Студенттердің өз бетімен жекелей жұмыс істеуін ұйымдастыру

 

Мейрамова Бакытгул Маратовна

Тұран-Астана университеті

«Педагогика және психология» мамандығының

2-курс магистранты

 

            «...білімді ұсынуға болады, бірақ оны әркім өз бетімен меңгеруі және қолдануы қажет».

А.Дистерверг

 

        Бүгінгі күні бүкіл дүниежүзілік білім беру тәжірибесіне жүгінетін болсақ, жылдам қарқынмен оқыту үрдісін жетілдіруде студенттердің өз бетінше білім алу және білімді шығармашылықпен игеру деңгейін арттыруға көбірек көңіл бөлініп отыр. Оқытушылар студенттердің өзіндік жұмыстарын орындау барысында білімді жеке тұлғаға бағыттауына, оның қабілетін, дарынын дамытуға, студенттердің өздігінен білім алуына ықпал етуі тиіс.   Пәнді оқытуда қалыпты сабақ беру әдісін жаңа мазмұнда ұйымдастыру, тиімді әдіс-тәсілдер мен озық технологияларды пайдалану, студенттердің өздік жұмысының сапалы болуына, өзіндік жеке тұлға болып қалыптасуына әсер етеді.

          Өзіндік оқу жұмыстары үлкен тәрбиелік мәнге ие, ол болашақ педагог тұлғасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.  Яғни, біз мұғалімдер болашақ мамандар даярлауда студенттердің  өзіндік жеке тұлға болып қалыптасуын басты назарда ұстағанымыз жөн.

           Педагогикада өзіндік жұмыс деп берілген тапсырманы оқытушының басшылығымен, оның тікелей қатысуынсыз, студенттердің өздері атқаратын жұмыс түрлерін айтады.  Студенттер өздік жұмыстарды орындай отырып, сыни және шығармашылықты ойлауы дамып, түрлі ақпарат көздерінен белгілі тақырыпта жаңа ақпарат таба білуге, өз ойын, пікірін қосуға үйренеді. Сондықтан да берілген өздік жұмысы тапсырмасының мазмұны мәселелік жағдаят туғыза отырып, студенттердің ойлау қабілетін дамытуы тиіс. Өзіндік жұмыстың тиімділігі оны дұрыс ұйымдастыруға байланысты.  Ол  үшін мынадай жағдайларды  ескерген жөн:

·       Студенттердің өздік жұмыстарын жоспарлау, тақырыбын белгілеу;

·       Өздік жұмыс мазмұнын түрлендіру;

·       Пайдаланылатын әдіс-тәсілдерін анықтау;

·       Студенттердің жұмыстарына бағыт беріп, басшылық жасау;

·       Жұмысты тексерудің тиімді тәсілдерін белгілеу;

·       Өздік жұмыстың қорытындыларын шығару

       Яғни, студенттердің қандай әдіс-тәсілдерді пайдаланатынын анықтап, жұмыстарына бағыт беріп отыру керек. Соңында барлық студенттермен бірге жұмыстарына қорытынды шығарып, кеткен қателері болса түзеп, әруақытта оқытушы басшылық жасап отыруы тиіс. Оқытушының басшылығымен жүргізілетін студенттің өз бетінше жұмысы 2 қызметті атқарады:кеңесшілік және бақылаушылық. Студенттің өзіндік жұмысының кеңесшілік қызметі:

·       Үйге берген тапсырманы орындауда студентке көмек көрсетеді;

·       СӨЖ тапсырмасына қажетті әдіс-тәсілдерін таңдауға көмектеседі;

·       Студентті ізденушілік, шығармашылық жұмыстарға бағыттайды

  Студенттің өзіндік жұмысының бақылаушылық қызметі:

·       Студенттің жұмысын бақылауға мүмкіндік беріледі;

·       Студенттің жеке, дербес, дара ерекшеліктерін тануға жол ашылады;

·       Студенттің білім, білік, дағдыларын бақылауға кеңінен мүмкіндік ашылады.

