Экономические науки

Мешітбай Әділет Қанатұлы

«Қаржы» мамандығының 4-ші курс студенті

Капанова Шолпан Аманжоловна

«Қаржы» кафедрасының аға оқытушысы, экономика ғылымдарының магистрі

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қызылорда қаласы

КӘСІПОРЫНДАҒЫ ҚАРЖЫЛЫҚ ЖОСПАРЛАУ мен бюджеттендірудің экономикалық МАЗМҰНЫ

 

Кәсіпорын (корпорация) нарық жағдайында қаржыны қазіргі заманғы басқару әдістерін пайдаланбай орнықты жұмыс істей алмайды. Кәсіпорын ішінде қаржыны жоспарлау мен бақылауды жетілдіру қаржы менеджментінің тиімділігін арттырудың негізгі бағытының бірі болып табылады. Отандық және шетелдік практикалық тәжірибе қаржыны микродеңгейде жетілдіру мәселесі өзінің өзектілігін жоғалтпағанын растайды. Жоспарлау алдын ала болжанбайтын нарықтық қарым – қатынас жағдайында кәсіпорынның қызметін тұрақтандырады.

Қаржы жоспары – бұл ағымдағы (бір жылға дейін) және ұзақ мерзімді (бір жылдан асатын) кезеңде ақшалай қаражаттың түсуі мен оның жұмсалғанын көрсететін, қорытып жинақталған жоспарлау құжаты. Аталмыш жоспар келешектегі ақша түсімінің сапалы болжамын алу үшін қажет. Осы жоспарлау құжатында ағымдағы және күрделі бюджет, сондай-ақ қаржы ресурсының бір-екі жылға арналған болжамы жасалады.

Қаржыны жоспарлау үлгілері дивиденд, инвестиция, корпорацияны қаржыландыру көзі мен әдісі жөніндегі шешімдердің өзара байланысын анықтау арқылы нақтыланған болжам жасауға арналған.

Қаржыны жоспарлау міндетіне:

1)   экономикалық, құқықтық, есептік және нарықтық ақпаратты, сондай-ақ компанияның қаржы инвестициялық саясаты жөніндегі мәліметті пайдалану;

2)   дивиденд, қаржыландыру және инвестиция жөніндегі шешімдердің өзара байланысын талдау және бағалау;

3)   жағымсыз жағдайдың ықпал етуіне жол бермеу мақсатында, басқарушылық шешімнің салдарын болжау, сондай-ақ жедел және ұзақ мерзімді шешімдердің өзара байланысын айқын білу;

4)   қабылданған қаржы және инвестициялық жоспардың шеңберінде орындалатын шешімді таңдау;

5)   қаржы жоспарында белгіленген шешім мен мақсаттың орындалған нәтижесін салыстырып бағалау кіреді.

Бюджет - әдетте бір жылға дейінгі мерзімге (ай, тоқсан, жарты жыл) жасалған, корпорацияның ағымдағы, инвестициялық және қаржы қызметі бойынша қаражаттың шығысы мен кірісін көрсететін жедел қаржы жоспары. Корпоративтік қаржыны басқару практикасында бюджеттің екі түрі – операциялық және қаржы бюджеті пайдаланылады.

Бюджеттендіру – жедел жоспарлау (мысалы, алдағы айға немесе тоқсанға арналған кіріс және шығыс бюджеті) мақсатына сәйкес нақты бюджет әзірлеу үдерісі.

Бюджет – ағымдағы жоспарлаудың құралы болып табылады. Ол нарықтық мүмкіндіктерді ескере отырып, қолда бар ресурстарды пайдалану жолын көрсетеді. Бюджетті әзірлеу барысында мүмкін проблемалар мен оларды шешу жолдарын қарастыру қажет.

Бюджет – бақылау құралы және қызмет нәтижесін бағалау. Қаржылық бақылау және кәсіпорынның қызметінің нәтижелілігін бағалау нақты қол жеткізілген және жоспарлы көрсеткіштерді салыстыруға негізделеді. Бюджет түпкілікті нәтижеге әсер ететін көптеген факторларға бақылау жүргізе алады.

Кәсіпорында бюджеттендірудің толық жүйесін енгізу шебер – бюджет деп аталатын операциялық және қаржылық бюджеттердің өзара байланысқан жүйесін қалыптастыру болып табылады. Осы бюджеттердің барлық түрлері кәсіпорынның қаржылық жағдайын болжам жасауға және жоспар – нақты  талдау жүргізуге қажет.

Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі:

1. Тайгашинова К.Т. Басқару есебі: Оқу құралы-Алматы: «LEM баспасы» ЖШС, 2011-322 б

2. Э. Э. Михель, Р. А. Əмірханов, Г. А. Жолмырзаева, Ж. С. Мұхаметжанова Корпоративтік қаржы: Оқулық (Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы бекіткен) - Алматы, 2012