана мейіріне шөліркеген бала басқаша қылықтарды бойына жинап өседі. Жанұя мүшелері осылайша отбасы қызметтерін бас тартуда. Патрик Дж. Бьюкенен өз еңбегінде: «Отбасы құндылықтарының жойылуына еркектің, әйелдің жанұядан бас тартуы себеп. Европалықтардың жойылуы социализм мен феминизмде жатыр», - деп көрсеткен. Рас, бала теледидар мен жалдамалы бала бағушыдан ата-ана тәрбиесін қабылдамайды. Әрқайсысының өз қызметтері бар. Теледидар уақыттың қызықты өтуіне қызмет жасаса, бала күтуші баланың аш болмауы мен жыламауын қамтамасыз етеді. Ал, ана ақша табу үшін офисте отырса, әке даладан нәпақасын тауып, баласын кешке көретін жағдайға жетті. Бір сөзбен айтқанда, феминизм баланы «анасыз» қалдырды. Гендерлік саясат ана мейіріміне тоймаған балаларды дүниеге әкелуде. Балалардың көргенін бойына сіңіріп алатын қасиеті барын бірі біліп, бірі білмейді. Жас баланы «губка» деп алсақ, ата-ана мен жан-жағындағы жағдайды су сорғандай бойына сіңіреді. Ал, теледидардағы шетелдік атыс – шабыс киноларындағы кері кеткендік, бала күтушінің, ата-ананың жұмысбастылығы мен отбасына деген көзқарасын бойына сіңірген бала болашақта кім болып шығады?

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жылдары гендерлік саясатты дамытуда үлкен жұмыстар атқарды. 1998 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Отбасы және әйелдер істері» жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Осы комиссияның ұйытқы болуымен 2011 жылдың 5 наурызында Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезі болып өтті.

Отбасының ұйытқысы – адамгершілікке негізделген неке. Еркек пен әйел арасындағы шынайы сүйіспеншілікке негізделген некелік парызды шынайы сезіммен, ішкі жансарай байлығымен бағалау бала тәрбиесінде зор орын алады. Отбасылық бақыт – бұл жас жұбайлардың бір-бірін сыйлауы, олардағы махаббат, жұбайлық сезім, рухани байлық, өз өмірін жұбайы үшін қию, сонда ғана берік, бұзылмайтын одақ болады, ал бала туу, оны тәрбиелеп өсіру, отбасыны одан әрі біріктіреді. Бірақ, қандай да бір отбасының іштей даму күштері болады. Олар жеке қажеттілік, мұқтаждық, талап-тілек, бейімділік, алға ұмтылу т.б. негізінде пайда болады. Бұлар, яғни ішкі даму күштері сыртқы қысымдарға айтарлықтай қарсы тұра алмайды. Соған байланысты көп отбасылар ажырасуға дейін барады. Ажырасуға қазіргі кезде гендерлік саясаттың да ықпалы аз емес. Ажырасуды шиеленіскен жағдайда ең тиімді жолы деп санайтын ерлі-зайыптылар некені бұзбай ұстап қалуға, жанұяны сақтап қалуға өздерін, дағдыларын, мінез-құлықтарын сақтап қалуға тырыспайды, аса күш жұмсамайды.

Ажырасушылардың барлығы дерлік бір ғана сылтауды алға тартады. Ол – мінездерінің үйлеспеуі. Тек шыдамдылық пен сабырлыққа мойынсұнған ерлі-зайыптылар ғана берік отбасының негізін қалыптастырады. Соңғы жылдары ажырасуға бірінші болып арыз беретін әйелдердің саны артып отыр. Анаған-мынаған еліктеуді қойып, ер-азаматқа арқа сүйеп, алтын басын бағалап, өз орнын біліп отырған әйелдің екі дүниеде де бағы жанады. Әйелдің бағы ерімен бірге. Еркегі жоқ, отбасы жоқ әйел ешқашан бақытты болмайды. «Менің еркектен қай жерім кем, өзімді өзім асырай аламын, еркектің маған қажеті шамалы, ғылым дамыған қазіргі заманда еркексіз-ақ балалы бола аламын» деп жүрген кәрі қыздардың саны бес жүз мыңға жетіпті. Сан алуан қасқыр еркектің алдынан өткен әйелдердің билікке қалай жететінін қазір жас балада біледі. Ақша молырақ тапқан әйел күйеуіне бағынбасы айдан анық. Бағыну былай тұрсын, тәуелді болмаймын деп дала кезеді. Жұмысбасты болып үйдің тірлігінен қол үзеді, бала тәрбиесіне де салғырт қарайды. Ондай отбасылар көбінесе ажырасып тынады. Бұл ажырасулар абырой әпермейді. Ірі ойшыл философ Бенедикт Спинозаның «Билік басындағы әйел – бүкіл әлемге қатерлі» дегені қаны тамып тұрған шындық. Әйелде мейірім болмаған жағдайда өмірдегі тепе-теңдік бұзылады. «Әйел – үйдегі, еркек – түздегі шаруаны реттеп, өз ұрпағының қамын ойлап, тәлім-тәрбие беріп отырса, бұл дүниенің қызығынан құр қалмас еді-ау» деп ойлаймын.

 

Әдебиеттер:

 

1. «Әйелдің қоғамдағы рөлі». Қабдешова Гүлзияш. «Өрлеу» газеті, 13 шілде 2013 жыл.

2. «Гендерлік саясат: біз оны қалай түсініп жүрміз?». Жамбыл Тараз газеті, №32 (803), 23 сәуір 2008 жыл, 6 – бет.

3.«Гендерлік  саясаттың  саяси географиялық жағдайлары». Үркінбаева Д.И., Тоқсабаева М.Е.

4. «Қарым – қатынаста отбасының ықпалы». Қарас Қазиев. «Жантану мәселелері» психологиялық журналы, қаңтар – ақпан 1 (33) / 2015, 7 – бет.