СТУДЕНТТЕРІН ҰЛТАРАЛЫҚ
ҚАТЫНАС МӘДЕНИЕТІНІҢ
ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ
Н.А.Асанов., Ө.А. Ахашев, әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университеті,
Алматы, Қазақстан
республикасы
Қазақстан
қоғамының барлық салаларында болып жатқан
әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер,
ұлтаралық қысымның көріністерімен сипатталатын
қазіргі кездегі елдегі жағдай жас ұрпақта
ұлтаралық және этносаралық қатынас
мәдениетін қалыптастыру міндетін алдыға қойып отыр.
Қазіргі Қазақстан этноұлттық салада болып
жатқан жағдайлардың әсерінен жастарға
ұлттық қайта өрлеу үрдісін түсінуді талап
етіп отыр. Ұлтаралық және этносаралық қатынас
мәдениетін қалыптастыру еліміздің бүгінгісі мен болашағын
анықтайтын қазіргі таңдағы күрделі
мәселелердің бірі.
Аталған
мәселені шешуде жоғары мектеп айтарлықтай рөл
атқарады, себебі кәсіби даярлау үдерісінде
ұлтаралық және этносаралық қатынас
мәдениетін меңгерген және оларды өз шәкірттерінде
тәрбиелей алатын мұғалім тұрғасы
қалыптасады. Ұлтаралық және этносаралық
қатынас саласында гуманды тұлға тәрбиелеу
қажеттілігі студенттік ұжымдардың көпұлттық
құрамымен және ұлтаралық және
этносаралық қатынастың олардың барлық
өмірлік іс-әрекеттеріне әсер етуімен байланысты.
Бүгінгі
таңда ұлттар арасындағы қатынас мәдениеті
қазіргі жағдайды, сонымен қатар еліміздің
болашағын анықтайтын маңызды мәселе. Қазіргі
деңгейде қоғамның дамуы мамандардың
дайындық сапасын айтарлықтай жоғарылатуды талап етеді.
Аталған мәселені шешудің басты жолдарының бірі
ЖОО-дағы студенттердің ұлтаралық және
этносаралық қатынас мәдениетін қалыптастыру болып
табылады. Студенттердің ұлтаралық және
этносаралық қатынас мәдениетін қалыптастыру
қажеттілігі бір жағынан, студенттік ұжымның
көпұлтты құрамымен, екінші жағынан,
ұлтаралық қатынастың әсерімен түсіндірілуі
мүмкін.
Жоғары
оқу орындарының студенттерінің ұлтаралық
және этносаралық қарама-қайшылықтарға енуі
ерекше қорқыныш тудырады. Сондықттан болашақ
мұғалімдерді әлемдік мәдениет құндылықтары
мен өз ұлтының мәдениетіне жақындату, оларды
өзара сыйластық және өзара көмек рухында, ана
тілі мен халқының ұлттық артықшылықтарын
қорғаушылық қатынаста, барлық ұлттар мен
этностардың теңдігі мен тең құқылығы
негізінде тәрбиелеу қажет [1; 2].
Гуманитарлық
білімде «мәдениет» термині өте жиі қолданылады және
көпмағыналы. «Мәдениет» термині ежелделден шыққан
және екі сөзден құралған: «культ» (лат) – бас ию,
құрметтеу, мадақтау; және «ур» - жарық.
Алғашында латын тілінде ол жерді өңдеуді, өсімдіктер
мен жануарларды, т.б. өсіруді білдірді. Кейінірек Цицерон
еңбектерінде (б.з.д. 45ж.) бұл сөздің мағынасы
тереңдеп, «жанды жетілдіру» деген
ұғымды білдіреді. Уақыт өткен сайын мәдениет
«білім беру», «даму», «қабілеттілік», «құрметтеу»
сияқты мағынаға ие болды. Ежелгі Грекияда мәдениет
әрі тәрбие беруді, әрі дінге сүйінушілікті, әрі
жер өңдеуді білдірген. Тәрбиелеу, оқыту, білім алу
мәдениет «пайдейя» (тәрбиелеу) ұғымы арқылы
берілген. Мәдениеттің мақсаты адам бойындағы ойлау,
пікір айту, пайымдау қабілеті мен эстетикалық сезімді дамыту болды.
