Экономические науки /13.Региональная экономика

Бекешева Дана Айтбаевна

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, Қазақстан

Өндірістік шығындарды есептеудің экономикалық маңыздылығы

 

Нарықтық экономика жағдайындағы бәсекелестіктің, еркін бағалар жүйесінің дамуымен бірге, ұйымның табысына әсер ететін басты фактор ретінде өзіндік құнның да рөлі өсе түспек.

Өнімнің өзіндік құны ұйымның өндірістік және қаржылық қызметінің бүкіл аспектілерін, атап айтқанда, материалдық, еңбек және қаржылық ресурстарды пайдалану тиімділігін, жұмыс сапасын көрсететін маңызды сапалық көрсеткіш.

Өнімнің өзіндік құнының қалыптасуын, оның құрамын зерттеу өндірісті дамыту резервтерін анықтауда, жоспарлау, баға белгілеу және ұйымның қызметін басқару әдістерін жетілдіруде үлкен экономикалық және тәжірибелік мәнге ие.

Қазіргі кезде өнімнің (жұмыс, қызмет) өзіндік құнын сапалы есептеуге көп көңіл бөлінуде, бұл ұйым басқармасының мұқтаждығынан туып отырған қажеттілік. Осы мәселе өзіндік құнға оның экономикалық мәні мен жаратылысы тұрғысынан қарауды талап етеді. Соңғы екеуі өндірістік шығындар мен өзіндік құнды есептеуге қатысатын шығындардың құрамын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан «өзіндік құн» ұғымының мәнін ашу өте маңызды. Тек осылайша, өнімнің өзіндік құнын жоспарлау (смета), калькуляциялау және шығындарды есепке алу жүйесін оңтайлы ұйымдастыру негізіне жататын алғы шарттарды ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге болады.

Экономикалық теорияда өзіндік құнға қоғамдық өндірістік шығын, яғни заттай және жанды еңбек шығыны деп түсінік беріледі. Басқаша айтқанда, өзіндік құн – бұл өндіріс құралдары мен жұмыс күшін сатып алуға жұмсалған ақшалай шығындар [1, 110 б.].

Өндіріске жұмсалған шығындардың, қазір тәжірибеде қолданылып жүрген сыныптамасы, ең басты мақсатқа - өндірілетін өнімнің өзіндік құнын дұрыс есептеуді қамтамасыз етуге бағытталған.

Элементтер бойынша топтастыру негізіне экономикалық жағынан тегі бір қарапайым шығындар жатады. Шығындарды экономикалық элементтері бойынша топтастыру өндіріске не жұмсалғанын, әрі қанша жұмсалғанын көрсетеді.

өндірістік өзіндік құнын құрайтын шығындар, олардың экономикалық мазмұнына сәйкес, келесі элементтер бойынша топтастырылады [1, 19 б.] :

-   материалдық шығындар (қайтқан қалдықтар шегеріледі);

-   еңбекке ақы төлеу шығындары;

-   еңбекақыдан аударымдар;

-   негізгі құралдардың тозуы;

-   басқадай шығындар.

Шығындарды экономикалық элементтер шегінде топтастыру өндірістік шығындарды ұқсас түрлері бойынша біріктіріп, өзіндік құнды жоспарлау, өнім өндірісіне жұмсалған нақты шығындарды  жоспармен салыстыру, оларды бригадалар, цехтар және бүкіл ұйым деңгейінде талдауға, сөйтіп өнімнің өзіндік құнын төмендету жолдарын іздестіруге ғана емес, сонымен қатар құрылған ұлттық табыстың үлесін есептеуге, өндірістік шығындардың құрылымын анықтауға мүмкіндік береді.

Шығындарды калькуляция баптары бойынша топтастыру ресурстар не үшін және қайда жұмсалғанын анықтауға мүмкіндік береді. Бұлайша топтастыру негізіне әртектес шығындар енеді. Ол жекелеген жұмыстардың өзіндік құнын талдауға негіз болады.  

Өнімнің (жұмыстың, қызметтің) өзіндік құнына апарылу тәсіліне байланысты шығындар тікелей және жанамаға бөлінеді [2, 109 б.].

Тікелей шығындар өнімнің өзіндік құнына, ешқандай тарату әдістерін қолданбай-ақ, бастапқы құжаттардың мәліметтері негізінде тікелей енгізілетін шығындар. Оған материалдар, шикізаттар, жұмысшылардың негізгі және қосымша еңбек ақысы, тағы басқа шығындар жатады.

Жанама шығындарға бірнеше өнім өндірісімен байланысты шығындар жатады. Калькуляцияланатын объектілердің өзіндік құнына олар қосымша есептеулердің (пайыз, коэффициент, машина – сағат) негізінде арнайы базаның көмегімен енгізіледі.

Технологиялық процеске қатысуы бойынша шығындар негізгі және үстеме деп бөлінеді.  Негізгі дегеніміз тікелей технологиялық процестің негізін қалайтын шығындар. Олар материалдардың құны, жұмысшылардың еңбек  ақысы және тағы басқалар.

          Үстеме шығындарға өндіріске қызмет көрсетумен байланысты шығындар жатқызылады. Олардың табиғаты жанама шығындармен тамырлас, өнімнің нақты өзіндік құнына үстеме шығындар тарату әдістерінің көмегімен ендіріледі.

Бұдан өзге, өзіндік құнды жоспарлау, есепке алу және калькуляциялау кезінде экономикалық біртекті элементтерден және кешенді элементтерден тұратын баптар қолданылады. Біртекті шығындар одан әрі жіктелмейтін бір элементті шығындар. Кешенді шығындар әртүрлі экономикалық элементтерден тұрады. Бұндай шығындарға үстеме шығындарды жатқызуға болады.

Біздің ойымызша, шығындар есебін оңтайлы ұйымдастыру үшін нақты бір саланың өнімінің өзіндік құнын дұрыс есептеуде айтарлықтай маңызға ие белгілерді қолдануға ұмтылу керек.

 

 

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

1.     Анализ хозяйственной деятельности в промышленности: Учебник / И.А. Богдановская, Г.Г. Виноградов, О.Ф. Моргун и др.: Под. общ. ред. В.И. Стражева. – Минск: Высшая школа, 2005.

2.     Ковалев В.В. Финансовый анализ: Управление капиталом. Выбор инвестиций. Анализ отчетности. – М.: Финансы и статистика, 2005.