Солиева Ф.М.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

КӘМПЕСКЕЛЕУ НАУҚАНЫ КЕЗІНДЕГІ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАРИХЫ

 

1928 – 1938 жылдар біздің тарихи дүние танымымызда Қазақ халқының басындағы «қаралы кезең» болып саналады. Бұл басы ұжымдастырудан басталып, ашаршылық жылдары, одан кейінгі қуғын – сүргін жылдары болып жалғасқан сталинизм дәуіріндегі орны бос «ақтаңдақтарға» айналған жылдар болатын. Біздің бүкіл тарихымыздың, оның ішінде партиялық, азаматтық, әдеби – мәдени тарихымыздың бұрмалануы да осы жылдары болған еді. Қағаздағы тарихпен өмірдегі тарихтың «ақ таңдақ» тұсының шындығы бүркемеленіп, көптеген тарихи материалдар мен деректер жойылып кетті. Қазақ халқының сол кездегі жазықсыздан – жазықсыз шеккен қасіретіне жазылмаған тарих – көз көрген халық куә.

1928 жылы бүкіл совет елінде жеке шаруаларды ұжымдсатыру науқаны болған кезде, Қазақстанда Ф.И.Голощекиннің басшылығымен «Кіші Октябрь революциясы» басталған еді. 1925 жылы республиканың патрия ұйымын басқаруға келген оған қазақтардың ең кедей дегенінің өзінде төрт – бес ірі қара мен отыз шақты уақ малдың болуы үлкен байлық болып көрінді. «Пролетарияты жоқ елді социализмге апару үшін кедей тобы керек» - деп шешкен ол жалаңаш белсенділерге билік беріп, малы бар қазаққа қарсы айдап салды. Осылайша қолдарына шексіз билік тиген белсенділер «бай – кулактарды жоямыз!»  - деп ұрандатумен ұжымдастыру жылдарының асыра – сілтеу науқаны басталды [1].

Егін орып, қор жинауды кәсіп етпеген көшпенді халықтың малсыз өмір сүре алмайтынын Голощекин түсінбеді, анығын айтсақ түсінгісі де келмеді. Партияның Орталық Комитетінің бірінші бесжылдық туралы қаулысында еліміздің артта қалған аудандарын ұжымдастыруға үш жылдай мерзім берілген еді. Алайда, Голощекин бастаған республика басшылары «бүкіл науқанды бір жылда аяқтаймыз» деген бастама көтерді. Осындай асыра сілтеудің нәтижесінде 1930 жылы жеке шаруаны ұжымға тарту Ресейде 10 пайыздың шамасында болса, бұл көрсеткіш біздің Қазақстан аймағында 63 пайыздан асып жығылды.

Ұжымдастырудың барысы туралы деректерге зер сала отырып қарасақ, бұл науқан да елге қуғын сүргін алып келгенін байқау қиын емес.Сол кездегі Сырдария округі бойынша Түркістан, Келес, Бадам, Қаратас, Иіржар, Жуалы аудандары ғана көшпелі аудандарға жататын. Соған қарамастан бұл аудандарда Голощекинннің саясаты іске асырылды. 1929 жылдың желтоқсан айынан бастап жаппай ұжымдастыру басталды. Өлкелік партия комитетіне жолданған ұжымдастыру науқанының барысын көрсететін Шымкент облыстық партия комитетінің партия мұрағатынан алынған жеделхатқа назар аударайық:

Партия өлкелік комитетіне. ОГПУ Альшанскийге

 1929 жылы ұжымдастыру жүргізіліп жатқан 11 ауданда финанс органдары салық салынуға тиісті 3092 шаруашылықты тапты. Жүргізіліп жатқан саяси шаралардың нәтижесінде 1929 жылдан 1930 жылға дейін ОГПУ – дің органдарымен 122 шаруашылық жазаланды, сот органдарымен 703 шаруашылық жазаланды.

 Ұжымдастыру жаппай жүргізіліп жатқан 11 ауданда 827 бай мен кулактарға қарсы қылмысты іс қаралды. 10 ақпанға дейін ұжымдастыру: Қаратаста – 70 процентке, Беловодта – 72 процентке, Сайрамда – 75 процентке, Жуалыда – 77 процентке, Түркістанда – 89 процентке, Арыста – 85 процентке жетті.

Қазір осы ауданда 1000 сомнан астам табысы бар шаруашылықтар есепке алынды. Біздің ойымызша 1085 шаруашылықты конфискелеуге болады. Бұл жұмыс мынандай тәртіппен жүргізіледі: Келес ауданында – 250 шаруашылықта, Иіржарда – 180, Беловодта – 120, Әулиеатада – 310, Қараспанда – 100, Жуалыда – 160, Түркістанда – 220, Қаратаста – 205, Сайрамда – 150, Бадамда – 200, Арыста – 200 шаруашылық конфискеленді.

