Әбдікерім Айша Еркінқызы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

1 курс магистранты, Қазақстан Республикасы, Алматы қ.

 

 КӨПТІЛДІ ТҰЛҒАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ НЕГІЗІ - ҮШ ТҰҒЫРЛЫ БІЛІМ БЕРУ

 


         Бүгінгі білім беру жүйесі модернизацияланған заманда көп тілді меңгертуге аса назар аударылып, жан-жақты жол ашылған. «Келешекке кемел біліммен», - деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұстаным еткендей, келешекке терең біліммен қадам басып, әлемдік білім кеңістігінің құпияларына үңіліп, қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген құзіретті тұлғаны қалыптастыру басты мақсаттардың бірегейі болып отыр.

Үштілді оқыту – заман талабы.     Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі.  Біз көптілділікті тәуелсіз еліміз үшін стратегиялық мәні ерекше құбылыс деп бағалаймыз, сондықтан да бұл құбылысты төрттілділік пен бестілділіктен бөліп қараймыз, үштілділіктің кез келген сыңары ретінде кез келген шет тілін алуға болар еді, бірақ біз бұл жерде де қоғамның нақты сұранысы басым түскен қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне ерекше мән берген жөн деп түсінеміз.

 Көптілді білім беру бағдарламасы аясында үштілді меңгеру тәжірибесін жинақтап, әлемдік деңгейде көтерілуіміз керек. Бұл оқушылардың халықаралық жобаларға қатысуын кеңейту, шетелдік әріптестермен ғылыми байланыстарын нығайтуға, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Елдің ертеңі өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарын өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірімен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет. 

Қазақ тілін қазіргі заман талабына сай озық әдіспен оқытудың бағдарламасын жасау талабын алға қойған  Президент тапсырмасы да дәл қазір нақты сипат ала бастағанын аңғарып отырмыз. Елбасы қазақ тілі мемлекеттік тіл тұрғысынан басымдыққа ие екенін ашып көрсетіп, мемлекеттік жұмыс қазақ тілінде жүретінін баса айтты. Бұл – осынау маңызды мәселеге жалпы қоғамның дамуы үрдісінен, өз еліміздің одан әрі байыпты дамуы тұрғысынан да тіл мәселесіне, түптеп келгенде, дұрыс баға беріліп отырғанынын  дәлелі. 

Тілді тек қатынас құралы ғана деп қарамай, оған кеңірек мән берер болсақ, нендей мәселелерге баса көңіл бөлу қажет. Қазіргі білімді де білікті мамандар ретінде басқару деңгейінде отырған қазақ өкілдері негізінен орыс тілділер, ағылшын тілін меңгергендер. Бұл – өмір шындығы. Оларға қазақ тілінде іс басқару бірден оңайға түспесін адами тұрғыдан түсінуге де болады. Алайда, өзін қазақ елінің азаматы сезінген зиялы санатындағылар мемлекеттің Ата Заңына сай, қазақ тілінің мемлекеттілігін шын мойындап, өз деңгейінде қалтқысыз орындауы тиіс. Тағы бір маңызды мәселе – қазақ тілін ғылым тілі дәрежесінде ғылымның барлық саласында дамыту қазақ оқымыстыларының алдындағы азаматтық парыз екенін де түйсінуі қажет деп санаймын.

Көптілділік мәдени жобасы – үш тілді, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін Қазақстан азаматтарының бірдей меңгеруін меңзегенімен, бұның түпкі негізі, көздеген мақсаты – мемлекеттік қазақ тілінің халықаралық қолданыстағы орыс, ағылшын тілдерімен терезесін теңестіріп, әлемдік деңгейге көтеріп, жаһан тілдерімен тең қолданылатын биікке жеткізу. 
Қандай мемлекет болмасын оның, ең әуелі мән беріп, ұлықтайтын тілі, әрине, мемлекеттік тілі. Өйткені, мемлекеттік тіл әлемдік қауымдастықтағы мемлекеттердің сипатты белгілерінің бірі, ұлттық саясатының көрсеткіші. Міне, осы бағытта еліміз, ең әуелі, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыруға күш салып отыр. Бұл мәселе тек қана қазақ халқының ғана емес, елімізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің де алдында тұрған міндет. 

Қазақстан 2023 жылы 3 тілде білім беру жүйесіне толық көшіп бітуі тиіс деп айтылды. Білім және ғылым министрлігі 2020-шы жылға дейінгі әзірленген бағдарлама аясында осындай жоспар құрылды. Осыған сәйкес үш тілде білім беру реформасы білім беру салаларында жаңа қарқын алауда. 1-сыныпқа келген балалар ағылшын тілін аптасына 2 сағаттан оқып жүр. Ал, 2013 жылы енгізілген бағдарламаға сәйкес, ол 1 сағаттан беріліп келген еді.