Христиандық сана негізінде дамыған ортағасырлық
мәдениет пұтқа табынушылықты жоққа
шығара отырып, көне мәдениеттің негізгі табыстарын сол
қалпында сақтай білді. Ортағасырлық мәдениет
политейзмге – монотейзмді, натурализмге – руханилықты, гедонизмге –
астектік мұратты қарсы қойды. Мәдениет
тәлім-тәрбие, үйлесімділік пен тәртіп өлшемі
ретінде емес, адамның үнемі рухани жетілуі мен жан-жақты
қалыптасуы негізінде сипатталады. Жаңа заманда
мәдениеттің көптеген теориялары өмірге келді.
Ағартушылық
дәуір философиясы мәдениет туралы ілімді дамытуға
мүмкіндік категорияларға
(табиғат, адам, қоғам, таным, ақыл-ой)
сүйенді. Бұл
кезеңнің ойшылдары мәдениетпен байланысты
қағидаларды сын елегінен өткізе отырып, жаңа
мәдени үлгілерді (адам, қоғам, мемлекет,
құқық, философиясы, т.б.) жасауға тырысты
және өткен заман және жаңа заманның мәдени
тәжірибесін жаңаша көзқараста қарастырды.
Мәдениеттің мән-мағынасы табиғаттағы
әлемдік күштердің батыл іс-әрекетінің
нәтижесімен байланыстырып, мәдениет – адамзат баласы
қызметінің жемісі деп есептелді. Бірақ сол
кезеңнің өзінде-ақ «табиғат» пен
мәдениеттің үйлесімді бірлігіне шүбә келтіру,
оларды бір-біріне қарсы қою сарыны байқала бастады. Ж.Ж. Руссо (1712-1778) ғылым мен
өнердің жандануы қоғамның алға басуына
нұқсан келтіргендігін дәлелдеуге тырысты. Оның ойынша,
ғылым мен өнердің дамуына байланысты адамдардың «табиғи» жағдайы бұзылады,
адамгершілік төмендейді, қоғамдық меңсіздік орын
алып, адамның бостандық сезімі аяққа басылады. Неміс
философы И.Кант (1724-1804) мәдениет ұғымын моральдық
тұрғыдан қарастыруға әрекет жасады. Ол
мәдениетті адамды хайуандардан айыруға мүмкіндік беретін
құдайдың адамға берген ерекше қабілеті деп
қарастырып, адам бойындағы қайырымдылық пен ізгілік
қасиеттерге ерекше орын берді. Оның ойынша, «мәдениет –
табиғаттан бостандық патшалығына барар жол», сондықтан
Кант ілімінің маңыздылығы – оның мәдениетті
гуманисті тұрғыдан қарастырады. [2;3].
XIX-шы
ғасырда мәдениет мәселелерімен біршама айналысқан
ғалымдардың бірі – ағылшын ойшылы Э.Б.Тейлор (1832-1917)
болды. Ол «мәдениет
жөніндегі ғылым – реформалар жөніндегі ғылым» деп
тұжырымдай отырып, мәдениет үздіксіз даму үстінде
болады деді. Тейлор мәдениетке адамның ақыл-ойы мен
еңбегінің жемісі, яки
материалдық және рухани құндылықтар ретінде
қарады.
Ф.В.Шеллинг
(1775-1845) мәдениетті эстетикалық тұрғыдан
меңгеруді алға тартып, мәдениеттің басты мазмұны
– адамдардың көркемдік қызметі деп жариялады.
