Мусадилова Г.С., Қуанышқызы И.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ҚАЗАҚ БАЛАЛАР ФОЛЬКЛОРЫ АРҚЫЛЫ БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ

 

Кез –келген халықтың көркемдік – эстетикалық мәдениетінің даму үрдісінде, қоршаған дүниені өзіндік таным мен пайымдау және әсемдік заңдылықтарына сәйкес қайта жаңғыртып бейнелеу жүйесі, соның негізінде жасалған көркем – мәдени, эстетикалық құндылықтарды, болашақ ұрпақты имандылық – эстетикалық тәрбиелеуде пайдаланудың өзіне ғана тән құралдары мен әдістері қалыптасады. Бұл туралы еліміздің, әдебиет, өнерзерттеу, мәдениеттану саласының ғалымдары еңбектерінен, археологтар мен этнографтардың зерттеулерінен танып білеміз (Марғұлан Ә., Арғынбаев Х., Тәжібаев Т.,  Ғабдуллин  М.,Жәнібеков Ө. т.б.).

Қазақ халқының рухани – эстетикалық мәдениетінің құндылығы, оның ана тіліне, сөз өнеріне ерекше мән беруінде. « Өнер алды - қызыл тіл » деп бағалаған ата – бабаларымыз, шешендер мен жыраулардың, билердің өсиеттерін, дер кезінде тақпақтап айтқан мақал – мәтел, афоризм сөздері мен ақындардың терме, толғауларын, аталы сөздерін, халық педагогикасының тәлімгерлік  мектебі деуге болады. « Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін » шешендік, тапқырлық ой толғаумен шешкен, ұрпақтарына тәлім – тәрбиелік үлгі - өсиет болатын мол мұра қалдырған, халқымыздың данышпан – ғұламалары:  Қорқыт, Асан қайғы, Ахмет Яссауи, Ж.Баласағұни, Жиренше шешен, Төле, Қазыбек, Айтеке билер, Бұқардай халқымыздың ақын – жыраулары сол мектептің ұстаздары, тәрбиешілері. Қазақтың тіл мен ауыз әдебиеті туралы, В.Радлов « Сібірден » атты еңбегінде: «... ойды бейнелеп беруі көне, ашық, айқын, өткір айта білуі жағынан қырғыздарды (қазақтарды) Батыс Азияның француздары деуге болады ... Қырғыздар (қазақ.)нақтылы сөйлеуді бар өнердің алды деп біледі », - деп жазады. Халықтық педагогика мазмұнындағы эстетикалық тәрбие мәні мен мазмұнын зерттеген ғалым педагог С.Қалиев: « ...Осы мақсатты іске асыру жолында отбасы мүшелерінен бастап, ауыл ақсақалдары, көнекөз қариялар мен ақын, жыршы, жырау, әнші, күйші, термеші сияқты өнер адамдарының бәрі белсене қатысатын ұжымдық тәрбие ісін жүргізушілер болып келгені көпке аян», - деп пайымдайды. Сонымен бірге, ғасырлар бойы қалыптасқан тәлім – тәрбиелік салттар, әдет – ғұрыптар, дәстүрлер мазмұны да, халықтың психологиялық ерекшелігін, өмір – тіршілігі мен тұрмыс сипатын қамтиды.

Халық ауыз әдебиетінің ертегі, жыр, жұмбақ, өсиет, бата қылу сөздерін жинаған фольклорист А.В.Васильев: «Қырғыздардың (қазақтардың) халық ауыз әдебиеті шығармаларының байлығына еш күмән келтіруге болмайды. Біздің әдебиетімізде әлденеше рет атап айтылған, бұл туындылар қырғыздардың (қазақтардың) рухани өмірін, тұрмыс салтын, тілін зерттеуге таптырмайтын өте бай материалдар. Мұнда Шағатай атты ең бір көне түркі тілдес тілінің формасы мен түрлері байқалып тұр»,- деп суреттеді.

Ал саяхатшы әрі ғалым Г.Н.Потанин ауыз әдебиетінің үлгілерін жинағанда түпнұсқа мен сөз мағынасын бұзбай, тазалығын сақтады. Ғалым жинаған мақал-мәтелдерге зер салсақ, жіпке тізген моншақтай асыл да көркем сөздерді байқаймыз. Мұнда әсемдікке тән белгілер мен сұлулық сыры байқалады. Мысалы, «Тоты құс бойын көріп сыналар, нар аяғын көріп қорланар», «Қамқа тон да шүберек болар тозған соң».