         Студенттердің өздік жұмысын ұйымдастыруда әр түрлі тапсырмаларды орындауға болады. Бұл тапсырмалар белгілі бір шығармашылық жұмысқа бағытталады немесе ғылыми жұмыстың бір бөлігі ретінде орындалады. Оқытылатын пәннің тақырыптары әрбір жекелеген модульге байланысты болып келеді. Оқыту үрдісінде студенттердің өздік жұмысын ұйымдастырудың басты негізінде оқытудың модульдік технологиясы үлкен мәнге ие. Әр модульдің тақырыптары мен материалдары алдыңғы модульге негізделеді, оны жүйелей отырып, бекітеді. Сонымен қатар СӨЖ ұйымдастыруда әр студенттің игеріп жатқан мамандығына сәйкес әр түрлі тақырыптар мен тапсырмаларды ұсынуға болады. Мәселен, студенттерге әр түрлі тақырыпта ағылшын мақал-мәтелдерін жаттатып, оның қазақ тіліндегі ұқсас нұсқасын тапқызып үйрету олардың тіл байлығының қалыптасуына өз ықпалын тигізеді. Бәрімізге белгілі бір тілдегі фразеологизмдер басқа тілге сөзбе-сөз аударылмайтын болғандықтан, оның қазақ тіліндегі баламасын іздейді.  
Тілді нашар білетін студенттерге арнап көп нүкте қойылған мәтін түрлерін беруге болады. Бұл тапсырманы орындау барысында студент мәтін мазмұнын түсінуге ұмтылады және қандай қосымша қандай мақсатта қолданылатынына көзі жетеді. Студенттің жазбаша сөйлеу тілін дамытуда екі тілге аударылған мәтін түрлерін салыстыра отырып, оны өз сөзімен ағылшын тілінде жеткізуге дағдыландыру әдісін де қолдануға болады. Әрине, жазбаша ойын жеткізуде қателіктер болады, оқытушы бұл қателіктерді түзетуге дер кезінде ақыл-кеңес беріп отырса, студент келесіде ондай қателіктерді қайталамайды.

       Студенттің өзіндік ізденуіне викториналық сұрақтар ойынын ұйымдастыру да өз әсерін тигізеді. Сұрақтарға дұрыс жауап беру үшін студенттің көп оқуы, ізденуі қажет. Себебі бұл – жарыс.
       Викториналарды әр түрлі өткізуге болады.
1. Сұрақтарды ертерек беріп қойып, соған студенттердің жазбаша түрде жауап беруі.
2. Сұрақтар ауызша қойылады да, студенттер сол арада жауап береді.
3. Сұрақтар жазбаша беріледі де, сол арада жазбаша жауап береді.
Мазмұнына қарай викториналық сұрақтар екі түрлі болуы мүмкін.
1. Пән бағдарламасы бойынша, өтілген материалдар бойынша сұрақтар.
2. Оқу бағдарламасынан тыс танымдық сұрақтар.
Мұнда студенттің логикалық ойлау қабілеті шыңдалады әрі өз ойын шапшаң жеткізу үшін сөздерді, сөз тіркестерін тиімді пайдалану дағдысы дамиды.
Студенттердің өзіндік жұмыс түрлерін ұйымдастыруда басқа да жұмыс түрлерін, білім берудің көптеген әдіс-тәсілдерін қолдануға болады. Бұл үшін ағылшын тілін өзге тілді аудиторияда жүргізетін оқытушының шеберлігі, ізденімпаздығы, ең бастысы, өз тіліне деген сүйіспеншілігі басты орында тұруы қажет.

Студенттерге берілетін өзіндік жұмыстарда мыналарды ескерген жөн:

тапсырма әрбір студенттің біліміне, қабілетіне сәйкес келуі, студентті шығармашылыққа жетелеуі тиіс. Сонымен қатар студенттерді әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету керек (оқу орнындағы электрондық залда бар әдебиеттердің ақпараттық қорын толық пайдалану: интернет көзі, электрондық оқулық, электрондық оқыту бағдарламалары және т.б.). Мәселен, студенттер интернет көздерін пайдалану арқылы қажетті жаңа деректерді, тың жаңалықтар мен ақпараттарды алып, жеке веб-сайт ашып, алған материалдарын  жүйелеп, талдайды. Соңында мониторингтік диагностика жүргізген жөн:

 -Студент өзін-өзі анықтайды: қандай жаңалық аштым?

-өзін-өзі бағалайды: алған нәтижем қандай?

-өзін-өзі дамытады: бұл менің қолымнан келеді ме? т.б.

         Өзіндік жұмысты шетел тілі сабағында  ұйымдастыру студенттердің заман талабына сай тілді меңгеріп қана қоймай, өз бетінше ізденімпаздылықпен жұмыс істей білуге, білімдерін іс жүзінде қолдана алуына, қорытынды, сыни тұрғыдан талдау жасауға үйренуі және де танымдық іс-әрекеттерін дамытуы тиіс. Қорыта келе, студенттің алған білімін қажетіне пайдаланып, өзіндік танымын дамыта отырып, шығармашылық қабілетін арттыруда өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудың мағызы зор.    

    

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.     Успанов К.С. Болашақ мұғалімдердің кәсіби мәнді қасиеттерін қалыптастырудың ғылыми және практикалық негіздері. Оқу құралы.-Алматы: ҚазХҚжәнеӘТУ,2012

2.     Оқулық. Педагогика. Ш.Құрманалина, Б.Мұқанова, Ә.Ғалымова, Р.Ильясова. 3-басылым.-Фолиант,  2014.

3.     Modern English. Республикалық педагогикалық әдістемелік журнал- №2, 2014

4.     Ағылшын тілін оқыту әдістемелігі мектепте, колледжде және ЖОО-да. Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал-4, 2014