Американдық
антропологтар А. Кребер и К. Клакхон мәдениеттің 150-ден астам анықтамасын талдап,
жаңа интерпритациялар қосу арқылы мәдениет
анықтамасының тізімін көбейтті, оларды келесідей топтастырды:
бейнелеуіш, тарихи, нормативті, құндылықтық,
психологиялық, оқыту теориясы базасындағы анықтамалар,
құрылымдық, идеологиялық, символикалық – деп
қарастырылған. Әдемдік көркем мәдениет бойынша
сөздікте «мәдениет» термині анықтамаларының үлкен
көлемін табуға болады: «1) адамның барлық өмір
саласындағы жетістіктерінің жиынтығы; 2) адамның
іс-әрекетінің кез келген түрінің жоғары даму
деңгейі; 3) қандай да бір
қоғамның тарихи дамуындағы білім беру мен
ағартушылықтың қазіргі кездегі даму деңгейі; 4)
ұрпақтан ұрпаққа берілетін белгілер, идеялар,
құндылықтар, дәстүрлер, салттар,
мінез-құлық нормалары мен ережелердің белгілі
жиынтығы» [3; 6].
Қазақстанның
Ұлттық энциклопедиясында мәдениет термині келесідей
қарастырылады: «мәдениет (араб. «маданият» – қала,
қалалық; лат. cultural - өңдеу, өсіру) – 1)
белгілі бір халықтың қол жеткізген табыстары мен
шығармашылығының жиынтығы; 2) адамзат
қауымының белгілі бір тарихи кеңістіктегі қызметі мен
өзіндік ерекшеліктері (палеолит мәдениеті, крит-микен мәдениеті,
т.б.); 3) адамдық әрекеттің белгілі бір саласының
жетілу деңгейі (сөйлеу мәдениеті,
құқық мәдениеті т.б.); 4) агромәдениет
(дәнді өсімдіктер мәдениеті, цитрустық мәдениет
т.б.)» .
«Народы
России» энциклопедиясында келесідей анықтама беріледі: «мәдениет –
бұл адамның өмірлік іс-әрекетін
қамтамасыздандыратын биологиядан тыс формалардың жүйесі... ол
адам өмірінің барлық бағыттарын қамтиды –
биологиялық (тамақ, ұйқы, демалыс), өндірістік
(материалдық өмірді қамтамасыздандыру құралдарын
жасау – қару, тамақ, киім, үй), рухани (тіл және
сөйлеу іс-әрекеті, дүниетаным, эстетикалық
іс-әрекет және т.б.), әлеуметтік (коммуникация,
әлеуметтік қатынастар)».
Біз
үшін «мәдениет» мағынасын тәрбие және білім беру
ретінде түсіну жақынырақ. Тәрбиелі адамды білім мен тәрбие
деңгейі анықтайды – осының барлығы барлық
ұлттардың мәдениет құрылымын құрайды.
Мәдениет
– қарым-қатынасқа қарағанда кең
ұғым, ол адамдар жинаған
барлық материалдық және рухани
құндылықтардан тұрады. Сонымен бірге, мәдениет
адами іс-әрекет әдістерін, қоғамның қызмет
ету ерекшеліктерін сипаттайтын және онсыз оның өмір
сүруге мүмкіндігі жоқ форма, амал және нормалар
шеңберін қосады. Егер мәдениет жоқ болса, онда адамзат
өлуге душар. Сондықтан мәдениет тек қана өз ойын
жеткізу мен нақтылау үшін ғана емес, рухани
қорғану үшін қажет.
Л.Н. Коганның пікірінше,
«мәдениет – бұл бүкіл адамзаттың жетістігі. Ол
әрбір дәуір, барлық ұлттық
мәдениеттің, жұрттың барлық қабаттары
жасаған ең жақсы, құндылықтардан
тұрады. Осы мағынада мәдениетте ежелгі жалпыадамзаттық
құндылықтар қалады. Бірақ,
мәдениеттің кез келген жалпыадамзаттық
құндылығы оны жасаған дәуірдің ізін алып
жүреді, сонымен қатар, ұлттық мәдениеттің
жетістігі ретінде болады. Сондықтан мәдениет жалпыадамзаттық
пен ұлттықтың диалектикалық тұтастығын
көрсетеді».
Біздің
ойымызша, мәдениетке толық және нақты
анықтаманы И.Т.Фролов береді, ол
бойынша мәдениет «сана мен тұрмыстың барлық
салаларындағы адамзаттың әлеуметтік-прогрессивтік
шығармашылық іс-әрекеті, заттандыру
(құндылықтар, нормалар, белгілік жүйелер және
т.б. жасау) және затсыздандыру (мәдени мұраның негізін
қалау) үрдістерінің диалектикалық
тұтастығы» [3;43].
