Сейтқазиева
С.Е., Тағашбаева Л.А.
Тараз мемлекеттік
педагогикалық институты, Қазақстан
ШEТЕЛ ТІЛІН
ОҚЫТУДА ПӘНАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТЫҢ ТИІМДІЛІГІ
Қазақстан Республикасының Президенті
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Жаңа
әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауында:
«Білім беру реформасы табысының басты өлшемі – тиісті білім мен
білік алған еліміздің кез келген азаматы әлемнің кез
келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге
көтерілу болып табылады. Біз бүкіл елімізде әлемдік
стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол
жеткізуге тиіспіз»-делінген. Сондай-ақ, Елбасы
Қазақстан халықтары Ассамблеясының 12 сессиясында:
«Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде
үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін
еркін меңгерулері қажет»-деп, Еуропадағы мектеп
түлектері мен студенттерінің өзара бірнеше тілде еркін
сөйлесулері қалыпты жағдайға айналғандығын
атап өтті.Демек, кем дегенде үш тілді меңгеру – бәсекеге
қабілетті болудың басты шарты деуге негіз бар. Олай болса
қазіргі білім беру жүйесінде болып жатқан ғылыми
өзгерістердің заман талабынан пайда болған
қажеттіліктер екені сөзсіз. Соның бірі – білім
берудің жаңа бағыты ретінде белең алған
көптілділік мәселесі бүгінде бүкіл елді
толғандырып отырған күрделі мәселе болып отыр.
Көптілділік мәселесі – Қазақстан үшін ғана
емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған
көкейтесті мәселелердің бірі. Жалпы айтқанда,
көптілділік – белгілі бір әлеуметтік ортада, мемлекетте
бірден үш, одан да көп тілде сөйлей білушілік.
Көптілділікті меңгеру дәрежесі сол адамның немесе
бүтіндей халықтың өмір сүрген тілдік ортасы,
әлеуметтік, экономикалық, мәдени өмірі,
тұрмыс-тіршілігі секілді көптеген факторларға
байланысты. Көптілді білім – көп мәдениетті
тұлғаны қалыптастырудың өзегі. Бүгінгі
таңда көп тілді оқыту – жас ұрпақтың білім
кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым
құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына
мүмкіндік беретін қажеттілік. Көптілде оқыту –
заман талабы десек, оның негізгі мақсаты: бірнеше тілді
меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік
бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны
дамыту және қалыптастыру.Әр адамның түрлі
әлеуметтік қызметтерінде жеткен жетістіктерінің
нәтижелері түрлі болмақ, сол себептен шетел тілін
оқытудың мақсаты тек нақты білім іскерліктерін
меңгеріп қана қоймай, сондай тілдік тұлғаны
қалыптастыру болып табылады, оған шет тілі «өмір
заңдылықтарында» және «нақты жағдаяттарда
қарым-қатынас жасай алу үшін» қажет болмақ.
Көптілді меңгерген адам әуелі өз тілінде ой
қорытып, туған халқына өнеге болып, өзге
жұртпен бәсекеде ырықты орынды иеленіп, сан мәдениетті
санасына салып сараптай алса, онда ол өз өмірін қалайда
мағыналы өткізетін айтулы тұлға болып қалыптасуы
анық.Шет тілін оқытуда тілге деген мотивация проблемасы
сөйлесуге қажеттіліктің жоқтығынан туып отыр.
Сондықтан мұғалім үшін оқушылардың шет
тіліне деген қызығушылығы оның еңбегінің
нәтижесі ғана емес, сонымен қатар осы нәтижеге
қол жеткізу процесінде де маңызды. Оқушылардың
оқуға деген қызығушылығын арттыруда
пәнаралық байланысты қолдану тиімді.Шет тілінің
оқу пән ретіндегі ерекшелігі мынада: ол, яғни тіл
қарым-қатынас жасау құралы ретінде оқытылады, ол
тақырыптар мен ситуациялары әр түрлі салаларды қамтиды.
