КӘСІПОРЫННЫҢ МҮЛІКТІК КЕШЕНІН БАСҚАРУ НЕГІЗДЕРІ

А.М.Шілманова, э.ғ.к.,

 Ғ.Балабатыров, магистрант,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

 

Кәсіпорынды құру кезеңінде оның мүліктерінің құрылымын ұтымды қалыптастыру арқылы капиталды оңтайлы орналастыру маңызы ерекше мән ала бастайды. Шаруашылық субъектісінің мүлкі бірқатар элементтер жиынтығынан тұратыны белгілі, яғни оларды түрлі белгілері (өндірістік үдерістегі ролі, нақты пішіні, т.б.) бойынша жіктеуге болады. Кәсіпорынның өтімділігі мен қаржылық жағдайы, экономикалық нәтижелері, көп жағдайларда, осы белгілерге байланысты болады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 119-бабында: «Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын мүлiктiк кешен құқық объектiсi түрiндегi кәсiпорын деп танылады. Кәсіпорын тұтасымен мүліктік кешен ретінде жылжымайтын мүлік болып танылады. Мүлiктiк кешен ретiнде кәсiпорынның құрамына оның қызмет етуiне арналған мүлiктiң барлық түрлерi, соның iшiнде үйлер, ғимараттар, жабдықтар, құрал-саймандар, шикiзат, өнiмдер, жер учаскесiне құқық, талап ету құқықтары, борыштар, сондай-ақ оның қызметiн дараландыратын белгiлерге құқықтар және, егер заңнамалық актілерде немесе шартта өзгеше көзделмесе, басқа да айрықша құқықтар енедi» [1] делінген.

Кәсіпорын өз қызметін жүзеге асыру үшін бірқатар экономикалық ресурстарды – экономикалық игіліктерді өндіру үшін қолданатын элементтер жиынтығын иеленуі тиіс [2].

Әдетте, мүлік құрамында материалды-заттай (жер учаскелері, ғимараттар, қондырғылар, машиналар, жабдықтар, шикізат, дайын өнімдер мен ақша қаражаттары) және кәсіпорынның қызмет ету барысында пайда болатын материалды емес (кәсіпорын беделі, тұрақты клиенттері, фирмалық атау, тауар белгiлерi, басшылар дағдысы, өндірістің патенттелген тәсілі, ноу-хау, авторлық құқықтар, келісім-шарттар, т.б. сатылатын немес табысталатын) элементтері болады.

Кәсіпорынның мүліктік кешенін басқарудағы кешенді жүйеде мүліктік кешенді басқару бойынша басқару шешімдерін қабылдап, жүзеге асырудың негізгі мақсаты мен жекелеген міндеттерін анықтап алған жөн. Басты мақсат – мүліктердің жекелеген топтары, түрлері мен оларды қаржыландыру көздері арасындағы ұтымды арақатынасты орнату. Қойылған мақсатқа қол жеткізу нақты өндірістегі негізгі және айналым қорлары арасындағы өзара байланыс пен бірін-бірі толықтыру есебін, олардың жекелеген элементтерінің, өтімділік дәрежесінің есебін жүргізуге, сәйкесінше оларды қаржыландыру көзін таңдауға негізделе отырып кәсіпорынның тұрақты қаржылық жағдайын қамтамасыз етуі тиіс.

Негізгі қорларға салынған капталдың тиімділігін арттыру үшін мынадай мәселелер шешімін табуы керек [3]:

-       кәсіпорынның ұтымды инвестициялық саясатын қалыптастыру, жоғары тиімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыру;

-       шаруашылық субъектісінің қызмет етуіндегі басты мақсатқа жетуде нақты өндірістің ерекшелігіне неғұрлым сәйкес келетін негізгі қорлар мен айналым қаражаттары арасындағы оңтайлы қатынасты, мүлік түрінің әрқайсысының ролін қалыптастыру;

-       негізгі қорлардың құрылымын, яғни шаруашылық қажеттігіне байланысты және еңбек құралының өндірістік мүмкіндігіне қарай негізгі өндірістік және өндірістік емес қорлар арасындағы пропорцияларды жетілдіру;

-       негізгі қорларды аса ұтымды пайдалануға, сондай-ақ оларды қалпына келтіру мен жаңғыртуға жұмсалатын ресурстарды жинақтауға ықпал ететіндей амортизацияны есептеудің нәтижелі әдістерін қолдану.

