Зейнолла Шүкіров өлеңдеріндегі табиғат лирикасы

 

Ниязбек Айман Хамитқызы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті

Төлебаева Айдынгүл Тойбазарқызы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің магистр-оқытушысы

 

Ақын жаны туған жердің сұлу табиғатын бейнелеп, тануға құштар. Зейнолла Шүкіров қазақ даласының көркін, ерекшеліктерін айқын бояумен, шебер суреттеген. Табиғат әлемін адам көңіл-күйімен ұштастырып, әдемі жеткізе білген. Өлеңдерінде ел өмірінің тіршілігі, теңізге деген махаббаты сол қалпында көз алдымызға келеді.

Ақын тілі шебер, ойы өткір, табиғатты шығармашылық жолында үзбестен сүйсіне жырлап өткен.

Теңіз толқынында туған Зейнолла Шүкіров шығармашылығы теңіздің өзіндей таза, мөлдір, тұнық, жағаға соққан толқындай асау. Өмірдің қатал сынына мұқалмай, құрыштай шыңдалып өскен З.Шүкіров әрі ақын, әрі жазушылық қабілетімен әдебиет әлемінде өшпес ізін қалдырды. Қаламгер аяғымен жер шарын шарламаса да, қаламымен он сегіз мың ғаламға саяхат шеккен. Ол өз зеректігі мен дарынының арқасында өмірдің өзіне «өзін»  дәлелдеп кеткен нар тұлға. Бұл сөзіме «Менің достарым» (1955 ж) атты оның алғашқы жинағынан бастап, толассыз шығармашылығы дәлел бола алады. Мәселен, 1960 жылы жарық көрген өмір сырын ұғындыратын «Теңіз жырлары» кітабы, сонымен қатар оның «Отты өткелдер» (1983ж) атты романы, «Қиын түйін», «Ізгілік іздері» (1967 ж), «Жас жесір», «Жүрекке әмір жүрмейді»                (1963 ж), «Ғажайып құмыра», «Тоғысқан тағдырлар» атты повестері мен «Алау» (1966 ж), «Сағыныш» (2003 ж), «Арал дәптері» (1962 ж) сынды өлең жинақтары да ақын шығармашылығының биіктігін көрсетеді.

Ақынның табиғатқа, туған жерге, толқынды теңізге, шыңдарын қар басқан асқар тауларға деген махаббаты шексіз. Сол биік шыңдар мен асау толқындар оның жүрегінің қоңыр сазды әуеніндей.

Ұлы Абайдың да айрықша жырларының бірі табиғат тақырыбы болды. Ақын өз шығармалары арқылы табиғатқа деген махаббатын көрсете білді. «Желсіз түнде жарық ай», «Күз», «Қыс», «Жаз», «Жазғытұры» деген өлеңдері арқылы, табиғаттың әртүрлі құбылысын суреттейді.

Ал, З.Шүкіровтің өлеңдері де теңізбен тілдесіп тұрғандай күй кешіреді. Туған жер тақырыбын оқи отырып ақын мен табиғат бір дүние секілденеді, нағыз «теңіз ұлы» дерсің.

Ақынның «Арал» атты жыр шумағында:

Кіндігім бірге Аралмен,

Теңізден тыныс алам мен.

Ақбейіл ана секілді

Алдымда жатыр далам кең.

Сырласып жібек самалмен,

Желпінсе жүрек жаңа әнмен.

Теңізше жаным кең шалқып,

Теңізше толқып қалам мен.- [1, 82 б.]

Осы өлеңінде теңізбен сырлас, теңізбен мұңдас ақынның өмірінде өзі туған теңізінің алар орны ерекше екендігі көрініп-ақ тұр. Ал «Өлкем менің» өлеңінде ақынның өз өлкесін туғaн анасындай қастерлейтіні, қарт Алатауды асқар тау әкесіндей көретінін байқаймыз.        

Аяулым, анам менің өлкем менің,

Құндақтап қызғалдаққа «еркем» дедің.

Менің де өзіңе ұқсап жаным жайлау,

Өзіңдей мен де жомарт, өр кеудемін.

Бұлт шалмай қарт Алатау аппақ басын,

Алдымда мейлі солай асқақтасын.

Бір түйір баурайыңда шақпақ тасың!..- [1, 158 б.]

деп өзі туған өлкесінің баурайындағы бір түйір шақпақ тасы болу да ақын жаны үшін бақыт іспетті. Өзін өлкесінің қызғалдаққа құндақталған «еркесі» деп бекер айтпаса керек-ті.