Қазақ ағартушы-демократтарының фольклор ойлары халық шығармашылығын танып білудің жаңа бір кезеңі болды. Яғни бұл кезеңде: Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев және т.б. елеулі үлес қосты. Ш.Уәлихановтың негізгі әдеби-ғылыми пікірлері фольклор шығармалары туралы айтылған. Қазақ фольклористикасы мен этнография ғылымына жол салған мәңгі ескірмейтін ғылыми мұра. Сондықтан да, Шоқан- қазақ фольклористикасының атасы.

Халқымыз бала тәрбиелеуде баланың жан дүниесінің қалыптасуына, өмірдің сұлулығын әсемдік тұрғысында түсіне білуге, рухани марқаюына ұйытқы болатын шығармалар өзінше арна түзеді. Мұны фольклор ілімінде «балалар фольклоры» деп атайды. Бұл тіркес халық әдебиетінде балаларға арналған өлең-жырдың бар екендігін ілкі зерттеушілердің ешқайсысы жоққа шығармайды. Фольклор жанрындағы балаларға арналған шығармалар легі, олардың көңіл-күйіне тез әсер етіп, олардың есту және сезу қабілетін, эстетикалық талғамын дамытады, әдемілікке деген көзқарасын байытады.

Сондықтан да балалар фольклоры- қарапайым да нәзік, күрделі де қызық әлемнің көркем дүниесі. Айналамыздағы қоршаған орта, өмірдегі түрлі құбылыстарды балалардың ересектерден мүлде басқаша қабылдайтынын, балалар өмірі ересектер тұрмысына тәуелді болса да өзінше бір кіші әлем құрайтынын дана халқымыз ертеден-ақ ескерген.

Балалар фолькорының түрлері:

   1. Балалар жыры:

1.                     а) ойын өлеңдері;

2.                     ә) тақпақтар;

3.                     б) санамақтар;

4.                     в) қаламақтар;

5.                     г) бесік жыры;

6.                     ғ) өтірік өлеңдер;

7.                     д) мазақтамалар.

8.                     Жұмбақтар;

9.                     Жаңылтпаштар;

10.                 Мақал-мәтелдер;

11.                 Ертегілер;

12.                 Аңыз-әңгімелер;

13.                 Шешендік сөздер;

14.                 Батырлар жырлары;

15.                 Лиро-эпостық жырлар;

16.                 Айтыс.

  Балалар фольклоры жанрларының тәрбиелік мүмкіндіктері мол. Аға ұрпақ өз білгенін, өз көкейіне тоқығанын кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырған. Бастауыш сыныпта оқу-тәрбие үрдісінде фольклор жанрын пайдалану баланың көңілін өсіріп, ойын сергітіп қоймай сонымен бірге эстетикалық тәрбие алуда олардың эстетикалық ляззат алуына, көркемдікке, әсемдікке тәрбиелейді.

Жас ұрпақтың жеке басының еңбектегі, тұрмыстағы, мінез-құлқындағы ішкі және сыртқы мәдениеті және эстетикалық дамуы оның рухани байлығын құрайды. Яғни, жас ұрпақтың эстетикалық дамуы оның рухани байлығының басқа жақтарымен өте тығыз байланыста болады, сондықтан оның өзіне тән ерекшелігіне байланысты рухани байлықтың алуан қырына белсенді түрде ықпал жасай алады.

Бұл тұрғыда Ш.Құдайбердіұлы былай деген: «Біз рухани әлеммен жүрек көмегімен ой арқылы байланыста боламыз. Адамның өмірдегі мақсаты- өзін-өзі танып, таза ақылына салып, ақ пен қараны (жақсы ой мен жаман ойды) ажыратып, тура жолын- әлемдегі өз орнын табу. Рухын өсіріп, нәпсісін тыйып тәрбиелеу. Ол үшін, әлбетте, рухани ғылым- ар ілімін игеру қажет.

  Еңбекпенен, өрнекпенен, өнер ойға тоқылса,

  Қайнар өніп, жайнар көңіл, ар ілімі оқылса.»

