Бейсенбекова Г.Б.1  Шмакова Ы. 2  Акишева А.3

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті1. Қазақстан.

Қарағанды облысы, Жанаарқа ауданы Түгіскен жалпы білім беретін

орта  мектебінің мұғалімі 2. Қазақстан.

Қарағанды қаласының КММ  Әлихан Бөкейхан атындағы76 жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімі3. Қазақстан

 

 

оқыту үдерісінде  Оқушылардың  танымдық  белсенділігін арттыру арқылы  ой  әрекетін  қалыптасТыру

 

 

Қазақстан Республикасы білім беру тұжырымдамасында: «Білім берудің гуманитарлық сипаты, адам тек жай зерттеу объектісі ретінде ғана емес, ең алдымен шығармашылық пен таным субьектісі, ол  өзін шығармашыл тұлға ретінде көрсетеді»  - делінген[1]. Осыған орай бүгінгі күні білім мазмұнын жаңартумен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әр алуан құралдарын қолданудың тиімділігін арттыру міндеттерін жүзеге асыруды талап етіп отыр.

Оқыту үдерісі екі жақты болғандықтан, тек мұғалім өзінің ғана іс-әрекетінің дұрыс болуына қанағаттанып қоймай оқушылардыңда танымдық әрекетімен белсенділігін дамытуға ерекше көңіл аударуы тиіс. Мұның өзі – оқыту мен оқушының  ой өрісі дамуының заңдылықтары туралы өте күрделі психологиялық және педагогикалық мәселе екенінің айғағы.

Алайда білім беру ұйымдарының қазіргі оқыту жүйесінің мазмұнына  жаңаша іскерлік пен жаңа технологияны ендіру міндеттері алға қойылды. Бұл дегеніміз оқушының пәнге деген қызығушылығы мен белсенділігін қалыптастыруда маңызды орын алады.

Белсенділік – психологиялық, философиялық қағида. Салдардың өзі әсер еткен заттың белсенді қатынасының нәтижесі. Қажырлықты, ынталылықты, жігерлікті, тынымсыздықты білдіреді.  Ал, таным әрекетін белсендіру - бағытталған педагогикалық іс-әрекет. Мұнда мұғалім оқушылардың оқу белсенділігін арттыруға жан-жақты әсер етуі қажет. Ол оқушылардың талпынысын жігерін туғызып, оқуға жағымды қарым-қатынас қалыптастыру сияқты белсендіру құралын көрсетеді.

Оқушының оқу ісіндегі белсенділігі мәселелерін зерттеуге бағытталған ғылыми еңбектер ішінен М.А.Данилов, Н.И.Болдырев, Р.Г.Лемберг жұмыстарын атауға болады. Осы зерттеулерде танымдық әрекетшілділік ұғымының мазмұны жөніндегі сұрақтарды әр қырынан қарастыра отырып, таным белсенділігі үшін жеке тұлғаның ішкі дайындығының біртұтастығы керектігіне мән береді. Белсенді оқыту теориясы мен практикасының дамуына әсері жөнінен  бұл еңбектер аса маңызды болды.

Д.С.Сейдуалиевтың көз-қарасы бойынша танымдық белсенділік «индивидтің өзінің ішкі күші мен нақты оқыту мүмкіндіктерін, тұрақты қызығушылығы мен  ұмтылысын тарату дәрежесі әртүрлі  әлеуметтік өзара байланыс және өзара әрекеттерде, тұтас педагогикалық үдеріс шеңберіндегі оқушылардың жалпы адамдар тәжірибесін меңгеру барысында дамытылған және меңгерілген өзара қабілеттер мен икемділіктерді ашу» деген болатын.

Жеке тұлғаның танымдық жүйесінің қалыптасуы оның білімі мен шеберлігінің өзара байланысына негізделеді. Сондықтан танымдық іс-әрекеті  – оқу барысында анықталатын микро, макро, мето деңгейлерде жүзеге асатын танымдық процестердің қалыптасуы. Танымдық іс-әрекет типі бұл – мұғалім ұсынған жоба. Бұнда негізге алатын әдістері: түсіндірме-көрнекі, репродуктивті (қайтажаңғырту), мәселені баяндау, эвристикалық (ішінара ізденіс), зерттеу[2].