«Үштілділік» жайлы отандық әлеуметтік лингвист-ғалым Б. Хасанұлы мынадай анықтама берген: «Үштілділік» – үш тілдің тұтастығын құрайтын біріңғай тілдік үдеріс. Бұл – әртүрлі тұлға, әлеуметтік топ не ұжым сөйлейтін үш тіл қолданысы емес, бір тұлға не бір әлеуметтік топ немесе бір ұжым, нақты бір қоғам сөйлейтін үшем сөйленім.

Қазақстанда жергілікті үштілділіктің бірнеше түрі кездеседі.  Жалпылай айтар болсақ, қазақ пен орыстан басқа халық өкілдері ішінде өз ана тілімен қоса орыс,  қазақ тілдерін білетіндер аз емес. Түркі тілдес елдер сондай. Өзге тілдер арасында дүнген халқының дүнген-қазақ-орыс-қырғыз төрттілділігін ерекше атауға болады. Ол аз болса, дүнгендер арасында қытай тілін білетіндер де кездеседі. Демек, Қазақстанда бестілді дүнгендерді де кездестіруге болады. Атап айтарлығы,  дүнгендер соншама түркітілділер мен орыстілділер арасында жүріп ана тілін сақтай білген, өз тілдерін ана тілім деп мәлімдеген. Қазақстандағы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен тұратын үштілділік иесі – қазақ, орыс, ағылшын ұлттарының өкілдері. Қазақтың қазақ, орыс, ағылшын үштілділігі дегенде бұл үштілділіктің сөйлерменнің ұлты негізге алынған. Бұл әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді.  Алайда үш тіл білгеннің бәрі бірдей үштілділікке енбейді. Ендігі мақсат үш біртілділікті тұлға деңгейіндегі, әлеуметтік топ деңгейіндегі, үштілділік құбылысына айналдыру болмақ.

Соңғы кездері кейбір мектептер жалпы мектептік және сыныптық лекторийлер, коучингтер, кіріктірілген сабақтар, жаңа форматтағы ата-аналар жиналыстарын т.б. әр түрлі шараларды ұйымдастыруда. Осы тұрғыдағы атқарылып жүрген жұмыстар  оқушылардың білім мен ғылымды игеруде, сыни тұрғыдан ойлана отырып білім сапасын арттыруға, үш тілді еркін меңгерген интеллектуалды тұлға болып қалыптасуына, шығармашыл тұлға ретінде  өнер мен  спорт саласында оң жетістіктерге жетуіне ықпалын тигізуде. Сондай- ақ Бүкіл Қазақстан Республикасының 2016-2017 оқу жылы бойынша білім саласында үлкен тарихи оқиға орын алды десек болады,  1-сыныптан бастап ағылшын тілі, орыс тілі  енгізіліп, жүйелі шет  тілін игеру жолында  білім беріліп келеді және де кейбір алғы қатардағы мектеп оқу орындарында қосымша сабақтар, элективті курстар, гимназия сағаттары, таңдау пәндері мен түрлі бағыттағы үйірмелер ұйымдастырылуда.

Заманауи  талапқа сай балалардың көп тілді игеруге деген талап тілегін орындау үшін ҚР ғылым және білім министрлігі де шет тілдерін оқытуды мектеп бағдарламасына енгізіп отыр.  Бұл мектеп оқушыларына шет тілін игеруге жасалған зор мүмкіндік. Үш тілді оқыту сыныптарында ұйымдастырылған жұмыстар оқушылардың көп ізденіп, мол білім жинақтауына мүмкіндік беріп отыр. 

Қорыта келгенде,  көптілді білім беру бағдарламасы барысында қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгеру тәжірибесін жинақтап, әлемдік деңгейге көтерілуіміз қажет. Бұл біздің оқушыларымыздың халықаралық жобаларға, түрлі жарыстарға қатысу мүмкіндігін жоғарылатады, шетелдік әріптестермен ғылыми байланыстарын нығайтуға,  басқа тілдегі ақпаратты тікелей түсінуіне жол ашады. Еліміздің ертеңі болып саналатын бүгінгі ұрпақтың ақыл- өрісі биік,  ойлары ұшқыр, дүниетанымы мен көзқарасы кең, кемел ойлы азаматтарын өсіру үшін  сапалы да, мағыналы білім және кең қанатты тәрбие берілуі қажет деп санаймыз.

                     

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.2014 жылғы 17 қаңтар

2. Хасанұлы Б. Тілдік қатынас негіздері.  – Алматы, 2006

3. Әбдуәли Т.Үштұғырлы тілден түңілмейік // Жетісу, №31. 2008

4. Тәңірбердіқызы Т. Ағылшын тілі мемлекеттік тілмен бәсекелес емес // Қазақ әдебиеті, №48. 2008

5. М.Салқынбаев. «Ел тәуелсіздігінің нышаны – мемлекеттік тіл» //Ақиқат. 2011жыл, №4.