Осымен бірге жаппай ұжымдастыру жүріп жатқан 11 ауданда әлі де қол тигізілмеген 1258 бай кулак бар. Әзірше ОГПУ шаруашылық жөнінде қылмысты іс қозғалды және 58 – статья бойынша сотталды, мүліктерді тәркіленді.

ОГПУ – дің оперативті қызметінің нәтижесінде Кеңес өкіметіне қарсы котрреволюциялық қозғалысқа қатысқан 30 бай мен кулак анықталды, тергеу анықталған соң олар сотталатын болады [2].

Мінекей осылайша ОГПУ қызметкерлері «байлар» мен «кулактарды» іздеумен айналысып жатқан кезде ауылдарда жоқшылық орын алып, аштықтың шеңбері кеңи түскен еді.

Осы кезге дейін әсіресе қазақ ауылдары әр жерлерде бөлек – бөлек 20 – 30 үйден топтасып отыратын да, «Қосшы одағы» аталатын серіктестікке бірігіп жерді ұжымдасып өңдейтін. Ұжымдастырудан бұрын, 1924 жылдан бастап осы серіктестіктер, артельдер біріктіріліп ұжымдық шаруашылық болды.

Оңтүстік Қазақстандағы ұжымдастырудың алғашқы кезеңіндегі қалыптасқан әр – түрлі келеңсіздік пен қырсыздық туралы «Совеская степь» газетінің 1928 жылғы 14 мамырдағы санында ,  Әулиеата уезіне қарасты Бурно – Октябрьскілік кедейлер ауыл шаруашылығы артелін ұйымдастыру туралы шешімге келді. Оған ауыл шаруашылығын коллективтендірудің жақтаушылары емес, көбінесе сұғанақтар жиналды...

Трактор, тұқымдық астық және несие ақша алды. Азамат Шигалев жылқы сатып алатын қаржыны ішіп қойды. Трактордың да жағдайы оңып тұрғаны шамалы, оны сынау үшін өзенге айдап түсірді. Трактор ұзақ ышқынып, тасқа тіреліп ақауланды да оны өгізбен сүйреп шығарды.

Енді тракторды жөндеу қажет, ал алқап баяғысынша жер айдаушыларды зарыға тосуда. Аттарды «ішіп» қойды, тракторды молаға тықты.

Артель құруға қалай болса – солай, атүсті қарау тек қана шығын әкеледі: ақша шашылып, колхоз құрылысы туралы идеяны тас – талқан етті [3, 140].

1931 – 1933 жылдар аралығындағы Оңтүстік Қазақстанды аштыққа ұрындырған себептерді сараласақ бір – бірімен байланысты төмендегідей жағдайлардың орын алғандығын көреміз:

1. Мемлекет басшыларының тарапынан жүргізілген қолдан жасалған зұлматы, аудан, ауыл уәкілдері мен белсенділердің «шаш ал десе бас алған» асыра сілтеу әрекеті;

2. 1929 – 1930 жылдары ұжымдастырудың күштеп жүргізілуіне байланысты аудан халқы қазынаға өткізгісі келмеуі салдарынан малдан айрылуы;

3. Ұжымдастырудың дұрыс ұйымдастырылмауынан, жағдай жасалмауынан, есеп жүргізілмеуінен, малдың жаппай сойылуына байланысты орасан шығын болуы;

4. 1930 – 1931 жылдары қуаңшылыққа байланысты астықтың өте нашар шығуы;

5. Малы барларға салынатын астық салығының шамадан тыс көп салынуы;

6. Жаңадан құрылған ұжымдардың астық тұқымдық және ат – көлік сияқты көмек ала алмауы;

7. Шаруашылықтағы зиянкестіктер мен былықтардың орын алуы.

Зорлықпен ұжымдастыру, 1929-1933 жж. ұлы аштық кезінде халқымыздың тең жартысына жақыны қырылды, 1 млнға жуығы шет елдерге жер ауды. 1933 жылы елде небәрі 2493 мың қазақ қалды. Қазақ сахарасы қаңырап бос қалғандай күй кешті.

Ұлтымыздың ұлы рухы қырғын аштық пен соғыс, сұрқия саясаттан үстем түсті. Зұлмат жылдар зобалаңы халқымызды қанша әлсіреткенімен ділімізден айыра алмады.

 

 Әдебиет:

1. Ақатаев С. Тышқан жылғы қырғын.- Алматы, 1994.

2. ШОПКПА. 29 қор, 1 тізбе, №604іс

3. В.Лихайлов Ұлы жұттың жазбалары. Алматы: Дәуір 1992.