Танымдық іс-әрекеттегі дағды, шеберлік, білім ұғымдарының өзара әрекетінің қолданбалық жағын және жоғарыдағы деңгейлердің рольдік қызметтерінің өзара әрекетін көрсетуде психолог С.М. Джакупов танымдық іс-әрекетті жүйелі құрылымдардың факторы ретінде береді[3]. 

Сондай-ақ психологтар П.Я.Гальперин, Н.Ф.Талызина және т.б. оқыту үдерісінде оқушылардың ой әрекетін басқару туралы өзіндік пікірлерін білдірді. Бұл теория бойынша, оқушының жаңа білімді меңгеруі бес кезеңнен құрылған ой-әрекеттің қалыптасу жолына байланысты болмақ:

Бірінші кезеңде – оқушылырға әрекеттің мақсаты нені және қалай жасау керек екені туралы мағлұмат беріледі.

Екінші кезең – материалдық саты деп аталады. Өйткені бұл кезде оқушылар нақты материалдық заттармен, яғни модельдер, схемалар сияқты құралдармен тікелей жұмыс істейді. Оқушы осы екі кезеңдегі әрекеттерді меңгергеннен кейін ғана үшінші сатыға көшеді.

Үшінші кезең – сыртқы сөйлеу кезеңі деп аталады. Бұл кезеңде оқушы өз әрекетін дауыстап сөйлеу немесе жазу арқылы іске асырады. Оқушының әрекеті бірте-бірте қысқартылған және қорытылған сипатқа ие болады.

Төртінші кезең – өзіне естіртіп сөйлеу кезеңі деп аталады. Бұл кезеңде оқушының әрекеті оның өзіне естіртіп сөйлеу арқылы іске асады. Мұнда оның әрекеті әрі қарай қысқарту және жалпылау сипатына көшеді.

Бесінші кезең – ойлау кезеңі деп аталады. Бұл кезде оқушы әрекеті сыртқа шықпай іштей сөйлеу арқылы іске асады. Әрекет мейлінше қысқартылған және автоматтанған дәрежеге жетеді.

Оқыту үдерісінде есте сақтау мен әсіресе ойлау әрқашанда бірге әрекет жасайды. Ойлау процесі сабақтың мазмұны мен танысу кезінде белсенді түрде көрініп отырады және сабақ барысында жан-жақты талдау, топтау, салыстыру, ой қорытындысын жасау арқылы, бірнеше тәсілдерді қолдану үстінде біртіндеп өрісі дами түседі. Ойлау арқылы адамға көзге көрінбейтін заттар мен құбылыстардың арасындағы күрделі себептік байланыстарды, заңдылықтарды ұғады. Оқушылардың оқу материалын жүйелі және мәніне қарай ұғынуында ой операциясы негізгі роль атқарады.

Ғылымда ойлау туралы мәселелер жан-жақты қарастырылған, соның ішінде бір қатар  психологтар С.Л.Рубинштейн, Н.А.Менчинская, З.М.Калмыкова еңбектерінде ойлау іс-әрекеті мынадай ойлау процестерімен құрылды деп ашып көрсетеді: жалпылау мен талдап оқыту, жаңа материалдың ережесі мен принциптерін ашудың негізгі заңдылықтарын анықтау.

Психологтардың пікірін негізге ала отырып, В.С.Библер ойлауға маңызды сипаттама  берді: «Ойлау бұл «ақылда» шындықтағы заттың жобасын құрастыру және ойлап табу» десе, А.В.Зак ғылыми еңбектерінде  оқушылардың теориялық ойлауының дамуына тоқтала келе, «Теориялық ойлау танылатын объекті туралы ұғым қалыптастыруға бағытталады және ішкі, қажет байланыстардан көрінеді. Эмпирикалық ойлау керісінше, дайын танымдық обьект, сезімдік қабылдау мен сыртқы байланыстарға тән» - деп ойлауды логикалық және психологиялық жағын қарастырады[4].