  «... Сұлулық- адам бойында әрқашан болатын қажеттілік пен құштарлық. Егер адам бойында қалыптасқан сұлулық мұраттары мен сол мұраттарға құштарлық сақталса, онда ол адамның кемелді даму кепілі болары анық». Ал сұлулық мұраттарға құштарлықты сол көркем шығарманың көркемдігі оятады. Шығарма көркемдігі оқушы мұраттарын бекіте отырып, оны байытады, дамытады. Демек, көркем шығарманың көркемдігі табиғатқа ізгілік қатынастың көзі бола алады.

Ғалымдар арасында «балалар фольклорына» тек балалар айтып, өздері орындайтын, бүлдіршіндер арасында ғана өмір сүретін шығармаларды енгізейін десе, бірқатар зерттеушілер балалар фольклорына тікелей бала тәрбиелеуге қатысты барша шығармаларды жатқызу шарт, сондықтан оған үлкендердің балаларға арнап айтатын туындыларды да енеді деп пайымдады. Жалпы бүлдіршіндер мұрасының өзіндік табиғатының аса күрделілігі де бар. Біздіңше, балалар іштей саралауда назар аударып, есте ұстайтын шарттар мыналар:

а) Шығармаларды кім шығарып, кімдердің орындайтындығы және қалай орындайтындығы. Мәселен, бесік жырын ата-аналар шығарып, негізінен солар орындайды. Көптеген шығармалар балаларға байланысты әдет-ғұрып, салттар негізінде болып келеді. Ал, мазақтамаларды балалар өздері шығарып, өздері орындайды. Осыған орай, бұл шығармалар түрлі топтарға жүктелмек;

ә) Ал келесі ескертетін мәселе- шығармалардың атқаратын қызметі. Бұл шарт балалар фольклорын іштей саралауда маңызды міндет атқарады. Мәселен, бесік жырында да, алдарқату жырында да ересектер орындайды, бірақ екі шығарманың атқаратын міндеті екі басқа. Бірі-баланы тыныштандырып, ұйықтауды мақсат етсе, бірі алдандырып, көңілін сергітуді мұрат етеді. Немесе, тақпақ пен ойындардың қай-қайсысын болмасын балалар өздері орындайды, бірақ шығармалардың міндеті әртүрлі;

б)  Шығармаларды саралауда балалардың жас ерекшеліктерін ескерген жөн;

в)  Тағы ескертетін негізгі шарттарының бірі-шығармалардың поэтикасы. Яғни, шығармасының, тақырыптық, мазмұндық, сөз саптасы, тіл кестесіне көңіл аударған жөн.

Қорыта келгенде, халықтық педагогика көптеген ғасырлар бойы, тіпті жазу-сызу пайда болғанға дейінгі қалыптасып, дамып отырды дедік. Оған оның тамаша идеялары мен дәстүрлерін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде халықтың ауызекі шығармашылығы айрықша рөл атқарады. Ол халықтық педагогикада балалар мен ересектер тәрбиесінің таптырмайтын құралы, әдіс-амалы, тәсілі, белгілі ережелері мен әдет дағдылары болды; құнды адамгершілік қасиеттерін (қайырымдылық, мейірімділік, ізеттілік, инабаттылық, бауырмалдық, туыстық, достық, жолдастық сезім, туған жерге, елге сүйіспеншілігін, ұлттық намыс, ата- -баба дәстүріне сыйластық көзқарас, отансүйгіштік, интернационалдық көзқарас т.б.); психологиялық-эмоционалдық қасиеттерін (болмыстағы қуанышты сүйіспеншілік сезімімен қабылдау, байыптау, елестету, есте сақтау, ойлау т.б.);эмоционалдық- эстетикалық қасиеттерін (өнердегі, табиғаттағы әдемілікті, әсемдікті, сұлулықты талғаммен, сүйіспеншілік сезімімен қабылдау, ляззат алу, әсерлену, эстетикалық тұрғыда баға беру т.б.) қалыптастырады.

 

Әдебиет:

1.        Қамақ Ә.О. Нұржанова Г.Т. Мұхамеджанов Ұлттық мектеп оқушыларын имандылық- эстетикалық бағытта тәрбиелеу жүйесі.- Тараз, 2002.

2.     Оразбекова К.А. Ұлттық психология мен халық тәрбиесі болашақтың бастауы хақында.-Алматы: Дәуір, 2000.

3.        Ширашева Г. Музыкалық мұраның эстетикалық тәрбиедегі орны.    // Бастауыш мектеп. №4, 2005.

4.        Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы.- Алматы: Мектеп, 1980.