З.Шүкіров өлеңдеріндегі теңіз суреті, теңіз бейнесінің алар орны бөлек. Теңіздің көк бұйра толқындарының иіріміне өзінің жүрек қағысын жалғап жырлайтындай, тура бір адамның емес, теңіздің ұлы секілді. Мысалы: «Теңізбен кездесу» өлеңінде:

Аппақ төсін жалаңаштап айдын жатыр

                                                            алдыңда,

                              Құшағына құлап түспей кім шыдар.

Мұздай суық су тынысын сезіп бүкіл денеммен Толқындармен қолтықтасып,

Құшақтасып келем мен.

Толқын,  толқын...

Бірде ойнайды мойыныңа асылып,

Бірде еркелеп асып түсіп төбеңнен. [1, 162 б.]

Осы өлеңінде толқындармен қолтықтасып, құшақтаса білетін ақын неткен бақытты еді... Оның теңізге деген махаббатын жай сөзбен жеткізу мүмкін емес, оны тек оқып, жан-тәніңмен сезініп қана түсінуге болады. Көк теңіз бен адам жан дүниесін астарлы байланыспен суреттеуі оқырманды баурап алады. З.Шүкіров тек теңізге ғана емес Көкшеге де тамсанып, жыр арнаған. Расында, бұл жұмбақ өлкені көзбен көру де арман. Ал ақындарға Көкшені жырға қоспау сын болардай. Теңіз ұлы да «Көкше» атты өлеңінде:

Қызықсың қылықтысың сұлу, сұлу Көкше,

Жырлауға әттең бірақ тілім жетсе...

Ақының болам сенің Ақан сері,

Әрі асып Оқжетпестен үнім кетсе!

Көкшетау.

Жаралыпсың жұмбақ баста,

Мен түгіл тауыса алмапты жырлап басқа.

Оқжетпес бір биікке шақырады.

Байлайды сиқырымен Жұмбақтас та.

Сайран тау қоймайды екен жырлатпасқа,

Саумал көл қоймайды екен тіл қатпасқа [1, 166 б.] – дей келе,

қазақтың сұлу Көкшесінің табиғатын әсем суреттейді. Ол маңайдың бірі биікке шақырса, енді бірі сиқырымен байлайтындай, таулары жыр жаздырып, көлдері мылқауды да сөйлетіп жіберердей әсерлі. Мұнымен қатар «Қарағай», «Жұмбақтас», «Ару көл» атты өлеңдерінен туған жердің сұлу табиғатын көре аламыз.

Туған жер тақырыбына арналған тағы бір орны бөлек туындысы «Алатаудан аттанғанда» өлеңі. Бұл өлеңде таудың көз тоймас ақша шыңдарға келе бергісі келетіні, жыр жолдары өздігінен ағыла беретінін айтады.

Алатау, аппақ бөркің бір шекеңде,

Басыңа бір айналмай бұлт өтер ме?

Қыз орман қызмет етіп етегіңде,

Дайын тұр төбесіне көтеруге.

Мен-дағы құзар шыңға басымды иіп,

Қия алмай қарай берем кетерімде.

Келеді-ау күнде саған келе бергім,

Қалдырмай әкете алсам,

Көрер едім... [1, 38 б.]

Алатауды күнде тамашалау бәріне арман шығар, сондықтан да ақын өзінің теңізінің жанына сүйікті тауын да алып кетуді армандайды. Ал теңізі туған ұлын ерке толқындарымен қашанда құшақ жайып қарсы алуға әзір. «Теңізге» өлеңінде:

Сүйетін шолпылдатын бөрте беттен,

Апырай, ақ толқының ерке неткен,

Қайтейін, мың тентегін еркелеткен.

Кеудемде көрсем сені талап-шабыт,

Толқимын ақ айдынға қарап талып.

Жағаңда оққа ұрынды ақ шағалаң,

Төсіңнен қашан ұшар қанаттанып?! [1, 5 б.]

«Теңізге» өлеңі ақынның бүкіл өмірінің теңізбен байланысты екенін, қаншама естеліктер, қаншама жүрек тебіреністері осы теңіз жағасында өткені жайында сыр шертеді.

Зейнолла Шүкіров өзі сүрген дәуірдің ең талантты, ең қайратты, ең ізденімпаз ақыны. Әлем қандай шексіз болса ақын ойы да сондай шексіз. Туған жер табиғатын мұнша әсерлі суреттеуге әркімнің қабілет қарымы жете бермесі мәлім.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Шүкіров З. Таңдамалы. Өлеңдер және поэмалар. - Алматы, «Жазушы», 1976. -304 б.

2.     Шүкіров З. Адам – Жер – Ана. Жыр кітабы. – Алматы, «Жазушы», 1974. -111 б.

3.     Шүкіров З. «Сағыныш» Өлеңдер. –Алматы, «Жазушы», 1970. 86 б.

4.     Қабдолов З. Сөз өнері. –Алматы: «Қазақ университеті», 1992. -352б.