Ойлауды үш жағынан қарастырсақ: біріншіден, таным сатысы, екіншіден, таным процесі және үшіншіден, адам ақыл-ой қызметінің формасы. Кез-келген танымдық процесс сияқты, ойлау өмір шындығы бейнесін білдіреді.

Дегенменде ойлаудың қабылдаудан айырмашылығы – ол біздің сезім мүшелерімізге тікелей әсер етуші заттар мен құбылыстарды  ғана бейнелемейді. Ойлау арқылы оқушы заттар мен құбылыстарды олардың айрықша белгілерін және де заттар мен құбылыстар арасында орын алып отырған көп түрлі шындық байланыстар арқылы таниды.

Мұндай құбылыстар адам пайдаланатын себеп пен салдар әрекет ету мақсаты мен құралы, бүтін мен бөлшек, зат құрылымы және оның атқаратын қызметінің ара-қатынастары және басқалар болып табылады.

Ойлау арқылы адам құбылыстарды олардың байланыстарымен қоса таниды. Байланыстың әр типі, оның әрбір категориясы белгілі бір сөзбен белгіленген. Оларды атай отырып, адам қандай байланыстарды табу керектігін белгілейді (сұрақ), немесе қандай байланыстарды қалыптастырғанын анықтайды (жауап). Ойлау мен тілдің органикалық байланысы арқасында ойлау арқылы балалар өздері тікелей қабылдай алмайтын, көзге ілігер формасы жоқ, ол тіптен сезімдік қабылдауға көнбейтін құбылыстар арасындағы байланысты аша алады[5] .

Ойлану – дамушы құбылыс және адам басында үнемі белгілі бір күйде жүреді. Мұндағы үздіксіз ойлау мен оның жемісі ұғымдар мен сөйлемдер де бір емес. Мәселенің  шешілуі адам басында реттеліп отырады. Сондықтан ойлау туралы зерттеулер, олардың процесс күйінде емес ойлау қалайша жүзеге асып, реттеліп, дамып отыруы үшін қандай шарттар қажет екенін тексеруге арналған. Ойлау процесінің жүзеге асу шартына адамның бұрынғы тәжірибесі мен бағыты және ойлануға итермелейтін мотивтерін жатқызамыз.

Оқушының ішкі белсенділігі оның шабытты түрдегі ойлау әрекеті болып табылады.  Оқушы белсенділігі қандай болғанда да ой дербестігіне сүйенсе, оқушының логикалық ойлау қабілеті мен дербестігін керек етеді. Оқушылардың оқыту үдерісінде психикалық даму дәрежесіне қарай белсенділіктің бірнеше түрі қалыптасады: қимыл, сөйлеу, таным, ойлау, өзін-өзі тәрбиелеу т.б.

Демек мұғалім алдындағы мідеттердің бірі – оқушылардың оқыту үдерісіндегі ой-әрекетінің қалыптастыру жолдарын үйрету. Осыған орай оқушы оқыту үдерісінде, әрбір сабақта өзінің оқу әрекетінің мақсат-міндеттерін анықтап, соларды іске асырудың нақты тәсілдері мен амалдарын қолданып, өзін-өзі бақылап отыруға үйренуі тиіс. Сонымен қатар оқушылардың бойында оқу-танымдық әрекетінің мынандай шарттарын қалыптастыра алуы қажет:

-      оқу тапсырмасын қабылдау және сезіне алу қасиеті;

-      мұғалім көмегімен немесе өз бетінше танымдық тапсырмаларды қоя, білу қабілеті;

-      дербес қабілетті жоспарлау қабілеті;

-      тапсырманы шешу тәсілін таңдау қабілеті;

-      тапсырманы тез және таңдау қабілеті;

-      оқу істеріне бақылау қабілеті;

-      дербес жұмысын бағалау қабілеті. Осы аталмыш шарттарға көңіл бөлу арқылы  оқушының танымдық іс-әрекетінің дамуына ықпал тигізуге болады.