Сондықтан да шет тілінде басқа пәндерге қарағанда
білімнің әр түрлі салаларынан шыққан
материалдарды еркін қолдануға болады. Шет тілінің басқа
да пәндермен өзара байланысы алуан түрлі және көп
функционалды. «Шет тілі» пәні әр түрлі саладағы білімді
қамтиды: география, тарих, қоғамтану, әдебиет, физика,
химия, биология, информатика, ән-күй, бейнелеу өнері
және басқа да пәндер. «Сабақ
өту – жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны
табатын өнер»,– дейді Ж.Аймауытов. Расымен де, мұғалім болып,
бала оқыту – оңай шаруа емес. Кез келген педагог өз сабағының қызықты, әрі тартымды өтуі үшін өз сабағымен қатар, жалпы білім беретін басқа да пәндерге байланыс жасау арқылы білім беруі тиіс. Пәнаралық байланыс ең алдымен, жалпы оқу процесін, бір мектептің барлық жұмысын бір жолға салуға, ғылымдар жүйесінің бір арнаға тоғысуына септігін тигізеді. Барлық мұғалімге бірыңғай талаптар қоюға және әр түрлі пәндерде ортақ мүддені шешуге жұмылдырады. Сонымен қатар, оқушының интеллектуалдық өрісін байытумен бірге, бүкіл адамзаттық құндылықтар көзіңің де бірлігі, жалпы ақиқат дүниенің біртұтас жүйе екені туралы ғылыми көзқарастың қалыпты қалыптасуына мүмкіндік береді. Әрбір мұғалімнің көздейтін мақсаты – оқушыларға берілетін ғылыми білім негіздерінің бірлігін, пәнаралық байланысын сақтап отыру. Пәнаралық байланыс кезінде, оқушылардың ойын тиянақталуына, қиялдауына, ұғымды меңгеруге, ойда сақтау мүмкіндіктерін арттыруға жағдай жасалады.Пәнаралық байланыс – түрлі оқу пәндерінің арасындағы өзара байланысын айқындау шарты және білім беру мен оқыту талаптарының бірі. Пәнаралық байланыстың
қазіргі оқыту-тәрбиелеу, білім беру жүйесінде
оқушылардың дүниетанымын тереңдете отырып,
оқытудың тиімділігін арттыруға көмектесуі ғылыми
педагогикалық дәлелдеме ретінде танылады. Оқушылардың
әртүрлі пәндер бойынша берілетін теорияларды
түсініп-білуі, олардың жалпы ақыл-ойына серпін туғызып,
танымдық іс-әрекеттеріне шығармашылық сипат беріп,
барлық алынған білімін жүйелейді.“Білімді ұрпақ –
болашақтың кепілі”, – демекші, қазіргі таңда
елдің болашақ азаматтарын қалыптастыру
бағытындағы білім беру мәселесі – мемлекетіміздің басты
саясатының бірі.
Осы арада
мектептің оқу-тәрбие процесін пәнаралық байланыс
негізінде ұйымдастыруы, ғылымдар жүйесінің бір
арнаға тоғысу, адамның интеллектуалдық өрісін
байытумен бірге, бүкіл адамзаттық құндылықтар
көзіңің де бірлігі, жалпы ақиқат
дүниенің біртұтас жүйе екендігі туралы
көзқарастың қалыпты қалыптасуына мүмкіндік
береді.Пәнаралық байланыс тек оқу процессінде ғана
емес, сыныптан тыс жұмыстарда да қолданылады. Қазақстан
халықтарының тілдері мерекесі қарсаңында
қазақ тілі пәні мұғалімдерімен бірігіп «Тілден
артық қазына жоқ» атты іс-шара өтті. Бұл
іс-шарада оқушылар Қазақстан халқының
мәдениеті мен тарихы жөнінде білімдерін ортаға салды.Пәнаралық байланыстың алдына
қоятын мақсаты сан алуан. Бірі пәнаралық байланыс бойынша
білімнің теориялық негізін күшейтуді көздесе, екіншісі,
пәнаралық байланыс арқылы оқушылардың
дүниетанымын қалыптастыруды, үшіншісі осы мәселе
негізінде оқушылардың практикалық дағдылары мен
шеберліктерін дамытуды тағы басқа сол сияқты түрлі-
түрлі мақсаттарды көздейді. Сонымен қатар,
пәнаралық байланыс арқылы оқушылардың
оқу-танымдық қызметі мен оқытушының
оқыту қызметінің өзара байланысын күшейту
мәселесі де қарастырылуы мүмкін.
Қорыта келе,
жоғарыда айтылған дәлелдердің барлығы шет тілін
үйренуде маңызды және қажетті деп саналады. Сабақты басқа пәндермен байланыстыра отырып өткізу шет тілін үйренуде оқушылардың жеке дара ерекшеліктерін және қабілеттерін ескереді және тілді қарым-қатынас құралы ретінде қолдануға жағдай жасайды.
Әдебиет:
1. Бейсенбаева А. Пәнаралық байланыс негізінде оқу процесін ұйымдастыру. Алматы. Республикалық баспа
кабинеті, 1995.
2. Жұмабаев М. Педагогика. Алматы. Ана тілі
3. Қоянбаев Ж. Б., Қоянбаев Р. М. Педагогика.
Алматы. 2002.