Қазіргі
мәдениет теориясында органикалық тұтастық және
материалдық пен рухани мәдениеттің байланысы мойындалады.
Қоғамдық
өмірдің нақты салаларында адамдардың
мінез-құлқы, санасы және іс-әрекетінің
ерекшеліктеріне байланысты тұрмыс, еңбек, шығармашылық,
саяси және т.б. мәдениетті бөліп көрсетеді.
Мәдениеттің
субъект-тұтынушы ерекшеліктері бойынша жеке индивид мәдениетін
(жеке), әлеуметтік топ мәдениетін, қоғам
мәдениетін бөледі [4].
Аталған
және басқа да классификациялар ұлтаралық және
этносаралы қатынас мәдениетінің орнын анықтау
үшін үлкен маңызға ие, сондықтан біз оларды
келесіде ескереміз.
Жалпылық
деңгейіндегі ерекшеліктер критерилері және әлеуметтік
бірлестіктер сипатына байланысты этникалық, ұлттық, жаппай
мәдениетті бөледі.
Ұлтаралық
және этносаралық қатынас мәдениетінің негізін
анықтау «қатынас мәдениеті» ұғымын қосымша
талдауды және мәдениет, қатынас мәдениеті, ұлтаралық
және этносаралық қатынас мәдениеті
ұғымдарының өзара байланысын анықтауды талап
етеді.
Ұлтаралық
қатынас мәдениетін «қатынас мәдениетімен»
теңестіреді деп В.В. Соколова дұрыс пайымдаған. Осылайша,
ұлтаралық қатынас мәдениеті коммуникация
мәдениетінің бөлігі деп айтуға болады.
Педагогикалық
интерпретацияда коммуникативтік мәдениет тұлғаның
базалық мәдениетінің компонентін анықтайды.
Қатынасқа қабілеттілік адамға туылғаннан
берілмейді, ол әлеуметтік тәжірибе, дәстүр
және нормаларды меңгеру
үдерісі арқылы қалыптасады. Осыдан келіп, үйлесімді
дамыған тұлғаны тәрбиелеу қатынас
мәдениетін тәрбиелеуді міндетті түрде талап етеді.
Әрбір ұлттың қатынас мәдениеті ұлттық
өзіндік ерекшеліктердің негізінен тұрады.
И.И.
Серова ұлтаралық және этносаралық қатынас
мәдениетін «тұлғаның саяси мәдениетінің
бөлігі» ретінде қарастырған. Ол тұлға, ұлт,
тап, әлеуметтік топтарға немесе қоғамға тән
идеялар мен ұстанымдардың жүйесі ретінде, адами
өмірдің барлық саласында көрінеді, қоғамды
нығайтады. В.Суставов ойынша, ұлтаралық және этносаралық
қатынас мәдениеті «интернационалдық сана мен
мінез-құлықтың» бөлігі ретінде болып, «әр
түрлі ұлттар, этностар адамдары арасында жақсы
қатынастарды орнату әдісі» ретінде қарастырылады.
Ұлтаралық
және этносаралық қатынас мәдениеті әр түрлі
ұлттардың, этностардың өзара қатынасын
сипаттайды, яғни ол қатынас мәдениетінің
құрамдас бөлігі ретінде қарастырыла алады.
Қорытындылай
келе, ұлтаралық және этносаралық қатынас
мәдениеті деп прогрессивті ұлттық
құндылықтар мен дәстүрлерді түсіну мен
байытуға және жалпы қоғамның, әрбір
адамның материалдық және рухани байлығын
жоғарылату үшін жағдайлар құруға
бағытталған ұлтаралық және этносаралық
өзара қатынасты дамыту мен ұйымдастыру әдісін
түсінеміз.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1.
Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы/
Бас редактор Б.Аяған – А.: 2004.
2.
Каган М.С. Мир Общения: Проблема межсубъективных
отношений. – М.: Политиздат, 1988. – 319 с.
3.
Серова И.И. Культура межнационального общения.-Мн.:
Университетское, 1986. – 159 с.