Бұл аталған мәселелерді шешу капитал көлемін, жоспарланатын объектілерді қаржыландыру көзі мен әдістерін, жұмсалатын ресурстардың тиімділігін арттыруға әсер ететін қаржы құралдарын қолдануды ұтымды ету әрекетіне  елеулі түрде әсер етуі тиіс.

Айналым капиталын басқарудың басты мақсаты – оның құрамдас бөліктерінің барлығын тиімді пайдалануды арттыру және соның негізінде кәсіпорынның шаруашылық және қаржылық қызметінің нәтижелігі мен үздіксіздігін қамтамасыз ету. Негізгі шешімдер айналым қаражатының әрбір элементінің, оларды қаржыландыру көздерінің, айналымды арттыру немес жылдамдату мен өтімділікті қамтасыз ету есебінен резервтер көзін ашудың  ұтымды шамасын негіздеуге қатысты болады. Артылған ақша қаражаттары кәсіпорынды дамытуға, оның табыстарын арттыруға ықпал ететін тиімді қаржылық немесе өзге де инвестиция көзіне айналдырылуы мүмкін.

Айналым капиталын басқару тек сәйкес элементтердің шамасына ғана емес, сонымен қатар өнім көлемінің, ассортиментінің, өткізу шарттарының, жеткізілген және сатылатын құндылықтар ақысының өзгеруі салдарынан үнемі өзгеріске ұшырайтын айналым капиталының құрылымына да қатысты мәселелерді қамтиды. Айналым капиталының құрылымын ұтымды қалыптастыру активтердің жекелеген бөліктерінің заттай формасының ақшаға ауысуының және, керісінше, ауысудың жалпы циклінің үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Бұл капитал айналымының жылдамдығына, оның көлеміне, қаржылық өтімділігіне, сондай-ақ ағымдағы активтердің жекелеген әлементтеріне жұмсалатын шығындар деңгейіне де әсер етеді.

Айналым капиталдарын басқару тәсілдерін қолдануда жекелеген элементтердің, ең алдымен, запастарға, есепшоттардағы қаражаттар мен ақшалай ресурстарға қатысты ерекшеліктерін ескеру керек [4].

Бизнесті жүргізудің қазіргі жағдайында кәсіпорындар мен компаниялар өздерінің бәсекелестік қабілеттерін ұзақ мерзім бойы сақтап қалуы үшін нарықтық ортаның шынайы талаптарың ескере отырып өз әрекеттерін үнемі реттеуі  шарт.

Ұйым бизнес құрылымын оңтайлы және өз мерзімінде трансформациялауға қабілетті болуы, сәйкесінше стартегиялық және оперативтік өзгерістерді жылдам жүргізуі  тиіс.

Қазіргі жағдайда отандық кәсіпорындардың көпшілігі қаржылық қиындықтарға ұшырауда, ол сыртқы жалпы мемлекеттік мәселелермен де ішкі – тиімсіз макетинг, қаражаттарды тиімсіз пайдалану, тиімсіз өндірістік менеджмент жүргізу, қаржы тасқынының теңгерімсіздігі сияқты мәселелермен де байланысты. Осы аталған факторлар кәсіпорынның дағдарысқа ұшырау мүмкіндігінің алдын алу мақсатында және факторлардың әсер ету күшіне байланысты қаржыларды басқарудың қорғаныс механизмдерін әзірлеу мақсатында қаржылық жағдайды үнемі диагностикалауды қажет етеді.

 

Әдебиеттер:

1.       https://online.zakon.kz / Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі. 2011 ж.

2.       Баканов М. И., Шеремет А.Д. Теория экономического анализа./ Баканов М. И., Шеремет А.Д..- М.: Финансы и статистика, 1999 г – 150с.

3.       Григорьев В.В. Оценка предприятий: имущественный подход/ Григорьев В.В. – М.: Дело. -2000. -312 с.

4.       Бычков Н.А. Оценка имущества предприятий / Бычков Н.А. – Минск: БГЭУ, - 2007. – 422с.

 

Резюме

В статье рассмотрены вопросы управления имущественным комплексом предприятия: перечислены элементы имущества, определены цели и задачи управления имущественным комплексом, обоснованы задачи, решение которых необходимы для повышения эффективности вложений капитала в основные фонды.

 

Ключевые слова: имущественный комплекс, экономические ресурсы, эффективность вложений капитала, управление оборотным капиталом.