 Оқушының нәтижелі оқуына әсер ететін сыртқы және ішкі күштер немесе себептер бар. Оқушының білім алуда ілгері қарай басуына себептер болатын негізгі әр түрлі қайшылықтар. Оқушы білмеуден білуге қадам басқанда әр түрлі қайшылықтар мен қиындықтарға кездеседі, оларды шешу, жеңу нәтижесінде оқу міндеттері жүзеге асырылды. Оқыту үдерісіндегі ең негізгі қайшылық ол педагогикалық міндет - талаптар мен оқушы мүмкіндіктерінің арасындағы қайшылық. Бұдан басқа, оқушының шығармашылық ойлау мен репродуктивтік ойлауы арасындағы тағы басқа қайшылықтарды кіргіземіз.

Оқыту үдерісіндегі ой-әрекетінің қалыптасу жолдарында танымдық белсенділіктің мынадай көріністері  болатынын ескеру керек:

-      білуге деген ықыластың, ұмтылыстың, шабыттың жоғары болуы;

-      оқушылардың өзіндік дербестігі, сұрақ беруге құмарлығы, пікір-талас туғызуға деген ықыласы;

-      оқушылардың материалды еркіне, өз сөзімен айтып беру мүмкіндігі және шығармашылық әрекетінің жоғары болуы.

 Егер де сабақтарда оқушылардың бойында танымдық белсенділік пайда болса, сонда оқушыларда ақыл-ой қабілеттерінің мынадай элементтері дамиды: зеректілік, зейінділік, байқағыштық, ойлау мен сөйлеу дербестігі т.б.

Қорыта келгенде оқушылардың оқыту үдерісіндегі өздігінен жасайтын түрі оқу жұмыстары ойлау әрекетінің тиімді амал-тәсілдерін қалыптастырады.  Осындай жағдайда ғана оқушыда білімге деген қажеттік талпыныс, қызығу, танымдық белсенділік қалыптасады.

Оқушылардың танымдық іскерліктерін дамыту, оларды өз бетінше ойлана білуге дағдыландыру, ой түюге, қорытындылар жасай білуге машықтандыру мұғалімнің шеберлігіне байланысты.  Мұғалім ғылыми ізденіс әдістерінің қыр-сырларымен жақсы таныс бола отырып,  оқушылар іс-әркеттің соған орай ұйымдастыра алуы керек. Оқушылардың танымдық ізденімпаздығын қалыптастыруға бағытталған бағыттарын ескеру керек: танымдық, коммуникативтік, шығармашылық, әдіснамалық.

Сонымен қатар оқушылардың танымдық ізденімпаздығын арттыруда шығармашылық сипаттағы сабақтар түрлерін өткізудің маңызы зор. Осындай сабақ түрлері арқылы оқу жұмыстарында оқушының шындық белсенділігін арттырып, оқу мен ойлау әрекетінің тиімді амал-тәсілдерін, яғни материалының негізгі ұғымдары мен тұжырымдарын айыру, жаңа материалды өткен материалмен салыстыру оларды белгілі жүйеге топтастыру және қортынды жасау сияқты амалдарды дайындауға үйретеміз.

 

Әдебиеттер:

1.   Қазақстан Республикасының «Білім туралы» туралы Заңы, 2007.

2.   Бабаев С.Б. Бастауыш мектеп педагогикасы. – Алматы: Заң әдебиеті, 2007.- Б.210

3.   Тоқсанбаева Н.Қ. Оқыту процесі жүйесіндегі танымдык іс-әрекетінің құрылымы.  Алматы, 2001.- 173б.

4.   Джакупов. С.М. Управление познавательной деятельностью студентов в процессе обучение.- Алматы, 2007.- 209б.

5.   Алдамұрат Ә.  Жалпы психология. – Алматы: Білім,1996.-224б.